Берген (хиқаят)

Проза

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

І

Ол көп сөйлемейтін. Оның көңіл күйінің жадыраңқы екенін анықтайтын тек бір ғана белігісі бар болатын. Қара торы жүзіндегі қоңқиған танауы еді. Танауын бір жағына тыржитып тартып, болмашы езіуінен күлкі шықса болды. Айналасына шуақ сыйлайтын. Ел, сияқты даурығып дарақыланып күлгенді жек көретін. Достарының арасында кей уақытта бір–біріне есе бермей кететін кездері де кездесіп тұратын. Сол кезде тек сөздің тоқ етерін айтып, бәрімізді сабырға шақыратын. Сыныптың ұлдары оның бойының басқаларынан көрі сәл еңселі екеніне қарап кейде «тырна»-деп мазақ қылатын. Бірақ оған шамданып жатқан ол жоқ. Керісінше тыранының даусын салып қасындағыларын күлкіге қарық қылатын. Ондай шақта оның күлгенінің өзі күлкілі болатын. Ұзын адам күлгенде, екі бүктеліп қос өкпесін қолымен басып күледі. Мұндай уақыт жиі бола бермейді. Оның сол қылығын қайталату үшін достары сайқымазақ болып әлек болса да, сабырлы қалпынан тынбай отыра беретін. Ол досқа адал, сезімге келгенде басқаларымыздай емес тұрақты жан еді?!

***

Оқырман қауым сіздердің танымайтын кейіпкердің мінез-құлқын баянадап жалықтырып бара жатсам кешірім өтінемін. Алдағы кезеңде өзімен танысып сырласып, дос болып кетерсіздер!!!

***

Биыл алтыншы сыныпқа барамын. Жаз бойы көл жағалап шабақ ұстап жүргеннен болар тілерсегім жарылып, күс-күс болып кеткен. Жазғы демалыстың зып етіп өте шыққанын сезбесем керек. Ертең «қыркүйектің» бірі. Жаңа оқу жылы болатынына қатты назаланып тұрмын. Жазғы демалысты күту үшін тағы да қыс бойы сабақ оқуың керек. Мен сияқты шыдамы аздардың тағаты таусылып бітпейме? Кейде осы қыс деген мезгілді кім ойлап тапты деп ойлаймын. Тапқан адам көрші үйде шахмат ойнайтын шал болса барып боқтағым келеді. Бірақ шахмат үйрететін шал ондай қатал емес. Қолынан қысы жазы қамшысы түспейтін «жаяу» Кәбен бе? Ол шалдың  қолынан ондай қатыгездік келетін сияқты. Ана бір жылы көл жағасындағы бұзауларын ноқталап мініп жүрген жерімнен ұстап ап жонымнан таспа тілді. Неде болса бұл соның істеген іс –әрекеті деп түсіндім. Бірақ боқтай алмаймын. Оның қамшысына төсер артық жауырыным жоқ.

 Енді сол анамның қолына түсіп, алақандай елеген ішінде өкшемен тілерсегімнің қанын судай ағызып ысқылатып отырғаны. Удай ашыған кезде, жаның мұрныңның ұшынан шығып кетердей болады екен. Қанша рет қарсылық танытсамда, торға түсекен тотыдай дәрменсіз суға түсіп отырмын.

Жаз бойы күтім көрмеген беті – қолға қатық айранды баттастыра жағып, тоқал үйдің пешіне келіп кептірдім. Жарылған жерлер біраз ашып барып басылғаны болмаса, ертең мектепке барғанда қалам ұстауға тым ұяттау болып тұр. Жарылған саусақ арасына сіңіп алған кірлер қанша жуғанмен кеткен жоқ еді.

ІІ

90 – жылдардың басында АТА жұртқа көшкен ағайындар, 96-99 – жылдары қайта көшіп келіп жатты. Онда барған ел-жерге тұрақтай аламады ма, әлде алыстағы ағайындарын қимады ма, әйтеуір қайтып келіп жатқандардының қарасы көп еді. Үлкендердің айтып жатқанын естіп қаламыз ол жаққа «нарық» келіпті деп жататын. Кешікпей бізге де келеді екен десетін. Мен болсам көшіп келіп жатқан отбасылардың қайсысы «нарық» болды екен деп үлкенінен кішісінің атына дейін сұрап білгім келеді. Келген ағайын-туыс пен үлкендер жағы жыласып көрісіп жататын. Ал бізге ойын балалары қатарымызды толтырғанына қуанатынбыз. 

