Жазғы аптап. Қанша ғасыр күн өтінде шыжғырылғаны белгісіз шағыл топырақ ақ-сұр түске айналыпты. Өлі дала желмен бірге құлазып ысқырық атып тұр; бұл маңдағы жанды тіршілік деп осы топырақты ғана айтуға болатындай. Ылғи көшіп бір жерден екінші жерге қонады да жүреді.
Шиыршық шағылды кешіп алыс сапардан мына топыраққа оралғы болғандай жолаушы кемпір сонадайдан ізін ұзартып ілбіп келеді. Жапанға біткен топырақтың тағдырына үн қосатындай бұл не қылған жан дегендей, табаны тиген шағыл құм аз ғана уақыт тосырқап тұрып қалады.
Ұзақ жолды артқа тастап келе жатқан бұл бейбақты ел "Қағаз кемпір" деп атап кеткен еді. Үстіндегі ақ көйлектің сарғыш тартқанына да нелер заман. Басына ораған сәлдесі шашын қобырайтып, сайтан түсін одан сайын әпенділеп, диуана хәлге түсіріпті. Айтса айтқандай өзі бір жүрген диуана. Ел кезіп, бата тілеп, қайыр сұрап ел асынан дәм-тұз татып жүргеніне, міне, отыз жылдай уақыт болыпты. Сол уақыт ішінде бұл маңда оның аяғы тимеген, қайыры кірмеген бірде-бір үй жоқтың қасы. Бұл маңдағы ауыл арасы онша ұзақ та емес. Таңертеңгі алғашқы араймен аттанса, түс аумай-ақ келесі ауылдың іргесі көрініп қалатын-ды. Тек осы бір шөлейтті даланы таптап өтсе болғаны арғы жағы құдайдың ырысы - ел іші. Арқасына асынған ала дорбасы түтеле-түтеле қырық жамау болған. «Ау, апа-ау, дорбаңызды ауыстырып берейін де» деп ауылдың кейбір келіндері жанашырлық білдірсе бұл, қайдағы, оған маңайлатпайды. Қайта дорбасын жамандаса өршеленіп кетеді де, пышақ кескендей тыйып тастайды: «О, несі-ей, қағынған неме, құдайдың берген ризығы осы жаман дорбамда. Дүние төңкерілсе төңкеріліп жүре берсін, тек тілің тарт, тигізбеймін қолыңды. Жылтырға мәз болсаң, өзің баии ғой!» деп бетін қайтарып тастайтын. Ол сөзді бір-екі келіншек естіген соң, жел сөз жерде жата ма, «Ойбай, ана жаман кемпір пәленшекеңнің келініне солай да солай деп жонынан таспа тіліпті. Бұл неме жынды ма дейін десең сөзінде құдай ұрғандық жоқ, диуаналығына жол болсын тағы» деп адуынды қатындар астыңғы еріндерін сылп еткізіп қойып, қанша кесені төңкеріп сөз қылып отырушы еді. Бұл сөздің де айтылуында бір жөн бар. Қағаз кемпір бір күн ауру, бір күн сау дегендей басындағы ауытқуы болмаса, кейде түзу адамнан да ақылдырақ сөз айтатын. Сонысына орай ешбір үй мұны паналатуға қорықпайтын. Керісінше, бұл маңдағы ойын балалары қағаз кемпір десе қуанып, жылағандары уана қоятын. Қағаз кемпір келді дегенше болмай ауыл балалары сол үйге қарай асығады. Кемпір болса балаларды көргеніне мәз болып, өзі ойнынан әрненің басын қосып қызық-қызық ертегілерді айтып отырушы еді.
