Weekend
Түркістан облысына 1 жыл толады
2019 жылдың 19 маусым күні Түркістан облысының құрылғанына 1 жыл. Атаулы дата қарсаңында, bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы еліміздегі ең танымал жас ақындардың түркі әлеміне ортақ қуаныш болған жаңалығы туралы пікірлерін жариялауды жөн көрді.
Еламан Хасен, «Өмірқос» жыр жинағының авторы: «Түркістан – болашағы жарқын өңір»
Тарихы терең мекеннің облысқа айналуы – оң бастама. Бұл өңірде халық өте тығыз орналасқан. Адам саны көп. Басым бөлігі – жастар. Демек, бүгінде жастарды жұмысқа тарту, сол арқылы өңірдің еңбек ресурсын арттыру басты мәселе. Алдағы уақытта Түркістанға ең керекті дүние – ірі өндіріс орындарын ашу. Жаңа өнеркәсіптер Түркістан қаласының маңында бой көтерсе. Халық тығыздығына байланысты бұл жердегі ауылдық елді мекендер бір-біріне өте жақын орналасқан. Онда қаншама азаматтар күн көріп жатыр. Оларды жұмыспен қамту керек. Бұл – бір. Екіншіден, Түркістан – еліміздің туризм орталығына лайық мекеннің бірі. Бұл да осы өңірдің басты ерекшеліктерінің бірі. Мұндағы тарихи нысандар мен ондағы тарихи жәдігерлер, көне ескерткіштер мен кесенелердің туризм үшін үлкен артықшылығы болмақ.
Ел арасына кең тараған: «Арыстанбапқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген қанатты сөзді бүгінде білмейтін адам кемде-кем. Түркістан қаласын ірі орталық ету Тәуелсіздік алған жылдардан бері Тұңғыш Президентімізден бастап зиялы қауым өкілдері арасында талай әңгіме арқауына айналғаны рас. Осының өзі Түркістан өңірінің киелі де қасиетті мекен болғанын сан ғасырдан бері айғақтап келе жатыр. Кезінде Түркістан қаласы – қазақ хандығының астанасы, қазақ халқының бас қаласы болды. Түркістан атауының бүкіл түркі жұртына мәшһүр болуы – сопылық ілімнің ірі өкілі Қожа Ахмет Ясауи ілімінің етек жаюымен және Ақсақ Темірдің жарлығымен салынған бүгінде күллі түркі жұртына әйгілі Қожа Ахмет кесенесімен байланысты. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі туралы ғалымдар, зерттеушілер ХVІІ-ХVІІІ ғасырдан бері жазып келеді. Осы бір ғажайып ескерткіш-кешен жайлы қанатты сөздер де кең тараған. «Мәдинада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет» деп, Түркістанды ерекше қала санайтындар да аз емес. Мұның өзі түркі ғана емес, шығыс халықтары арасында да Түркістанның қадірі мен қасиетін айғақтаса керек. Түркістан қаласындағы сәулет өнерінің көркем туындысы – Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ішкі-сыртқы бейнесі, оның төбесіне орнатылған шарлары, ішіндегі шырағдан (шамдал), Тайқазан, тағы басқа дүниелер өте құнды әрі бағалы жәдігер. Түркістан қаласы, Түркістан жотасы, Түркістан даласы, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, бәрі-бәрі Түркістанмен тығыз байланысып жатыр. Атап айтсақ, 1870 жылы баспадан шыққан «Туркестанские ведомости», «Түркістан уәлаяты» газеттері, сондай-ақ, 1872 жылдың 12-15 желтоқсанында Петербордағы Мордуховский атындағы №1 баспаханада жарық көрген «Түркістан» альбомы (1300 суретті қамтыған бұл кітап Кауфманның тапсырмасымен жасалған) және 1874 жылы В.В. Верещагиннің Орта Азия халқының тұрмыс-салтын бейнелеген «Түркістан» альбомы, 1994 жылдың 28 қаңтарында жарық көрген халықаралық «Түркістан» газеті сол қасиетті есімді қастерлеуден туған еді. Газетке «Түркістан» атауын беру туралы халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов, жазушы Дидахмет Әшімханұлы, тағы басқа азаматтар ұсыныс жасаған еді. Өйткені «Түркістан» – Орта Азия халықтарына аса қастерлі атау емес пе?! Айта берсек, зерделей білсек, Түркістанның тылсым сыры ашыла түспек. Түркістан – Есімхан, Тәукехан, Рабиға бегім, Қаз дауысты Қазыбек би сынды қазақ хандары, би-шешендері, сұлтандары мен батырларының сүйегі жатқан киелі қала. Заманы туып, облыс орталығына айналған қастерлі шаһар енді ұлтымыздың рухын көтеретін келешегі кемел Түркістанға айналмақ.
