Woman

Тәттісі кем өкініш

Дүниедегі ең қиын нәрсе – САҒЫНЫШ

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Соңғы кездері өзімді түсіне алмай-ақ қойдым. Әншейінде "сезім", "махаббат" ұғымдары жанымның сыңарындай жүрегімде бұғып жататын. Осы жаққа жұмысқа келгелі, қанша сері сезімін білдірсе де, жүрек шіркін дір ете қоймады. Кейде расымен "жүрек" пе деп ойлап қоямын. Осы кездері бойымдағы осындай өзгерістерден қорқа бастадым. Мүмкін жұмыстан шаршап, қажып жүрген шығармын деп өзімді жұбатып қоямын. Кенет... Иә, бәрі содан басталды. Менің "Тәттісі кем ӨКІНІШІМ"... Біз бір жерде жұмыс істедік. Оның жұмысы маған тиісу (қадағалау) болатын,  ал мен соны орындау керек болдым. Бірақ, ол осы жолы артық кетті. Маған зекіп бұйырды, бір рет, екі рет... Үш рет! Содан кейін мен оны есімде, жоқ жүрегімде сақтап қалдым.

Жек көрдім! Оны мүлдем көргім келмеді. Бірақ қырсыққандай алдымнан жиі шығатын. Бұрылып кете бергенімде, жаныма келіп сөзге тартып, әзілдесіп кететін. Қатты ренжігенімді білген болар. Мен де қырық кісілік қырсықтығыммен дес бере қоймадым... Оның жүрісі де, сөйлеген сөзі де, тіпті киім киісі де өзгеше. Осы көріністерінен нағыз ер жігітке тән қасиет байқалатындай. Оның жанында өзімді үнемі қорғансыз, кішкене үркек балапандай сезінемін. Неге екенін жанында үнемі кішірейіп қалатындаймын.

Бір күні жұмысқа келгенімде оның басқа жаққа ауысып кеткенін есіттім. Жоқ, мен қуанбадым. Тап қазір алдымнан шыға келердей  қайта-қайта  алақтаумен болдым. Тіпті оның есімін естіп қаламын ба деп елегізіп жүретін болдым. Бірақ неге?... Жоқ. Олай болуы мүмкін емес...

Ол жұмыстан кеткелі мен де жұмысқа құлықсыз болып алдым. Бүгін жоғарыдан қатты ұрыс естіп, тіпті жаман болдым. Бұл ғимараттан тезірек шығуға асығып жылдам басып келемін. Ойымды тек соны көрсем деген үміт түрткілейді. Кенет... Ол. Жоқ. Олар алдымнан шықты. Қол ұстасқан екеу маған қарсы жүріп келе жатты. Жанарым тұманданып, қол ұстасқан бұлдыр бейне жақындай түсті.  Көз ілеспес жылдамдықпен келген ізіммен кері жүгіре бастым. Кеудемдегі кептелген бар өксіктің кермек дәмі аузыма келді... Сезім біткеннің бәрі мөлдір тамшыға айналып ытқып шығып, түсініксіз хәлде қанша отырғанымды білмеймін.

Нөмірімді қайдан, кімнен алғанын білмеймін, ол маған қоңырау шалып тұратынды шығарды. Ойында не барын білу үшін түк білмегендей сөйлесе бердім. Оның қызы жайлы ойлап, өзімді жазғыра сөгіп те аламын. Осылай диалогқа құрылған күндер жалғаса берді...

Бір күні ол бізге жұмысқа қайта келді. Табандап жүрген көңілім лезде аспандап  шыға келді. Екінің бірінің аузында "Заңғар қайта келді", "Заңғар оралды" деген сөздер болды. Қуанышымда шек болмады. Қуанғаннан бірге жұмыс істейтін құрбыма қайта-қайта барып айта бердім. Бұл жолы оның алдынан бұрынғыдай емес,  еркелей күлімдеп шығатын болдым. Ол да әрнені сылтауратып біздің бөлімге жиі келетін болды. Маған осының өзі жеткілікті сияқты еді. Оны күнде көру. Онымен жақсы әзілдесіп, сырласу. Еркелеу. Бірақ оның сүйіктісі бола тұра менімен сөйлесуін түсіне алмай-ақ қойдым. Тіпті кейде жұмыстағы жігіттермен қатар жүріп әзілдесе қалсам,  "Е, Сашок жұмыс істесей", "Е, Сашок дұрыстап жүрсиш" (мені солай атайтын) деп қызғанғандай тиісіп өтетін. Егер қызын шын жақсы көрсе онда неге маған бұлай жасайды деген ойлар қажытып жіберді.

Бір күні маған хабарласып (маған демалыс еді) жедел түрде ақша қажет екенін айтып, жұмысқа әкеліп беруімді сұрады. Мен ол сұраған ақша бар болғандықтан, әдетімше бас тарта алмадым. Мен ақшаны апарып берген соң, ол мені   шығарып салмақ болды.  Екеуміз сол маңдағы саябақта жаяу қыдырыстадық. Заңғар орындыққа отыра кетіп, маған отыршы деп тізесін нұсқады.

– Сіздің қызыңыз бар ғой...

