Woman

Бәріміз «виноват» қасірет

ХХІ ғасыр: Қазақ әйелінің көлеңкеде қалған үш перзенті

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Осыдан 2 сағат бұрын бір бауырымның айтуымен «Астарлы ақиқат» бағдарламасының «Тастамашы, анашым» тақырыбындағы кезекті нөмірін қарап шықтым. Шындықтан көңіл шайлығып қалды! Қайтеміз енді?! Сол діл «шайқағыш» «айқыш-ұйқыш шындық» өз қолымыздан шығып жатыр. Шындыққа тік қарап рухымыздың кірбіңін шайып, тазарайық. Ел боп тазарайық. «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват». Асекеңше (А.Сүлейменов) тек «Келер» емес Бар қазақтың «татар балы да, ішер уы да» атанған Һәкім Абайдың 37-ғақлиясына қайта-қайта еріксіз ой тәуебін жасайсың.

Алтын асықтай ұлы мен күміс қасықтай қос қызын көзі тірісінде, сау күйінде бөтеннің табалдырығына жіберіп отырған «Анаға» («Ол Ана атынан садаға кетсін» деп сөгушілер ары қарай оқымай-ақ қойсын) күйініп те, аяп та қарайсың. Ар таразысында жарға жығуға дәтің жетпейді. Өйткені бұған біздер, мына қоғам, билік, жүйе – бәрі кінәлі. Күнәлі іске кісі ерікеннен бармайды. «12 жыл бұлдамай бақтым, шаршадым» деп аһ ұрып отырған Қ. есімді ана қайсыбіріңіздің үкім-жазғыруларыңыз зар дейсіз. Дәрмені жеткені, жігері құмданып, жеңілген тұсы осы.

Балалар үйінің есік аузына үнсіз, ішкі дәрданамен тастап кету мен ел алдында тағдыр тәлейін таратып, эфирде ашып айту – екі басқа. Мен мұны батылдық деп мадақтамаймын, ақтамаймын да! Тек ортақ «пик-сорымыз» екенін мойындап, қабылдай білсек, өз «басымызға туған істей» болыссақ! Жараның аузы осыған дейін мұншалық қабыршақтанбас еді.

Өркениетті қоғам десек «өй, оған бізге қайда-а-а» деп кер тартатындар ат тонын ала қашады. Адамгершілік қасиеттері өз ортамызда өмір сүруі үшін «нанотехнологиялық не жасанды интеллектілі» бұйым-өнімдер қолда болу шарт емес шығар. Өркениет әуелі гумандық-адами құндылықтардың қолданылысқа енуімен тамыр жайса керек-ті.

«Дүниеде бар жаман да көпте, бірақ қызық та, ермек те көпте». Құнанбайдың Абайы қалай айтқан, ә?.. Дерт те, дауа да – өз ішімізден. Өзінің «ізгі-мінсіз нұсқасынан» жеңілген қазақ әйелін жабылып, табан жалпайтып табалағаннан кімге залал?.. Әрине, айналамыз жарқын бояуға бай, тек көрер-сезер дүр көңіл керек. Әйткенмен «қарттар үйі», «балалар үйі», «аналар үйі», туыс-туғаннан безгендер мен өзі құрған шаңыраққа сыймаған, тағдырдың тар жолында тобығы шығып, шалынғандар паналайтын «әлеуметтік оңалту мекемелері», әлеуметтік-тұрмыстық психотравма алғандарға арналған «дағдарыс орталықтарының»... өмір сүруі әрі қатарының артуы – бізді қоғамдық қатынастарды реттеп, топтарды эмоциялық-интеллектуалдық тұрғыда біріктіретін TOP-құндылықтар идеологиясын қайта құруды сұранып тұрғанын көрсетеді. Қоғамдық-әлеуметтік институттар күн тәртібінен түспей, шатқаяқтаған аяқ алысын түзеу керек.

Деградация кезеңі кімнің болсын басынан өтетін табиғи хроника. Бұл шақта әркім әрқалай реакция танытады. Біреу күрескер-табанды, біреу бос-иілгіш. Қалыптасқан тұлғаны айыптап, оған мораль оқу – мардымсыз әдіс. Ендеше гуманды-әрекетшіл идеология мен ізгіниетті қоғам бірлесіп тоқыраудағы тұлғаны «жалғыздық орынан» алып шығуымыз тиіс!

Бағдарлама бойына бар көрермен де, қонақ сарапшылар да, жүргізуші де Ананы райынан қайтаруға барынша тырысып бағып көрді. Бірақ «жоқ» деді, уақытша болса да «үкіметтің күтімі жақсы жағдайында» немесе «қамқоршы жанның қанатында» болсын деп көнбеді. «Жүрексіз» деп ақын дауламаңыз. Бүгінгі көз алдында бұлдыр тартқан сенімсіздік тұманын тарқатпаққа, бір сәт өтелмеген жауапкершіліктің азабынан арылмаққа алданыш етіп жүрген ішімдігін қалай дос тұтып алғанын байқамаған Әйел ертең қандай күйде оянатынын, балаларының жәутең жанарын біліп отыр. Өзгерістің бола қоймайтынына «сенімді».

Студияда тұрып ішінен шыққан үш бірдей балапанын көзәйнегінің артындағы терең мұңмен өзгеге табыстау – шарасыздықтың шектік температурасы мен үмітсіздіктің өткір жүзі десек тура. 

Сол 3 баланың АӘК жәрдемақысы мен басқа да жалғызбасты ана ретіндегі қаржылай көмектер тағайындалып, аз қамтылған отбасы ретінде әкімдік пен азаматтық қоғам тарапынан баспана, басқа да мұқтаждықтарына жұдырықтай жұмыла болыссақ – бір қазақ отбасының тіршілік арбасын жолға салысып жіберер едік. Ана мен баланың тұрмыс тауқіметінен бейбіт күнде ажырауы – елдігіміз бен қоғамдық арымызға ауыр сын!