Ерболат Қуатбек, «Сынық айна» жыр жинағының авторы: «Өңір әлеуеті өркендемек»
Белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің 1991 жылы айтқан мына пікірін еске түсіріп көрейікші. «...Түркістан үшін қазақ халқының қаны көп төгілген, ол оның ең қасиетті орны. Үш жүз жылға жақын уақыт қазақ хандарының тұрағы – астанасы болған. Онда халқымыздың асыл азаматтары, ең қалаулы ұлдарының сүйегі жатыр. Оны қастерлемесек болмайды. Түркістанда облыс орталығы құрылса жақсы болар», – деп жазды. Яғни, Түркістан шаһарын облыс орталығына айналдырып, оның ауқымын кеңейтіп, мәртебесін арттыру ертеден бастау алды. Бұл тұрғыда қоғам қайраткерлері мен зиялылардың ойы бір жерден шықты десек болардай.
Түркістан қаласының облыс орталығы ретінде анықталуы – ел тарихының жаңа парағы. Облысында туризмді, ауыл шаруашылығының барлық бағыттарын, өнеркәсіп саласын дамыту үшін тың қадамдар іске асырылатыны анық. Яғни бұл қадам өңірдегі экономиканың, бизнестің, инфрақұрылым мен жолдың дамуына серпін бере отырып, Түркістанның тек киелі мекен емес, үлкен мәдениет орталығы, экономикалық ошағы ретінде дамуына мүмкіндік туғызады. Әкімшілік орталықтың көшірілуі жаңа жұмыс орындарын шоғырландырып, еңбекке жарамды халықтың басым көпшілігін жұмыспен қамтамасыз етеді. Жаңа әлеуметтік нысандар, тұрғын үй және басқа да жобалар қарқынды түрде жүзеге асырылады. Түркістан – ежелден сауда-саттықтың ортасы, ынтымақтың ордасы. Сондықтан, Түркістанды облыс орталығына айналдыру – сөзсіз Елбасының ең бір ұтқыр шешімі. Биылдан бастап қаланың Ұлы Жібек жолының бойындағы құндылығы арта түседі. Түркістан облысының туристік әлеуеті жоғары. Әсіресе туризм кластерінің басым бағыты көлік инфрақұрылымы қолайлы жолға қойылған. Облыстың орталығы Түркістан қаласы тарихи туризмнің алтын ұясы. Қала басында қала қонақтары мен тұрғындарына қажетті ойын-сауық орталығы, заманауи қонақ үйлер, мәдени-тарихи ошақтар, драма театры, мейрамханалар, салтанат үйлері, аквопарк, споттық демалыс нысандар, базарлар мен супермаркеттер толықтай талапқа сай салынған. Туристерге толықтай сапалы қызмет көрсете алатын орындар баршылық деген сөз. Тарихи туризм ошақтары көп облыстың табиғаты әсем, шежірелі өлкелері де жетерлік. Облыстағы ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, көне Отырар, Сауран қалашықтары, Отырар ауданындағы Арыстан баб кесенесі, Бәйдібек би ауданындағы Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелері мен Ақмешіт үңгірі, Түлкібас аудандарының қайталанбас әсем табиғаты, Ақсу-Жабағылы, Қаратау қорықтары, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі талай саяхатшыларды тамсандырған мекендер. Осы ретте орта ғасырлардағы көне Жібек жолының сауда-экономикалық белдеуі қызметін атқарған, транзиттік әлеуеті ерекше, даму перспективасы мен өзге де мүмкіншіліктері мол Түркістан қаласын аттас облыстың орталығы ретінде айқындау еліміздің руxани-мәдени бағдары ғана емес, экономикалық саясатындағы фискалдық дербестігі бар, ел бюджетіне донор аймақ ретінде қайта құрылымдауға мүмкіндік берері айқын болатын.
