Отырған қыз орнын табады ма?!

Қоғамдық мәселе

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазіргі жаһандану, жаңару заманында барлығымыздың мақсатымыз айқын, міндеттеріміз мығым. Оңашада қалып, ойға берілген мезетте, отбасын құрып, отана атануға емес, жалақы тауып, жаңа отау сатып алғымыз келетіні рас. Мен еліміздегі жасы жиырма бестен асып, жұртшылықтың көзінде «отырған қызға» айналып бара жатқан арулардың атынан бір жазбамды ұсынсам деп отырмын. Жасыратыны жоқ, халқымыздың саны бірер жыл бұрын айтарлықтай өсіп, мөлшеріміз көбейіп, мәз болғанымыз рас. Дегенмен, статистикалық мәліметтер соңғы жылдары демографияның қарқынды өсу көрінісінің жоқ екендігін дәлелдеп келеді.

            Мұның себебін алыстан емес,алдымен өз басымнан,содан соң менімен жыры да мұңы да бір адамдардан іздей бастадым. Біздер неге отау құруға асықпаймыз? Ойымыздағы ойран салған мыңдаған жоспарлардың жетегінде жүріп, мансаптың құлына айналып бара жатқан жоқпыз ба осы? Себебі, таң атпастан, күннің көзін көрмей тіршіліктің қамына араласып кетіп, кештің қараңғылығында баспанамызға оралатын біздердің жеке өмірге жалпақ тілмен айтқанда «уақытымыз жоқ». Осындай жұмыс режиміне дағдыланып қалған жастар аптаның жалғыз демалысын демалу үшін арнайды. Бұл-бірінші себеп.

            Екіншіден, жоспарымыз тым көп. Отау құрған соң,баспана керек, асырау керек деген сылтаулардан бастап, материалдық қажеттіліктердің түбіне жете алмай жатамыз. Шындығына келгенде, ақылды ойға бұл-сылтау. Себебі, екі қолға бір күрек табылатын заманда, екінші қол тіптен көмекші болмай ма?!

            Материалдық қажеттілікті қойшы, әлеуметтік сауалнама жүргізу арқылы қоғамда жиі еститін тіркесті тағы бір мәрте тыңдап, көпшілік арулар «тұрмысқа шығатын сенімді жігіт жоқ» десе, жігіттер қауымы керісінше «адал жар бола аларлық қыздардың жоғын» жалау етеді. Сонда қалай болғаны?! Шындығына келсек, өзім де әлі «сенімді ер адамымды» жолықтырмағандықтан, нәзік жанды арулардың жанына жақын жігіттердің бойынан көре алмай қиналатын қасиеттер туралы айтып кетейін. Арулардың іздегені темір тұлпар мінген, шаңырағы жып-жылтыр, қалтасы қалың, көңілі тоқ адам емес, сенуге тұрарлық, бірлескен болашақта тіреу бола алар, қамқор қарапайым кісі. Қазіргі әлеуметтік желінің желіккен заманында жігіттердің де,қыздардың да бойынан шынайылықты көру қиындап бара жатыр. Жоғарыда аталған адами қасиеттердің үстіне, жоғары оқу орнын бітіріп, қажырлы еңбек етіп, жасы шектен сәл асып қалған қыздарымыздың ата-анасы,туған-туыс, көрші-қолаң, бір сөзбен айтқанда «жұрт не деп айтады?» деген қорқыныш елең етеді де тұрады. Өкінішке орай, өзімізден көрі, өзгенің көңілінен шығуды көбірек ойлайтын қоғамда өмір сүріп жатырмыз. «Таңдап жүріп тазға жолықты», «таңдағандағы ханзадасы осы болғаны ма?» деген сүйектен өтетін, аяздан суық, тастан ауыр, сүйексіз ащы тілдің тиегінде кетіп қалуға алаңдаймыз біздер. Шындық!

            Қыздарымызға қырық үйден тыйым салып, тұйықталып жалғыз қалып жатқан арулардың жасын білген мезетте, «отырып қалған» деген жылуы жоқ тіркес одан бетер тұйықтай түседі. Маңдайымызға жазылған біреу бар деп арқаны кеңге салып жүре беретін қазақпыз. Маңдайға жазылған адамға қарай қадам жасау керек те шығар қазіргі заманда? Адамның мінезі сан-түрлі. Жігіт те адам. Тым ұяң жігіттер де бар, тым сабырлы қыздар да бар. Осы уақытта «жеңгетайлар» көмек қолын созбаса, маңдайына жазылып тұрған адам сағымға айнау қаупін елемейміз біздер. Өкінішті.