Саясат

«Тоқаевтың Қазақстаны қандай болмақ?» Президент сайлауы жайлы әлемдік БАҚ пікір білдірді

Қазақстан Орталық Азиядағы ең табысты мемлекеттердің бірі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ұлыбританиялық «South Front», америкалық «The Spektator» мен «The Washington Times», кореялық «The Korea Times», Жапонияның «Nikkei Asian Review» агентігі, «Российская газета» және тағы басқа әлемдік БАҚ құралдары Қазақстандағы Президент сайлауы жайлы жан-жақты ақпарат таратып, мақала жариялап жатыр.

Ұлыбритания - «South Front»

«South Front» аналитикалық порталы 10 маусымда «Қазақстандағы биліктің ауысуы: Тоқаев президенттік сайлауда жеңіп шықты» («Transition of power in Kazakhstan: Tokayev wins presidential election») деген мақала жариялап, еліміздегі сайлау процесі жайлы былай дейді: «Қазақстан қазіргі таңда Орталық Азиядағы ең табысты мемлекет саналады. Себебі, елдің өзіндік өнеркәсіптік қуаты мен дербес экономикасы бар. Елдегі саяси және әлеуметтік ахуал тұрақты. Аймақтағы басқа мемлекеттерге қарағанда терроризм қаупі төмен. 2000 жылдары Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуі негізінен Назарбаевтың саясатының арқасында бекігенін атап өту керек», - дейді мақала авторы. Ұлыбриятаниялық баспасөз құралы мақаласында «Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы саясаттағы бағытын жалғастыратынын мәлімдеген болатын», - деп атап өтеді.  

АҚШ - «The Washington Times»

«The Washington Times» газеті 2019 жылдың 6 маусымында «Қазақстандағы сайлау өңірді ілгерілетуге көмектесе алатынын» ("An election in Kazakhstan could help a region advance") былайша баяндаған: «Ортаазиялық ұлт - Қазақстан жексенбі күні президенттік сайлау өткізеді. Конституцияға сәйкес, оны Парламенттің жоғарғы Палатасының бұрынғы спикері Қасым-Жомарт Тоқаев ауыстырды. Кез келген күмәнге қарамастан, бұл сайлау қазақ халқы мен өңір үшін тарихи мүмкіндік екені анық. Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап бірте-бірте саяси және экономикалық реформаларға ұдайы жылжып келеді. Саяси тұрғыда шегініп бара жатқан Ресей мен Украинадағы әлеуметтік проблемаларға қарағанда Қазақстанның жағдайы жайлы. Әлбетте, жексенбіде өтетін сайлау Қазақстанның проблемаларына нүкте қоя салмас. Бірақ, елдің өзгеруіне сеп болары айқын», - дейді әлемдік деңгейдегі әйгілі басылым.

Франция - «Le Figaro»

«Қазақстандағы президент сайлауында қандай мәселелер өзекті болуы мүмкін?» («Quels enjeux pour les élections présidentielles au Kazakhstan?»). Франциялық басылым Қазақстандағы сайлау жайлы осы сұраққа жауап іздепті. «Қазақстандағы электоралды процесс Францияның ғана емес, бүкіл Еуропа одағының мүддесін бір жанап өтері сөзсіз. Себебі, бұл елдің аумағы әлемде тоғызыншы орында, екіншіден, постсоветтің елдердің ішінде экономикасы қарыштаған алдыңғы қатарлы мемлекет. Үшіншіден, бұл ел экономикасы дамыған 40 мемлекеттің ішіне кіреді. Әлемдегі мұнай мен металл түрлерін шетелге тасымалдайды. Уран өндіру бойынша көшбасшы. Қазақстанның экономиалық мүмкіндіктері аймақта ықпал жүргізуге жетіп жатыр», - деп жазады француз басылымы.

Германия - Deutsche Welle

Германиялық «Deutsche Welle» агентігі де еліміздегі сайлау науқанын назардан тыс қалдырмапты. «Қазақстандағы тарихи сайлау демократияның иісін үдете түсті» («Historic Kazakhstan election sparks hope for a taste of democracy») атты мақалада сайлаудағы кандитаттар арасындағы басты үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев екені аталып өткен. «Ол биліктегі ең жоғары лауазымдарда болды. Сыртқы істер министрі, Премьер-министр, Сенат спикері қызметтерін атқарды. Тоқаев Қазақстанның өтпелі кезеңінде Назарбаевтың саяси мұрасын жалғастыратын болады. Ол қазақтың жетекші партиясының атынан сынға түсті. Назарбаев бұдан бұрын Тоқаевтың «елдегі ең жоғарғы лауазымға лайықты тұлға» екенін айтқан болатын. Совет одағы құлағаннан кейін Назарбаев Қазақстанды басқарып келе жатыр. Ол - постсоветтік елдердің ішінде өз лауазымын қалдырып кетіп бара жатқан жалғыз көшбасшы», - деп жазады неміс басылымы.  

