Келесі күні маған таңертең есік ашқан Патрик еді, бұл өзі орта бойлы, көздері тостағандай, үлбіреген нәзік, шырайлы, ұялшақ жігіт. Үстінде ашық жағалы ақ көйлек, жұмсақ матадан тігілген сұр шалбар, аяғында жүннен тоқылған шұлық пен жұмсақ ұйық. Хемингуэй ханым хат жазып отыр.
Мен келіп кіргенімде ол басын көтеріп:
– Папа киініп болысымен суреттерді көріуге барамыз, – деді де хатын қайта жаза берді.
Патрик картиналарды күні бойы көруге құмар екенін, өйткені өзі де аздап сурет салатынын айтты.
– Папа түскі тамаққа дейін қайтып оралуы тиіс. Ол Скринбер мырзаны (Хемингуэйдің кітаптарын бастырушы) шақырған болатын, – деді Патрик, содан кейін әкесін жолға шығарып салу үшін өзі қалада ертеңгі таңға дейін болатынын айтты.
Сол кезде телефон шылдыр ете қалып еді, ол трубканы алды.
– Папа, бұл Жижи ғой деймін! – деді ол ұйықтайтын бөлменің ашық тұрған есігінен дауыстап.
Хемингуэй жейдешең телефонға барды.
– Хәлің қалай, балақай? – деді де, Жижиді каникулға шыққанында өздеріне Финк фермасына келіп жат деп шақырды.
– Сен онда қашанда құрметті қонақсың, Жижи, – деді ол. – Өзің жақсы көретін мысығың есіңде ме? Әлгі Аромат деп ат қойған мысығың? Біз енді оның атын өзгертіп, Экстаз деп атайтын болдық. Әр мысығымыз өз атын біледі.
Трубканы орнына қойды да, маған Жижи керемет атқыш екенін, он бір жасында Кубада болған мергендер жарысында екінші орын алғанын айтты.
– «Дәл лау» ма, Қаптесер? – деп сұрады ол.
– Иә, Папа, дәл өзі, – деді Патрик.
Мен «Дәл лау» не нәрсе деп сұрап едім, Хемингуэй: бұл ағылшынның тұрпайы тілінде хабар-ошар деген сөз болады, «лау» дегеніміз – «барлау» деген сөзден шыққан деді.
– Оның өзі үш түрге бөлінеді: жай ғана «лау», хабар-ошар күдік туғызбағанда – «дәл лау», ал «әбден дәл лау» десе, онда оған сүйеніп қимыл-әрекет жасай беруге болады, – деді.
Сөйдеді де жасыл орхидея гүліне қарап:
– Маған шешем еш уақытта да гүл жіберген емес, – деді.
Мен Хемингуэйдің шешесі сексенге келіп қалған кісі екенін, Иллинойс штатындағы Ривер Форест деген жерде тұратынын білдім. Әкесі дәрігер екен, көп жылдар бұрын қайтыс болыпты. Эрнестің қаршадай бала кезінде өзін-өзі атып өлтіріпті.
– Картиналарды көретін болсақ, кетуіміз керек, – деді Хемингуэй. – Мен Чарли Скрибнердің мұнда сағат бірде болуын сұрадым. Ғапу етіңіз, мен жуынып алайын. Үлкен қалаларда мойынды жуып жүрген жөн болар.
Ол ұйықтайтын бөлмеге кіріп кетті. Кетісімен Хемингуэй ханым Эрнестің алты баланың екіншісі болғанын: балалардың тұңғышы Марселина деген апасы, одан кейінгілері Эрнестің өзі, Урсула, Мадлена, Карола деген қарындастары және ең кішісі, жалғыз ғана інісі Лестер екенін айтты. Апа-қарындастарының бәрі де әулие-әмбиелердің аттарымен аталыпты. Бұлардың бәрі де үйлі-баранды болыпты: Лестер Колумбияда, Богота қаласында тұрып, Американың сондағы елшілігінде қызмет істейді екен.
