Саясат

Алаш Орда қызыққан Жапония: Национализм идеологиясы

Қазаққа ұлттық идеология не үшін керек?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Күн шығыс елінің бірнеше соғысты бастан кешсе де, ХХІ ғасырдағы ең бай әрі ең қуатты мемлекет екенін адамзат көрді. Тек алпауыт державалармен иық тірестіріп, экономикалық әрі саяси жағынан дес бермей келе жатқан Жапонияның ұстанған саясатына қазақ қоғам бүгін көз салған жоқ. Бұған дейін Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш үкіметі де қызықты, зерттеді, зерделеді. Орта Азияда жатқан Қазақ қоғамы үшін Еуропа, АҚШ, тіпті Қытай емес, дәл осы шағын елдің даму құрылымы үлгі бола алатын еді.

Жапония: Мемлекеттік национализм идеологиясы

Макс Вебер «национализм» дегенді былай түсіндіреді: «Биліктің халық үшін ойлап тапқан, жақсы жағынан, құндылық жағынан, мемлекеттің басқа да елдермен қарым-қатынасының дұрыс бағытын дәріптейтін идеология».

Бүгінде Жапония өз халқына национализм идеологиясын тек жақсы жағынан көрсетеді. Агрессивті не қысым көрсету арқылы емес, барынша халықтың жанына табыла отырып, билік осы бір идеологияның ХХІ ғасырда ұлт үшін керек екенін астарлы түрде жеткізіп келеді.

Күн шығыс еліндегі мемлекеттік национализм (тэйкокусюги немесе коккасюги) билік үшін негізгі құрал. Олардың дәл осы бағытта дамуы long duree теориясына қарай негізделген. Яғни, ұзақ жылдарға жалғасқан саяси әрі идеологиялық әрекет. Ең қызығы жапондар бұл идеологияны тек өз ішіндегі ұлтқа ғана емес, өзге елдерге де көрсетуге тырысады. Олардың мемлекеттік национализм түсінігі қанға сіңіп, ендігі бір-бірімен қабысып кеткен. Бұлай дейтін себеп, жапон тілінде «национализм» деген түсінік жоқ. Олар үшін бұл «халық» деген ұғымды береді.

Жапония соғысқа дейін мемлекеттік национализм жолымен бағыт алып келсе, соғыстан кейін мемлекеттік идеологияға негізделген бағытқа көшті. Бұл ХХІ ғасырда ұлтты сақтап қалу, даму жолындағы мемлекеттік национализм мүддесін қорғау. Нақтылап айтқан кезде, бұл идеология мемлекеттің негізгі қалқаны.

Билік халыққа национализм идеологиясын БАҚ арқылы, жасырын жарнамалау, халыққа манипуляция жасау арқылы, астарлы түрде мәдениетін дәріптеу секілді түрлі салт-жоралғыларымен жеткізеді. Күнделікті өмірде осы бір үрдіске түсіп алған халық, ұлттық танымнан, ұлттық идеология әрі национализм идеологиясынан ажырап қала алмайды.

Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін өте қысқа уақыт ішінде ес жиіп, ұлтты қайта модернизациялау арқылы жаңа белеске алып келе алған ел – Жапония. Ал мұның сыры неде десеңіз, әрине мемлекеттің национализм идеологиясын тамырымен сақтап қала алуы және соны саясатқа, экономикаға кірістіріп жіберуі еді. Жапон билігі халықты фашист болуға немесе өзін ғана сыйлап өзгені құрметтеуге шақырмайды. Керісінше, барынша осы бір национализм идеологиясын өте жеңіл түрде дәріптеп, елдің бірлігін, ұлттың тұтастығы мен оның қасиетін алға тартады. Осыдан кейін елдегі білім саласы негізгі күшті қолға алып, өскелең ұрпаққа дұрыс тәрбие беруге ұмтылады. Жапондардың халық ретінде, ұлт ретінде ұтылмаған жері де осы.

Жапониядағы мемлекеттік национализмнің ерекшелігі

М.И.Курпянко мен Л.Г.Арешидзе өздерінің «Уақыт байланысы» еңбегінде осы жапониядағы мемлекеттік национализм ерекшелігі туралы бірнеше бағытты атап көрсетеді.

