Weekend
Менің досым
Мектеп бітірген соң, мен екі жыл қатарынан оқуға түсе алмадым. Екі жыл КазГУ-ге құжат тапсырдым, екі жыл да конкурста балым жетпей құлап қайттым. Сол екі жылдың екінші жылы кезекті жазғы еңбек демалысымда айлығымды алып, ауылға кетуге автобекетке келдім. Ол кезде біз кеңшар орталығында тұрамыз. Сол жерден теміржол өтеді. Жолаушылар пойызы тоқтайды. Автобекетте автобус күтіп отырсам, біздің ауылдың баласы, мектепті бізден бір жыл бұрын бітірген, Тоқанға жолыға кеттім. Хал сұрасып жатырмыз.
– Иә, қайда барасың? – дейді Тоқан
– Татияға, кешке пойызға мініп, Алматыға кетемін, оқуға түсуге.
Тоқан ойланып отырды да:
– Онда мен де барамын Алматыға, – деді.
– Сен не үшін барасың?
– Мен де оқуға түсемін!
– Қай оқуға?
– Оны сен айтасың. Қай оқуға түс десең, соған түсемін, – дейді Тоқан.
Өзі сенімді. Мен мектепте жақсы оқыдым. "Байсейіттің баласымен бірге Алматыға оқуға түсуге барамын" десе мұны әке-шешесі жібереді. Оны Тоқан біліп отыр. Әкесі ауылдағы атқамінерлердің бірі, жолға ақша да береді.
– Жарайды, – дедім мен.
– Кешке Татияға біздің үйге кел. Кешкі сағат 8-де пойыз келеді. Соған мінеміз.
– Мақұл - деп Тоқан жолдан түсіп қалды. Тоқан кешке келді. Ағам да мәз болып жүр. Маған серік болады деп қуанғаны ғой. Тоқанға:
– Оқығаның дұрыс. Талапты ерге нұр жауар, – деп қояды.
Ағам Тоқан екеуімізді пойызға шығарып салды. Мен мұның алдыңғы жылы да Алматыға келіп бір ай болғанмын. Тоқанның алғашқы келуі. Мен Тоқаннан гөрі Алматының көшелерін, қай автобус қай жаққа баратынын біліп қалғанмын. Тоқан үлкен қалаға тосырқай қарайды. Мен Тоқанды ертіп алып, қалаға сырттан келетіндердің көбінесе баратын жері "жетім бұрышқа" тарттым. Студент, абитуриент дейсіз бе, барлығы осы жерге жиналады. Бұл жерде орыс кемпірлер де көп. Пәтер берушілер солар. Тоқан екеуміз әр кемпірге жақындаймыз. Пәтерінің қанша екенін, пәтерақыға қанша алатынын сұраймыз. Орысша сөйлеп жүрген мен. Тоқан айтады:
– Әй сен орысша кәдімгідей біледі екенсің ғой
– Нан керек болса үйренесің. Заман орыстікі ғой, - деймін мен.
Осылай әр кемпірмен сөйлесіп жүргенімізде жасы отыз бен қырықтардың ортасындағы бір жігіт бізді жеңімізден тартып тоқтатты.
– Иә жігіттер, пәтер керек пе?
– Иә керек , – дейміз
– Менің үйім осы жерден үш-төрт аялдама төменде. Біздің үйдегі пәтершілердің бәрі өздерің сияқты ауылдан келген абитуриенттер. Әр жақтан. Пәтерақы 20 сом. Менің атым Бақытжан, – деді жігіт ағасы.
Үйі менің құжат тапсыратын КазГУге алыс емес. Өзі қазақ және жөні келіп тұрған соң біз келістік. Автобуспен үйіне бардық. Жер астымен қоса есептегенде екіқабатты үй. Асты-үсті тола пәтерші абитуриенттер. Бақытжанның қалада да үйі бар, өзі сонда тұрады. Бұл жер "кіші станица" деп аталады. Тоқан екеумізге көрпе-төсек берді, кереуетімізді көрсетті. Біз жайғасып орналастық.
Мен ертесіне КазГУ-ге құжатымды тапсырдым. Сосын Тоқанды ертіп алып, жоғары оқу орындарын араладық. Тоқаннан сұраймын:
– Мұғалім болғың келе ме?
– Миым ашып кетеді
– Дәрігер болғың келе ме?