Біраз уақыттан кейін Хемингуэй жаңа плащын киіп шықты. Хемингуэй ханым мен Патрик пальтоларын кигеннен кейін біз төмен түстік. Жаңбыр жауып тұр екен, сондықтан такси табуға асықтық. Музейге бара жатқанымызда Хемингуэй көбінесе үнсіз отырды. Өз-өзінен бірдеме деп міңгірлеп, әндетіп, көшеге қарай берді. Хемингуэй ханым күйеуім таксиді жек көреді, себебі шофердің жанына отырғанында жолды байқай алмайды, - деді.
Машинаның терезесіне қарап, Хемингуэй ұшып бара жатқан бір топ құсты көрсетті.
– Бұл қалада құстар ұшқанымен, бар көңілімен ұшпайды екен, – деді ол. – Нью-Йорктің құстары шарықтап самғамайды.
Музейдің есігінің алдына келіп тоқтағанымызда, бір топ мектеп оқушысы бір-бірлеп ішке кіріп барады екен. Хемингуэй күтіп тұра алмай бізді солардың арасымен өткізіп жіберді. Кірер бөлмеде тоқтай қалды да, пальтосының қалтасынан күміс сауытын шығарып, аузын толтыра бір жұтып алды. Сауытын қайта қалтасына салып жатып, Хемингуэй ханымнан алдымен қайсысын көргің келеді: Гойяны ма, болмаса Брейгельді ме, – деп сұрады. Ол: Брейгельді көргім келеді деді.
– Мен жазып-сызуды Париждегі Люксембург музейіне қойылған картиналарды көріп жүріп үйренген болатынмын, – деді ол. – Өзім институт бітіргенім жоқ. Қарның қоңылтақ жүрсе, ал музейге кіру тегін болса, әрине, сен алдымен музейге барасың. Қараңдаршы, – деді ол, кейде Тициандікі деп те, кейде Джорджоненікі деп те айтылып жүретін «Ер адамның суреті» деген картинаның алдына тоқтай қалып, – бұлардың бәрі де баяғы көне Венециядан.
– Ал маған мынау ұнайды, Папа, – деді Патрик, сол себепті Хемингуэй Франческо Франчианың «Федриго Гонзагоның портреті» (1500-1540) дейтін суретінің жанына келді. Матаның бетіне табиғат көрінісіне тұспа-тұс қойылып, үстіне плащ киген, жалбыраған ұзын шашты кіп-кішкентай бір баланың суреті салынған екен.
– Біз де жазғанымызда, Қаптесерім-ау, нақ осылай суреттеуге тырысамыз, – деді Хемингуэй картинадағы ағаштардың суретін көрсетіп. – Кітап жазғаныңда оларсыз болмайды.
Бізді Хемингуэй ханым дауыстап шақырды. Ол Ван-Дейктің «Суретшінің портреті» дейтін картинасының алдында тұр екен. Хемингуэй сол суретке қарап тұрып, мақұл көргендей бас изеді де, былай деді.
– Испанияда жүргенімізде Уитти Дал деген қырғи ұшқыш болған еді. Бір күні сол Уитти маған келіп: «Хемингуэй мырза, Ван-Дейк жақсы суретші ме?» – деп сұрады. Мен: «Ие, жақсы», – деп жауап бердім. Ол: «Ендеше менің бөлмемде сол суретшінің картинасы ілулі тұр, сол картина маған өте ұнайды. Соның жақсы суретші болғанына қуаныштымын, себебі ол маған аса ұнайды», – деді. Сөйткен Уйтти келесі күні қаза болды...
Біз Рубенстің «Айса пайғамбардың Күн мен Ажалды жеңуі» деген картинасының қасына келдік. Картинада Айсаның жыландар мен періштелер арасында жүргені суреттелген, ал аспандағы бұлттан соларды әлде біреудің бақылап тұрған суреті бар. Хемингуэй ханым мен Патрик бұл картина Рубенстің үнемі салып жүретін суреттеріне ұқсамайды дегенді айтты.
– Солай болса да бұл картинаны жазған Рубенстің дәл өзі, – деді Хемингуэй беделді түрде. – Мұның түпнұсқа екенін аңшы иттің аңды исінен сезетіндей біле қоясың. Исінен сезесің. Ондай сезім өте жұтаң, бірақ жұтаң болғанымен өте жақсы суретшіден үйренсең ғана пайда болады.