Бірде біздің үйден екі үй кейінгі үшінші үйге балалы шағалы үлкен бір әулет көшіп келді. Әкем ала тайыншаны ерулікке апарып келмекші болды. Мен қалмай еріп алдым. Көшіп келген үйдің сырты қашан жинақы болғанын көрдің. Әрбір жерде шашылған үй жиһаздары. Оны айналып жүрген ауыл адамдары. Мені танитыны бар, танымайтыны бар. Менің көзім қолында баскетболдың добы бар балаға түсті. Бұдан кейін басқалардың әңгімелері маған бес тиын пайдасыз болатын. Ең бастысы добы бар баламен тез арада елден бұрын достасып, басқа да ауыл балаларының арасында бәсімді өсіру болып тұр. Қазіргі мақсатым. 

Танауымды білегіммен бір үйкеп тастап, қулана бейтаныс баланың қасына бардым. Бірден сөз бастап кеткім келіп еді, оның еңселі екенін көріп, алғашы ойымнан айнып қалғандай болып тұрамын. Қолындағы добына қарағаныммен бәрібір батылым жетпеді. Әкемді байқап қарасам, үйге кетіп қалғанға ұқсайды. Еш жерде көрінбейді. «Есің барда елің тап» дегендей мен де үйге кеткім келді. Әр бала өз ауласында батыр ғой шіркін. Менің батырлығым бұл араға жүрмесін сезсем керек. Тұрған жерімнен бұрылып кете беріп ем? «Әй бала ойнайсың ба»-  деген дауыс артымнан саңқ ете қалды. Мен қуанып кеттім. Еркінсіп кетім бе, кім білсін? Оның қолындағы допты алмақшы болдым. Бірақ ол бірден бере қойған жоқ. Қала көрген бала екені көрініп тұр. Үстіне киген киімдері бәрі тап-тұйнақтай тап-таза. Ал менің үстімдегі киген киімнің сұрқын айтыудың өзі ұят. Басымда маңдайы сынып қалған торкөзді кепка. Кудеме кигенім ағамнан қалған ескі барқыт пиджак. Екі жанына жамау салған қытайдың ескі адидас шалбары. Аяғымда тұмсығын былғарымен жамап қойған бәтеңке. Оның тақасының орнына ағаш кағып қойған. Тым сұрқысыз бір баламын әйтеу. Бейтаныс баладан маған деген аяушылық байқалып, ұяттан жерге кірердей болып тұрмын. Мені ұялтқысы келмедіме допты қолыма ұстатты.

-Танысып қоялық менің есімім – Берген болады. Ал сенің есімің кім? «Есім» - деген сөзді тек қазақ тілі сабағынан естіген маған, бұл сөздің мағынасын толық түсінбей тұрғаным. Зат есім, сын есім, сан есімді білетін «қараққа» тағы бір галактика ашылғандай болып тұр. Әдетте біреумен танысарда атың кім деп сұрайтынбыз. Аты сөзімен есім сөзін байланысын түсінбей тұра бердім. Бір шама уақыттан кейін сұрағын өзгертіп қойды. Әй сенің атың кім?- деп. 

-Атымды атай алмай булығып тұрып күлдім. Ол да күлді. Қолымды созып жатып Нұрасыл дедім. 

Біздің таныстығымыз осылай басталып еді...

Ымырт түскенше ойнадық. Ойын барысында бір байқағаным, боскетбол ойынын мықты ойнайды екен. Біздің мектептің балаларының барлығы да, жақсы ойыншы. Бірақ Бергендей ойнай аламайды деп түйдім. Шешем шақырмаса жүре беруім де мүкін болатын. Ертеңгі күні алғашқы қоңырау екенін есіме салғасын амалысыз  үйге қайттым.

ІІІ

Әр ауладан шыққан оқушы балалар мектепке асығып барады. Бірі алғаш мектеп табалдырығын аттаса, бірі тағы бір сынып ілгері көшетінін сезініп есейген адамдардай нығызданып барады. Мен Бергенді ойлап тұрмын. Ол қай сыныпта оқиды. Бойы ұзын ғой. Жоғарғы сыныптардың бірінде оқитын шығар деп қоямын. Маған әйтеуір мектепке бірге барып бірге келетін дос табылғанына мәз болып, алтыншы сыныпқа келіп кірдім. Жаз бойы көрмеген достарым әлде қашан келіп жиналып, бастан кешкен қызықтарын айтып мәз болып жатыр. Бірі қалада тұратын туыстарына барып қайтқанын айтып, қолындағы сағатын көрсетіп қояды. Айтпасада белгілі. Қаладан алған. Мен ешетеңе айта алмадым. Мақтанатын ештеңем жоқ болатын. Үстімдегі ақ көйлектен тартып, өзімнен екі жас үлкен ағамдыкі. Сарғайған жағасы барлық сырды айтпаса да, ашып тастап тұрған жоқ ба? Оларда менен ештеңе сұрамады. 