Бағанағы ысқырық үдей түскен. Ол жүрістен де, жанына батқан аурудан да, тіпті айнала қоршап тұрған дөңгелек дүнеден де шаршапты. Қартайғаны ма, түстік жолы екінтіге ауып барады. Бүгін күн батқанша елге қонармын деп еді, белі құрғыр айналдырып әкетті. Дәл қарақұсқа ілінбесе қайтсін. Көптен торуылдап жүр еді, дәл бүгін алар ма еді. Ала дорбасын жерге тастай салғанда шіріген дорбаның аузына болмашы ғана ілініп тұрған қызыл жіп ағытылып кетіп, мыжынды қағаздар желмен бірге сай қуалай төмен құлап бара жатты. Жан дәрмен қолын созып, дорбамен алыса бергенде қағаз кемпір «аһ!» деп ышқынып аспанға қарады да, көзін тарс жұмып белін ұстаған күйінде сылқ етіп отыра кетті.
Күн де батуға таяп қапты. Өзіне қанша қамшы салғанымен, осы жантайғаннан соң бұл кемпір қайтып орнынан тұра алмады.
***
Ауыл іргесінен жоқ іздеп шыққан Жақып дөң басынан қарайғанды көріп, қасқырға жем болған мал болды ма екен деп келсе, әлгі қағаз кемпірдің өлі денесі екен. Ә дегенде ауылға шауып, бүкіл ақсақал, қарасақалды жиып, көрген-білгенін айтып құлақтандырды. Көпшілік кемпірді бір ауыздан ауыл маңындағы молаға жерлейтін боп келісті. Тек кімнің үйінен шығарамыз дегенде ешкім бас көтере қоймады. Дәл бір: «Өзімнің жаным аманда, қайдағы бір кезбені үйден шығарып жаманат шақырар жайым жоқ» дегендей бәрі де тымырайып отыра қапты. Сонда осы аймаққа сіңісті болған кірме кіші жүздің жалғыз отағасы Жарас қана көшелі сөз бастады:
– Байғұс, кезінде атағы қандай еді, өлерінде аты құмдай сөгіліп өлді-ау! «Әй» дейтін бір баскөтерер еркек табылмап еді сол уақта. Енді, міне, тағы да сол кер. Бар кіші жүз атқа мініп, сол сарттарды шауып алса құдай о дүниеде есеп алмас та ма еді, тек жоқшысы болмай, бетін басып әке-шешесі безіп кетпеді ме бұл маңнан. Олар тек қана байқұс қыздың ұятынан кетпеді білем, өз ұяттарын бірге арқалап кетті. Осы күні елдің түсі бұзылған соң, қазақтың өңі де жүдеді ғой. Ата салт, бабаның намысын таптаурын қып қазір де мыңқ етпей отырмыз. Осы біздер қызын еркелетіп, қылығына тәнті болатын ел емес па едік! Енді келіп, тағдырын бозінгендей еңіретіп қойғанымызбен қоймай, әруақты ахиретке де сыйымызбен аттандыра алмадық-ау! Сол күндегі өкініш жаныма еш тыным бермейді менің, өз қолыммен аттандырам, қамдарыңды жасай беріңдер, – деп бас сөзді өзі жарып айтты. Сөзін аяқтай сала жағалай отырған ауыл ақсақалдарына көз тастап еді – бәрі де ескі жараның аузы ашылғандай түтігіп, бір тұтам боп кішірейіп отырып қапты. Тек жастар жағы ештеңені түсіне алмай, біріне-бірі сұраулы пішінмен иектерін көтерісіп-көтерісіп қойды.
Ертеңіне ауыл адамдары түс әлетінде құран оқытып, моладағы бір тұтам жерге қағаз кемпірді жерлеп келді. Оны ешкім улап-шулап жоқтап шығарып салмады да, сүйекшілерді зар еңіреп ешкім қарсы алмады. Бәрі де тым-тырыс өтті.
