Саясат

Лицей мен гимназияда айырмашылық бар ма?

Сүбелі сұқбат

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бүгінгідей білім бәсекеге түскен уақытта мектептерге қойылар талап күшейіп, ұстаздарға артылар міндет еселене түсті. Себебі бүгінгі оқушының сұранысы тым жоғары. Уақыт ағымына ілесу үшін мұғалім­дер ағылшын тілін меңгеруі де керек. Бірақ қоғам тарапынан ұстаздарды ағылшынша оқыту ісіне күмәнмен қарағандар аз болмады. Бірақ, реформа уақыт создырмайды. Мұғалімдер ағылшын тілінде оқу ісіне көшті. Процесс қалай жүрді? Мектептердің білім деңгейіне қарап лицей, гимназия статустары қалай беріледі? Бұл сауалдарға Қызылорда облыстық білім басқармасының оқу-әдістемелік орталығының директоры Сырым Құрманғазыұлы Асқаров жауап берді.

Сырым Құрманғазыұлы, уақыт өте келе қарапайым мектептер лицей, гимназия статусын иеленуде. Жалпы орта мектептердің деңгейі қалай сараланады? Облыста қанша мектеп лицей, қанша білім ошағы гимназия статусын алды?

– Негізінде халық арасында гимназия мен лицей ұғымдарына қатысты түрлі пікір бар. Дегенмен, білім беру ұйымдарының барлығы да стандартқа сәйкес қалыптасады. Мемлекет бас­шы­сының 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында орта білім беру саласын дамытудағы басым бағыт ретінде - Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі айқындалған болатын. Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мектептер үшін бірыңғай стандарт болуға тиіс екендігі, бұл мектеп білімін реформалаудың қорытынды кезеңі болатындығы нақты белгіленген. Яғни, қарапайым тілде айтқанда, заманауи мектеп желісі зияткерлік мектептің үлгісіне дейін жетуі керек. Осы бағытта Қызылорда облысы әкімдігінің бас­тамасымен Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін облыстағы білім беру ұйымдарына тарату ісі 2015 жылы қолға алынды. Облыс әкімдігі мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдары арасындағы әріптестік жөніндегі меморандум аясында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін тарату мақсатында сынақ алаңдары белгіленіп, инновациялық мектептер желісі қалыптасты.

Әрине, қазір сіз инновациялық мектептің ерекшелігі неде деп сұрайтыныңыз белгілі. «Олардың қарапайым мектептерден ерекшеліктері қандай болуы қажет?», «инновациялық мектептерді қалай дамытамыз?» деген сұрақтар біздің негізгі қызметімізге айналды. Істі неден бастадық? Қолданыстағы нормативтік құжаттарға мониторинг жасадық. Озат мектептер тәжірибесі, атап айтқанда Назарбаев Зияткерлік мектептерінің әрбір сыныбындағы оқу көлемі мен мазмұны негізге алынды. Жоспарлы жұмыс барысында соңғы 3 жыл ішінде 16 орта білім ошағы мектеп-лицей (мектеп-гимназия) статусындағы инновациялық мектепке айналды.

Көптің сауалы да осы гимназия мен лицейдің қандай айырмашылығы бар деген ұғымға келіп тіреледі. Осыны тар­қатып айтсаңыз.

– Гимназия мен лицейді шатастырмауымыз керек. Әрбірінің заң аясында өз қағидасы бар. ҚР Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 17 қыркүйектегі №375 бұйрығымен бекі­тілген «Біріктірілген білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларына» сәйкес мектеп-гимназия, мектеп-лицейлер - оқушылардың қабілеттері мен бейімдіктеріне байланысты тереңдетіп, бейіндетіп, саралап оқытуды қарастыратын қосымша жалпы білім беру бағдарламасын іске асыратын сыныптары бар заңды дербес жалпы орта білім беретін оқу орындары екендігі нақты белгіленген.

Мектеп-гимназияларда, мектеп-лицейлерде пәндерді тереңдете оқыту үшін әр сыныпқа оқушылардың таңдауы бойынша факультативтер мен қосымша курстар, үйірмелер ұйым­дас­тыруға мүмкіндік беріледі.