Оның бұл сөзі Рубенс картиналары жөніндегі күдік-шүбәні шешіп берді де, біз Брейгельдің суреттері ілулі тұрған бөлмеге қарай бет алдық. Бөлменің есігі жабық тұр екен. Оған: «Жөндеуге жабылды» деген жазуы бар қағаз іліп қойыпты.
– Қайтеміз, кешіреміз де бұлардың мұнысын, – деп Хемингуэй сауыттағы арағынан тағы бір ұрттап алды.
– Дегенмен маған жақсы Брейгель жетпей тұр, – деді ол ары қарай жүргенімізде. – Ол село көріністерін суреттейтін қыл қалам шеберлерінің ішіндегі ең ұлысы. Егін орағын суреттегенінде көп адамның қатысып жүргені көрсетіледі. Ал оған егін масақтарын сондай дәл, тіпті геометрия тәртібімен түзу орналастырады да, кісіге күшті әсер етеді, соның өзі менің көңілімді билеп, сай-сүйегімді сырқыратады.
Біз Эль Греконың жасыл бояумен жазған «Толедоның көрінісі» дейтін картинасының жанына келіп, едәуір уақыт тамашалап тұрдық.
– Меніңше бүкіл музейдегі ең тамаша картина осы, ал мұнда жақсы картиналар аз емес, – деді Хемингуэй.
Ал Патрик болса әкесі жаратпаған кейбір картиналарға мәз-мейрам бола береді. Сондай әрбір ретте Хемингуэй ұлымен аса бір қиын талас-тартысқа да түсіп қап жүрді. Патрик тек басын шайқап-шайқап қойып, күле береді де, Хемингуэйдің пікірін қошеметтейтінін айтады, онан әрі дауласпасқа тырысады.
– Сайтаныма керек пе бұл! – деді кенет Хемингуэй. – Мен көркем сурет сыншысы болғым келмейді. Мен картиналарды жайша ғана көргім келеді, солардан белгілі бір ләззат алып, солардан үйренгім келеді тек. Мынау бір картина меніңше сұмдық жақсы-ақ, – деп біраз шегініп барды да, көздерін сығырайта сүзіп, Рейнольдстің «Полковник Георг Куссмакер» деген картинасына қарай қалды. Картинада бұл әскер басы салт атқа мініп, ағашқа арқасын сүйеп, аттың тізгінін қолына ұстап тұрған пішінде суреттелген екен. – Мына полковник – нағыз сұмырайдың өзі екен. Тек сол заманның ең жақсы деген суретшісі өзінің суретін салып бергені үшін ғана ол ақша төлеуге әзір болған, – деп Хемингуэй күліп жіберді. – Қараңдаршы, түрі қандай менменсіген, тәкаппар, астындағы атының мойын етіне және өзінің екі аяғының талыстай боп салбырап тұрғанына қараңдаршы! Мұның тәкәппарлығы сондай керемет, ол тіпті ат үстінде, ерте отырып-ақ, ағашқа сүйеніп шіреніп қалған еді.
Біраз уақыт залды кезіп жүріп алдық та, әркім картиналарды өз бетімен жалғыз көрумен болды. Сонан кейін Хемингуэй бізді қасына шақырып, астына үлкен әріптермен «Катарина Лориллард Вулф» деген сөздер, ал кішкентай әріптермен «Суретші Кабанель» деп жазылған картинаны көрсетті.
– Осындай бір картина жөнінде Чикагода тіпті бала кезімде шатаққа қалғаным бар, – деді ол. – Мен көп уақыт бойы өзімнің ең сүйікті суретшілерім Бунте мен Райерсон деп ойлап жүретінмін. Сөйтсем, олар Чикагодағы аса ірі әрі өте бай екі семьяның фамилиялары болып шықты. Ол кезде мен картиналардың астына ірі-ірі әріптермен жазылған сөздер – суретшілердің аттары шығар деп ойлайтынмын.
Біз Сезан, Дега және басқалары сияқты импрессионистердің жанына бардық. Хемингуэй барған сайын делебесі қозып, қыза түсті. Ол әр суретшінің нендей жетістіктерге қандай жолмен жеткенін және олар бір-бірінен қандай үлгі-өнеге алғанын әңгімелеп кетті. Патрик әкесін аса ілтифатпен тыңдап, бұдан былай бояулы суреттің техникасы жайында сөз етпеске бел байлаған тәрізді көрінді. Хемингуэй бірнеше минут Сезанның «Жартастар – Фонтенблодағы орман» деген картинасына қарап тұрды.