Сыныптың есігі ашылғандай болды. Көзінде көз әйнегі бар жас мұғалім кірді, Қасында мектеп директоры Сақып бар. Арт жағынандағы оқушының Берген екенін көріп қуанып кеттім. Бағанадан бері мақтанып тұрған ұлдарға қарап, мен жаңа оқушыны танимын деп сыбырлап өттім. 

Мектеп директоры Сақып алдымен мұғалімді бізге таныстырды. «Сендердің жаңа сынып жетекшілерің Дәмелі деген мұғалім. Сонау Қазақыстаннан оқып келген. Сендерге қазақ тілі мен әдебиеттен сабақ береді. Ал мына оқушы Қазақыстаннан аулымызға көшіп келген Тұқаңның баласы. Тұқаң біздің ауылдан 90 жылдардың басында көшіп кеткен. Қайтып көшіп келіпті. Сендер Бергенді жатырқап қақпай көрсетпейді деп ойлаймын» -  деді. 

Берген Айнисаның артындағы бос орынға барып отырды. Қасына үнемі сабақтан кеш қалып жүретін Бекбол отырды. Бекболдан Бергенді іштей қызғанып мен Есеттің қасында отыра бердім. 

Сабақ басталған соң бір ай өтпей Берген ортамызға тез сіңісіп кетті. Тек менің ғана досым болған жоқ. Барлық сыныптың ұлдарымен достасып алды. Бергенге сынып тентектері тиспесін деп сәл өтірік айтқан болатынмын. Ол каратамен айналысқан екен деп. Өтірігім көмектестіме мағанда тисіуді қойды. Бергеннің досы болғандықтан. 

ІҮ

Қазақ тілі мен әдебиет сабағына бүкіл сынып болып берген тапсырмаларына жақсы дайындалатын болып алдық. Әр сабақ барысы біз үшін ашылып жатқан қазынадай көрінетін. Мұғалімнің мақтауына ең алды Айниса ілікті. Тіпті оған үстеме тапсырма беретінін де байқап жүрдік. Кітаптағы жазушымен ақындардан басқа біз естіп білмеген ақын жазушылардың шығармаларын түстен кейін үстемелеп оқытады. Маған қатты ұнағаны сондай. Мұғалімнің сөйлеу мәнеріне ғашық болдым да қалдым. Сабақ үстінде әдейі бұзықтық жасаймын. Ондай кезде Дәмелі мұғалім қасына алып ап, басымнан бір нұқып қойып өзі жұмысын жалғастыра береді. Аты, есім, ныспы сөздер синонимдес сөздер екенін сонда білдім.  Айтылуы өзгеше мағаналары бір ұғымды беретінін қаншама сөздерді мысалға алып түсіндіріп берді. 

Көктем кезінде бізге Мұқағали Мақатайевтің «Аққудың айрылуы» поэмасын мәнерлеп оқып берді. Ана мен баланың, бала мен әкенің қарым қатынасы бейне бір кино лентасындай көз алдымыздан жүріп өтіп жатыр. Сыныпта тек мұғалім даусы ғана естіледі. Барлық оқушы бар ынталарымен тыңдап отыр. 

Шоқ қамыстан мылтық үні гүрс етті дегенде шыдай алмай жылап жібердім. Не үшін жылағанымды қазірде түсіне алмаймын. Мүмкін аққуды аядым ба? Жоқ әлде тәуіптің сөзіне сенген ақымақ ананы аядым ба? Маған әлі жұмбақ. Қанша ойласамда шеше алмай келемін. Бұл оқиғадан кейін кітап оқитын болдым. 

Ү

Ұлдарда, қыздарда бұрынғыдай емес киімдерін түзеп киетін болды. Қыздар жағы үзіліс кезінде қолына айна алып шаштарын сылап сыйпайды. Ал ұлдар болса орынсыз қыздарға тисіу жоқ тек шырайлы қыздарға ұрлана қарайтын болды. 

Оңаша отырып ап ұлдар жағы бала махаббаттарына хаттарын жазатын. Небір әдемі сөздерді ақ параққа үйіп төгетінбіз. Оның шынайылығына аса мән бермесекте. 

***

Әдеттегідей сабақтан келген соң, үйге су әкелу менің міндетім болатын. Суды аулдан екі жарым шақырымдағы көлден арбамен тасыйтынмын. Қаранғы түспей әкеп аламасам, кешке айдай білтелі шамның айналасына үймелеп үйдегі аға қарындас інілеріммен бірге тапсырма орындаймын. Ал ерте су әкеп алсаң іңір түскенше тапсырмаларды үлгеріп орындап алуға болатын. Сол кезде үлкендердің «нарық» - деп жүргені жоқшылық екенін түсіндім. 