Айырмашылық мынада. Жоғарыда аталған қағидаға сәйкес, лицей – жаратылыстану-математикалық бағытта, ал гимназия – қоғамдық-гуманитарлық бағытта тереңдетіп оқытады.

Сіз сөз еткен инновациялық мектептердің саны 46-ға жетті. Ағылшын тіліне басымдық беріліп, мұғалімдер тілдік курс оқудың жолына түсті. Инновациялық мектептер желісін құру нәтижелі қадам деп айта аласыз ба?

– Бүгінгі күні 46 инновациялық білім беру ұйымы жұмыс жасайтыны рас. Бұл білім ошақтары жетекші мектептер ретінде айқындалған, ал жетекші мектептерге 247 магниттік мектептер бекітілген.

Негізінде инновациялық білім берудің өз миссиялары бар. Алғашқысы, Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі озық тәжірибені тарату. Екіншісі, лицей, гимназия сыныптарында жаратылыстану және гуманитарлық ғы­лымдар бағытына сәйкес тереңдетілген бағдарлама бойынша білім беру. Физика, химия, биология, информатика пәндерінің мазмұнын ағылшын тілін игеруге бірте-бірте көшу. Сонымен бірге тәрбие бағытындағы жобаларды ендіру. Олардың қатарында «Шаңырақ» қауымдастығы, «100 кітап», «Туған елге тағзым» жобалары бар.

Инновациялық мектептердің оқу сағаттарында да өзгеріс болады ма сонда?

– Мұны былай деп түсіндірейін. Инновациялық мектептер екі оқу жылы көлемінде әрбір лицей (гимназия) сыныбында ағылшын тілі пәнін аптасына 5 сағаттан оқыды, 2017-2018 оқу жылынан бастап 6-11 сыныптар аралығында терминологияны оқыды. Ал, 2018-2019 оқу жылынан бастап, аталған 46 мектептің 10-11 сыныптары жаратылыстану-математикалық бағыттағы 1 пәнді тереңдетіп оқыту есе­бінен ағылшын тілінде оқытуға көшті. Байқасаңыз, кезең-кезеңімен іске асырылады. Жалпы алғанда 46 инновациялық мектептердің жартысынан көбі аудан орталықтары мен ауылдық жерде орналасқан.

Ерекшелік ретінде мынаны айта аламын. Инновациялық мектептерде мұғалімдермен қатар, университет ғалымдары да сабақ береді. Бұл мектеп оқушысының ғалымдармен бірге олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарына қосымша дайындығы деген сөз. Бір ғана мысал келтірейін, филология ғылымдарының кандидаты Р.К.Диуанова, тарих ғылымдарының докторы Т.Я.Сәтбай Жаңақор­ған ауданының Жайылма ауылындағы №195 мектеп-гимназияда оқушыларды ғылыми жобаға дайындаса, биология ғылымдарының кандидаты Р.Х.Құрманбаев Тереңөзек кентінің №36 мектеп-лицейінде оқушыларды олимпиадаға дайындауда. Мұның эффектісі бар екеніне көз жетіп отыр. Сондықтан  ғалымдардың көпшілігі инновациялық мектептерде қосымша дайындық жүргізеді.

– Жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту реформасына қатыс­ты қоғамда түрлі пікірлер қайшылығы ашық айтылып жүр. Білім саласының барысын білетін басшы ретінде пәндерді ағылшын тілінде оқытуда нендей артықшылық бар? Аймақта педагогтар тіл курстарын қаншалықты оқып жатыр?

– Өзіңіз білетіндей, қоғамда әртүрлі пікір қалыптасқан. Осы білім саласының маманы ретінде жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде оқыту дұрыс бағыт деп санаймын.

Қазіргі уақытта мектеп оқушыларының қосымша дайындығына арнал­ған  жекеменшік орталықтар өте көп екенін де білесіз. Жалпы ата-ана ретін­де де қарасаңыз, барлығында жұмыс жасап тұрған курстар - ағылшын тілі мен математика. Яғни, кейбір пікірлер «қажеті жоқ» дегеннің өзінде де, оқушы мен ата-ана тарапынан сұраныстың бар екендігі байқалады.

Оқушының сұранысы бар болса, мектепте мүмкіндік бар болса, ата-ана неге ақылы оқытуы қажет? Осы мәселе түбегейлі шешіліп, толық орындалса, жеке-меншік оқу орындарына деген сұраныс азаяды.

