Weekend

Төлемақы

Әңгіме

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қалжырағаннан қабырғаға басымды сүйеп тұрғаным ғана есімде. Санама университетке алғаш келгендегі картина келе қалды.

«Біздің университеттің тағы бір ерекшелігі оқу ақысы қолжетімді. Арнайы жағдайы төмен отбасыларға арналған (Залдың тұс-тұсынан жамырай қол шапалақтаған дауыстан құлақ тұнды)»

«КЕЛЕСІ!» деген дауыстан селк ете қалдым.   

Көзімді ашсам, кассаның алдында тұр екем. Ұзын-сонар кезек. Біздің мына тұрыстан минус нөл градустан төмен дененің молекулалары жылдамырақ қозғалатын шығар. Бәріміздің тағатымыз таусылып сағатқа қарағыштай береміз. Түскі үзілістің уақыты тақап қалған. Ондай атты күн туса бітті, қашан кассир келгенше жем аңдыған тауықтай қарағыштап жүргенің.

Форточкаға басын сұғып алған әне бір қыз «Рахмет апай!» деп бізге бұрыла бергенде «Болды. Обедтен кейін келіңдер!» деп өзі жақ беттен жауып қойды.

«Қап!» дедім тістеніп.

«Орка!» деді артқы жақтан біреу. Созақ екен.

– О не?

– Қолыңа қай қарға тышты?

– Қайтейін деп едің?

– Тұрысың жақсы.

– Айтпа! Жараса ма?

– Тамаша! «Война-война! Обед-обед!»

– Әперемісің?

– Әй, «Шығайбайым-ай...» Жүр кеттік!                

                                                                                  ***

Асхана. Созақ екеуміз тіске басарға бір-бір пирожки мен шай алдық. Телефонына шұқшиып отыр. Әрине бұл маған ұнамайды.

– Оу, досым-ау көрісіп, өзімізбен өзіміз отырып сөйлеспегелі қашан? Тасташы андағыңды. Тіпті жаңа көргендейсің ғой.

– Инстаграмдағы логинымды өзгертіп отырмын. Суреттерді де өшіре тұру керек. Қазір... міне... боп қалдым.

– Оның не? «sozaquly». Әп-әдемі-ақ логин еді ғой?!

– Әкем жақ іздеп жатыр екен. Енді керек боп қалыппын. «Бес қызы бар, ұлы жоқ» деп естуші едім.

– Іздегені жақсы емес пе? Күнкөріске ақша іздеп, «жұмыс-жұмыс» деп жүріп сабаққа да анда-мында бір келесің. Тым құрығанда оқу ақысына қарайласар еді ғой.

– «Құдайсызға керегі не пітірдің?..»

– Тағы бастадың ба?

– ...

Ылғи өстиді. Жыл басында сонша қақсадым «жартылай жетіммін» деп өтініш жазсаң ректор оқудың төлемақысына жеңілдік береді деп. Сөйдеп оқып қалғаным бар әлдебір хабарландырудан. Жоқ, қырсық бір жүрген. Ректораттың алдында Жұматайдың осы бір өлең жолдарын оқып тұр:

«Байлық менің тие алмайды жыныма,

Құдайсызға керегі не пітірдің?» - деп. Сонсоңда тілі қышып тұра ма,

«Жарылқағыш болса өзін жаратсын,

Жалтыр басты атаңа да түкірдім» - дейді.

– Ойбай, тыссс, – деймін сұқ саусағымды мұрыныма тақап. – Қайда тұрғанымызды ұмытпа!

Ол рахаттана бір күледі де жайбарақат:

 – Анда көп балалыларға да өтініш жазса болады деді. Өзің неге жазбайсың?

– Біздің үйдің кенжесі де он сегізден асып кетті ғой. Маған болмайды енді.

– Ә, пітірі бұйырмады де.

– ...

***

Бір-бір бокал шайды да тауысқанбыз. Ендігі бағытымыз университеттен тысқарырақ жердегі қоқыс жәшігі жақ.

Келдік. Темекі тұтаттық. Ол үнсіз басын қасып тұр. Қайсыбір әңгіменің шетін шығарарда қылатын әдеті. Ісін бағып тұрғам.

– Орка! – деді күткенімдей.

– Ау!

– Аралық бақылауға сені де кіргізбей қойыпты ғой? Саян айтты.