Ел тәуелсіздігінің бетбұрысты мезгілінде, жаңа мыңжылдықтың басында – 2001 жылы Алматы облысының орталығын Талдықорған қаласына көшіру арқылы стагнациядағы қаланы ғана емес, өңірдің экономикасын өркендетіп, еліміздегі аграрлық-туристік бағыттағы дамушы өңір деңгейіне жеткізгенін ескерсек, Түркістанның да әлеуетті мүмкіндіктерін пайдалану арқылы өңірде ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіпті дамытудың болашағы зор.
Облыс орталығында талай жылдан бері түркі әлемінің интеллектуалды орталығына айналған Халықаралық қазақ-түрік университетінің орналасқаны өңір экономикасының нақты секторынан өзге адами капиталды, жаңа инновацияларды дамытуына да жол ашады.
Осы жайттарды ескере келе Елбасымыз тарихи, батыл шешім жасады деген ойдамыз. Бұл Түркістан облысының тарихына мән беруге, оны қастерлеуге, экономикасы мен әлеуетін арттыруға жасалған жарқын қадам болатын. Яғни, тарихи шешім – өзінің толық жемісін береді деп сенеміз.
Арман Шеризат, «Тәңірқұт» жыр жинағының авторы: «ТҮРКІСТАН – жастардың ордасы»
Ер түріктің алтын бесігі саналатын Түркістан шаһары Түркістан облысының орталығына айналды. Түркістан облысы қаймағы бұзылмаған қазақтың қарашаңырағы. Берекесі ұйыған киелі мекен. Мағжан ақын жырлағандай: «Екі дүние есігі, Ер Түріктің бесігі». Түркі әлемінің рухани ордасы.
Елбасы Н.Назарбаев 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялап, жастарға қолдау білдіруді және отбасы институтын күшейтуді тапсырған болатын. Ал, Түркістан облысында жастардың саны 500 мыңнан астам адам немесе жалпы халық санының 25 пайызы. Облыстағы жастар туралы: «Өңірде жастармен тікелей жұмыс жүргізетін «Жастар ресурстық орталықтарының» жүйесі қалыптасқан. Орталықта «Бір терезе» қағидасы бойынша 8 бағытта «Жастарға қызмет көрсету секторы» жұмыс атқаруда. Жастарға психологиялық кеңес беру мақсатында 13-03 санды Саll-орталығы жұмыс атқарады. «Жас кәсіпкер» жобасы аясында, 2 млн. теңге көлемінде кепілсіз «ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығы арқылы 8 жоба қаржыландырылды. Биылғы жылдан бастап жас кәсіпкер кепілсіз 2 млн. теңгеге дейінгі жеңілдетілген несиені жылдық 4 пайызбен алатын болады. Ал, ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы ауыл-аймақтағы 200-ден астам жас кәсіпкерге төмен пайызбен (6 %) 1,5 млрд. теңге несие беру көзделуде», - деген Жансейіт Қансейітұлының сөзінің жаны бар.
Яғни, облыстағы жастарға мейілінше қолдау көрсетілмек. Бұл өз кезегінде шаһарға облыс мәртебесінің берілуінің де зор септігі тигенін айта кеткен жөн. Яғни, өте дұрыс әрі қажетті шешім болды. Себебі Қазақстанда жаңа өсу нүктесі құрылып жатыр. Миллионер қала Шымкент пен Түркістан жаңа облысы Қазақстан үшін ғана емес, Елбасы айтқандай Орталық Азия аймағы үшін де маңызды. Шымкент пен жаңа Түркістан облысының потенциалын қарасақ, бұл жерлерде өте ауқымды өнеркәсіп ошақтары мен білім беру мекемелері орналасқан. 90-жылдары Түркістанда Халықаралық Қазақ-Түрік университеті құрылған болатын. Қазір Қазақстандағы ЖОО рейтингісінде жоғары орында тұр, тіпті мұнда әр өңірден келген студенттер білім алады. Көлік пен логистика бойынша айтар болсақ, осы өңірде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транспорттық дәлізі өтеді. Енді әлеуметтік нысандар көбейеді, инфрақұрылым жаңарады, оның бәрі елдің дамуына күш-қуат береді.