Сандармен сипаттасам, 2019 жылдың 1 қаңтарына дейін жаратылыстану-математикалық бағыттағы пән­дердің (химия, биология, информатика, физика) 677 мұғалімі тілдік курс­тан өтіп, В1 деңгейін дәлелдеді. 2019 жылы қосымша 149 мұғалім білікт­і­лігін  арттыруда.

Сырым Құрманғазыұлы, сіз бас­қа­ратын оқу орталығының негізгі жұмысының бірі - мұғалім әдістемесіне көмек беру. Бүгіндері ұстаздар қандай әдістемелік көмектерді қажет етеді?

– Баршаға белгілі, бүгінде жаңартылған білім беру мазмұнына кезең-кезеңмен  көшу жүріп жатыр. Ол, оқы­ту әдістемесі, бағалау жүйесі, жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде оқытуға көшу, балабақша тәрбиешісінен бастап колледждердің арнайы пән оқытушыларына дейінгі аралықтағы барлық педагог қызметкерлерге күнделікті мүмкіндігінше жекелей болсын, топтық болсын әдістемелік көмек көрсету міндетіміз.

Әрбір педагог қызметкер «Білім туралы» ҚР Заңына сәйкес 5 жылда кемінде бір рет біліктілік арттыру қажет болса, қазіргі уақытта алған біліммен 5 жыл жүре беруге болмайтынын да білесіз. Сондықтан барлық бағыттада да, күнделікті өзгеруге көмектесу қажеттілігін сезініп отырмыз.

Балаға бірсарынды емес, жан-жақты заманауи білім беруге машықтанған ұстаздар өздері орталыққа келіп, оқыту технологияларына жаңашылдық енгізген кездері болды ма? Аудандардағы қарқын көз қуантады ма?

– Жаңашылдықты іздейтін мұғалім­дер өте көп. Әдістемелік жұмыстардың басым бөлігі - жалпы орта білім беру саласына тиесілі. Негізгі 14 пән бойынша құрылған әдістемелік бірлес­тікке 112 мұғалім қамтылған. Орта білім саласы бойынша негізгі жұмысымыз Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы және Назарбаев Зияткерлік мектептерімен, оның жанындағы Педагогикалық шеберлік орталығымен тығыз байланысты.

Атқарылған жұмыстар нәтижесін беруде. Тек 2018 жылдың өзінде, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі өткізген "Үздік авторлық бағдарлама" республикалық конкурсына Қызылорда облысынан 6 мұғалім қатысып, 2 мұғалім «жеңімпаз» атанса, 3 мұғалім «Өз ісінің шебері» номинациясымен марапатталды. "Үздік мектеп мұражайы" республикалық конкурсынан Қазалы ауданы №190 мектеп мұражайы жүлделі І орынды иеленді. "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен Алматы қаласында өткізілген «Үздік психолог-2018» республикалық байқауына үш бағыт бойынша Қызылорда облысынан 3 педагог-психолог қатысып, Қызылорда қаласындағы №264 мектеп-лицей педагог-психологы Римма Абдукаримова І-орынды, Қазалы ауданының №90 мектептің педагог-психологы Мұңлық Жұмашева ІІІ-орынды иеленсе, Байқоңыр қаласы №277 мектеп педагог-психологы Айгүл Мұнарбаева "Үздік портфолио" номинациясымен марапатталды. Осы жетістіктің барлығы орталық әдіскерлерінің әрбір педагогпен күнделікті жұмысының нәтижесі деп білемін.

Пән бірлестіктері болсын, тақырыптық бағыттағы іс-шараларда болсын орталықта күнделікті мұғалімдер келіп көмек алады.

– Білім саласының барысын біраз жылдан бері білесіз. Қазіргі таңда «технократтарды қалыптастыру керек» деген идея бар. Сіздің ойыңыз қандай?

– Бұл пікірдің айтылып жүргенінен хабардармын. Әрине, технократтар белгілі бір деңгейде керек шығар. Менің ойымша, кез келген нәрсені болса да сол істің маманы жасағаны дұрыс деп ойлаймын. Сонда ғана әр салада даму жүреді.

Әңгімеңізге рақмет! Ісіңізге береке берсін!