Weekend
Ақыл айтатындардың барлығы ақылды емес, жылтырағанның бәрі алтын емес
Маған мотивация жетіспей жүр? Қалай бай болсам екен? Тез арада ақша қалай тапсам болады?- деп досыңыздан я болмаса жақыныңыздан сұрай қалсаңыз, айтатыны бір жауап. Әрине, «Пәленшенің тренингіне барсаңшы». Ол кісі кәдімгідей мотивацияңды көтеріп, ақша табудың керемет тәсілдерін көрсетіп береді. – деп көпіртіп мақтай жөнеледі. "Ал тегін бе?" десең жоқ, сұрапыл, ең арзаны он мың бір ақыл.
Қалаға алғаш келгенде мұндай сөздер естімейтінмін. Тренинг өткізіп жататын бірақ барлығы соған ағылмайтын. Әлеуметтік желі дамығаннан бері, жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай «бізге кел», «біз саған үйретеміз» деген жарнамадан көз сүрінеді. Сұраныс болмаса ондайлар қаптамайтын еді. Ал неге қарапайым халық ақшасын әрең тауып жүрген елдер сол ақшасын баласының ауызынан жырып, тренингке баруға құмар? Өйткені олардың жарнамасы, әдемі сөздері адамды тартпай қоймайды. Үшінші курста оқып жүргенде Қазақ радиосынан практикадан өтіп жүрдім. Тапсырма бойынша бір бизнес тренердің кітабының тұсаукесеріне баратын болдым. Үлкен қонақ үйдің бір залында болатын болды. Мен белгіленген уақытынан жарты сағат ерте барып алыппын. Барсам мен ғана емес көп адам сыртта отыр. Көздерінде от ойнап, сол тренингтен кейін бай болып кететіндеріне кәдімгідей сенімді. Көп өтпей бізді ішке кіргізді. Алғашқы бір сағаты тренинг болды. Басы былай басталады: «Сіздер бай болғымыз келеді дейсіздер, бірақ ақшаны жақсы көрмейсіздер», «бай болғым келеді дейсіздер, бірақ түске дейін ұйықтайсыздар» деген сынды мотивациялық сөздерімен бастады. Отырған адамдар қолдарында қалам мен қағаз. Тренердің әр айтқанын екі етпей қағазға түртіп, бастарын изеп келіскен пішінмен жазып отыр. Арада бір сағат өткесін кітаптың тұсаукесері болды. Сосын бір сағатқа үзіліске шығарды. Сол уақытта мен сұқбатымды алып қайттым.
Мені ойға батырған бір-ақ нәрсе. Осы күнге дейін аталарымыз, әкелеріміз ешбір тренингке бармай ақ жетістікке жетіп, біздерді оқытып-тоқытып отыр. Ал қазір сәл шаршаса немесе қиналса маған мотивация керек болып жүр дейді.
Тренингтердің пайдасы мен зияны қандай?
Қазір пайдалы тренингтер бар. Алайда олардың жарнамасы пайдасыз, қалтаңдағы қаражатты жымқыратын тренингтердің жарнамасының қасында көрінбей қалып жатыр. Жарнамасы жер жарып тұрған осындай бір тренингтің зияны менің группаласыма тиген. Төртінші курс оқып жүргенде алыстағы анасы оқуыңа деп ақшасын салып жібереді. Ақшаны алған қыз оқудан гөрі тренингті жоғары қояды. Себебі белгілі. Тренингтен кейін ондай қаражатты екі есе тауып аламын деген ой. Екі жүз мың теңгесін қиып екі күндік тренингке барады. Үлкен мотивация алып қайтады. Соның буымен бір апта жүреді. Бір аптадан кейін оқу орны оқу ақшасын құю керектігін ескертеді. Қолында қаражаты қалмаған ол қыз анасынан қайта сұрауға ұялып, өзі жұмыс істейді. Алайда аз уақытта ондай қомақты қаражатты таба алмай, кейінгі курсқа қалып қойды. Бұл жерде тренинг емес сол қыз кінәлі дерсіз? Бірақ қалтаңдағыны алмай қоймайтын тренингтегі адамдардың жарнамасы сені өз аяғыңмен келтіруге тырысады. Әлемдік статистика бойынша тренингтерге баратындардың 2-3%-ы ғана бай болады екен. Ал қалған адамдардың есебінен тренинг өткізуші баийды.
Менің байқауымша көп тренингтерде қалай да болсын ақша тап деген тәртіп қояды. Сосын кей адамдар ақша тауып бай болу осы екен деп адамгершіліктен аттап жатады. Бұл дұрыс емес. Ақша материалдық қажеттілік. Ол жүрегіңнің түбінен орын алса, адамдық қасиеттен айырыласың.
Бұған заң бойынша белгілі бір тосқауыл қойылу керек. «Ақыл айтатындардың барлығы ақылды емес, жылтырағанның бәрі алтын емес» екенін біз естен шығармауға тиіспіз. Сондықтан мотивация жетпей жүрсе, жетістікке жеткен жандарды, пайғамбарлардың өмірі туралы кітаптарды оқыңыз. Сізге мотивация беріп жүрген адамның өзі мотивацияны кітаптан алатынын есте ұстаңыз. Ал байығыңыз келсе, онда кәсіп бастап, қарекет жасаңыз. Сіз тренингке бару арқылы өзіңізді емес өзгені байытып отырғаныңызды біліңіз