Weekend
Ауыл шаруашылығына мән беріліп, ет және сүт өнімдерін өндіру және оны экспорттау қолға алынды.
«Біз саланың алдына ауқымды міндеттер қоя отырып, олардың тікелей ауылда іске асырылатынын түсінуге тиіспіз. Ал бұған біздің еңбек ресурстарымыз жете ме? Осыған байланысты, ауылдық аумақтарды дамыту және ауыл тұрғындарының әлеуметтік өмір сүру жағдайларын өзгерту үшін Елбасының тапсырмасы бойынша «Ауыл - ел бесігі» деп аталатын арнайы жоба әзірленді. Әйтсе де, қазіргі таңда өңірлердің даму бағдарламаларына тиісті өзгерістер енгізілмеді және бұл жоба толықтай жұмыс істеп тұрған жоқ. Жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де өткір сипат алып отыр. «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасы бұл мәселені түбегейлі түрде шеше алмайды. Осыған байланысты «7-20-25» бағдарламасының күшін ауылдық елді мекендерге де қолдану қажет», - деді Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Б. Оспанов.
Айтушының сөзіне қарағанда, сала бойынша мамандарды сапалы біліммен даярлау да үлкен маңызға ие. Оны білім беру бағдарламаларына әлемдік стандарттар мен заманауи агротехнологиялар негізінде жаңғыртулар енгізіп, жүзеге асыру маңызды. Ол үшін аграрлық жоғары оқу орындары мен ауыл шаруашылығы ғылыми ұйымдарының материалдық-техникалық базасының жаңартылуын қаржылай қамтамасыз ету, қазіргі оқытушылардың біліктілігін арттыру қажет.
«Жергілікті атқарушы органдардың «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасының талаптарын орындау жөніндегі жұмысы ерекше бақылауға алынып, оның көрсеткіштері әкімдер қызметінің рейтингіне енгізілу керек. Жоғары оқу орындары үшін ветеринариялық мамандықтар бойынша гранттар құны ұлттық университеттер деңгейіне жеткізілу қажет, бұл оларды даярлау сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өндірісінің сұранысына бағдарланған ғылыми зерттеулерге арналған шығыстарды қаржыландыруды да бірнеше есе көбейту керек», - деді Берік Оспанов.