Weekend
Саяхат – өзімізді қайтадан іздеп табуға арналған ең ұлы ғылым. А.Камю
Айналамыздағылардың көпшілігі «комфорт зонадан» шыға алмай жүреді. «Комфорт зонаның», расында, адамның ішкі жан-дүниесіне тыныштық бермеуі сөзсіз. Себебі «комфорт зонаның» өзі бірсарынды өмір емес пе? Күнделікті бір нәрсенің қайталана беруі адамды деградацияға ұшырататынын психологтар да жиі айтады. Бейбіт әлемде, мүмкіндігің бар сәтте адамның бір жерде тұралап қалмай, алға жылжып дамуы керектігі туралы да жиі айтылып, жазылып келеді.
...Төрткүл әлемді шарлап, алты құрлыққа табаны тиген саяхатшылардың көпшілігі саяхаттың адамның комфорт зонадан шығуына әсер ететіндігін айтып жатады. Ешқашан көрмеген, білмейтін, бейтаныс жерге, өмір салты сенікінен мүлде басқа халықтың ортасына барғанда, өзің бұрын бойыңнан байқай бермейтін қабілеттерің ашылуы да ғажап емес. Ал иығыңа жолдорбаңды асынып алып, барар жерің мен басар тауыңды екшемей-ақ, тек бағытыңды ғана анықтап алып шыққан саяхаттың жөні мүлдем бөлек екен. Қазақ мұндайда «Жүргенге жөргем ілінеді,» – деп жатады ғой, жоспарсыз саяхаттың қызығы да, шыжығы да көп екен, соған көз жеткіздім. Діттеген жерімізге жететін транспортты, түнде қонатын жерімізді еш жоспарламастан барған Өзбекстанға саяхатымыздан көр нәрсені түйіп келдік.
Біз Өзбекстанға баруды Наурыз мерекесіне орай тураладық. Өйткені бізде бұл түркі халықтарына ортақ мерекені көрші ел қалай тойлайтынын көру ниеті болды. Жиналып бара жатқанымызда: «Сендер Өзбекстанға шетел деп кетіп барасыңдар ма?» - деп келеке қылғандар да болды. Иә, іргемізде-ақ тұрған жер, бірақ шекараның ар жағында бізден мүлде өзгеше әлем бар. Тіпті, мен сол жақтан өзімнің бала күнімде жоғалтқан аппақ шынайы көңілді қайта тапқандай болдым. Сол бір риясыз пейілді ұмытқандай-ақ екенмін, олардың құрақ ұшып күткеніне алғашында секем ала қарадым. Бейтаныс адамдардың да жақсылық ойлап, асты-үстіңе түсіп, аппақ пейілмен бар жәрдемін аямай жақсылық жасай алатынына күмәндандым. Сенімге неге және қашан селкеу түсті білмеймін де. Әйтеуір, адамдардың еш себепсіз жақсылық жасайтыны мүмкін еместей болып кетіпті мен үшін. Біреуге еш себепсіз жақсылық жасап, пайдаңды тигізе жүру – жұмыр басты пенденің басты міндеті екенін Тәжікстанға 3 км жердегі, Самарқанның Ургут ауданындағы Джартепа деген қишлақтың Ғайрат пен Назакот деген тұрғындары ұғындырып жіберді.
Әлқиса, 22 наурыз күні біз Ташкенттің орталығынан Наурыз мерекесіне арналған үлкен «тәнтананың» куәсі болдық та, кешкісін Сабыр Рахимов атындағы автовокзалдан Самарқанға дейін көлік жалдап, жолға шығып кеттік. 310 км шақырым жерге бір салонды небәрі 120000 сомға жалдағанымызға мәзбіз (теңгеге шаққанда шамамен 5600 теңге). Жолай жүргізушіміз:
– Жатар жерлеріңізді қамдап қойғансыздар ма? - деп сұрады.
– Жоқ, - дедік.
– Қазір мереке болғандықтан жан-жақтан туристер өте көп келуде, бос орынның табылуы өте қиын, - деді.
– Барған соң көрерміз, - деп табатынымызға сенімді болып біз отыра бердік. Ал жүргізуші ағай қолына телефонын алып, әлдебіреулерге қоңырау шалып, бізге қонақ үйден орын іздей бастады. Бірнешеуіне хабарласты, ешжерден орын табылар емес. Одан әрі жалға берілетін пәтерлерге де телефон шалды. Мүлде орын жоқ болып шықты. Жүргізушіміз сонда да тоқтамай, бізге орын іздеумен болды. Ынты-шынтысымен, бар энергиясын жұмсап, біздің қамымызды жеп, бәйек болған оған қарап, біз бұл кісі делдал, өз адамдары бар, соларға клиент тауып беріп, соның үстінен өзінің үлесін алып отырады,» – деген арам ойға кетіп отыра бердік. Төңірегімізге көзімізді тастап, сынай қарап отырмыз. Жазық дала, кей-кейде бір-біріне жалғасқан өзбек тамдары. Сағат тілі ақшам намазының уақытына келгенде, жүргізушіміз намаз оқып алуға рұқсат сұрап, жайнамазын алып, айдалада Құдайының алдындағы парызын өтеп алды.