Сабақтан шыққан соң Берген жақындап келіп, «Нұрасыл саған бірдеңе айтайын ба»?- деді. Менің ішім сезіп келеді. Сыныптағы ұлдардың бәрінің жақсы көретін қыздары бар болатын. Тек Берген де жоқ болатын. Неде болса қыз жайлы айтатынын біліп келем. Жүзіне күле қарап айтсаңшы –  дедім.

- Ешкімге айтпасаң айтам?

- Аузымнан шығармаймын?

- Мен Айнисаны жақсы көрем деп қызарып кетті. Бастабында күліп жібердім. Айниса сыныптағы жағдайы төмен отбасынан шыққан. Өткен жылы әкесінен айырылған болатын. Жақында ғана анасы науқастан қаза тапқан. Ал біздің сыныптың балалары оған сезім жайлы тіс жара алмайтын. Аяғандықтан ба, оныменен ұлдар қалжыңдаспайтын. Басқа қыздардың шашқа тағатын шолпыларын жұла қашып жататын. Айниса тек соларға қарап екі иығын қозғап тұрып қатты күлетін. 

- Бергенге шын айтасың ба, аузыма сөз түспей біраз бөгеліп барып, оны ренжітпеші дедім. Сол қалпы Берген Айнисаға сезімін айттыма айтпадыма білмеймін. Оны Айнисадан сұрап білген жөн. Ол қазір бой жеткен әдемі бір қыз болған. 

Дәмелі мұғалім бізге бар жоғы екі жыл сабақ берді. Азғана уақыт ішінде менімен Айнисаға қатты әсер етті. Алдымен Айниса өлең шығаратын болды.

Айнисаның алғашқы өлеңін мұғалімдер бөлмесінен оқыдық. Оның өзі мұғалімдер күнінің қарсаңында. Ойда жоқта Айниса ақын боп шыға келді. Ал Берген сол қалпы алдындағы томпақ қызға ұрлана қарап уақытын өткізіп жатты.

ҮІ

2000 жылдардың басында біздер есейіп мектеп қабырғасынан түлеп ұшып, әр тарапқа арман қуып кеттік. Сынып оқушыларының көбі Уланбатыр қаласына оқуға кетті. Ал Айниса екуміз ғана Қазақыстанға оқуға келдік. Айниса бастабында Тараз қаласынан оқыса, мен Шымкенттен оқыдым. Ал Бергеннің қайда кеткенінен хабарсыз қалдым. 

Бір жылғы оқуымыз Айнисаныңда меніңде нәтижесіз болды. Айниса аға жеңгесінің қасына ауылға кеткенін ұзын құлақтан естідім. Мен Талдықорған қаласында жарты жылдай базарда грузшик болып істедім. Сонда істеп жүрген кезде Бергеннің Қазақыстанға келгенін естідім. Жүзі таныс жолдасым Бергеннің нөмірін тауып беретін болып уәде берді. 

Жұмыстан шаршап келіп жатып ұйқтап кетіппін. Соткамның дауысынан ояндым. Тұтқасын көтерсем ар жағынан уәде берген жолдасым Бергеннің телефон нөмірін айтып берді. Жазып алдымда көп бөгелместен Бергенге звандадым. Көп сөйлесе алмадым, бірақ Астанада екенін білдім. Жақында бартынымды айттым.  

Қалтасы тесік адам мына заманның ағымынан ілесе алмайтынын қазақ елінде жүрген бір жылда жақсы ұғындым. 

