Саясат

Жат ағымның торына түспес үшін...

Балақ қысқартып, сақал өсіретіндердің ішкі ниетін қоғам біле бастағаннан кейін жат ағымның жалауын жоғары ұстап жүргендер бағыттарын өзгертті. Соқыр сенімге иландыру, жастарды өзге ағымға айдаудың амалын интернет арқылы тапты. Әлеуметтік желілер арқылы түрлі хабарламалар таратып, жат ағымның жетегіне иландырудың әдістері осылайша интернетке көшті. Теолог мамандар ғаламтордағы терроризмнің белең алғаны соншалық, қой терісін жамылған қасқырдай өзге пиғылды адамдардың жастарды үйірсектеп, экстремизм шырмауына байлап алуы ел ішінде өкінішке орай орын алып барады дейді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Діни экстремистік топтардың өз мақсаттарына жүйелі түрде кірігіп алуына ашық ақпараттардың да әсері аз емес. Сарапшылардың бағалауынша діни экстремистік топтардың әрекеттері көбінесе Вконтакте желісінде және ютуб хостингінде жиі көрініс табады. Буыны әлі қатая қоймаған, желікпе жастарды жат ағымның торына түсіру экстремистік топтарға таптырмас әдіс болса керек. Қайтпек керек? Жастарды ислам әлеміне қайшы қоғамға жетелейтін топтардан қалай қорғау қажет?


Таяуда ғана Сирия жерінен «Жусан» операциясы арқылы елге оралған қазақстандықтардың жағдайы сол жат ағымның салқыны екені дәлелденді. Мұның арты нендей бәлекетке әкеп соғатыны сол Сириядан оралған азаматтардың өз аузынан шыққан сұхбаттарында анық айтылып жатыр.
Мамандар ғаламтордың тым ашықтығы ақпараттардың шектен тыс жариялануы да соқыр сенімге иланып кете баратын жастардың санын көбейтіп отыр дейді. Интернет арқылы табысып, Сирия асып, Иракқа қоныс аударып жатқан бойжеткендердің жат ағым иелерінің құрбаны болып жатқандары аз емес. Тіпті сол соғыстың нақ ортасынан шыға алмай, шермеңде күй кешіп жатқан қаракөз қандастардың интернеттің арбауына түсіп, қиыр асып кеткендері көпке сабақ болса игі. Осы себепті де билік жер-жерде жастарды осы кеселдерге тосқауыл қою үшін арнайы жобалар ұйымдастырып жатыр. Мәселен, Қызылорда қаласында ішкі саясат бөлімі мектеп жасындағы балалардың интернет терроризмінен сақтау, олардан алдын алу бағытында жобаны жүзеге асырды. «Fulcrum Foundation» азаматтық бастамаларды қолдау қоры «Діни экстремизмге жол жоқ» тақырыбын негіз етіп, кәсіби мамандармен бірге жасөспірімдерге насихат ісіне қолға алған. Қызылордадағы барлық мектептің жоғары сынып оқушыларымен кездесу ұйымдастырып, экстремистік топтардан қорғанудың жолдарын түсіндіру мақсатымыз дейді ұйымдастырушылар. Бұл бір қарағанда «өтті, кетті» жобалардың қатарынан еместігі анық байқалады. Себебі ұстарадай өткір дін мәселесін тереңіне үніліп, байыбына барып, жас өскіннің санасына сіңіру маңызды қадамның бірі. Насихатшы топтардың құрамына имамдар, теологтар, журналистер мен педагог-психолог мамандар тартылған.
Әр мектептің оқушыларымен жеке-жеке кездесу ұйымдастырған топ мүшелері «діни экстремистік көзқарастағы азаматтарды қалай анықтау керек, интернеттегі ақпаратты қалай тұтыну керек, діни сұрақтар туындай қалса қандай байланыс тетіктеріне байланысу қажет?» деген өзекті сауалдарға жауап қайырды.
Мамандар 9,10,11-сынып оқушыларының ішкі ойын біліп, жеке сұрақтар қою арқылы экстремистік топтардың ара-жігін ашу, олардың нендей мақсатты көздейтіндерін ұғындыру үшін түрлі мысалдарды түсіндірді. Биыл бастау алған жоба жастардың интернеттің құрбанына айналмау, жат ағымдардың өз мақсаттарына еріп кетпеуінің алдын алу, мәселеге теренірек бармаудың жолын кесуді мақсат еткен. Қоғамдық қор директоры Ақгүл Асанбаева дәл қазіргі уақытта балалардың желі ішіндегі бос уақыттарына теріс бағыттағы азаматтардың үгіт-насихаты кірігіп кетпеуін алдын алу үшін жоба аясында барлық мектептермен кездесу жасалғанын қаперге салды.
Тоқсан сөздің түйіні мынау. Ел ішінде соқыр сенімнің түбі қайда апаратынын сезінген азаматтар аз емес. Сол жастардың сенімнің жетегінде кетіп, өз дінінен өзге арнаға бұрылып кетпеудің қамын жасау мемлекеттің ісіне айналды. «Дін ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретін» деген философия бүгіндері интернеттің шырмауына түскен, жат ағымның жетегіне түсіп кетудің әп-сәтте екеніне көз жеткізіп отыр.
Абай Тағыберген