Біраз уақыт өтіп, біраз жолды да артқа тастап, Джизах төңірегіне келгенде бір асханаға тоқтап жүргізушіміз:
– Мын жерге тоқтайын, дәм татып алыңыздар, – деді. Біз ішімізден:
– Әә, бұл кафенің иесінен де адам әкелгені үшін үлес алатын боп тұр ғой, – деген ойға кеттік (Себебі «Алматы-Шымкент» немесе «Нұр-Сұлтан-Шымкент» бағытында қатынайтын автобус жүргізушілері үнемі тек бір ғана асханаға тоқтайтынының себебі осылай деп естігенім бар). Әйгілі Джизахтың самсасымен, ошымен («ас», өзбектер палауды осылай атайды) жүрек жалғап алған біз көп ұзамай, түнделетіп Самарқанға да жеттік. Түнгі қаланың сұлулығы көздің жауын алады. Біз соған тамсанып қарап отырмыз. Жатар жерімізді қамдамағанымызбен еш шаруамыз жоқ. Бізді көбірек жүргізушіміз ойлап жүр. Негізі ол бізді Ұлықбек обсерваториясының қасындағы автовокзалға тастап кетуі керек болған, бірақ көшеде қалдырмай, бізге түнеп шығатын жер іздеп, көмектесіп жүр. Түнейтін жер табуымыз керек екендігі бір сәтте бізді де ойландыра бастады-ау, әйтеу. Телефонымыздан біз де қонақ үйлер мен хостелдерді қарастыра бастадық. Картада көрсетіп тұрған қонақ үй мен хостелдарға шетінен кіріп орын сұрадық. Еш жерде орын жоқ.
– Мұндай да болады екен-ау, – деп таң қалып қоямыз да, түннің бір уағы болса да, біз саспаймыз. Серіктерімнің бірі:
– Саяхатқа шыққанда, қонақ үйге емес сол қаланың бір шаңырағына кіріп, солармен бір дастархан басында болып, әңгіме-дүкен құру керек екен. Сонда сен сол халықтың дәл сол сәттегі хал-ахуалымен танысасың, қандай ұлттық ерекшелігі бар, оған да қанығасың. Әрі, әсері де өзгеше болады, - дегені.
– Иә, тарихы, тарихи орындары жайлы кітаптан немесе ғаламтордан да оқып алуға болады, – дедік біріміз.
– Ендеше, өзбектердің мәхәлласын көре кетпедік пе? Бірінің есігін: «Құдайы қонақпыз,» – деп қақсақ кіргізер, – деп бір күліп алдық. Қаланы кезіп, түнейтін бір бұрыш іздеп әлі жүрміз. Бір кезде:
– Енді қайтеміз? Вокзалға барып түнейміз бе? – деп шын саса бастадық. Сонда жүргізушіміз:
– Жоқ, мен сіздерді вокзалға қалдыра алмаймын. Менікіне барасыздар, – дегені. – Жаныңызға не керектің бәрі бар. Тек, қаладан 40 минуттық жерде.
Онсыз да әбден әбігерге салып келе жатқан біздің де ұятымыз оянып:
– Ооо, жоқ, енді олай әурелемей-ақ қояйық, - дедік. Көз шалған тағы бір қонақ үйге кірдік. – Орын жоқ. Жүргізушіміз әлдебіреуге хабарласып:
– Орын дайындап қоя беріңдер, – деді. Біз кімге айтқанын тәптіштеп сұрамадық.