Ресей - «Московский Центр Карнеги»   

Ал ресейлік «Московский Центр Карнеги» баспасөз құралының 10 маусымда жарияланған «Режимнің деперсонализациясы. Тоқаевтың Қазақстаны қандай болмақ» атты мақаласында Қазақстан мен Өзбекстандағы биліктің ауысуы салыстыра жазылған. «Қазақстанның ерекшелігі мынада: Нұрсұлтан Назарбаев өз қалауымен орнынан кетіп, Дэн Сяопин және Ли Куан Юмен бір қатарға жайғасты. Назарбаевтың жетекшілігі кезінде Қазақстан мұнайдан түскен қаражатты тиімді түрде пайдалана отырып, экономикалық жаңғыру жолынан өтті. Елге біршама ірі инвесторлар келіп, солардың салығының арқасында Ұлттық қорға біраз қаражат аударылып жатыр. Ресейлік басылым Президент болған Қасым-Жомарт Тоқаев тәжірибелі дипломат ретінде елдің сыртқы саясатын жалғастырып, ел ішіндегі мәселелер Премьер-министрге жүктелетінін баян етеді.    

АҚШ - «The Spectator»

АҚШ-тағы «The Spectator» басылымы 8 маусымда «Сайлау алдындағы қарбалас және Нұр-Сұлтандағы кеш» («Election fever and party favors in Nur-Sultan») атты мақалада Қазақстан Американың жақын одақтасы екенін атап өтеді. «Жексенбіде Қазақстанда көптен күткен президент сайлауы өтеді. Қазақстан - геостратегиялық тұрғыда аймақтық держава әрі АҚШ-тың жақын одақтасы. Тәуелсіздік алғаннан бастап постсоветтік мемлекет саяси және экономикалық тұрғыда барынша жаңғыруды көздеді. Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Ержан Қазыханов осы аптада Қазақстандағы сайлау «әріптестерімізге біздің ұлт ретінде қаншалықты алға жылжығанымызды» көрсететінін жазды», - делінген мақалада.      

Қытайлық ақпарат агенттігі 8 маусымда «Қазақстандағы сайлау аймақтың дамуы үшін маңызды» атты мақала жария етті. Онда Тоқаевтың саяси бәйгеде өзге кандидаттардан гөрі мүмкіндігі мол деген сарапшылардың пікірі келтірілген.  Саясаттанушылардың пікірінше, Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлықпен тиімді күресе алады. «Тоқаев туралы сөз қозғаған кезде көптеген сарапшылар Қазақстанның сыртқы саяси бағдары бұрынғыша қалатынын, аймақтағы өзге саяси ойыншылармен достық қарым-қатынасты құру қағидаттарына адалдық танытатынын айтады. Тоқаев бұдан бұрын да Тұңғыш Президенттің жолымен жүретінін мәлім еткен еді. Яғни, ішкі саясатпен бірге, сыртқы саясатта да сабақтастық сақталады», - деп жазады қытайлық басылым.    

Оңтүстік Кореяның басылымында да Қазақстандағы сайлау жайлы «Ядролық қарудан демократияға» («From nukes toward democracy») атты мақаласы жарыққа шыққан.

«Сайлаудың тағы бірі аспекті - электоралды процестің әділдігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға деген мүмкіндік. Қазіргі уақытта Орталық Азиядағы демократиялық институттар дами бастады. Осыны ескерсек, Қазақстанның бұл бағыттағы қадамына тек қолдау білдіруге болады. Қазақстанның қазіргі Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудың транспарентті және қажетті стандарттардың бәріне сай болатынына уәде берді. Осы уәде уақыттың сынына шыдас бере ме? Бұл оппозицияның ешқандай кедергісіз жұмыс істеуіне байланысты болады. Мәселен, оппозиция атынан сынға түсіп отырған Әміржан Қосанов басқа кандидаттармен бірдей деңгейде басым дауысқа ие болу үшін ашық түрде науқан жүргізіп жатыр», - дейді кореялық басылым.

АҚШ - «The Las Vegas Sun»  

АҚШ-тың тағы бір басылымы Қазақстандағы сайлаудан екі күн бұрын да Қазақстандағы жаңалықтарды беріп отырған. Мәселен, «Қазақстан - жібек жолынан жоғары технологиялы автомагистральге дейін» атты мақалада («Kazakhstan, from the silk road to the high-tech highway») қазақстандықтардың жексенбіде сайлауға баратыны жазылған. «Өзінің сұхбаттарының бірінде Қасым-Жомарт Тоқаев қоршаған ортаға, әсіресе Каспий теңізіне - әлемдегі ішкі ең ірі су қоймаларының біріне маңыз беретінін жеткізген еді. Ол теңіз мұнай іздеу жолындағы бұрғылау салдарынан біршама жапа шеккен. Тіпті Тоқаев Қоршаған орта министрлігін құруды айтып қалған еді. Тоқаев осы сайлауда көп дауысқа ие болғанымен, өзінің алты қарсыласының тарапынан тартысты бәсекеге кез болары анық. Мәселен, оның қарсыластарының ішінде коммунистік көзқарастағы саясаткер мен шағын бизнестің мүддесін қорғайтын әйел үміткер бар. Сырт көзбен қарасақ, Қазақстандағы сайлауға әйел адамның түсіп отырғаны - ол жақта гендерлік теңдіктің орнай бастағанын білдірсе керек», - делінген мақалада.