Біріншіден, мемлекеттің идеологиялық характері және оның саяси мақсатта орындалуы. Жапон Еуропа мәдениетіне тосқауыл қоя отырып, елде барынша өзіндік мақсаттағы идеологияны жүзеге асыра бастады. Халықты бақылауда ұстау арқылы, оларға национализм идеологиясын сіңірді. Жалпы қазіргі жапон саясатында өзара саяси қарама-қайшылық болған емес. Тек билікке талас секілді форма болмаса, бәрі бір жүйеге, бір идеологияға бағынады. Бұл сонау тарих қойнауынан келе жатқан, сақталған үрдіс болған соң, ел ішіндегі саяси күрескерлер үшін таңсық жағдай емес-ті.

Екіншіден, Жапониядағы мемлекеттік национализм идеологиясы ұлтты мобилизациялау арқылы іштегі қауіппен күресуге бастады.

Жапония Мэйдзи революциясынан кейін өзге елдерің әскери күштерімен теңесу мақсатында әрекет ете бастады. Ол үшін олар ұлтты жандандыру арқылы белгілі бір интеллегенция тобын қалыптастырды. Бұл топтар бәріне ортақ бір жапон тілінде сөйледі және бір діндегі сенімде болды. Осы арқылы олардың бойында жаһандану процесіне негізделген национализм идеологиясы дамыды. Аталған топтардың жұмыс күші арқылы, халық ішінде ұлт алдында, мемлекет алдында борышкер екендігі, тәуелсіздіктен айырылса бәрінің бекер екенін түсінетін ұғым қалыптасты.

Үшіншіден, елдегі национализм идеологиясы өзге елдермен қарым-қатынас кезінде де қатты сақталуымен ерекшеленеді: қорғаныс, өзге ұлттармен байланыстағы сақтық шарасы, әлем алдында көшбасшылыққа ұмтылу, радикализмге қарсылық.

Кэйо университетінің негізін қалаған Фукудзава Юкити жапон национализмін айта келіп, екі жағдайда қарастырады. «Ақырын жүріп анық бас» және «көшбасшылық» өнері. Осы екі бағытта дамыған жапон ақыры әлемдегі алпауыт державалармен бірге қоян қолтық араласып қана қоймай, кейбірін басып озды. Өзінің экономикасын өркендету, ұлтты модернизациялау арқылы бірнеше бағытта лидер атанды. Алып державалар жапон ұлтына сыйластық таныта бастады. Үстемдікпен шешім жасауға болмайтынын түсінді.

Төртіншіден, Жапониядағы мемлекеттік национализм идеологиясы авторитарлы және императорлық бағытта дамыды.

Өзге либералды, популисттік көзқарастағы бағыт жапон ұлтына сай келмеді. Олардың ұлттық таным түсінігі ағылшындарға қарағанда мүлде басқа бағытта еді. Еуропа елдерінің ішінде Италия мен Германияның ұлттық танымы ұқсас болды. Жалпы бұл түсінікті Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан Батыс елдері мен Жапонияның араласуынан-ақ байқауға болады.

Жапон түсінігіндегі «национализм» және еуропа ұғымындағы «ұлтшыл» мәселесі жер мен көк. Екеуінің бағыты да, даму құрылымы да өзгеше. Жапония ұлт танымына национализм идеологиясын туа салып сіңдіреді. Осы арқылы оларды әр кезең сайын дамыта отырып, әлем алдындағы абыройын анықтауға көмектеседі.

Қорыта келген кезде, Жапония халқы үшін ең бірінші, мемлекетке және оның императорына деген адалдық ұғымы биік тұрды. Екіншіден, халық өзінің отбасын мемлекетін қорғаған секілді қорғады. Әр отбасы өзінің үйін туған жеріндей сезінді. Үшіншіден, тіл мен жазуын сақтап қала алды және сол тілде қайда болмасын сөйлеуге дайын екенін көрсете білді (Жапондар ағылшын тілін тез меңгереді және біле тұрса да, өз тілінде сөйлеуге тырысады). Төртіншіден, жапон ұлты діни сенімін де осы идеологиямен байланыстырып жіберген.

Қазақ танымындағы Жапония

20 жасында «Жапония» атты мақала жазған Мұхтар Әуезовті білеміз. Бұл сол кездегі Алаш үкіметінің ұлттық идеологиясын сақтап қалған, дәстүрі мен салтынан жаңылмаған мемлекеттен үлгі алуына түрткі болды. Ал ХІХ ғасырда Батыстың экспансиясына ұрынбаған жалғыз ел Жапондар еді. Сол кездегі алаштықтардың негізге алғаны – Мэйдзи реформасы. Яғни, жастарды өзге елге оқуға жіберу арқылы, олардың білімін игеруге ұмтылу бағытын құп көрді. Нәтижесінде Жапондар кімді болмасын өзінің ұлттық мүддесіне қарай икемдей алатын, ХХ ғасырда қайта дәуірлеген қуатты мемлекетке айналдырып жіберді.

