Weekend
БАҚ туралы заңға өзгеріс енгізу не үшін керек болды?
Қазір қас-қағым сәтте ақпарат алмасып, ой-пікір еркін кейде жабайы түрде ортаға тасталып жатыр. Бірақ осы жаңалығы желмен жарысқан жаһандық ақпараттану журналистиканың функциясы мен жауапкершілігін өзге арнаға бұрып барады. Тексерілмеген ақпарат, өсек-аяңға құрылған мақалалар мен арзан атақ жолындағы жұлдыздардың өмірі журналистикадағы тақырыптарда талғамның қалмай бара жатқанын көз алдына әкеледі. Оған ортақ мүдде аясында қызмет атқаратын кәсіби журналистердің алдын орап, жеңіл-желпі ақпаратты сан құбылтып, қоғамдық санаға салмақ салып жүрген әлеуметтік желі белсенділерін қосыңыз.
Ал қолданысқа енген БАҚ туралы заңдағы жеке азаматтардың келісімі негізінде ақпарат алу, ақпаратты сұратудың мерзімінің ұлғаюы, заңдағы кейбір құпия ақпараттардың берілу формасының өзгеруі төртінші билік өкілдерін шатастырып отыр. Заң аясында Алматыдағы Қазақстан Ұлттық Телерадиохабар Таратушылар Ассоциациясының Бұқаралық ақпарат құралдарына қолдау көрсету орталығының заңгері Салтанат Қалдыбекованы сұхбат алаңына шақырдық.
– Салтанат ханым, өткен жылы «жаңа БАҚ туралы заң қабылданады» дегелі бері журналистер елең ете қалды. Әсіресе, әріптестер арасында «кейбір өзгерістер журналист жұмысын одан әрі шектейді» деген алаңдаушылық болды. Заңгер ретінде айтыңызшы, билікке БАҚ туралы заңға өзгеріс енгізу не үшін керек болды деп ойлайсыз?
– Қоғам алға жылжыған сайын заңнаманың нормалары да өзгереді. Бұл халықаралық практикада бар дүние. Себебі жаңарған уақытта ескі талаптармен қалуға тағы да болмайды. Өздеріңіз білесіздер, қазір ақпаратты алу ашық, сондықтан кез келген қоғам мүшесі өзіне қажетті ақпаратты ала алады. Оның үстіне бүгінде электронды ақпарат құралдары мен интернет ресурстары көптеп ашылып, ақпараттардың арнасы кеңеюде. Дегенмен осы жекеленген сайттардың жауапкершілігі әлі де орныға қойған жоқ. Ендігіде БАҚ туралы заңда ақпаратқа деген жауапкершілік күшейді. Осы үшін де заңға толықтырулар енді. Жалпы Заң аясында 6 кодекске, 16 заңға толықтырулар енгізілді.
– Жаңа мәтін таныстырылған сәтте журналистер ақпаратты сұрату мерзіміне қатысты ұлардай шулап кетті. Ресми органдардан ақпаратты алу мерзімін ұзартуда билік қандай саясат ұстанып отыр?
– Бұрынғы «Бұқаралық ақпарат құралдары» туралы заңнама нормалары бойынша мемлекеттік орган мен басқа ұйымдарға өтініш келіп түскен күннен бастап журналистерге жауап беру мерзіміне 3 күн белгіленген еді. Ал, жаңа талаптарға байланысты ресми хабарларға түсініктеме беруге 2 күн, журналистің сұранысына 7 жұмыс күні ішінде және бір мәрте күнтізбелік 15 күн берілді. Мұнан бөлек, билік төтенше жағдайларға байланысты міндетті хабарламаларға 3 сағат ішінде жауап беруі тиіс. «Мерзімді неліктен ұзартып отыр?» деген сауалға келер болсақ, құзырлы министрлік журналистерге ресми тараптан сапалы әрі сенімді ақпарат беру үшін осынша уақыттың қажет екенін алға тартады. Себебі қоғамда жалған ақпарат, тексерілмеген деректер көптеп таралып кетті. Осыған тосқауыл қою үшін жеті күн мерзім бекітілді. Кез келген оқиғаға байланысты ақпарат иесі не лауазымды тұлға оны зерттемей ақпарат бере алмайды. Бірақ, практикалық тұрғыда қарайықшы. Болған оқиғаны дер кезінде журналист бере алмаса, ол ақпараттың қоғамға қажеті қанша? Негізі ақпарат 3 минут сайын өзгеріп отырады. Мәселен, 10 минут ішінде сөзге ілігерлік оқиғалар орын алса және соны журналист 7 күннен кейін халыққа таратса, оның мәні де болмай қалады. Демек, ақпараттың мерзімін белгілеуде ең бірінші журналист, екінші қоғам зардап шегуде. Қалай десек те, ақпараттың мерзімін ұзарту журналистердің қолын байлап отыр.
