Денсаулық
Нейробикамен шұғылдан
Күнделікті күйбең тіршілік. Жұмыс–үй, үй–жұмыс... Кешке жұмыстан шығып, сол өзіме таныс аялдамада, сол өзіме таныс автобусқа мініп, өзімнің әр күн сайын жүріп өтетін жолдарыммен үйге келемін. Кешкі шәйден соң, «жан-досым» телефонымды құшақтап, көзім ілінгенге шейін әлеуметтік желілерді «аралап» жатамын. Таныс оқиға ма ?!
Иә, бұл – жер бетіндегі 80-90% адамдардың өмір сүру қағидасы шығар. Осылай біз өз миымызды ақырындап «өлуіне» әкелеміз, яғни дамуына жол бермейміз. Бұрын мектепте жақсы оқысаң болды, сол білім өмір бойы азық болады деген ұғым жоқ қазір. Ғылым бір орнында тұрмайды. Қай жастағы адам болмасын, оның миы үнемі дамуды, үйренуді, өзгерісті қажет етіп отырады.
Ал, миымызды дамытып отыратындай бізде не уақыт, не шама, не ықылас, не жағдай жоқ. Осы жерде күнделікті «қағып қойған қазықтай» қатып қалған өмір салтымыздың ережесін өзгертуге нейробика көмектеседі. Нейрон (жүйке жүйесінің негізгі бірлігі) және аэробика (жаттығу түрлері) деген екі сөзден құралған бұл ұғымды американдық профессорЛоуренс Катц ғылымға енгізген. Аты айтып тұрғандай, нейробика – миға арналған жаттығулар. Бұл жаттығулар – есте сақтауды және көңіл-күйді жақсартып, жалпы мидың жұмысын белсенді етеді. Яғни, нейробика мидың үнемі таңданып отыруына, мидың жан-жақты жұмыс істеуіне негізделеді. Бір сөзбен айтқанда, кей-кездері миымызды «шокқа» түсіріп тұру керек.
Енді, нейробиканы күнделікті өміріміздің салтына қалай енгізсек, мысалы:
1. Автобусты өзгеру, жұмыстан кейін үйге қарай үйреншікті емес жолмен бару (әрине, күн сайын олай жасап тұру қиынға түсер, бірақ уақыт табылғанда жасауға тұрарлық)
2. Жұмыс үстеліндегі, үйдегі заттардың орындарын, киім-кию стилін өзгертіп отыру (бұл әдіс көңіл-күйдіде көтеруге септігін тигізері сөзсіз).
3. Таныс емес жерлерге бару (саябақ, дүкен, дәріхана, асхана, т.б.).
4. Газет, журнал, кітаптар оқу (оның ішіндеде, бұрын өзіңіз қызықпаған, мүлдем жаңа тақырыптарды оқып көріңіз).
5. Егер үнемі кинотеатрларға барып үйренсеңіз, енді театрларға барып үйреніңіз.
6. Оңақай (оң қолмен жазсаңыз) болсаңыз кей әрекеттерді сол қолмен жасауға тырысыңыз (тістерді тазалау, жазу, тарау). Тағы басқалары...
Бұл жаттығулар көптің бірі ғана. Осылай нейробика жаттығулары бірте-бірте өмірімізді күнделікті қайталана беретін бір сарыннан шығаруға септігін тигізеді. Әр адамның рутинасы әр түрлі. Соны қалай өзгерту керектігін, қандай нейробикалық жаттығулар жасау керектігін де әр адам өзі жақсы біледі. Миыңды қозғалтамын десең, өмір сүру дәстүріңді өзгерт. Басында жаттығу, ермек деп қараған дүние екі айдан кейін әдетке айналады. Әдет – адамның өмірін өзгертеді.