– Біреудің жарасын көрсем қорқамын.
– Инженер ше?
– Математикадан нөлмін, – дейді Тоқан.
Ол ән айтатын, домбыра шертетін. Консерваторияға бардық. Алдын-ала әңгімелесу, шығармашылық конкурс жүріп жатыр екен. Консерватория маңайы абитуриенттерге толы. Әр жерде талдың көлеңкесінде домбыра тартып, баян, скрипка ойнап отырғандар көп. Біз домбыра ойнап отырғандарға жақындаймыз. Бәрі керемет. Домбыра да тартады, ән де айтады. Тоқанның бұларды көріп көңілі қалды.
– Өй мен бұлар сияқты ән сала алмаймын, домбыра да тарта алмаймын.
– Әй онда енді не істейсің? – деймін мен
– Сен оқуға түс, мен сосын көремін. Түссең түстің, түспесең бірге ауылға қайтамыз - дейді Тоқан.
Мен ертесінен бастап емтиxанға дайындала бастадым. Тоқан пәтердегі жігіттермен қалады. Қаланы қыдырып келеді. Тоқанның әйтеуір қолы бос.
Бір аптадай уақыт өткенде қожайын Бақытжан келді. Кеш түскен мезгіл. Пәтердегі жігіттермен карта ойнады. Өзі қызулау. Бұл ойынға Тоқан да қосылды. Сосын Бақытжан кешке келуін жиілетті. Бір күні тағы да осындай карта ойынында қожайын оңбай ұтылды. Қожайын ашулы. Тоқан:
– Жоқ мен әділ ойнадым. Әділ ұттым. Ақша менікі. Мұны басқа жігіттер де құптайды.
Ұтқаны рас. Мен "бере сал" дедім. Тоқан көнбеді. Ақыры не керек, қожайын бізді пәтерден қуып шықты.
Ертесіне шабаданымызды көтеріп "жетім бұрышқа" қайта бардық. Сол жерден ауылдың бізден жасы үлкен жігітіне кездесіп қалдық. Амандасып, жайымызды айтып едік:
– Сендердің қатарларың Тұрғынбек өз жатақxанасында жөндеу жұмыстарына қалыпты. Соған барыңдар, – деді.
Тұрғынбек КазГУ-дың xимия факультетінің бірінші курсын аяқтаған. Класстасымыз, қуанып кеттік. Никольский базарының жанындағы xимия факультетінің жатақxанасына келдік.
Тұрғынбекті тауып алдық. Осында жөндеу жұмыстарына қалыпты. Хал сұрасып, қуанып жатырмыз. Жағдайымызды айтып едік, Тұрғынбек "жатақxана комендантымен сөйлесіп көрейін" - деді. Жатақxана қазір бос. Студенттер өндірістік практикаға кеткен. Абитуриенттер ғана. Азы осында. Комендант келісті. Ай сайын Тоқан екеуміз он сомнан жиырма сом төлейтін болдық. Бұл анау Бақытжанның пәтеріне бергеннен екі есе аз. КазГУдың юас корпусына да жақын. Бас корпус бұрынғы Киров көшесінің бойында. Тұрғынбекке раxмет айттық. Асxанаға үшеуіміз барып, бір тойдық. Ішімдік ішпейміз ол кезде.
Мен екі сынақтан жақсы баға алып өттім. Енді келесі емтиxанға дайындалып жүрмін. Тоқанның қолы бос, қала қыдырады.Қалаға үйреніп көшелермен танысып жүр. "Жаяу аралаймын" дейді жақсы білу үшін. Араласа аралай берсін, маған кедергі жасамаса болды.
Күндер өтіп жатты. Тоқан қаланы қыдырып келіп жүр. Алматыдағы жаз айы, әсіресе кешкі уақыт әдемі. Жақын жердегі саябақта серуендейміз. Өзіміз сияқты абитуриент қыздарға қырындаймыз. Керемет кездер ғой!
Бір күні Тоқан қолтығына қысқан екі пакеттегі джинсы шалбары бар, бөлмеге мәз болып кірді. Ол кезде джинсы шалбар деген қаны жерге тамбай тұрған, зәру зат. Дефицит. Қазіргідей әр базар, дүкенде самсап тұрмайды. Дүкенде істейтін танысың болса ғана киесің бұл шалбарды. Кеңес Одағы кезі ғой. Базар аз, саудагер деген атты ол қоғам ұнатпайтын. Сол зәру зат Тоқанның қолтығында тұр. Біреу емес екеу. Ал кеп сұраймын одан:
– Әй, мұны қайдан алдың? Тағы бір бәлені бастайын деп тұрсың ба?