– Ееее, баяғы өткен бабалар ел десе еңіреп өткен батыр болған деседі көрген көздер, –деп Жақып жастарға айтылмай қалған әңгімесін жалғап кетті. – Сендер ғой оны кемпір боп туып, кемпір боп өлді деп ойларсыңдар. Ол дуана заманында Сырға дейтін сұлу қыз еді. Біздер ол кезде бозбала ек. Бұл ауылға тағдыр айдап Маншы дейтін алыс жұрағатымызбен үш-төрт үй боп көшіп келіп едік. Сырға сол Маншының бойжетіп келе жатқан көп қызының бірі еді. Керім қас, құралай көз, тоты мойын дейтін хас сұлудың өзі еді. Ол кезде он бесіне жаңа шығып отырған. Сырғаның сыртқы сымбатымен қатар ел ішінде оның ақындығы да сөз боп жүретін. Оның тек:
«Қызы едім кірме елдің атым Сырға,
Қос ішек домбырам мен қалам қолда.
Оң жақта тайраңдар деп сөксеңіз де,
Өздерің біліп жүр деп қостым жырға» дейтін жолдары есімде қалыпты. Ә дегенде сұлулығы елге тарап, әркім-әркімдер сұрап келіп те жүрді. Бірақ әкесі ешкіммен уағдаласпай қойды. Сөйтсе сарттармен ауыз жаласқан арғы есебі бар екен.
Жаздың ми қайнатар ыстық күндерінің бірінде сол бейбаққа сау етіп өзбек көкелер сауыншылап келе қойды. Қалың малын көбейтіп айтқан соң, әкесі бұрынғы естіген уәдесі қайда, көз алдынан бір үйір жылқы бірер толқындап өткен соң, ауы атқа тиіп көрмеген кедей тегін байлықты құдай берді деп қызын сол күні-ақ беріп жіберді. Кетіп бара жатып Сырғаның жылағаны-ай, сай-сүйегіңді сырқыратып, әйел түгіл еркек кіндіктіні еріксіз жерге қаратып еді. Әлі күнге есімде: «Көп малға сатылғанда малдан нем кем, о құдай, оны көрсетіп ажар бергенше неге дуана етіп қаңғыртып жібермедің екен» деп зар илеп, бүкіл ауылдың көбесін сөгіп еді. Құдай да шұнақ па, бір тілегін естіп, бір тілегін естімей қапты. Ақыры өз қарғысы өзіне тиді. Көп ұзамай-ақ ол жақтан суық хабар келе бастады. Сырғаның ажарына сұқтанып, көре алмаған абысын-ажындар есектің миын тамағына салып жегізіпті, содан жынданыпты деп естідік. Алғашында сене қоймап ек. Бірақ екі-үш қыстан соң Сырғаның көше бойлап қағаз теріп жүргенін өз көзімен көргендер айтып келе бастады. Ол сөзді естіген соң елдің сөзінен қашып, бар малын айдап Маншы кетті көз көрмес, құлақ естімес жаққа. Біз де өз жөнімізбен жүре бердік. Сырға содан бері ауылға диуана боп жылына екі-үш қайтара соғып кететін болды. Көре-көре көз де өліп кетті. Біз де бұрынғы жараны тырмалай бермейік деп ақыры сөз етуді қойдық. Кейін балалар оның дорбасына лықа толған қағазды көріп қағаз кемпір деп ат қойып апты. Енді сол қағаз кемпір де өтті ғой бұл жалғаннан. Ал біздердің бетімізде еш тозақтың жалыны өртеп өшіре алмайтын ұяттың таңбасы қалып барады.
Әңгіме аяқталысымен бағанағы сұраулы күйде қалған жастар жағы бір-бір күрсінісіп қалды. Ал үлкендер ескі жараның аузы ашылғандай еріндерін жымқырып, әлденеге тістенген күй танытып отыр екен.
Осы жиыннан кейін Қағаз кемпір туралы сөз болмады. Әркім ондай жан тіпті де болмағандай дөңгелек тіршіліктерін айналдырып жүре берді.
Ұлжан ӘДІЛОВА