– Айта бер... (Ол көздерін тарс жұмып алды). Мен не айтарымды білмей үнсіз күрсіндім. Орнынан тұрып, қатарласа жүруді жалғастырып келеміз. Үнсіздікті оның телефоны бұзды. Не аларын, не қоярын білмей тыпыршып кеткенін байқап, жылдам адымдап алдыға жүріп кеттім. Сәлден соң жүгіріп келіп қатарласа жүре бастады. Мен мойын бұрып қарамадым. Көңілім түсіп селқос келе жатқан мені сергітпек болып, иығымен иығымнан соғып кеп жіберді. Күлді. Жымидым.

Ертесі күні ақшаны қайтаруға келіп тұрмын деп қоңырау шалды. Есік алдына шықтым. Қараңғы қоюланып келе жатыр екен. Ол, оның көздері маған түнде ерекше әдемі болып көрінді. Жанарынан ерекше нұр шашырап тұрғандай еді. Үнсіздікпен жанарлар тілдесіп бір-бірімізге ұзааақ қарап тұрдық. Оның әдемі көздеріне жалықпастан қарап тұра берер едім,  кенет... Кенет маған жақындай түсіп, діріл қағып тұрған еріндерімнен сүйе бастады. Бірер секунд өтер-өтпестен есімді лезде жиып, оны итеріп жіберіп үйге жүгіре кіріп кеттім. Оны жек көрем! Ол неге маған бұлай жасайды? Ол туралы түсініксіз ойлар әбден титықтатып қанымды ішіп қойды. Иә, қан-сөлсіз қалғандаймын. Ол – Қанішер!.

Келесі күні жұмыста алдымнан шыққан сайын бұрылып кетіп қашқақтап жүрдім. Қайта-қайта алдымнан шығып кешірім сұраумен болды. Біз телефонмен тілдесуді жалғастыра бердік. Кейде өзіме ұрсып та аламын. Ақыры бұлай жүре берудің дұрыс еместігін ойлап, жұмыстан кетуді ұйғардым. Кешкісін ол тағы қоңырау соқты: – Жұмыстан шығамын! 

– Неге?  Не үшін? 

– Сіз үшін! 

– Сосын, сосын не істейсің? 

– Ауылға кетемін...

– Қазір барамын. Кездесейікші? 

– ......            

Уа түнгі Тараз! Сен осындай ғажап сұлу ма едің?! Әлде сені де ерекше жарқыратып тұрған біреу бар ма?... Самаладай жарқыраған шамдар аспандағы жұлдыздармен жарысып өзара біз жайлы айтысып тұрғандай. Шіркін! Осы сәтті тоқтатып қояр ма еді...

 Екеуміз қол ұстасып келеміз. Заңғар сәл алға шығып менің қолдарымды ақырын алып, мойнына асып қойды. Сөйтті де,  сәл еңкейіп "арқама мін, көтеремін" деді. Мен қарсылық танытпадым. Мені көтеріп алып айналдыра бастады. Түнгі қаланың тыныштығында екеуіміздің күлкіміз ғана жаңғырып тұрғандай еді. Мен сөзсіз бақытты едім. Иә, мен БАҚЫТТЫМЫН!  Басқа ештеңені де ойлағым келмейді. Содан кейін ол әдетінше әдемі көзерімен маған қарап үнсіз тұрды. Қолдарымнан ақырын қысып, жанарымен бір сыр ұқтырғысы келетіндей қарады. Оның көздерінен маған айта алмайтын,  сол үшін өзін кінәлі сезінетін бір мұңы барын аңғардым. Оның жанарлары көп құпия жасырылған алып теңіздей, сол құпияны аш, тереңіме сүңгі, мені зертте, мені таны деп тұрғандай еді.

– Мен сені жақсы көрем. Неге? Не үшін? Өзім де білмейм. Сен ше?

– Бәрібір ештеңе өзгермейді ғой...

– Мүмкін. Мүмкін өзгерер...

– ..... (аздаған үнсіздіктен соң) Жек көрем сізді!

Бұл жолы ақылды тыңдадым. Тағы бір рет жүректің таңдауына ерік беріп "иә" дегенімде, мүмкін, мүмкін расымен бәрі өзгерер ма еді? Кім біледі?!

Ол менің ойымды оқып қойғандай жүзіме барлай сәл жымия қарады. Сосын, сосын тым жақындай түсіп, бір тәтті тамақты не біреуден қызғанып, не ұрлана  асыға тез-тез жеп қойғысы келген марғаудай қомағайланып жалма-жан еріндеріме жабыса кетті... Алғаш рет сіздің сондай қол тигізгісіз ыстық екеніңізді сезіндім... Бұл біздің соңғы кездесу еді. Тәттісі кем өкінішіміз. Егер тәттісі соңына дейін жеткенде бұл әсте өкініш болмас еді ғой...

                                   * * * * *                             

Сізді бүгін түсімде көрдім. Сірә сізді қатты сағынғандығымнан болар. Екі адам бірдей сағынған болса түске енеді демеуші ме еді. Мүмкін, мүмкін сізде кейде мені еске алып сағынатын шығарсыз... Дүниедегі ең қиын нәрсе – САҒЫНЫШ. Ешқашан көрмейтін адамды... Ешқашан саған қайта келмейтін адамды... Оның орнын ешқашан, ешкім баса алмайтын адамды сағынуың...