Саясат

Мен қорқамын...

Қазақ тілі мемлекеттік тіл дәрежесіне ие, бірақ xалі мүшкіл

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Кеңес одағы кезінде, мектепте Қоғамтану пәнінен капитализмді іріп-шіріген қоғам деп үйретуші еді. Сол капитализм қоғамы қазір біздің елімізде дамып келеді. Адамдар тек дүние жинап, тек баю жолына түскендей. 

Кейінгі кезде теледидардан жасы ұлғайған кейбір адамдардың үйлеріне не пәтерлеріне көшедегі қоқыс заттарды жинап, онысы шіріп, сасып, көршілеріне ыңғайсыз жағдай жасалып, олардың арызданып жатқанын көретін болдық. Бұл бір Жаратқан иеміздің, құдіреті күшті Алланың дүние қуғанның ақыры осылай болады деген ескертуі ме екен деп ойлаймын, және қорқамын. 

Кейінгі кезде әйелдер арасында ішімдік ішу көбейіп бара жатқаны айтылып та, жазылып та жүр. Күйеулерінің көзіне шөп салу, жеңіл жүрісті қыз-келіншектердің көбеюі де қоғамның дерті. 

Бұрынғылар еркектің киесі ұрады, еркектің киесі бар деп жатушы еді. 1917 жылға дейін қазақ даласында әйел мен еркек тең құқылы деген заң болған жоқ. Осы заң орнағаннан кейін әйелдер еркек киесі туралы ойламайтын болды. Нәтижесінде 1932 жылы болған, еркек те, әйел де, жалпы қазақ қырылған аштық жайлады. Иә бұған сол кездегі саясат кінәлі десеңіз де, еркек киесі ойға оралады. Одан кейін 1941 жылғы Екінші дүниежүзілік соғыс ер азаматтарды жалмады. Құдіреті күшті Алла тағы да еркек киесін еске сала ма деп қорқам. Өйткені әйелдердің қоғамдағы үстемдігі жоғарылап бара жатыр. 

Тәуелсіздік алған 28 жыл бойы қазақ тілін жетік білмейтін, тіпті түк білмейтін министрлер мен әкімдер басқарды. Ішінара қазақ тілінде шешен сөйлейтін азаматтар бар әрине, бірақ олар аз. 

Қазақ тілі мемлекеттік тіл дәрежесіне ие, бірақ xалі мүшкіл. Ұлттық компания дейсіз бе, банк басшылары болсын, бәрі орысша сөйлейді, іс жүргізеді. Қазақ тілінің xалі мүшкіл болса, қазақ әдебиетінің болашағын ойламай-ақ қойыңыз. 

Бұдан әрі байлар, одан әрі құдай боламын деп байи береді, қазақ кедейлене береді. Қазақ тілі мемлекеттік тіл деген дәрежесінен де айырылады-ау деп қорқамын. 

Байлық қуған қоғамның ар жағы мейірімсіздік пен қатыгездікке, ондай сезімдердің жоғалуына әкеліп тірейді. Қазір автобусқа мінсеңіз де, бақ аралап жүрсеңіз де, базар мен вокзалға барсаңыз да ұялы телефонына, смартфондарына үңілген адамдарды көресіз. Жан жағында не болып жатқанына, жалпы өмірге қарағысы келмейді. Барлық ой-санасы, көзқарасы сол смартфонға кіріп кеткендей. Ал сол смартфондағы үңілген нәрсе не болды екен деп сіз де үңілсеңіз, бәрі жақсы өнегелі сөз, көрініс емес. Байлық қуған қоғамның үңілгені де мейірімсіздік көріністері. Бұл қоғамды мейірімсіздік бірте-бірте жаулап алады деп қорқамын. Жоқ әлде бұл кеселге мықты, ұлттық идеологияға негізделген саясат қарсы тұра ала ма? Ондай саясат қазір бізде жоқ. Қарсылық жоқ жерде, жеңіс кімдікі болушы еді?!

28 жыл бойы бірінші экономика, екінші саясат дедік. Экономикамыз қай деңгейде екенін ел біледі. Саясатты қолға алатын кез келді-ау деймін. Әйтпесе кеш қалатын түріміз бар.