Weekend

Тұлға болу тұрғысында жапондардан нені үйренуіміз қажет?

Әлемдік жаһандану құбылысы, мәдениеттер мен өркениеттер қақтығысындағы дамудың озық үлгілері бізге жапон философиясының ілкі элеметтенін танып-білуді, оқып, зерттеуді талап етіп отыр. Себебі, отаршылық кісенінен аман қалған әлем тарихындағы бірден-бір мемлекет – Күншығыс елі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Баршамызға аян АҚШ әскери-әуе күштері 1945 жылы алтыншы және тоғызыншы тамыз күні Жапонияға атом бомбасын тастады. Кесірі көп қарудың елдің кеудесін тескеніне қарамастан Жапония бүгінде экономикалық дамудың шырқау шегіне жетті. Халқының басым бөлігі кедей, жері таулы-қыратты мемлекеттің бұлайша дамудың озық үлгісін жасауының сыры неде? Тарихшылар мен экономистер бұл жағдайды мемлекетте жүргізілген 1946-1949 жылғы аграрлық реформа мен мемлекеттік құрылымның жаңартылуы, білім беру саласының демократияны қабылдағандығымен байланыстырады. Саясаткерлер 1950-1953 жылғы Корея соғысында әскери тапсырыс артып, өнеркәсіпке деген сұраныс жанданды, содан мемлекет 1960 жылдардың аяғында дамыған елдер арасында АҚШ-тан кейінгі орынға табан тіреді деп баға береді. Байқасақ, Қазақстан да өз тарихи баянында «Сауатсыздық жойылсын» тұжырымын, ЖЭС-ті(Жаңа экономикалық саясат), Екінші дүниежүзілік соғысты басынан кешірді. Орталық Ресей мен Украинадағы зауыттар мен мәдениет ошақтары Қазақстан жеріне көшірілді. Санамалап айтылар деректердің уақыты мен тарихи маңызы жағынан ұқсастықтары көп. Тек, бір анығы, Қазақстан орталық Мәскеудің жүйесін қабылдады. Жапониядағыдай емес, ұлттық құндылықтар аясында қалыптасатын мемлекеттік құндылықтар екінші орынға ысырылды. 



Жапониядағы халықтық педагогиканы зерттеушілер көбіне мемлекет дамуында: «кайдзен» мен «икигай» жүйесінің айрықша маңыз танытқандығын атап айтады. Кайдзен – күнделікті үзіліссіз жүзеге асып отыратын әрекеттердің жиынтығы, икигай – адам өмірінің мәні: қызмет, іс-әрекет, мақсат. Қазір материалдық қажеттілік дендеген заманда жұмыр басты пенденің барлығы жан сұранысының қанағатына орай әрекет етеді деп айту қиын. Ілініп-салынып, ертеңгісін жұмысқа әрең оянатындар – өз «икигайын» таппағандар.  Ал жекеменшік «икигайды» қалай тауып, қайдан болады?

Өз қызметіңді жүзеге асыру, әрине, сізден мол қаржы мен тасқынды энергияны, ұзақ уақытты қажет етеді. Сізге әлі талай таңдау жолайрығында маңызды әрі батыл шешім қабылдау қажет болады. Өкініштісі, көптеген адамдар сауатты таңдау жасай білу қажеттілігін өте кеш ұғынып жатады. Қаншалықты өз икигайыңызды іздеуді ерте бастасаңыз, сәйкесінше, көңіл тоқтығы мен тіршілігіңізге қанағаттануды соншалықты ертеден сезінесіз. Төмендегі аталғандар сізге өзіңізді толық тануға, «икигайыңызды» бағамдауға көмек береді.

ЖЕТІСТІК

Бағындырған қай белесіңізді ең құнды деп танисыз? Қолыңызға парақ алып, өзіңіз мақтан тұтатын 2-3 жетістігізді жазыңыз. Жазылғандар болашақта сіздің жүрегіңіздегі икигай нүктесін дөп басуға септесері сөзсіз.

БІЛІМ

Сіздің негізгі біліміңіздің мазмұны неден тұрады? Өзіңізді қай салада кәсіби шебер санайсыз? Ынтызарлықпен қай салаға қатысты оқыған кітабыңызды баяндар едіңіз? Бос уақытыңызда көбіне қандай сайттарды ақтарасыз?

СЕЗІНУ. 

Өзіңізді суда жүзген балықтай еркін сезінетін жұмыс – сіздің қызметтік өсуіңіздің кепілі. Бірақ, табыспен қатар бақытқа қол жеткізгіңіз келсе, жанқалауыңыздың сұранысы не, сонымен айналысқаныңыз дұрыс. Жүрегіңізбен жанаспайтын қызметте табысты болуыңыз икигай талаптарын өтей қоймайды. Ең бастысы, - жүрек қуанып, көңіл сенетін жұмыс. Өмірде осыған мән беру қажет.


ӨЗІНДІК БАҒАЛАУ

Өзіңізді армандарыңыздың жетегінде қалай елестетесіз? Мұғалім, заңгер, кино маманы, фермер? Сіздің өзіңізге бұлайша баға беруіңіз алдағы уақытта сол үдеден шығуға барынша тырысатын мақсатыңызға жалғасуы бек мүмкін.

ДАРАЛЫҚ

Әр адам– жеке тұлға. Жімле ғаламда бірдей екі адамды кезіктірмейсіз, сондықтан даралыққа орай табылатын қызмет жолдары да әрқилы. Өз ерекшелігіңізді бажайлау көмегімен сіз жаныңызды рақатқа бөлейтін дүниелерді, сондай-ақ көңіл қылыңызды тербемейтін талпыныстарды аңдайсыз.

Икигайды іздеу жолында сіз үшін ең нақты міндет-мақсаттар алдыңғы қатарда тізілген, кейіні маңыздылығы жағынан екінші, үшінші инстанцияға орнығатын атаулар бар арнайы картаны жасақтауға болады. Картада сіз үшін бағалы, онымен айналысқанда нәтиже беретін таңдаулар көрсетілуі керек.




Сөз соңында–Стив Джобс:

Сен жаныңмен қалайтын дүниені табуға міндеттісің! Жаныңды салып айналысар қызмет табу – жүрегіңнің жартысын, өмірлік серігіңді тапқаныңмен бірдей. Атқаратын қызметің өміріңнің көп бөлігін қамтиды, сондықтан оны сезін, сүй, оның зейнетін – шынайы сүйіп қана көресің. Егер сен әлі өзіңді көретін қызметті таппасаң, іздеуді жалғастыр. Тынба! Жүрегіңе ұялаған барлық нәрсе секілді өз салаңды жолықтырғанда да түйсігіңде қуаныш дәні тамырын жаяды. Кез кезген керемет байланысулар секілді жұмысыңа деген қызығушылық та уақыт өте келе артпаса, кемімейді. Сондықтан, ізде, бір сәтке аяңдама, жолықтырмайынша тыныштық таппа!