– Қонақ үй табылмас, бізге жалға берілетін үй немесе бөлме тауып беріңіз, - дедік амалсыздан. Әкамыз жоқ демей, бізді бір мәхәллаға алып келді. Бір-біріне жалғасып кеткен, биік-биік дуал-қабырғаларға қарадық та:
– Дәл осы жерден орын табылса, біз өзбек халқының тыныс-тіршілігі мен өмір сүру салтына әбден қанығатын болдық. Бұл сапарымыз бір ғанибет болғалы тұр, - дедік. Сол мәхәлладан бір кісі жолыға кетіп, жөн сұрасқан соң:
– Хәулім бар, барып көріңіздер, – деді. Бір тесік-саңылауы жоқ, жалғасып жатқан, лабиринт секілді жолдармен жүріп, жетіп бардық әлгі әкамыздың хәулісіне. Бір жаман құжыра екен. Әуелі бергеніңді аламын деп тұрып, біздің амалымыз құрығаннан қаламыз дегенімізде, бірнеше сағат үшін 250000 сом сұрай қалғаны (теңгеге шаққанда 12000 теңгедей). Ташкенттің табалдырығын аттағалы тап-таза көлдей көңілге шомылып келе жатқан біз үшін әлгінің пейілі сондай тар болып көрінді. Кенет бізге: «Неге осы ақшаны бізді «әй» деместен, асқан сабырымен әрі-бері неше сағаттан бері тасып жүрген азаматтың қалтасына қалдырмасқа,» – деген ой келді. Ол да «Құдай» деген жан екен, бізді Самарқанға жеткізгені үшін төлеуіміз тиіс ақшаны да сұрамай келеді. Біздің таксистердің көлікке отырмай-ақ жолдың ақысын өндіріп алатын пысықайлығы бар емес пе? Ол, тіпті, көлігіне жанар-жағармай құйған сәтінде де бірауыз сұрамады. Өзінің сабыры да сарқылмайтын жан екен. Осындай адами қасиеттеріне риза болған біз де ақшамызды жинап, қомақтылау қып қолына ұстатқанбыз. Ал ол ат-тонын ала қашып:
– Жолдың ғана ақшасын аламын, – деп тұрып алды. Бір Қызырға жолықтық па деп біз таңбыз. Түн ауа үйіне де бардық. Тәжікстанмен шекарадан 3 км бері Джартепа деген қишлақ екен. Таулы аймақ болғандықтан, ауа райы Самарқаннан әлдеқайда суық. Бізді әйелі қарсы алды. Ол да жылы жүзді, жарына сай жан екен. Біздің асты-үстімізге түсіп, барған уақытымызға қарамастан, Самарқанға ғана тән ерекше тандыр наны мен көк шәйін беріп, бәйек боп күтіп жүр. Шәйін іштік те, жатып қалдық.
...Таңертең тұрсақ, үй иесі жоқ екен. Таңғы бесте Бұхараға жолаушы тасымалдап шығып кетіпті (өзінің жаны сірі, еңбекқор да екен).
Әйелімен таңғы шәй кезінде сұрасып, таныстық.
– Сіздер секілді қонақтар біздің үйімізде көп болады. Үйреніп қалғанбыз. Еш қысылмаңыздар. Өз үйлеріңіздей көріңіздер, – деді қысылып отырған төртеумізге қарап. Өзі қалаға дейін көлікті де тауып берді. Қайтар кездеріңізде күйеуіме хабарласыңыздар, өзі шығарып салады, – деді.
Өзінің үш баласына қосып, жетім қалған кішкентай баланы да бауырларына басқан бұл отбасыға ішіміз жылып, түнде отағасы алмаған ақшаны:
– Балаларыңыздың несібесі, қайтармаңыз, – деп әйелінің қолына ұстаттық. Қазақстанға шақырдық. Қонаққа. Біздікілер осылай күте ала ма деген ойда қалдық. Тек көлікке отырарда ғана ат сұрастық. Есімі Назакот екен.
Кешке дейін Самарқанның сырына әбден қанығып, қас қарайған сәтте ғана біз Ташкентке қайтуды ойладық. Назакоттың күйеуіне телефон шалдық. Ол Бұхарадан келе жатыр екен. Ешқайда кетпей, күтуімізді сұрады. Бізді Регистан маңынан әкетіп, автовокзалға апарып, көлік тауып шығарып салды. Қолына ақша ұстатсақ алмады. Қазақстанға шақырдық. Қонаққа. Біздікілер осылай күте ала ма деген ойда қалдық. Тек көлікке отырарда ғана ат сұрастық. Есімі Ғайрат екен.
...Жол бойы біздің қазақта, жалпы адам баласында Ғайрат пен Назакоттыкіндей адамдарға деген сенім мен аппақ пейілдің жоғалып бара жатқанын ойладым. Әлемде тек жақсылық салтанат құрсыншы деген ниетпен, өзім дәйім адамдардың бойынан іздеп тұратын, талайдан таба алмай, жоғалтып жүрген тап-таза пейіл барша адамға жұқсыншы деген ниетпен бүгін қағазға түсірдім. Сол ерлі-зайыптылар көпке үлгі бола алатындай.
P/S: Жолыңыз түсіп, Самарқанға бара жатсаңыз Ғайрат пен Назакоттың үйіне соға кетіңіз. Бәлкім, сіз де осы шаңырақтан іздегеніңізді табарсыз. Сіздің де мұздаған жүрегіңіз жылынып қайтар.