Облыс орталығы Түркістан қаласының бір өзі Түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде талай туристі қонақжайлықпен қарсы алатыны анық. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістанды туристік қалаға, туризм орталығына айналдыру күн тәртібіндегі негізгі мәселенің бірі екенін, жылына 1 миллионнан астам турист келетін аймаққа алдағы жылдары 1 миллионға жуық түркиялық туристің келуге дайын екенін айтқан болатын. Соған сай сервистік қызметтердің сапасын да жоғары талапқа сай етуді, қаланың туристік әлеуетін арттыру бойынша нақты қадамдық іс шара жоспарын бе-кітуді тиісті мекемелерге тапсырды. Облыс орталығы атанған уақыттан бұл жұмыстар барынша ұлғая түсті. Ежелден рухани астана саналған Түркістан қаласы туризм кластері бойынша дамып, жылына миллиондаған туристі қабылдайтын күнге жетеді деп сенеміз.
Елбасы Н. Назарбаев: «Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы Түркістан», — деген болатын. Түркістан шаһары облыс орталығы ғана емес, еліміздегі ұлттық болмысымыздың, рухани қазынамыздың орталығы. Түркі дүниесінің рухани астанасы. Енді Түркістан облысы түркі елдерінің басын біріктіріп, жақындастыра түсетін алтын көпірге айналмақ. Орта Азия елдері мен Түркия мемлекеттерінің жалпы съездері, мәдени-рухани бас қосулары, түркі мемлекеттерінің самиттері Түркістан шаһарында жалауын көтерсе өңірде экономика және әлеуметтік саланың тамырына қан жүгіріп, мәдениет, білім және рухани ағартушылық бағытта жұмыстар жанданады.
Жәнібек Әлиман, «Серт» жыр жинағының авторы: «Туризмнің орталығына айналар күн алыс емес»
Ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың «Түркістан» атты толғауындағы: Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан ер түріктің бесігі ғой... – деген өлең жолдарынан қаншама тарих сыр шертеді. Демек, Түркістан – түркі халықтарының, одан да кеңірек айтсақ, Шығыс халықтарының ақ ордасы, астанасы болғанын аңғарамыз. Тарихи құжаттар Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сол тұста-ақ әлемге белгілі болғанын растайды. Түркістан аты шығыс жазбаларында VІІІ-ІХ ғасырларда атала бастаған. Араб зерттеушісі Ибн Хордадбек Түркістанды «Түркілер елі» деп жазса, географ әл-Якуба бір еңбегіне: «Түркістан» деп ат қойған. Ал ХІ ғасырда өмір сүрген Махмұд Қашқари «Диуани лұғат ат-түрік» кітабында Түркістан қаласы мен оның аймағынан көп мысалдар келтіріпті. Сондай-ақ, ХІV-ХV ғасырлардағы жазба деректерде Сырдария өзенінің орта ағысында орналасқан: Сауран, Отырар, Сығанақ, Қарнақ, тағы басқа қалаларды «Түркістан қалалары» деп атаған. Шамамен осы мерзімде бұл өлке Түркістан аймағы деп атала бастайды. Кезінде ел аралаған, жиһанкез, тарихшы Фазаллах ибн Рузбехан: «Түркістан Сейхун (Сырдария өзені) өзенінің бойына орналасқан 30 қамалдан тұрады», – депті. Сонымен қатар ХV-ХVІ ғасырлардағы қазақ хандығы тұсында Түркістан қаласының маңызы зор болған. ХVІ-ХVІІ ғасырларда-ақ Яссы қаласының атауы қолданылудан қалып, Түркістан қаласы атала бастаған. Осы тарих беттерін парақтап отырып-ақ Түркісттанның тек қазақ халқының ғана емес, жалпы түркі жұртына ортақ тарихи маңызы зор мекен екендігіне көзіңізді жеткізесіз.