– Ия. Төлемақым жетпейді екен.

– Қанша жетпейді сонда?

– Жиырма мың теңге.

– Ммм. Кассаның алдында сол үшін тұрмын де.

– Ия...

– Алдыңғы күні ауылдан әкем келген. Былтыр қайтқан апамыздың жылдық асына. Бір күнге ғана келдім дегесін біздің жалдамалы жатаққа бас сұғар деп ойламап ем. Келді бірақ. Жүрісі баяулап, бойы шөгіп, қаушиған шал болыпты кәдімгідей. Жуалыға бармағалы екі жыл болған. Содан ба, бірден байқадым өзінгергенін. Сыртқа жүнді қампайтып жүдеп жүргенімді көрсетпейін-ақ дегем. Сездірмегеніме сендім.

Бұрынырақта алтыннан салып алған тісі бартұғын. Түсіп қалыпты. Сөздері анық емес, әйтеу сөйлескеннің ырымын жасадық. Еттен келген беті, шайды сіміріп-ақ отыр.

– «Құйындай» деген машина көрдім.

– Ия?

– Жақсы машина екен. Күләштің (қайтқан апам) құдасы айдап келді. Балалары алып беріпті. Зуылдап тұр шіркінің.

– Ааа. Мінерсіз бұйырса.

– Төһ десейші. Әкеңнің ойы біраз жерде екен.

– Айтпа!

– Содан?

– Кешкісін вокзалдан шығарып салдым. Қалтасына екі мыңды сүңгіттім. Одан басқа жоқ еді. Құшақтап кеткісі келмей тұрып алды.

***

Темекі өзін-өзі тауысқан. «SENTER City»-ден бір-бір капучино алып сораптап отырмыз.

– Содан, - дедім үзілген әңгімені жалғайын деп.

– Өткенде шешеме аралық бақылауға кіре алмай жүргенімді айтқам. Бүгін «Kaspi gold»-қа ақша салып жіберіпті.

– Бәсе...

– «Бәсеге» асықпа әлі. Өзі талайдан бері астмамен ауырады бейбақ. Өкпесі күйіп тұр.

– Балам, анау... әкеңнің алтын тісі түсіп қалған... Таксиге ақша таптым да ломбардқа әкеліп өткізіп едім... жиырма бес мың болды сол... Қуанып кетіп, дереу өзіңе аударып жібердім. Маңғышлақ деген... сорлы пойыз ғой өзі. Қазір әкеңді күтіп тұрмын. Әкеңде аз-маз ақша бар екен. Екеуміз сол ақшаға продукты алып қайтамыз сосын. Басқа жұмысым жоқ орталықта.

– Тау қопарғандай алтын тісі түсіп қалғаны қалай?

– Білмеймін... анау Әштен құрдасына барам деп айтып кетіпті келінге... Сол жақтан... тісін түсіріп келіпті ғой...

– Әштені зубной врач қой?

– Ия.

– Ал, көздің жасы тиылсашы. Терең тыныстап, дауысымды реттедім де «Ааа, рахмет мама» дедім.

– ...

– ... «Құйындайды» армандап кетіп еді. Шіркін, құйын тірлік жеткізсеші соған.

Созақтың жанарына жас толып тұр екен. Кенет, тосын кекесінмен күліп жіберді.

– Қызық. Біздің әкесымақта алтын тіс бар ма екен? Артынып-тартынып кетіп бара жатқанда, есіктен сығалап жылап тұрғанша бір уақ ауызына қарау керек еді.

 – ...

***

Кассаның алды. Кассир апайымыз әлі келе қоймапты. Студенттер жиналып өзара қауқылдасып, кейбірі телефонмен сөйлесіп жатыр.

– Құрысын, «көршіден алып бердік» дейді...

– Ия, ия мам, салған ақшаңызды снимать етіп алдым...

– Рахмет пап. Ия, осы ақшаны төлесем емтиханға кіргізеді...

Тоба, біздің мынау болымсыз тірліктен минус нөл градустан төмен дененің молекулалары жылдамырақ қозғалатын шығар.

Созақ жұмысқа кеткен. Құлағымда «Құдайсызға керегі не пітірдің?» деген сөзі жаңғырып тұр.

Аралық бақылауды тапсырып шыққандар «Шүкір, әйтеуір құламадық қой» деп мәз болысып асханаға беттеп барады.