«The Las Vegas Sun» Қазақстанның қазіргі таңда географиялық тұрғыда орналасуының өзіндік кедергілері де барын атап өтеді. «Мемлекеттің аумағы бүкіл Батыс Еуропадан үлкен. Ал халқының саны бар-жоғы 18 миллион. Ол жері бойынша әлемде тоғызыншы орын алатын мемлекет. Теңізге тіке шығар жолы жоқ. Қазақстан бес мемлекетпен - Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Түрікменстан, Қытай және Ресеймен шектеседі. Қазақстанды басқару - дипломатиялық шеберлікті талап етеді», - дейді мақала авторы.  

Түркиялық газет «Қазақстан тарихи сайлауға дайындық үстінде»

(«Kazakistan tarihi seçime hazırlanıyor») мақаласымен еліміздегі сайлау процесін қамтып өткен. «Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Кедейлік деңгейі он есе төмендеп, халықтың табысы тоғыз есе өсті. Егер тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан туралы «бұл мемлекет ұзаққа бармайды» деген жорамалдар болса, бүгінде Қазақстан әлемнің ең дамыған 50 елінің қатарына енді. Жаңа астана салынды. Міне, осындай сәтте Назарбаев өз қалауы бойынша президент қызметін тастап, «Елбасы», яғни «Ұлт көшбасшы» атағын алды. «Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы ретінде биліктің жаңа буыны басшыларының билікке келуін қамтамасыз етуді - өзімнің міндетім көремін» деген сөзі назардан тыс қалған жоқ», - дейді мақала авторы. Түркиялық газет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкаға кетуі елдің әкімшілік және конституциялық жүйесі тұрғысынан тағы бір нақты фактіні анықтап бергенін жазады. «Қазақстан тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуымен қатар, өз құрылымында көптеген салаларда - саясаттан дипломатияға дейін, экономикадан өнерге дейін тәуелсіздік жылдары даярланған кадрларды қалыптастырды. Әрине, Тоқаев - 9 маусымдағы президенттік сайлауда басты фаворит», - делінген мақалада. Жапония - «Nikkei Asian Review» «Nikkei Asian Review» ақпараттық агенттігі 6 маусымда жариялаған «Eurasian integration tops Kazakhstan election campaign» мақаласында бұл сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидат болып түспейтінін жазады. «Қазақстандағы президенттік сайлау Еуразиялық экономикалық одақтағы дебаттарды да бір жаққа шығаруы керек. ЕАЭО - постсоветтік республикалардың тобы.

Сарапшылардың есептеуінше, Назарбаевтың аталған экономикалық одаққа төраға болып сайлануы - саяси интеграцияға жол ашады», - дейді жапондық басылым.  

Ағылшын-түрік тіліндегі - «United World International»  

Тәуелсіз ағылшын тілді «United World International» талдау орталығы 2019 жылдың 9 маусымында «Қазақстандағы сайлау: Еуразиядағы геосаяси балансты сақтау» тақырыбымен («Elections in Kazakhstan: maintaining geopolitical balance in Eurasia») шыққан мақалада Қазақстанға Орталық Азиядағы ең дамыған мемлекет ретінде баға беріледі. «Қазақстан өзінің проблемаларына қарамастан, айтарлықтай жоғары экономикалық табысқа жетіп, Еуразияның қуатты ойыншыларының біріне айналды. Бұл ең алдымен, Назарбаевтың еңбегі екенін атап өткен дұрыс. Сыртқы саясатқа келер болсақ, бұл ретте Тоқаевтың басты міндеті - Қазақстанның сыртқы саясаттағы негізгі бағыт-бағдарын растап, еуразиялық ойын алаңында балансты сақтау болары анық. Биліктің кезең-кезеңмен ауысымын есепке ала отырып, Тоқаев еуразиялық интеграцияға ден қойып, аймақтағы Ресей, Қытай секілді ойыншылармен достық қарым-қатынасты сақтайды. АҚШ және Еуропамен іс жүргізеді», - делінген мақалада.   Ресей - Российская газета Қазақстандағы сайлау «Российская газета» басылымының «Назарбаевтан кейінгі екінші. Қазақстандағы Президент сайлауы» мақаласына мұрындық болып отыр. Ресейлік газетте бұл жолы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұңғыш рет сайлауға қатыспағаны жазылады.

«Халықаралық байқаушылардың мойындауымен сайлау процесі барынша үлгілі тәртіпте өткен. Азаматтардың сайлауға қатысу белсенділігі де жоғары. Сайлау учаскелері ашылғаннан бастап 9 сағаттың ішінде халықтың 65 пайызы дауысын беріп үлгерді. Сайлауға деген осынау қызығушылықтың себебі де белгілі - бұл жолғы сайлау бұрынғыдан ерекше. Мәселен, кандидаттардың осынша көп болуы қазақ сайлауында бірінші рет тіркелді. Сондай-ақ, сайлауға бірінші рет әйел кандидат қатысты. Ұлттық оппозицияның өкілі де бағын сынауда», - деп жазады «Российская газета

inform.kz