Weekend

Біздің класс. Тағдыр таңдауы: ұлт па, достық па?

Тәуелсіз театрдың қанжығасына бұл туынды айтарлықтай табыс әкелді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Нәсіл, дін, ұлтқа бөліну идеологиялары адамдар арасындағы қарым-қатынасқа кері әсерін тигізбей қоймайтын жағдайларды жиі құлағымыз шалады, көзіміз куә боп жүр.  Әңгімемізге арқау боп отырған спектакль де осы ойды алға тартады. 

Мектеп – балалықтың ең тәтті, ең жарқын естеліктерін сақтайтын сандық. Кіршіксіз, алаңсыз кездердің галереясы. Алайда, бәрі үшін олай емес. Нәсіл, дін, ұлтқа бөліну идеологиялары адамдар арасындағы қарым-қатынасқа кері әсерін тигізбей қоймайтын жағдайларды жиі құлағымыз шалады, көзіміз куә боп жүр.Кинематография мен өнердің өзге түрлеріне өзекті тақырып болған бұл мәселе – театрда да көрінісін тауып келеді. Әлі күнге дейін қара нәсілділерге біржақты пікір ұстанатындардың табылатыны сияқты, өзге ұлтқа деген жек көрушілік сезімнің салдарынан оны түгелдей жер бетінен жойып жіберу мақсатын көздейтін қарулы-қарусыз соғыстардың жүріп жатқанын да білеміз. Жаман ұлт емес, жаман адамдар ғана болатынына тарихтағы айтулы оқиғалар көнген жоқ. Біз де мұны ылғи қаперімізде ұстай бермейміз-ау... Күні ертең ұлт үшін соғыс орын алса, адал достықтан аттап кететіндер қай заманда да табылары хақ. Әңгімемізге арқау боп отырған спектакль де осы ойды алға тартады.

 «Одноклассники». Драматург Тадеуш Слободзянектің 2008 жылы дүниеге әкелген «Наш класс» пьесасын режиссер Барзу Абдураззаков өз қолтаңбасымен театр жұртшылығына 2015 жылдың 5 мамырында ұсынды. Тәуелсіз театрдың қанжығасына бұл туынды айтарлықтай табыс әкелген болатын. Атап айтар болсақ, Санкт-Петербург қаласында өткен халықаралық «ArtOкраина» фестивалінің бас жүлдесін иеленген «Одноклассники» бүгінде – театр репертуарындағы ең көрнекті спектакльдердің бірі. Аталмыш тақырыптағы қойылымдарды қазақтың өзге театрларынан кездестіре бермейтініміз рас. Сол себепті де, қазақ тілді көрермендердің көп бөлігі осындай тамаша туындылардан қалыс қалып жатқандығы өкінтеді.

2 сағаттан аса уақытты қамтыған көркем туындыдан актерлік ойынның озық үлгісін көруге болады. Абрам, Хенек, Рысек, Рахелька, Якуб Кац, Владек, Менахем, Зигмунт, Зоська, Дора сияқты кейіпкерлердің өмірінен құралған спектакль өмір сабақтарынан тұрады. Режиссердің спектакльді ешқандай декорацияның «көмегінсіз», тек актерлердің шеберлігімен-ақ біртұтас еткен шешімі өте ұтымды шыққан. Бір қызығы, сахнада өзінің қаншалықты дарынды екенін дәлелдегісі кеп, ерекшеленетін актерді көрмейсің. Бәрінде – басты роль. Бәрі өмір сүріп жүр. Олардың көзінен «қай көрерменге қалай ойнау керек» деген сияқты артық ойлардың көрінісін байқайсың да. Қайран қаласың. Республикаға танымал бас театрлардың жұлдызына айналған актерлерден табыла бермейтін қасиет қой! Осы тұста әр актердің санасы мен сезіміне қозғау сала білген режиссердің еңбегі нақ көрініп тұр. Спектакль көркемдігін әдемі сценографиямен өлшейтін сауатсыз көрермендер бар. Алайда, он орындықпен-ақ күллі оқиғаны мүлтіксіз көрсеткен Б.Абдураззаковтың шеберлігіне спектакльді тамашалаған ешқандай адам шүбә келтірмейтіні анық.

Сахнада Польшаның Едвабна қаласында өткен шынайы оқиға көрініс тапқандықтан, актерлар орындауындағы тағдырлардың тартысына залда отырып еріксіз иланасың. Спектакль басында бір-бірлеп орындарынан тұрып, өздерін таныстырып, армандарымен бөліскен шат-шадыман балалардың алда не күтіп тұрғанынан бейхабар, аппақ қардай пейілдеріне шын сенесің. Өз ырқынсыз сыныптасына қастандық жасағандары үшін де Рысик (актер Виталий Куприянов), Владык (актер Әшім Ахметов), Зигмунт (актер Вахид Изимов), Хенекты да (актер Нұрғиса Қуанышбайұлы) кінәлай алмайсың. Өйткені олар өз ісін Отан үшін барған мәжбүрлігімен ақтап алады. Он кейіпкердің бәрінің әрбір әрекетіне өз анықтамасы мен түсіндірмесі бар.

Еврей боп туылған «күнәсі» үшін Якуб Кац (актер Данияр Арипов) сыныптастарының қолынан қаза тапқанын, еврей боп туылған «күнәсі» үшін Дораның (актриса Айгерім Мустафа) өз сыныптастарынан зорлық көргенін, онымен қоймай, кішкентай баласымен бірге тірідей отқа оранғанын көргенде, қатыгез әлемнің алдында дәрменсіз қалған достықты аяйсың. Тірі қалу үшін өз сеніміне қайшы келіп, еріксіз «шоқынған» Рахельканың (актриса Жанель Сергазина), әйелі мен баласын тастай қашып кеткен Менахемнің (актер Бақтияр Байсерік) тағдырын, Америкаға қоныс аударған Абрамның (актер Мадияр Сарыбай) сыныптастарының не жағдайға түскенін ең соңынан білетінін көргенде қатты налисың. Абрамның финалдық көріністегі: «Ребята, что с вами? Мы же одноклассники!», – деген сөзін естігенде, көзіңнен еріксіз жас ыршиды.

Сахнада зар жылау, мұңлы әуенмен әрленіп, «мені аяңдаршы» деп менмұндалап тұратын монологтарсыз-ақ талантты актерлар көрермен кеудесінің дірілін қаға алды. Өйткені мұнда – кейіпкержандылық бар, роль мен көрерменге деген құрмет бар, өнерге жанын беру мен сахнаны кие тұту бар. Ал, сіз бұл құбылыстарды бұрын-соңды көрмеген болсаңыз, «Жас сахнаға» баруды бүгіннен бастаңыз!