– Жоқ ойбай! Қаланы жаяу аралап жүріп ЦУМға барсам оң жақ қапталда ығы-жығы адам. Сұрасам "джинсы сатып жатыр" дейді. Содан кезекке тұра салып, әй әрең жетіп екі джинсыны елу сомнан жүз сомға сатып алдым. Мұны қолдан алсаң білесің бе, қанша екенін? – дейді Тоқан ентігіп.
– Иә білем, жүз сом.
– Білсең, мына екеуін сатамын да тағы аламын. Сөйтіп ақшаны көбейтіп, екеуміз де ауылға джинсы киіп қайтамыз - деп мәз болады Тоқан. Ойы дұрыс. Жөні келіп тұр. Бірақ қалай болар екен?
Бір күні мен де еріп бардым ЦУМға. Таңертеңмен сатады екен. Құжынаған адам көп. Бір-бірінің үстіне шығады. Бір кішкене тесіктен сатады, бәрі соған ентелейді. Кейде кезек бұзылып кетеді. Айғай-шу басталады. Миллиционерлер де жүр. Солар реттейді кезекті. Мен де Тоқанның үгіттеуімен ақша шығарғанмын. Екеуміз таласып-тырмысып жүріп төрт джинсы алып шықтық. Алдыңғы Тоқан алып келген екі джинсыны сексен сомнан сатып жібергенбіз. Жаудың бетін қайтарғандай болып жатақxанаға келдік.
Ол кездерде жоғары курс студенттері кіші курстағыларға, әсіресе абитуриенттерге әлімжеттік жасайтын. Ауылдан келген, ақша бар деп ойлайды. Сол жоғарғы курстың екі студенті бірі аласа, бірі ұзынтұра екі жігіт бөлмемізге келіп, екі джинсымызды тартып алып, шығып бара жатты. Тоқан жанұшыра айғайлап, джинсыға жармасып, олардан қалмай қойды. Ұрғандарына қарамайды. Еңбекпен келген зат, әрқашан да тәтті ғой. Жатақxана дәлізінде Тоқанның айқайын естіп жұрт шыға бастады. "Милиция" деп айғайлаған соң, екі жігіт қашып кетті. Екі джинсы Тоқанда қалды.
Бұл оқиғадан кейін ана екі жігіт тағы іздеп келе ме деп қорқып, біз қала шетінде пәтерде тұратын, өз ауылымыздың жігіттеріне қосылдық. Бірге тұрдық. Алған төрт джинсының үщеуін саттық. Біреуін мен киіп алдым. Біреуін сатып ақшам орнына келді. Тоқан өзіне тиесілінің бәрін сатып жүрді. Сауданың дәмін біле бастады. Сөйтіп жүріп бар ақшасын жоғалтып алды. Жоғалтып алғанын, жоқ әлде үйде ме, жолда ма ұрлатып алғанын анық білмейді.
Мен сынақтың барлығынан аман өтіп, конкурстан балым жетпей, тағы да оқуға түсе алмадым. Конкурста бір орынға он адамнан болатын. Кеңес Одағы кезі болса да, ол кезде де тамыр-таныспен оқуға түсіп жататын. Менде ондай таныс жоқ. Сосын келесі жылы КазГУден түңілдім де, физика-математикадан жыл бойы дайындалып, политеxникалық институтқа түсіп кеттім.
Сөйтіп мен су жаңа джинсы киіп, ал Тоқан не джинсы жоқ, екеуміз ауылға бірге қайттық.
– Келесі жылы Алматыға оқуға түсуге келеміз бе? – деп сұраймын Тоқаннан жолда.
– Жоқ, раxмет! Менің жұмысым бар.
Тоқанның әлі беті қайтпаған. Әлі аяғына жете алмай келеді. Оқуға да түскен жоқ. Не сатпады дейсіз Тоқан? Бәрін сатты. Бірақ бала-шағасын асырап жүр. Бекер обалы не, өте ақкөңіл, жақсы жігіт.