***

Қолда өзімді куәләндыратын құжатсыз Астана қаласына, Алматы-Сайран авто бекетінен жолға шығытын болып тұрмын. Жолға шықпас бұрын Бергенге звандап ескертіп қойдым. Енді ол мені Астанада тағатсыз күтетінін жақсы білем. Ішіне жолаушыларын толтырып алып автобус ыңыранып қозғалып кетті. Бағытымыз солтүстік. Мен терезеден алысққа көз тастап, өткен күндердің елесін санамда жарыстырып отыра бердім. Таңға жақын Қарағанды қаласына келіп аялдадық. Жүргіншілерді тексерген жол полицейлері толып жүр. Вогзал ішінде пирожки жеп тұрған жерімнен қазақы түрмен орысша үнмен документімді сұрады. Ол кезде орсыша сөйлемек түгіл түсінудің өзі санаға ұяламаған кез болатын. Бар істеген іс әрекетім мелшиіп тұра бердім. Олар күдікті санадыма, қолыма кісен салып бөлімшеге апарып, мені өздеріне түсінікті, маған беймәлім тілде тергеуді бастады. Тағы да үндемедім. Ашуланды білем, біреуі дурак деп кеп жағымнан тартып жіберді. Сонда барып есімді жиып. Я оралман из Монголия дедім. Қайдан екенімді білдіріп. Олар мазақ қып күліп, «ты монгол» дейді. Жоқ мен қазақпын деймін. Осылай мен оларды түсінбей тұрғанда автобуста бірге келе жатқан жергілікті қазақ кеп араша түсті. Полицялармен ұзақ сөйлесіп, менің документсіз жүргендіктен олар штраф жазып мені қоя беретін болыпты. Қалтамада бар жоғы 65000 теңге бар болатын. Қолыма 500 теңге қалдырып, қалған ақшаны мұрттарынан жымыңдап алып қала берді. Өкіметтің бермеген азаматтығына мені кінәлағандай сезініп, қалтамдағы көк қағаздан тұтас айырылғаныма қатты бір жыладым қапаланып. Екі көзім ісіп, екінтіде Астана қаласына келіп кірдік. Күтіп алушылар арасынан Бергенді қараймын. Әлі келе қоймаған секілді. Көп ішінен көрінбейді. Вогзал ішіне кіруден жүрексініп қалғам Қарағандыдағы оқиғадан кейін. Енді ұсталсам тұп-тура  түрмеге апарып қамап тастайтындай болып сезілді. Тайсақтай басып сырттағы орындықтардың біріне барып отырдым. Алдымда әскери форма киген жүзі тым таныс біреу маған қарай беттеп келді. Жүрегім тас төбеме шықты. Тіпті жүрек соғысым құлағыма анық естіліп тұрып. Қашуға дәрмен жоқ. Бойымнан күш қуат кетіп қалғандай. Отырған орнымнан тұралсамшы. Ана бәле барғансайын жақындай түсті. Мен оны танысам да, тілімді жұтып қойған адамдай  бедірейдім де тұра бердім. Ол келіп Нұрасыл деп иығымнан қаққанда барып есімді жидым. Бағанадан бері зәремді алған әзірейіл, өзімнің бала күнгі досым Берген екен. Менің түріме қарап ол да шошып кетті. Өне бойым малмандай су болып кетіпті. 

-Не болды Нұрасыл аурып тұрсың ба?

Мен үндемедім.

-Нұрасыл саған не болды деп екінші рет сұрағанда қарқылдап тұрып күліп жібердім. Берген өзі шошып қалды. Мен қуанғаннан Бергенді құшақтай алдым. Көзімнен жас та шығып кетті. Әйтеуір менің іс-әрекетіме тосырқаса да, ол да мені құшақтап жонымнан қағып, досым сағындырдың ғой өзі деп жатыр. 

Арада біраз үнсіздіктен кейін басымнан өткен жайды айтып беріп ем, ол бір боқтап ап, қоңқиған мұрынын бір тыржитып алып күлді-ай келіп. 

Осылай досыммен кезігіп көңілім марқайып қалды. Ол осында әскери универде оқитынын айтты. Оқудан бүгін сұранып алыпты. Үнемі формада жүреді екен. Арасында құрлыс фермалардың бірінде күзетші болып істейді. Қаланың сыртында дачалардың бірінде әпке жездесімен бірге тұратын тілге тиек ете кетті арасында.

Жалпысы жағдайы жаман емес көрінді. Жол жөнекей дүкендердің біріне кіріп бір-екі шөлмек пиво алдық. Топ ағаштың ортасына барып отырып, бір–бірден ішіп, өткен өмір жайлы ұзақ әңгімелестік. 

Қолындағы кепкасын тізесіне қойып отырып, Нұрасыл саған сауалым бар. Сен соған ойланбастан жауап берші деп шүйіле түсті.  Қоя бер, сенің сұрағыңа берер жауапты ойланып қайтем деп қалжыңдадым. 

-Дүние де саған кім жақын?

-Ана мен әке жақын, сүйіп алған жар жақын, көз қуанышың ұрпақ жақын.

-Дұрыс қой бұлардың бәрі жақын. Бірақ адал достай ешкім жақын бола алмайды. Дос сенің ішкі жан сырыңды ұғатын, жығылған кезде сүйеу де бола алатын жан. Ал, досым бір естіген әңгімемді саған баяндап берейін. Тек мен сөйлеп отырғанда сұрақ қойма. Әңгімемді аяқтаған соң барып сұрағыңды қоярсың, келістік пе?

-Келістік деп басымды изедім.

-Тоқсаншы жылдардың басы болса керек қазақ даласына аннан-мыннан ағылып келіп жатқан қазақтардың есебінде шек жоқ көрінеді. Сол ағылып жатқан қазақтар арасында қара табан қойшысы да білімдісі мен жылпостары да болатыны заңдылық. Солардың арасында ала дорбасын арқалап келген бір мықты азамат болыпты. 

