Саясат

Жеңіл ақша немесе «Ақжолға» сіз де алдандыңыз ба?

Алик Аленович бұған дейін мемлекеттік қызметте болған

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Үйде отырып ақша тапқыңыз келе ме?», «Үйде отырған аналарды, зейнеткердерді, студенттерді ақша табуға шақырамын», «Бір аптада, бір айда, бір жылда 1000$ ие болыңыз», «Өте жайлы маркетинг», «Артыңыздан 2 не 4 адамды тіркейсіз». Иә, Instagram, Facebook, Вконтакте, Youtube интернет желілерінде белең алған желілік маркетингтің мұндай жарнамасы барлығымызға таныс. Қарасаң көз сүріндіреді. Құдды бір, магнит іспеттес. Ал осы магнитке көз тастаған он адамның біреуі, міндетті түрде қызығушылық танытып, автоматты түрде магнит өрісіне қалай тартылғанын аңғармай әлек болады. Расымен, Қазақстан халқының басым көпшілігі осы желілік маркетингтің ықпалына ергендер. Халықты да түсінетін жөніміз бар. Бірі көпбалалы, бірі жалғызбасты, бірі декреттегі ана болса, енді бірі оң мен солын танып үлгермеген аңғал студент. Ал ай сайын алатын 40-80 мың аралығындағы жалақы отбасын асырау үшін жеткіліксіз (мұның өзінде жұмысы бар болған жағдайда). Сол себепті, халық қосымша нәпақа табуды көздейді. Дегенмен желілік маркетингтің де алаяқтары жетерлік. Жеңіл жолмен ақша табуды мақсат еткен халықты алдап-арбап, жылатып кету - олар үшін сөз емес.  Ал осындай алаяқтарға алданып, сеніп, сан соқтырып қалғандар тіптен көп. Бүгін сіздерге «Ақжол» деп аталатын желілік маркетингке бас сұғып, алданып қалған халықтың жанайқайын жеткізуді жөн көрдік. Мүмкін, бұл желілік маркетингтен хабарыңыз бар шығар? Иә, әлеуметтік желіде компанияға қатысты жарнамалар жетіп артылады. «Ақжол» деген атауы кез келген адамды қызықтыратыны рас.  Алайда, атына заты сай келмейтін желілік компания талай адамды зар жылатып отыр. Ал компанияның негізін қалаушы Алик Аленович есімді кісі халықтан кешірім сұрамақ түгілі, қоқан-лоқы көрсетіп, қорқытып жүр екен. Ендеше, сіз де бұл маркетингтің құрбанына айналмас үшін, мақаланы мұқият оқып шығыңыз.

Ақжол компаниясының мақсаты не?

«Ақжол» желілік маркетингі - ТОО "Allen Group Gompany" компаниясының ұсынып отырған бонустық программасы. Бұл жүйе 2019 жылдың 15 қаңтарында басталған. ТОО 2011 жылы ресми тіркелген екен.

Интернет желісінен компания туралы іздесеңіз, мынадай ақпараттарды аңғаруға болады. Олардың айтуынша, сіз бұл компаниядан минусқа кірмейсіз. Бар болғаны 30000 теңге салып, артыңыздан 2 адамды тіркесеңіз апталық табысыңыз 8000 теңге, ал айына 32000 теңге алып отырасыз. Егер сіз тіркеген екі адам тағы екі адамды тіркесе онда сіздің апталық табысыңыз 12000 теңге, ал айлық табысыңыз 42 000 теңгеге шығады. Әр тіркелуші екі адамнан әкеліп отырса, апталық табысыңыз 16000 және 20000 теңгеге көтеріледі. Сол кезде промоушенды орындап 200 мың және апталық 20 мыңды қосып аласыз. Келесі айдан бастап әр апта сайын 20 мыңнан 1 айда 80 мың теңге алып отырасыз-мыс. Мұндай ақпартқа көзі түскен кез келген адам «Бұл дегені өте жақсы емес пе?» деп ойланып қалатыны рас. Кейіннен желілік маркетингтің соңынан ереді. Иә, мұнда ештеңе сатпайсыз және сатып алмайсыз. Бір сөзбен айтқанда еркін адамсыз. Тек уақытты жоғалтпай адам тіркеу керектігін ұмытпағаныңыз дұрыс екен. Бұндай ақпарат кез келгеннің санасын түбегейлі улайды. Себебі халықтың көз алдына апта сайынғы табыс елестеп тұрады. Бұл маркетингтің басты мақсаты да - осы. Иә, қаражат берілмейді емес, беріледі. Бастапқы бір айлық табысты апта сайын алып тұрады. Кейіннен бұл үрдіс жалғасын табуы керек. Алайда бұл компания екі айға жетпей қарапайым халықты сан соқтырып кетті. 

