Weekend

Жетім көңіл, жарты ой...

Эссе

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Алматыға алғаш табан тірігенде арман қуып келген жоқ едік. Көнкөрістің қамымен қармаққа жармақ іздей келгенбіз. Оң-солын әлі ажыратып болмаған он алты жасар бала алып шаһарға келгенде «любопытный» атанғаны есімде. Өйткені оған бәрі таңсық.

Сауда үйінде сатушы боп жүргенде белі бүгіліп ажарынан нұр тайып әжім торлаған кемпір келуші еді. Сондағылар сексенде деп топшылайтын. Ешкім аты-жөнін білмейді. Білуге құмартпайды да. Қажеті де жоқ. Өздері «Қырсық кемпір» деп ат қойып алған. Қырсық кепірдің төбесі көрінгеннен мұндағылардан маза қашады. Тап сол сәтте администратордың бухгалтерияда бітпей қалған жұмысы есіне түседі. Сатушылар аяқ-асты сөре сүрте кетеді. Күзетші касса жағаласа, жүк тасушы қоймаға тығылып қалады. Әйтеу, бәрінің ісі қауыртқа айналады. Әйтеу, Қырсық кемпірдің көзіне көрінбеу керек. Бұл «қырсықтан» құтыла алмайтын жалғыз бейбақ – кассир. Қырсық кемпірден кейін кезек күткендердің қарасы көп болса, құдай назарын салғаны. Ондайда: – Апа, кейінгілер кезек күтіп қалды; қолдары талды; әне бір келіншектің сәбиі мазасызданып жатыр, - деп небір сылтауларды алға тартып тезірек есептесіп құтылады. Өйтпесе бейшараның соры қайнайды.

Қырсық кемпір өзге тұтынушылардай емес, аса сақ. Қаймақты шайқағанда соқылдаса «солқылдамауы керек» деп, соқылдамаса «солқылдауы керек» деп есіңді шығарады. Сұрағына жауап беріп жатқанда қолын ербеңдетіп «тоқта» дегендей ишара жасап, құлағы естімейтінінің дерегін білдіріп «А? Не дейсің балам? Не слышу!» дейді де, сәл қаттырақ айтсаң «Үйібәй, тоқта, керең емеспін, естимін. Құлағымды жарасың ғой. Сосын, ұрыспай сөйле маған!» деп барып бір-ақ тоқтайды. Ең қиыны тауардың құрамын оқығанда болады. Тетропакеттегі сүттің құрамында «құрғақ сүт ұнтағы» дегенді оқығаныңда «Әне сондай пәлелерді қосады бұлар. Тағы «табиғи» деп қоятынын қайтерсің. Табиғи болса бір түннен қалмай ашып кетер еді. Бұл болса бір ай тұрсада ашымайды. Құрысын, өзімен кетсін. Өңшең қимия. Алмаймын!» кассаға беттейді. Сүтті орынына қойып өзге жұмыстарды істеп жатқаныңда касса жақтан Қырсық кемпірдің дауысы естіледі:

– Әй, балам, андағы сүтті бері әкелші!

  «Қап құдай-ай!..» дейсің ішіңнен. Соныңды да сезе қояды ғой.

– Құдай сені менің жасыма жеткізіп сынасын,-деп бұрылып жүре береді.

***

Бір күні қоймадан тауар әкеле жатсам «Өй өңшең сөз танымайтын дүбәрә немелер! Сөйтіп те жаза ма?! Қазақы сөздің әуезін бұзады ғой бұлар» деп зекіп тұр екен. Жанында жаңадан келген қыз. Байғұс қызарып кетіпті. Қырсық кемпірдің мінезін қайдан білсін. Үшінші болып мен қосылдым. Қызға «Ештеңе етпейді, әлі-ақ үйреніп кетесің» дедім күліп. Сонсоң, ыммен «Бара бер» дедім де, апамның қасында біраз уақ ұрысын тыңдап, сөздің реті келгенде аздап әдебиеттен сөз қозғадым. Ал кеп ағыл-тегіл ақтарылды дейсің. Ақтарылғаны былай тұрсын, соңында екеуміз сөз таластырып қалдық. Ақыры жеңілдім мен пақыр. Жеңетіндейі бар, көп білетін кісі екен. 

– Апа-ау, тағы, тағы айтыңызшы, - деп тақымдай түстім.

  Апам бағанағыдай емес, енді пәлсініп шікірейіп қалды да, көзінің астымен сүзе қарап:

– Ақынбысың, жазушымысың?

– Сөз қуған жынды көбелекпін.

– Байқа, күйіп қалма! Сөз деген бар ғой, ол деген... Мейлі, айтпағымды уақыт өте келе өзің-ақ түсінерсің. Егер жазарман бола қалсаң, мен саған бір-ақ нәрсе айтайын.  

– Тыңдайсың ба?

– Тыңдаймын!

– Ал, ендеше...

