Саясат

Қазақстанда балалардың 53 % тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген

Бұндай ақпаратты ЮНИСЕФ ұйымы жариялап отыр

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Шығыс және Орталық Еуропа, Орталық Азия елдерінде балаларға жасалатын тұрмыстық зорлық-зомбылық кеңінен таралған. Аталған елдерде барлық баланың тең жартысына жуығы қатыгездікпен тәрбиеленеді.

Бұндай ақпаратты ЮНИСЕФ ұйымы таратты. Ұйым жүргізген зерттеулерге сәйкес, өткен айда (2019 жылдың мамыры) Қазақстанда 1-14 жас аралығындағы балалардың 53 пайызы үйде озбырлықпен тәрбиелеу әдісінің құрбаны болған. Бұндай ахуалға ұшырағандардың 57 пайызы Қырғызстанда, 66 пайызы Сербияның ромалар тұратын елді мекендерінде тіркелген.

Баладан бас тарту және баланы интернат мекемелеріне өткізу - бұл да зорлық-зомбылық түрі. Осындай мекемелерде тәрбиеленетін балалар қорғалмағандар санатына жатады. Зерттеу нәтижесіне сенсек, интернатқа тапсырылған немесе қамау орындарына тап болған қыз балалар ұлдарға қарағанда сексуалдық және физикалық қорлыққа көбірек ұрынады екен.

Зорлық-зомбылық мектептерде де өршіп тұр. Мысалы Сербияда бастапқы мектеп оқушыларының 69 пайызы, орта мектепте оқитындардың 74 пайызы гендерлік зорлықтың кем дегенде бір формасына ұрынған. 

Интернетке қол жетімділік жақсарған сайын, балаларға көрсетілетін зорлық-зомбылық түрі де өзгеріп келеді. Мысалы киберқудалау, сексуалдық қанаудың онлайн түрі бар. 

Кәмелет жасқа толмай жатып отау құру секілді мәдени дәстүр де қыз балалар мен жас әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық қаупін арттырады.

Тұрмыстық озбырлық өзіне қол жұмсау оқиғаларының көбеюіне себеп болады. Мысалы Қазақстан суицидтен өлу оқиғалары бойынша әлемде алдыңғы орындардың бірінде тұр.