Алик Аленович деген кім?


Данаев Алик Аленович «Ақжол» компаниясының негізін қалаушы, директор. Барлығына бағыт-бағдар беріп отыратын да осы кісі. Бұл кісінің ТОО-на мыналар тиесілі екен.

1.     «Зона скидок» деген тұрмыстық техникалық дүкен

2.     Астана, Алматы, Талдықорған қалаларындағы «Береке» сауда үйі

3.     Теледидардағы tv.shop каналы

4.     Жиһаз жасап шығаратын цех

Осы компанияға бас сұққандардың айтуынша, ол зейнеткер. Бұған дейін мемлекеттік қызметте болған. Зейнет жасына келген соң, осы бір бизнесті бастауды жөн көрген. Бастапқыда халықтың іші бауырына кіріп, жоғары табыс табасыңдар деп сендірген. Кейіннен халықтың миллиардтаған қаражатын жымқырған. Енді не ақшасы, не тауары жоқ халық ашуға булығып, күйініп отыр.

Алданғандардың жанайқайы...

Кеше «Ақжол» компаниясына барып, мән-жайды анықтауға тырыстық. Осылайша, Абай - Розыбакиев көшесінде орналасқан «Бизнес орталығына» жол тарттық. Орталықтың сыртынан ішіне дейін толып тұрған ашынған халық, шамамен 200-ден аса адам жиналған. Олар Қазақстанның түкпір-түпкірінен келген. Барлығы алданған. Кімнен көмек сұрайтынын білмей дал. Көпшілік бастық сымақтарымен жолығуға үмітті. Себебі ол неше күннен бері қарасын көрсетпей, халықтан қашып жүр екен. Ал алданған халық компания директорын таңнан кешке дейін күтуге мәжбүр. Иә, кеше құдай сәтін салып бастықтары компанияға келген. Алайда соңынан полиция қызметкерлері де келіп, оны Алмалы АІІБ-ға алып кетіпті. Халықтың айтуынша, Ақжол компаниясы 1 маусымнан бастап жұмысын тоқтатады. Дегенмен олар полиция қызметкерлерінің 15 маусымға дейін жұмыс істейді деген сөзіне сенбей отыр. Себебі компания бірнеше күн бұрын жұмысын тоқтатқан, ал 1 маусым ресми түрде жабылады деп отыр. Ал халық өндірілмеген ақшасы мен тауарын қалай, кімнен аларын білмейді. Бұл жерге жиналған көпшіліктің туысқандық қарым-қатынасы бар. Себебі бастапқыда туысқандар бірінен кейін бірі тіркеген. Енді олар артынан ерген туысқандардың бетіне қалай қараймыз деп қамығып отыр. Себебі тек өзі ғана емес, туысқандары да қарызға кірген. Не ақша, не тауар да жоқ.

Осы орайда Әсел есімді (аты өзгертілді) келіншек компанияның арбауына қалай түсіп қалғанын баяндап берді.

«Бастапқыда маған компанияға кіріңіз, біз команда болып жұмыс істейміз деді. Сендердің арттарыңнан адам тіркеп береміз, кейін бір жыл бойы ақшаға кенелесіздер, осылайша апта сайын ақша беріліп отырады деп сендірді. Мен өз басым компанияға 1 миллион 200 мың теңге құйдым. Оның 200 мың теңгесі ғана апта сайын берілді. Енді менің командам өсіп, 20 мың теңгеге шығуға төрт ақ қадам қалды. Сол уақытта олардың ойы бірден өзгеріп шыға келді. Енді сіз командаңызға ақшаны өзіңіз тауып беріп отырасыз деп сұрақты жылы жауып қойды. Мен оны табуым үшін аптасына он адамды тіркеп отыруым қажет. Сонда менің 700 мың теңгем қайда кетті?! Компанияға құйған ақшамды неге кері қайтармайды. Егер кімде кім артынан екі айда адам тіркемесе, компания ақшаның орнына планшет беріп шығарып салады дейді. Дегенмен бұл кісілер екі айға шыдадатпай отыр. Бұ жерде апта сайын екі адамнан тіркеп отыру қажет. Егер тіркемесеңіз ақша бермейді. Маркетинг жоспарын қайта-қайта ауыстырып отыр. Ойларына келгенді былықтырып кетті.»