– Пушкиннің «Онегин. Татьянасын» білетін шығарсың? Онигин оң жағында он қыз, сол жағында сегіз жүретін заманының серісі де, перісі де өзі. Сол Онегинге жас күнінде Татьяна ғашық болады. Бірақ оған қарай қоятын Онегин қайда? Елемеген де. Күндерден күндер, жылдардан жылдар өткенде серілігінен де, перілігінен де жұрдай болған Онегин бір жиналста губернатордың әйеліне көңілі құлайды. Алыстан аз-кем шырамытып тұрып-тұрып, бір қараса сол, сол жас күнінде өзі менсінбей кеткен Татьяна екен. Оңашаға шығарып алып, жаздым, жаңылдым, таңдауым сенсің, өмір бойына бірге бола қалайық демей ме. Сонда Татьяна:

– Жоқ, некемді кімге байласам, ғұмыр бойына соныкімін, - деп көнбей қояды. Тәәәк, осыны есіңде ұстап тұр.

– Ия, сосын?

– Шамасы қырықыншы жылдардың соңы ғой деймін, ЖенПИ-де Мұхтар Омарханұлымен кездесу өткіздік. Онда студентпін, қыз күнім. Талқымыз – «Абай жолы». Ия, атағы дардай Мұхаң алып романды студенттердің талқысына тастай салды. Талқы дегенде не, бірімізден біріміз іліп әкетіп романның өзіміз риза болған тұс-тұсын шетімізден мақтап жатырмыз, мақтап жатырмыз. Ал Мұхаң өте сабырлы екен. Айтылып жатқандардың бәрін байыппен тыңдап отыр (өзі келіскен, көкейіндегі пікір болса аздап қана езу тартып, онысы артынан ғайып болады екен). Көл-көсір мақтау. Тек, арамыздан бір қыз ғана суырылып шығып, әлгінде өзіңе айтқан Пушкиннің «Онегин. Татьянасын» мысал қылып Мұхаңды мықтап нысанаға алды. Сонсоң:

– Романда төркіндетіп келген Тоғжан неге Абаймен сүйісіп қойды? Неге қазақ қызы Татьянаның ісін қайталай алмады, - деп салды.

Сонда Мұхаң орынынан түрегеліп әлгі қыздың алдына келді де, қолын кеудесіне қойып басын иді. Қателігін мойындағаны дейсің бе, дұрыс сөзге тоқтағаны ма, жоқ әлде кішіпейілділігі дейсің бе, ерік өзіңде. Мен тоқсан жасыма дейін қаншама адамдармен кездестім. Оның бірталайы ғалымдар мен ақын-жазушылар, педагогтар. Бірақ, осы бір қасиетті Мұхаңнан басқа ешкімнен көрген емеспін. Солай бала. Күні ертең жазушы бола қалсаң қайда жүрсең де, қандай мінберге көтерілсең де осы айтқанымды ұмытпа. Өзіңе өсиетім болсын!

***

Кейде ара-тұра елден хабар келіп тұрады. «Пеленше қария қайтыс болыпты» деген. Сонда бір құлазып қалатыным бар. Аядай ғана ауылда бәрін танығасын, қолдарына су құйып батасын алып өскесін, сол кісілердің иісін, әңгімесін, кеңесін сағынамын. Дәл сондай күйді Алматыда ілуде бір рет сезінсең сезіндің, әйтпесе, көбіне көп ит жетектеп жүрген кәрі денелердің қасынан сезім жоқ, сыр жоқ, дымсыз өте шығасың. Сөйтіп жүрген күндерде жолыққан қырсық кемпірді көргім келіп сол баяғы сауда үйіне бардым. Ол жақтан кеткеніме де биыл бес жыл болыпты. Барсам, мен танитындардан бір жігіт қана жүр. Басқалары танымай жатырқай қарайды. Іші ел көшетіндей шашылып жатыр. Сұрықсыз көрініс. Өзім жұмыс істеген жылдардың иісі де жоқ. Ғимараттың қақ ортасынан гипсокартонмен бөліп-бөліп кішігірім бутиктер жасап қойыпты.

– Ойбай-ау, мынасы несі?-дедім әлгі жолдасыма.

– Әәә, бастық арендаға беріп жатыр. Дәл іргеден магнум ашылып, виручка азайып кетті. Соған көңілі толмай осылай өзгеріп жатқан жайымыз бар.

– Імм, жөн екен. Досым, әлгі баяғы «Қырсық кемпір» есіңде ме?

– Ия, ия есімде. Не болды?

– Сол кемпір әлі де келіп тұра ма?

– Шынымды айтсам, тәәәк, бір жылдай болды көрмегелі. Мүмкін... жасы да келген кісі еді ғой. Ендігі қайтыс болып кетті ме екен?

– Мүмкін...

Санамда жалғыз сұрақ қалды. Ұлының ұлылығын танудың жүгі ауыр ма, әлде содан нәтиже шығарудың ба? Білмеймін...