Weekend

Туған vs Туылған

Қай нұсқа дұрыс?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

"Туылған күнің құтты болсын!" деп тілек жазып, артынан сөз естіп жатамыз. Себебі, сөздің негізгі айтылуы мен жазылуы "туған". Бұл туралы көп дауа да болды. Филолог мамандардың әрі әдебиетшілердің айтуымен ғана қоғамдық деңгейде көтеріліп келе жатқан мәселеге кезінде Мұхтар Мағауин ағамыз да нүктесін қойған еді. Алайда, әлі де болсын екіұшты ойға келісе бермейтіндер бар. Сонымен нақты жауапты осылай ұсынуды жөн көрдік. 

Тілдік жүйеге сүйенетін болсақ, ТУАТЫН - ана, ТУЫЛАТЫН - бала, ТУЫЛУ - ырықсыз етіс. Бірақ қолданыста және әдеби нормада "туған" тұлғасы орнықты:

 

 

Туылған-туысқан → Туған-туысқан

Туылып-өскен → Туып-өскен
Туылған бауырым → Туған бауырым
Туылған жер → Туған жер
Туылған тіл → Туған тіл
Айтуылған → Айтуған
Жантуылған → Жантуған
Бір туылған → Бір туған
Туылған күн → Туған күн

 

Мұқтар Мағауиннің атақты «Туылған мен өлінген» атты мақаласынан:

«Туылған» сөзі жүрген жерде сауат та, түйсік те жоқ, қара қасқа надандық қана бар. Туылған!.. Қазақ тілінің табиғатына жат, түйеден түскен емес, жер астынан жарып шыққандай, сұмпайы, сөлекет сөз.

Мақал-мәтелдерде:

 

• Тура биде туған жоқ.
• Қазақ-қырғыз бір туған.
• Ит тойған жеріне, ер туған жеріне.
• Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас.
• Өгізге туған күн бұзауға да туар.
• Атадан жақсы ұл туса, елінің қамын жер, атадан жаман ұл туса, елінің малын жер.
• Атадан жақсы ұл туса, елінің туы болар.
• Жорғадан туған жортақ бар, батырдан туған қорқақ бар.
• Ат басына күн туса, ауыздығымен су ішер, ер басына күн туса, етігімен су кешер.
• Ат басына күн туса, айыл-тұрман садаға, ер басына күн туса, бастан құлақ садаға.
• Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі
және т.б.

 

Сонымен, қазақ тілі үшін ТУҒАН КҮН деу дұрыс екендігін көріп отырмыз. Ал басқа түркі тілдерінде қалай екен…

 

Бірінші топ - ырықсыз етіссіз:
• татарша - Туган көн
• басқұртша - Тыуған көн
• сібірше - Туған көн
• ноғайша - Тувган куьн
• құмықша - Тувгъан гюн
• қарашайша - Туугъан кюн
• малқарша - Туўгъан кюн
• қырымша - Doğğan künü

 

 

Екінші топ - ырықсыз етіспе:
• қырғызша - Туулган күн
• ұйғырша - Туғулған күн
• өзбекше - Tug'ilgan kun
• түрікпенше - Doglan gün

 

Бірінші топтағылар кіл қыпшақ тіл тобына жататын тілдер, ал екіншісіндегілер басқа екі топқа жатады. Қазақ тілі қыпшақ тіл тобы өкілі. Сонда "туылған күн" деп айтуды қолдаушылар өзбек, ұйғыр, қырғыз және түрікпен тілдерімен жақындасқысы келушілер ме?