Шыныменен де тоқсаншы жылдар кезінде  қазақ даласында бір түйір нан тауып жеудің өзі қиындай түссе керек. Әлгі азамат шет елде оқып келген білімі бизнес саласы екен. Сол білімінің пайдасын қара базардағы сауда саттыққа салады. Бастабында кірісінен шығыны көбейіп бірталай қиындыққа душар болса керек. Ақыры достарының қол үшін беруінің арқасында қара базардан жер алып оған сауда контнерін әкеп орнатып, аяқ астынан ісі оңға баса бастайды. Тіпті шетелдік алпауыт компаниялармен келісім шартқа отырып үлкен кәсіпті дөңгелетіп жүргізіп тұрған шағында аяқтан шалушылар пайда болады. Ондай арам пиғылды жандар бұрын да болған кейін де бола береді. Осы тұсқа келгенде бір жөткірініп, қонқиған танауын біржағына жиыра бір тартып әңгімесін қайта бастап кетті...

Қазақыстанда рекиттердің дәурені жүріп тұрған шағы ғой. Олар келгенде де жай келмей пайдаңмен бөліс немесе бизнесіңді бізге аудар деп қорқытқан болады. Оған ол қорықпапты. Рухы мықты азамат қой. Күнделікті бизінесін алға жүргізіп пайдасы мен кәсібін еселей береді. Тіпті ағайын туыс жекжаттарына дейін көмек қолын созып бәрініңде аяғынан тұруға себі тиеді. Әккі сотқарлар тағы келіп қорқытып кетеді. Іле  шала ата-анасын үйінде ұйқтап жатқан жерінен белгісіз біреулер атып кетеді. Ата-ана қазасына қайғырып жанарынан жас та шығарматы. Тіпті түк болмағандай кәсібін одан әрмен сабақтай береді. Арада бір–екі ай өтпей жатып, аяулы жарымен балаларынан қапыда айырылып қалады. Бұған да іштей күйзеліп, сырт көзге морт сынбайтынын дәлелдейді. Ал ана жақта рекиттердің бастығы мұның қылығына таңғалумен болады. Тіпті отбасынан айырсамда бұл қайғырып жылап, еңіреп кеп бизнесін тапсырамды. Неткен қатыгез жан деп ойлайды. Қасындағы жантайшаптарын шақырып алып, енді мұның  достарының көзін құртыңдар сөзін нығарлай отыра тапсырма береді. Жантайшаптардың қашаннан бастары істеуші еді тек біреудің бұйрығын орындап тек соның құсығын жалап күн көрмей ме? Жантайшаптар екі еткізбей «әлгі азаматтың» бір досын ұзын күре жолдың бойында атып кетеді. Мұны есітіген азаматымыз, бар бизнесінің документтерін көтеріп рекиттер басшысының алдына барып тізе бүгіп егіледі. Барлық бизнесімді алсаң ал бірақ достарыма жолама деп. Бұған рекиттер босы таңқалады. Саған қояр бір-екі сұрағым бар. Сол сұраққа жауап бер, көптен бері көкейімде жүр еді. Айтыңыз дегендей басын изеп көз жасы көкірегін жуып басын көтереді. 

-Әй азамат сенен мен бизнесіңе ортақтасайын дегенде онымен келіспедің. Ал тіпті жақсы қаржы ұсындым маған сатуыңа оған да көнбедің. Сосын мен сенің ата-анаңды үйіңде атып кеттім. Оған қапаланып қайғырмадың, жә бұл кісілерді қартайған жандар дедік, ал, аяулы жарың мен балаларыңды машинапен қаққызып өлтірттім бұған да қайғырмадың. Ал енді келіп тұрсың айдаладағы біреудің баласын өлтірткен кезімде барлық дәулетіңді маған тапсыруға. Ал, енді айтшы осылардың мәнісін? - депті.

-Шынымен де қазаның қайсысы болсын адам баласына ауыр тиеді. Ата-анам өзіңіз айтқандай асарын асады, жасырын жасады, келіннің қызыметін сезінді немере сүйді, жалпысы ұрпағының жамандығын көреген жоқ. Ал аяулы жарым мен балаларым өмірден өтті. Мұны Алланың қазасы деп білем. Өмір дәнін беріуші де Алла алушы да Алла! Екіншіден мен әлі жаспын отызға күні кеше ғана толдым. Әлі де жар сүйюге бала тәрбиелеуге құқығым бар. Сондықтан аса қайғыра қоймадым. Ал сіз айтып отырған қайсы біреудің баласы менің өмірлік серттескен досым еді. Дүниеде ондай досты таппайтын да шығармын, қалған достарыма типеуіңізді сұраймын сондықтан мына документтерді алып, мені де менің жақындарымды жайына қалдырыңыз депті азаматымыз.