Бастапқыда Ақжолға қатты сенген Айзере ханым (аты өзгертілді) өзінің қалай алданып қалғанын білмейді. Ол бұл жерде небәрі екі ай ғана болған. Алайда мұндай келеңсіз жайттар орын алады деген үш ұйықтаса түсіне кірмеген. 

«Мен өз басым ақпаратты басқа жерден естігеніммен, офиске тікелей келіп қайта сұрадым.Интернет желісінен адамдардың промоушн алып жатқанын көрдім. Енді пенде болғаннан кейін кішкене табыс көзін көргіміз келеді. Сөйтіп ол кісілер алдымен сіз тіркелесіз, кейін артыңыздан екі адамды тіркейсіз. Ізіңізден екі адамды тіркеген уақытта 8 мың теңге жалақыға, ал 4 адам тіркесеңіз 12 мың теңге айлыққа шығасыз деді. Осылайша өсе береді деп түсіндірді. Сөйтіп мен бұдан сіздерге қандай пайда түседі деп сұрадым. Олар сіз тіркеген 30 адамға біз телефон сатамыз деді. Сіздердің арқаларыңызда біз тауарларымызды өткізуге мүмкіндік аламыз деп жауап берді. Менің кіргеніме 2 ай болды. Ізімнен 72 адам кірді. Мен өзімнің ақшамды шығарып алдым. Бірақ менің астымдағы адамдар ақшаларын шығарған жоқ. Біреудің ағасы, біреудің анасы, біреудің қайын жұрты деген сияқты туған-туысты жинағанбыз. Енді олардың бетіне қалай қараймыз деген сұрақ мазаны алады. Болмай бара жатса, астымдағы адамдарға планшет пен сегіз мың теңге жалақыдан беріңдер деп айттым. Олар алдымен екі адамнан тіркесін кейін отыз мың теңгелерін бөліп қайтарып береміз дейді. Сонда бұл жерден келіп кетер пайда не? Қазір олардың беріп жатқан тауары 30000 теңгеге татымайды. Екі мың теңгенің үтігін, тефалін беріп жатыр. Олардың ұсынған тауарын біз астымыздағыларға қалай береміз? Ал біз шындықты айтсақ, уатсапптағы группадан бірден шығарып тастайды. Бұның басында тұрған Алик Аленович. Барлығына кінәлі осы кісі. Мен олардан басында қолымда қандай да бір құжат болсын деп келісімшарт сұрадым және мұны әр адамға алуға тырыстым. Бұл енді алаяқтық болмай не? Бұл 177 баптың алаяқтық бөлімі. Біздің қателік милиция шақырғанымызда болды. Ол кісіні жауып тастаған жағдайда біз ештеңе ала алмаймыз. Сөздің тоқ етері осы», деп күйініп отыр. Дәл осылай ашынып отырған адамдардың қарасы көп. 

Бірі бұл жағдайды жолдасымызға, ата-анамызға қалай айтамыз деп қорқып та жүр. Бәрін де бір уайым. Алайда Алик Аленович халықтың сөзін пысқырып жатқан жоқ. Керісінше, оларға: «егер үстімнен арыз жазатын болсаңдар, бір тиын да бермеймін» деп қоқан-лоқы көрсеткен екен.

Осылайша нақты жауапты алу үшін Алмалы АІІБ-ға баруға тура келді. Олардан Алик Аленовичтің соты қашан болатынын және қандай жаза күтіп тұрғанын анықтап алғымыз келді. Өкінішке қарай, Алик Аленович ешқандай АІІБ-ге түспеген болып шықты. Осылайша оның қалай, қайда кеткені беймәлім болып қалды.

2016 жылы мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков желілік маркетингке қарсы пікір білдірген еді. Алайда бұл пікір жауапсыз қалды. Ал желілік маркетинг бар жерде, алдау, арбау әрқашан орын алатыны белгілі. 

Ендеше желілік маркетинг әлі де жалғасын таба ма? Әлде қарапайым халық алданып жүре бере ме?