Мұхтар Әуезовтың ұлы, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов былай дейді:

«Жапондықтар – біздің тарихи достарымыз. Тек Мұхтар Әуезов қана емес, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Бай­тұрсынов, Міржақып Дулатовтар бас­таған Алаш азаматтары Күншығыс елін терең зерттеуге ден қойған. Жапония тарихын, сол халықтың тарихи шығу негізін білуге ұмтылған. Неге? Себебі ХХ ғасыр басында Азия кеңістігінде Жапониядан басқа бірде-бір ел, тіпті қазір экономикалық жағынан да саяси жағынан да әлемге өз тамырын терең жайған Қытайдың өзі, Үндістанда өз бос­тан­дығын сақтай алмаған. Сондықтан Алашорда мемлекетін құруда арыста­рымыз Тәуелсіз ел ретінде Жапонияның тәжірибесін терең зерттеуге тырысты. Ал енді «жапон тыңшысы» деген айып­ты Алаштықтарға, менің пайымдауым­ша, осы Жапонияға деген аса қызығу­шы­лықтарына қарай таққан секілді. Сон­дықтан, Алаштықтардың жапон хал­­қына, еліне, мемлекетіне бүйрегі бұрға­ны шындыққа жанасымды. Алайда ол өз халқына жау болу үшін емес, кері­сін­ше, қазақты сондай Тәуелсіз ел қылу үшін. Мен жапондық­тарға бүйрегі­міз мәңгі тартсын дер едім. 

Тәуелсіздік алғаннан кейін кеңестік кезден «мұра» болып қалған салқын қабақ­­ты­лықтың сеңі бұзылып, еліміз барлық елмен түрлі салада байланысқа еркін түсе алатын мүмкіндікке ие болғаны белгілі. Соның ішінде Жапония ғалымда­рымен де. Қазақстанмен тығыз байланыс­тағы жапон ғалымдарының бірі Томохико Уяма – өзінің ғылыми ізденісі барысында осы Алаш пен жапон байланысына тоқтал­ған адам. Ол осы ретте былай дейді: 

– Жапония ІІ дүниежүзілік соғысқа дейін және соғыс кезінде де идеоло­гияландырылған ел болды. Алайда жапондарды соғыстан кейін, ел еңсесін қалай көтереміз деген сұрақ көбірек мазалайтын болды да, сол арнаға бет бұрды. Меніңше, жапондықтар мен алашордалық­тарды елдің экономи­калық және мәдени, рухани ахуалын қайтсек көтереміз деген ойы ортақтас­тырды».

Қазіргі қазақ елі үшін бірден-бір үлгі алуға болатын және реформасына зерттеу жасау арқылы, бағытын бағамдауға болатын ел – Жапония. Жапон және қазақ мәдениет байланысындағы ұқсастықтардың сәйкестігі кездейсоқтық емес. Түрлі ұлт өмір сүретін жер бетінде әр ұлттың өз елі, мемлекеті үшін тер төгуі басты мәселе. Алайда, бағыттан жаңылуға болмайды. Қазақстан – ұлттық идеологияға негізделген ұлт ретінде қалыптасуы керек. Себебі, бізді де сыртқы жаудан және ішкі алауыздықтан құтқара алатын бірден-бір жол осы ұлттық идеологияны сіңдіру.

Ұлттық идеология түсінігі, жапон ұлты үшін «национализм» түсінігіндей біте қайнасқан кезде барып, өз тілінде сөйлеп, өз мәдениетімен мақтанатын әрі дәріптейтін болады. Ал бұл үшін қандай жағдай жасалуы керектігін жоғарыдағы жапон мемлекеттік национализміндегі ерекшеліктерімен көрсетіп бердік. Яғни, мемлекет пен халық арасындағы тығыс байланыс, баланстың сақталуы, ұлттың қалыптасуы, жаһанға ілесу секілді факторларды жүзеге асыру үшін билік алдымен осы ұлттық идеологияны өзі бірінші бастауы керек. Ұлттан – мемлекетке емес, мемлекеттен – ұлтқа деген де түсінік жапондар үшін сақталған. Мемлекет ұлтпен бірге өседі, ұлтпен бірге өледі.