-Көрдің бе досым. Достың қадірінің қаншалықты бағалы екенін. Біз кейде сол достарды бағаламақ тұғыры танауын бұзуға дайын тұрамыз. Біздің мына шақша бастың ауқымы тым тяз, тек қарабастың қамын ғана ойлаймыз. Тіпті халін сұрауға жарамаймыз ғой. Соңғы күндері достарымды сағынып жүрмін. Күндіз де, түне де ойлайтыным солар деп әңімесін сабақтады...

Бұрын көп сөйлемейтін досым шешен болып кеткендей көрінді. Қолымыздағы шишамыз таусылғанша неше бір әңгіменің түбін түсірдік. Көкейімде менің де бір сауалым бар еді. Бірнеше рет оқталып сұрай алмай қойдым. Айнисаның осы Астананың маңында тұратынын бір сөйлескенде өзінен естіген болатынмын. Ұсақ-түйек жұмыс жасап нәпақасын айыратынын айтқан. 

Берген тамағын бір жөткірініп қойып, Біздің Айнисаға кезігіп тұрам деп жанарын менен тайдырып әкетті. Балалық шағындағы ұяңдығы әліде бойында бар екені байқалып тұр. Ұялтқым келмесем де пивоның қызуымен аузыма келген сөзді ары жұта алмай айтып қалдым. 

-Менің Айнисам деп сөйле, біз деп көпшілікке ортақ қыл ма? Сыныптас Айниса десең ол бір басқаша  әңгіме болар.  Досым сен оны әлі ұнатасың ба?  

Жауап қатпады. Тек күлді. Мен оның Айнисаны шын сүйетіне көзім жетті.  Өзі сөз қылмағасын қытқаулай бергенді жөн деп санамадым. 

Бергеннің қасында бір күн болдым. Ол ертеңінде вогзалга әкеп, жолыма белет алып берді. Мен Степногорск қаласына кеттім. Артымда қол бұлғап қала берді.

ҮІІ

Арада екі жыл өткен соң Астана қаласына жұмыс іздеп келдім. Жұмыстар көп екен. Бірақ менің шама шарқыма сай келетін жұмыс табу қиямет болды. Арасында Артем сауда үйінің қасынан жалдамалы жұмысққа шығып жүрдім. Жағдайымды айтудың өзі қиын. 

Бірде Қоянды елді мекенінен Бергенді кезіктіріп қалдым. Ол жағдайымды сұрап, қайда тұрып жатырсың не шаруа істеп жүрсің дейді. Ел істеп жүрген құрылыстың бірінде жүрмін дедім. Жағдайымды ашып айтқым келмеді. Бір жағы өзім де махаббат шырмауында басым қатып жүрген. Гүлденнің хабарын ала алмағаныма табандай бір жыл уақыт болған болатын. Ол отбасының көшіп келгенін айтты. Біздің үймен келген соң бір жылдан кейін көшіп келген болатын. Екеуміздің де әзірше бәсіміз тең. Берген автобусқа кіріп бара жатып Айнисамен қыз–жігіт болып жүретінін асығыс айтты. Мен бұл жолы досым үшін қатты қуанып, жалдамалы лашығыма келіп жамбасымды жер искетіп тынықтым. 

Түнімен интернет желісінен Гүлденнің хабарын іздеймін. Таныстарымның бәрінен сұрастырам. Агентегі достарым менен жалыға бастады. Менің мұңым олар үшін қайырсыз дүние. Өз мұңымен арпалысып жүргенде Берген мен Айнисаның сезімдерінің қалай өрбігенінен шет қалып қойдым. Қазір соған өкініп отырмын. Сол кезде араласқанымда бәрі басқаша болуы мүкін еді. Бұл тек шарасыздықтың ісі екенін жақсы түсінем.

ҮІІІ

Астана тым салқындап кетті. Жылдағыдай емес күз тым ерте келді. Ағаш біткен реңінен уақытынан бұрын айрылғандай. Көңілді жүрген тек біздер ғанамыз. Басқа халықтың бәрі де, бір күнгі тірлігі үшін сабылысып жатыр. Ал біздер мектеп қабырғасындағы бірге оқыған бүлдіршін қыздар мен боз балаларды күтіп аялдамада тұрмыз. Айниса ол кезде Астанаға танылыңқырап қалған ақын қыздардың бірі болатын. Оның өлеңдерін массагет сайтынан арасында шолып қоятынмын. Ал, Інжу деген сабақтас қыз бастауыш сынып мұғалімі екен. Нұрайым болса сол баяғы уытты тілімен бәрімізді шарпый №38 маршутан түсті. Бекболды бізді Жеңіс даңғылы бойында күтетінін айтыпты Бергенге. 

