Weekend
29 мамыр – Біріккен ұлттар ұйымы бітімгерлерінің халықаралық күні
29 мамыр – Біріккен ұлттар ұйымы бітімгерлерінің халықаралық күні. Бітімгер күштер түрлі елдердің қарулы контингентінің күш біріктіре отырып, әлемге төнген қауіптің алдын алу немесе бетін қайтару мақсатымен құрылған.
Бейбітшілік үшін күрес жолында Қазақстан Республикасының жауынгерлері қауіпті аймақтарды бірнеше рет бітімгерлік миссияларын орындады. Осы атаулы датаға орай біздің елдің бітімгерлік жасақтары туралы әңгімелеп береміз.
Қазақстанның әлемде бейбітшілік сақтауға арналған алғашқы жұмысы 1995 жылдан бастау алады. Сол жылы 15 желтоқсанда Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан президенттері БҰҰ бітімгерлік әскерінің құрамына кіретін "Центразбат" батальонын құру туралы құжатқа қол қойды.
Ал еліміздің БҰҰ аясындағы нақты іс-қимылдары 2003 жылы басталды. Қазақстан бітімгерлік батальонының (Қазбат) инженерлік-саперлік жасағы Иракқа аттанып, Бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау бойынша ұлтаралық коалиция күштерінің құрамында жұмыс істеді. 27 адамнан құралған жасақтың басты міндеті жолдар мен елді мекендерді минадан тазарту, ауыз суды тазарту, жергілікті халыққа және коалиция мүшелеріне медициналық көмек, Ирак мамандарын даярлау болды. Ирактағы миссия 2008 жылы аяқталды. Жасақ құрамы жарты жыл сайын жаңарып, осы миссия кезінде 290 әскери қызметкер "ыстық нүктеде" болып қайтты. Қазақстан контингенті 1 әскери қызметкерден айырылды, 6 адам жарақаттанды.
Қазбат негізінде Қазбриг деген жасақ құрылды. Қайта құрылған бітімгерлер бригадасы 2006 жылы таныстырылды.
Қазақстан бұған дейін БҰҰ миссиясынан бөлек те әскери іс-қимылдарға қатысқанын айта кету керек. ТМД елдерінің біріккен қарулы күштерінің шеңберінде 1993-2001 жылдар аралығында Тәжікстанда қызмет етті. Сол кезде Тәжікстанда азамат соғысы жүрген еді. ТМД аралас күштері осы елдің Ауғанстанмен шекарасын күзетті, елді мекендердің тыныштығын қамтамасыз етті. Қазақстан тарапынан барған атқыштар батальоны Хорог шекара жасағының құрамына еніп, ресейлік әріптестеріне көмектесті, Калаи-Хумб елді мекенінің комендатурасымен айналысты.
1995 жылы Памир тауының Пшихавр аңғарында қазақстандық сарбаздар қарсыластың торуылына ұрынып, соғысуға мәжбүр болады. Шайқас кезінде 17 адам қаза тапты, 33 сарбаз жараланды. Жалпы Тәжікстанда болған кезеңде Қазақстан батальоны 54 адамынан айырылды.
Қазір де Қазақстан бітімгерлік миссиясын тоқтатқан жоқ. 2018 жылы қарашада 120 жауынгер Ливанда қызмет өтеп жүрген уақытша күштердің қатарын толықтырды. "Көк каска" өкілдері Ливан-Израиль шекарасын бақылаумен, елдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етумен айналысады. Қазақстандық сарбаздар биыл көктемде елге аман-есен оралды.
Қазақстан Республикасының бітімгерлері алдағы уақытта да БҰҰ бейбітшілік пен қауіпсіздік миссиясын атқаруын жалғастырады. БҰҰ өкілдері де еліміздің осы бағыттағы жұмыстарын жоғары бағалап отыр. Әсіресе қауіпті аймақтарда қазақстандық жасақтың медициналық жәрдемі ерекше бағаланады.