– Заң мәтінімен таныстыңыз. Маман ретінде пікіріңізді білсек, жаңа заң журналистерді биліктің алдына тіреп қойған жоқ па? Ақпарат көзін алуда жеке бастың жазбаша рұқсатын алу сынды заңдағы тағы қандай тұстарды атап өте аласыз?
– Бұл сұраққа былай деп жауап берейін. Негізі заңның тиімді тұстары жоқ деп айта алмаймын. Ең әуелі, журналисті жауапкершіліктен босатты. Себебі бұрындары журналистерді таратқан ақпараты үшін жауапкершілікке алса, ендігіде ақпарат ұсынған адам жауапты. Ол автор сөзі не ресми мәлімет болсын, негізгі жауаптылық сол дереккөзді ұсынған тұлғаға бағытталады. Осы тұста мына мәселені де айта кетейін. Көптеген ақпарат құралдары бізге жарнамаға қатысты сұрақ тастайды. Айта кету керек, редакцияға келіп түскен жарнама мәтініне журналист те, редактор да жауапты емес. Ол тіпті ресми органдардан болса да, журналист міндеттіліктен құтылады.
– Салтанат ханым, заңның бір-біріне қайшы келетін тұстарын байқай алдыңыз ба?
– Кез келген заңда, нормативтік құжаттарда қарама-қайшылықтар болмайды емес, болады. Мысалы, заң тілінде «немесе, мынаны санамағанда, өзге де себептерді атамағанда» деген ұғымдар беріледі. Дәл осы сөздер практикалық жағдайда көптеген сұрақтарға жетелейді. Себебі «немесе, не, мынаны есепке алмағанда» деген тіркестер заңда ашылып түсіндірілмейді. БАҚ туралы заңға келсек, журналистің қызмет бабында жазба аппараттарын қолдануға рұқсат береді, бірақ "заң актілерінде тыйым салынған жағдайды қоспағанда" деп көрсетіледі. Ол қандай жағдай? Ол тәжірибеде әкімшілікке немесе құзырлы органға кіргенде қолданылып жүр. Бұл дыбыс не аудиоқұрылғылар журналистің жұмысын жеңілдетеді. Менің ойымша, журналистің сенімді болуына оның қызметтік құралдары көмектеседі. Осы ретте жас журналистер үшін айтарым, кез келген дыбыс жазба мәліметтерін пайдаланғанда лауазымды тұлғадан сұхбат не пікір алғанда міндетті түрде сол күнді және жауап беруші адамның қызметін өз аузынан сұрап алу керек. Себебі сотқа дейін жететін жағдайларда аудиожазбаның қашан, кім жасағаны мәлім болмаса қолдан жасалды деп жалтаруы мүмкін. Сондықтан, лауазымды адамның қызметін біле тұра өзін таныстыруын өтінген жөн.
– Қызметіңіз БАҚ өкілдеріне заңдық кеңес беру, қолдау екен. Ірі қалаларда журналистермен кездескен сәтте әріптестер тарапынан заңға қатысты сұрақтар түсті ме?
– Қазақстан Ұлттық Телерадиохабар Таратушылар Ассоциациясының құрамына енетін БАҚ-қа түсіндіру жұмысын өткіздік. Жасыратыны жоқ, бұл заң журналистерге де қолайсыздық тудырды. Себебі электронды БАҚ-та қызмет атқаратын журналистер үшін ақпараттың жылдам берілуі маңызды. Қоғамда болып жатқан қаншама жағдайларды зерттеп, саралау үшін ақпараттың мерзімі рөл ойнайды. Негізінде ресми тарап дайын тұрған жауапты 7 күн уақытқа созып отырмауы керек. Себебі ақпарат лезде қоғамға жетуі тиіс. Міне, журналист дерекке сүйенемін дегенше жалған ақпарат әлеуметтік желіде тез тарап кетеді. Содан кейінгі эфирге берілген не басылымда басылған дерекке көп жұрт мән бере бермеуі мүмкін. Бұл – қазіргі күннің проблемасы.
– Журналистердің әуелгіде қарсылығы болды деп қалдыңыз. Қалай ойлайсыз, заңдағы түсінбеушіліктердің орын алуы жауапты министрліктің ел-елді аралап түсіндіру жұмыстарын жүргізбеуінде ме?