Нұрайым Бергенді қолтықтап алды. Осы Бергенді ұнатам деп. Ал, Айниса екеуміз бір – бірімізге қарап иегімізді көтеріп қоямыз. Арасында ойлап қоям мына сумақайды кім шақырды. Жап–жақсы отырыстың мәнін кетіретіні айқын көрініп келеді. Інжу мен Айниса өзара бірдеңелерді әңгімелеп келе жатыр. Не жайлы сөйлесіп жатқанына құлағымды түргем де жоқ. Тек көңілі шаттықтан жарылардай болып келеді. Сыныптас достарыңмен араға біршама уақыт салып кездесу деген ғажап сезім екенін сонда білдім. 

Топтасып Жеңіс даңғылы бойындағы бір кофеге келіп кірдік. Берген бірден ішсек қалай деп емеурінін танытты. Барлығымыз қарсы болмадық. Кофенің іші күңгірт болғандықтан терзе жақтағы бос тұрған столдың біріне жайғастық. Баяғы мектеп кезіміздегідей бәріміз де даурығып жүрміз. Тек Айниса ғана терезеге қарап ойланып отыр. Оның ойы мен біздің шаруамыз болған жоқ. Әр қайсымыз өзімізге тиеселі орындыққа отырып. Қолымызға бір-бір крушка пивомызды алып іше бастадық. Әңгіме желісі сол баяғы өскен ауыл мен жүрген жерлер жайлы. Балалық шақтың қызықты кезеңін айтып мәз боламыз. Арасында  «нокиа 6300» соткамызбен суретке түсеміз. Кеш бойы Берген Айнисаға ештеңе айта алмады. Тек Нұрайым «Берген маған сөз салса қазыр-ақ қолынан ұсап кете берем» -деп, қояды. Оған Айниса ашуландыма «ол сені емес мені таңдаймын» - деген, дейді. Сенбесең Бергеннен сұра?  Берген оларға ештеңе демеді. Нұрайым ғана пивоға қызып біраз жерге көпіріп тастады. Інжудің сол байғы биязы қалпы. Өзі сондай сабырлы. Арасында тілек айттық. Бергенге туған жерге аман-есен барып келуін тілеп. Бекбол болса тек ішу үшін келген адамдай бірнеше крушканы босатып салды. 

Қанша уақыт отырғанымыз белгісіз қас қарайып кетіпті. Қозғалыс тоқтамай тұрып жалдамалы қонысымызға жетіп алу керек болды.  Жамырай түрегеліп бір-бірімізбен қоштасып жатырмыз. Айнисаны Берген жеткізіп салатын болды. Кетіп бара жатып, қайта айналып кеп мені оңаша алып шығып көктемде Айнисамен үйленгісі келетінін айтты. Сосын барып төрт саусағын бір-біріне түйістіріп көрсетті. Мен оны түсіндім. «Екі ел аузға төрт елі қақпақ» - деген. Жан баласына айтпа деп кете берді. 

ІХ

Астанадан қыс түсе ауылға қайтып келдім. Үйдегі шаруаларға қолғабысымды тигізу үшін.  Көктемге дейін аулдың күйкі тірлігінен қолым босамай қойды. Не Айнисадан, не Бергенмен тілдесе алмай қойдым. Кейде іштей қиялдаймын Айнисаның ақ көйлек киіп топ адамның ортарсында Бергенмен қолтықтасып жұбайлар столына кетіп бара жатқаны. Бірақ ол күн алыстай бастады. Көктемнің соңғы айыда ортасына келіп қалған. Мен күндегі әдетімше ерте тұрып малдарды өріске айдап қайтып келсем үйдегі телефон шырылдап жатыр. Тұтқаны барып көтердім. Ар жағында Бекбол жылап тұр. Бергеннен айрылып қалдық деп. Төбемнен біреу кеп мұздай су құйып жібергендей болды. Бір орнымда қақан қазықтай мелшидім де қалдым. Анам кеп қолымдағы туркпаны алағанда барып, Бергеннен шынымен айырылып қалғанымды білдім.

***

Ал Бергенің жол апатынан қаза тапқанын Астанаға келіп жүргенде Айнисадан естідім. Қазіргі таңда ондай ақ ниетті дос кездестіре алмадым... 

....Кофеден шыққанан кейінгі Айнисамен Бергеннің не жайлы әңгімелескені маған құпия болып қалды. Қанша рет Айнисадан сұрағым келсе де, батылым жетпеді?!