– Біз жазған кезде осындай етіп суреттеуге тырысамыз. Міне, биік ағаштар, міне өрмелеп шығатын жартастар, – деді ол. – Ескі сурет шеберлерінен кейінгі көбірек жақсы көретінім – Сезан. – Ғажайып, тым ғажайып суретші! Дега – ол да бір ғажап суретші. Мен Деганың бірде-бір жаман картинасын көрген емеспін. Оның жаман картиналарды не қылатынын білесіз бе? Өртеп жібереді екен.
Хемингуэй құтысынан тағы бір жұтып алды. Біз Манэнің пастель бояуымен салған Вальтес де ля Бинь бикештің суретінің жанына келдік. Бұл өзі шашын биік қып түйген, ақсары жүзді жас қыздың суреті еді. Хемингуэй бірнеше секунд үндемей тұрды да, сонан кейін бізге бұрылып:
– Манэ бұл өмірден әрі күдер үзіп, жери қоймаған жастардың ішкі дүниесінің гүлдей жайнап, құлпырғанын суретпен сипаттап бере білген, – деді.
Біраз уақыт екеуміз бірге келе жатыр едік, Хемингуэй маған былай деді:
– Мен Поль Сезанның суреттеріндегі табиғат көріністері сияқты етіп суреттеп жаза аламын. Шегім шұрқырап аш жүріп, мың сан рет Люксембург музейін кезіп жүргенімде табиғат көріністерін сипаттап жазуды осы суретшіден үйренген болатынмын. Егерде Поль мырза тірі болса, менің табиғат көріністерін сипаттап жазғаным оған, әрине, ұнаған болар еді де, бұған мен оның өзінен үйренгеніме қуанған болар едім. Оған иманым кәміл.
Оның үстіне Хемингуэй Иоганн Себастьян Бахтан да көп нәрсе үйрендім деп қояды.
– «Қош бол, қаруым» романының алғашқы сөйлемдерінде Иоганн Себастьян Бахтың контрапунктіні баса көрсеткісі келгенінде ылғи бір қайталай беретіні сияқты, мен де «және» деген жалғаулықты әдейі көп қолданғанмын. Мен кейде Иоганн мырзадай, қайткенмен де соған ұнайтындай жаза аламын деуіме болады. Ондай адамдармен істес болу оп-оңай нәрсе, себебі солардан үйренуің керек екеніңді қашан да жақсы білесің.
– Папа, мынаны қарашы, – деді Патрик. Ол Карпаччоның «Крест азабы туралы ойлар» деген картинасын көріп тұр екен. – Дін тақырыбына салынған сурет дейін десең, мұнда алыс жерлердің хайуандары тым-ақ көп екен, – деді ол.
– Е-е, - деді Хемингуэй. – Бұл суретшілер қашан да әулие-әмбиелер жайындағы уақиғалар көрінісін Италияның өздері көбірек жарататын немесе солар, яки солардың ғашық жарлары туып өскен өңірлерде болған сияқты етіп көрсетеді. Олар Марьям-ананың суреттерін өздерінің сүйген жарларының бетіне қарап отырып салады. Асылында ол жер Палестинаның жері болуға тиіс, бірақ суретшінің ойынша Палестина тым алыс жатыр. Сондықтан да қызыл тотықұстың, бұғы-маралдың, қабланның суреттерін тықпыштай береді. Сонан кейін тағы ойлайды: бұл жырақтағы Шығыс емес пе дейді, венециялықтардың ата жауы болып саналатын маврларды және әкеп тықпалайды.
Ол үндемей қалды да, суретшінің картинаға тағы неменені тықпалағанын көре бастады.
– Сонан кейін суретші аштықтан іші ұлып бара жатқанын сезді де, үй қояндарының суретін қоса қойды, – деді ол. – Құрсын, Қаптесерім, біз талай жақсы картиналарды көрдік қой. Қаптесерім, қалай ойлайсың, табаны күректей екі сағат бойы картина көру – аз уақыт емес-ау?