– Заң күшіне енбес бұрын ҚР Ақпарат және коммуникация министрінің халық алдында бейнежолдауы берілгені рас. Жаңа заңға қатысты қысқаша түсініктеме де айтылды. Кейіннен министрлік вебинар ұйымдастырды. Бірақ вебинарды көру үшін оған жоғары жылдамдықтағы интернет керек. Яғни интернет жылдамдығы әлсіз аймақтағы БАҚ вебинарды көре алмайды. Ал, министрліктің журналистермен бетпе-бет кездесіп, заңға түсіндірме бергені туралы жеке басым әлі де естімеппін. Ол көбінесе медиа отырыстар мен медиа іс-шараларда ішінара айтылып жүр, дегенмен журналистермен еркін кездесу ұйымдастыру біз секілді ресми емес ұйымдардың мойнына түсіп отыр.
– 21-бап турасында. Заңда журналист шынайы ақпаратты таратуға міндетті деп көрсетілген. Бұл тарау бұрыннан да бар екенін білеміз. Әйтсе де, заңдағы талаптарды орындамай отырған қаншама жеке сайттар бар. Сонда БАҚ туралы заң осы мақсатта көздейтін ақпараттық сайттарға жүрмейді деген сөз бе?
–Меніңше, нақты жалған ақпар таратуды тоқтату үшін уақыт керек секілді. Қазіргі уақытта заң алдында жауапқа тартылып жатқан сайттар бар. Билікке бір сәтте ақпарат құралдарының бәрін күл-талқан еткен тиімсіз. Ең әуелі заңға қайшы әрекет етті деген айыппен танылған ақпарат құралын жауапкершілікке тартады.
– Бұлай деп сұрауымның себебі, бүгінде қоғам сенсациялық бағыттағы сайттарға сеніп, журналистиканың функциясы осы деп түсінеді. Біздің көзқарас солай қалыптаспай ма деген қорқыныш бар...
– Ол әрине, әрбір ақпарат құралының арына байланысты. Егер де сенсация қуып, болмағанды болды қылатындай мақсатты көздесе, онда ол ақпарат құралының біркүндігін ойлағаны. Қоғамның назарын бұру мақсатында заңға қайшы емес іс-әрекетті пайдаланған дұрыс. Оқырманға қысқа әрі нұсқа жазылған, қызықты контент ұсыну керек.
– Журналистің шикізаты – ақпарат деген ұғым бар. Соңғы жылдары елімізде «factcheck.kz» сайты іске қосылды. Ақпараттың рас-өтірігін ажыратып отыратын бұл платформаға журналистер қаншалықты сенсе болады?
– Негізі бұл сұрақты MediaNet мамандарынан сұраған жөн. Қазақстан журналистері тәжірибесінен туындаған екі тілде хабар тарататын бұл сайттың іске қосылғанынан хабардармын. Сайт қосымша әдіс-тәсілдер арқылы ақпаратты сараптайды. Дегенмен, бұл соңғы нүкте емес. Ең сенімдісі, ақпараттың ресми тараптан алынуы. Мамандар ақпараттың жартылай шындық не өтірігін тануда ақпарат құралында шыққан барлық мақалаларды сараптай отырып, болжам жасайды. Мәселен, «Қытайдағы қандастар елге оралады» деген ақпараттың шындығын тексеруде мамандар оның болжам мүмкіндігі бар тетіктеріне анализ жасай отырып қорытынды шығарады. Алайда, тағы да қайталап айтайын, сенімді жол - ресми тараптың берген ақпарына сүйену. Бірақ ресми тарап, кейде үн-түнсіз болғандықтан, ақпаратты өз тарапымыздан тексерудегі тиімді құрал.
– Білуімізше, төрт жылдан бері журналистерге семинар ұйымдастырып келесіз. Қазақ тілді журналистердің құқықтық сауаттылығы қай деңгейде?
– Бастапқыда біздің семинар-тренингке адам аз жиналатын. Тіпті бес-алты адаммен семинар өткізген кездерім де болғанын жасырмаймын. Көбінесе орыс тілді басылым журналистері жиналатын. Алайда, уақыт өте келе журналистер құқықтық сауаттылықтың қажет екенін түсініп, семинарларға ағыла бастады. Әсіресе, оңтүстік аймақтың тілшілері белсенді. Сұрақ қойып, білмегенін ортаға салғанда отандық журналистикада серпіліс бар екенін сезініп отырамыз. Біздің де мақсатымыз – журналистердің кәсіби құқықтық сауатын көтеру. Бүгінде барлық аймаққа барып, өңірдегі тілшілермен кездесіп жүрміз. Мақсатымыз – журналистің жауапкершілігін арттыру, әрі өзін-өзін қорғай білуге үйрету.
– Салтанат ханым, уақыт тауып сұхбат бергеніңізге алғыс білдіремін. Әрбір ісіңізге береке тілеймін!