Картиналарды екі сағат бойы көру әбден жетеді дегенге бәріміз де келістік. Хемингуэй Гойяны бүгін көрмей-ақ қояйық, бірақ жұбайыммен екеуміз Европадан қайтқанымызда, музейге тағы келеміз, – деді.
Музейден сыртқа шықсақ, үзіліссіз ақ жаңбыр құйып тұр.
– Құрып кетсін-ай, жауын күні сыртқа шыққанды-ақ жек көрем осы, – деді Хемингуэй. – Су болғанды жаным сүймейд
* * *
Чарльз Скрибнер ауыз бөлмеде күтіп отыр екен.
– Эрнест, – деді ол Хемингуэйдің қолын сілкіп-сілкіп қойып.
Бұл өзі ақ шашты, сөзді салмақпен баптап сөйлейтін, кескін-келбеті де әсем, әлденендей бір сән-салтанатты адам екен.
– Біз түрлі-түрлі суреттер көріп келдік, Чарли, – деді Хемингуэй, бәріміз лифтке кіргенімізде. – Онда өте тамаша суреттер бар екен, Чарли.
Скрибнер басын изеп:
– Е-е... – деп міңгір еткендей болды.
– Мен сияқты алыс жердің адамының шер-құмары бір тарқап қалды, – деді Хемингуэй.
– Е-е...
Номерге кіріп, пальтоларымызды шештік, сонан кейін Хемингуэй түскі тамақты тура осы арада ішеміз, – деді. Ол ресторанға телефон соқты, ал Хемингуэй ханым жазу столына отырып баяғы жазған хатын аяқтап тастауға кірісті. Хемингуэй Скрибнер мырзамен бірге диванға отырып, кітапты жазып жүрген кезінде бейне бір алты күнге созылған велосипед жарысындағыдай жедел шабысқа басуына тура келгенін айтып, оған мұңын шаға бастады. Патрик бөлменің бір бұрышында үндемей ғана, әкесінен көз алмай отыр.
Официант келіп кірді, ол дастархан мәзірін ала келген екен. Скрибнер: тамаққа Хемингуэй төлейді екен, ендеше ең қымбатты тамақтарға заказ беремін деді. Осыны айтып ол күліп еді, онымен бірге Патрик те күліп жіберді. Официант заказды орындауға кеткенде Скрибнер мен Хемингуэй біраз уақыт жұмыс жайында сөйлесіп отырды. Скрибнер Хемингуэйден: өзіңізге анада мен жазған бірнеше хатты ала келмедіңіз бе, деп сұрады.
– Мен оларды қайда барсам да, Роберт Браунингтің өлеңдерімен қоса өзіммен бірге ала жүремін, Чарли, – деді Хемингуэй.
Скрибнер басын изеп, пиджагының ішкі қалтасынан әлденендей бір қағаздар алды, оның айтуынша, бұл қағаздар жаңа кітапқа жасаған шарттың бірнеше даналары екен. Шартта жиырма бес мың доллар шамасында аванс беріледі деп жазылыпты.
Хемингуэй шартқа қолын қойып, диваннан түрегелді де, сонан кейін былай деді.
– Өзімді еш уақытта данышпанмын деп есептеген емеспін, бірақ жақсы деген барлық жас жазушылардың алдында өзімнің абырой-атағымды бұрынғыша қорғай аламын, – деп ол басын тұқыртып, сол аяғын ілгері сырғытты да, бірнеше рет солдан да, оңнан да соққылаған сияқты болып, қолдарын сілтеп-сілтеп жіберді. – Өзіңе еш уақытта да қатты соққы тигізбеуің керек.
Скрибнер Хемингуэйден сізді Европаның қай жерінен табуға болады деп сұрады. Хемингуэй бәрінен де оңайы: «Гаранти траст» компанясының Париждегі бөлімшесі арқылы іздеу, деп жауап берді.
– Біз Парижді алғанымызда, мен осы банкті басып алуға тырысқан едім, бірақ мықтап тойтарыс көрдім, – деп ол, біртүрлі ыңғайсыздана күлді. – Әттең менің өзімнің жекеменшік банкім болса, абзалы сол ғой.
– Е-е-е, е-е.. –- деді күмілжіп Скрибнер. Ал сіз Италияда не істемекшісіз, Эрнест?
Хемингуэй ұзақты күннің бір бөлегін жұмыспен өткізіп, итальян достарымен кездесетін болса, таңертеңгі уақытын үйрек атуға арнайтынын айтты.
– Бір күні таңертең біз алты адам болып, үш жүз отыз бір үйрек атып алдық, – деді ол. – Мэри де жақсы атты.
Хемингуэй ханым басын көтеріп:
– Папаға тұрмысқа шығамын деген әйелдің қайсысы болса да мылтық ата білуі керек, - деді де, қайтадан өзінің жазып отырған хатымен айналысып кетті.
– Менің тек бір ғана рет аңға шыққаным бар, оның өзі Англияда, Суффолкте жүргенімде болған еді, – деді Скрибнер. Тыңдаушылардың бәрі де, әңгіменің жалғасын күтіп, сыпайылық сақтап үндемей жым бола қалысты. – Суффолкте маған таңертеңгі тамаққа қаздың жұмыртқасын бергені есімде. Сонан кейін біз аңға кеттік. Мен керек десе мылтықтың шүріппесін тартуды да білмеуші едім.
– Аңшылық – жақсы өткізген өмірдің бір бөлегі, – деді Хемингуэй. – Вест-порттан немесе Бронксвиллден әлдеқайда артық.
– Мылтық шүріппесін басуды үйренуін үйренсем де, оғымды еш нәрсеге дарыта алмай қойдым, – деді Скрибнер.
– Монте-Карлодағы үлкен атыс жарысына және Сан-Ремода болатын дүниежүзілік атқыштар жарысына кешігіп қалмасам болар еді, – деді Хемингуэй. – Менің атқыштық өнерім қазір өте жақсы, сондықтан да осы жарыстардың қайсысына болса да ұялмай қатыса аламын. Спорттың осы түрі тек көрермендер үшін ғана емес, ол кісінің құмарын бірден тартып әкетеді, сондықтан да дегеніңе жеткеніңде бір жасап-ақ қаласың. Анау бір кезде үлкен атыс жарысында мен тіпті Вулфидің өзін де жеңіп шыққаным бар. Ал одан асқан мерген жоқ шығар. Оны жеңу дегеніңіз асау атты үйреткенмен тепе-тең.
– ...Ақыр аяғы біреуін атып жықтым-ау, әйтеуір... – деп Скрибнер жалтақ-жалтақ қарап әңгімесін аяқтады.
– Нені атып жықтың? – деді Хемингуэй қазбалап.
– Үй қоянын, – деді Скрибнер. – Мен үй қоянын атып жықтым.
– Монте-Карлода 1939 жылдан бері үлкен атыс жарыстары өткізіліп көрген емес, – деді Хемингуэй – Жетпіс төрт жыл ішінде тек екі американ адамы ғана осындай жарыста ұтып шыққан. Атыс менің көңілімді көтеріп, шер-құмарымды тарқатады . Оның өзі көп жағынан мынаған байланысты: атыс жарысында сен өзіңе ықылас көрсетіп, жақсы қарайтын адамдардың арасында отырасың, ал басқа жерлерде бәрі де сені көре алмай, саған жамандық қана тілеумен болады. Бұл өзі бейсболдан да жылдам өтетін тез ойын, бірінші атқан оғың ағат кеткен соң-ақ сен ойыннан шығып қала бересің.
Телефон шылдыр ете қалды. Хемингуэй трубканы алып біраз сөйлесті де, содан кейін бізге бұрылып: «Эндорсментс инкорпорейтед» деген әлдеқандай бір жарнама мекемесі есіміңізді сусындарды мақтаған рекламада пайдалануға рұқсат берсеңіз, ол үшін төрт мың доллар төлер едік деп, қиылып тұрғанын айтты.
– Мен оларға қайдағы бір қойыртпақтарын тіпті төрт мың доллар береміз десе де ішпейтінімді айттым, – деді ол. – Оларға менің жақсы көретінім шампан дедім. Қашанда айтқанға көніп, айдағанға жүретін жігіт болуға тырысамын, бірақ ол – өте қиын. Бостонда ұтқаныңмен, Чикагода ұтыласың.
Орыс тілінен аударған: Нәбиден Әбуталиев