Шавғардан Түркістанға дейін Түркістан қаласының тарихы 2 мыңжылдықтан бері келе жатыр. Алғаш қала атауы Шавғар деген атпен араб жазбаларындағы деректерде кездеседі. Ол – ежелден Орта Азия мен Тұран даласындағы ең көне қала. XІV ғасырда Қожа Ахмет Иассауи кесенесі салынған кейін Түркі әлемінің діни орталығына айналды. ХV ғасырдан бастап Түркістан қаласы саяси және экономикалық орталық болды. 1598 жылы ол біржолата Қазақ хандығының астанасы деп танылды. Бүгінде Түркістан қаласындағы Қожа Ахмед Иассауи кесенесінде қазақ хандары жерленген. Қазақстанның тарихи туризм ошағы саналатын Түркістанның туристерді тартуға әлеуеті зор. Тек қана тарихи туризм аясында ғана емес, әлеуметтік мәдени, саяхаттау мақсатында, этнотуризм аясында туристерді тарта алады. Қожа Ахмет Иасауи, Есімхан кесенесі, Қазақ хандарының зираттары, ұлы астроном, ғалым Ұлықбектің қызы Рәбия Сұлтан Бегім мазары, Қылует жер асты мешіті, Құмшықата жер асты мешіті, ортағасырлық «Шығыс моншалары» сынды тарихи нысандарды нағыз туристік орталық десек болардай. Түркістан қаласының тарихи-мәдени туризмінің дамуына үкімет мейлінше мол назар аудара бастады. Бұл дегеніміз – туризм арқылы тек табыс алып келу ғана емес, Түркістандай киелі жерді әлемге танытып, паш ету. Ендеше, тарихы тереңде жатқан Түркістан шаһары – Қазақстандағы тарихи туризмнің басты жобасы әрі ЮНЕСКО мойындаған тарихи орын. Ендеше, осындай туристік мүмкіндіктері мол өңірдің облыс ориалығы болуы, былайша айтқанда, заңды да.
Елбасы Түркістан қаласына облыс мәртебесін беру шешімін қабылдарда: «Бұл қадам шаһардың теңгермелі әлеуметтік-экономикалық дамуына және бүкіл өңір тұрғындарының тұрмыс сапасының дәйекті түрде артуына тың серпін береді, – деген болатын. Ендеше, ол күн де алыс емес деп сенеміз.
Батырхан Сәрсенхан, «Мейірім ғаламшары» жыр жинағының авторы: «Түркістан – ел руханиятының ордасы»
Талай ғасыр артқа салып Түркістан тарихи мәртебесін қайта иеленді. Түркістан – тарихы тереңде жатқан, түркітілдес елдердің рухани астанасы. Киелі қаланы мекен еткен әйгілі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңында исі қазақтың мақтаныштары – 21 хан, 56 батыр, 21 би и 8 сұлтан және жүздеген игі жақсылар жерленген. Осыдан-ақ қазақ елі үшін Түркістанның ерекше құрметке ие екенін білуге болады. Облыс орталығы болғалы арада бір жыл өтті. Бұл уақыт Түркістан үшін аса маңызды кезең болды. Көне шаһар күннен-күнге көркейіп, заманауи келбетке ие болып келеді. Облыстың әлеуметтік-экономикалық саласы, рухани-мәдени бағытында оң өзгерістер орын алған.
Мерейтой аясында өңірде 46 шара өткізілмек екен. Оның бірқатары өткізіліп те жатыр. Мысалы, облыстың бір жылдығына орай «Түркістаным – Тұраным» тақырыбында облыстық музейлер мен кітапханаларда дөңгелек үстелдер мен кездесулер, суретшілер мен қолөнер шеберлерінің кеңейтілген көрме экспозициясы өткізілсе, Түркістан облысының көрікті орындары, түрлі оқиғаларынан сыр шертетін «Ұлы даланың Түркістаны» атты фотоэкспедициясы ұйымдастырылды. Сондай-ақ «Túrkіstan tórіnde» тақырыбында сұхбат-сырласу кеші ұйымдастырылып, елге танымал спикерлер түрлі тақырыптар бойынша ой қозғады. Жобаның алғашқы қонақтары – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, көрнекті қаламгерлер – Төлен Әбдік және Нұрлан Оразалин, сондай-ақ танымал жазушы, кинодрамматург Смағұл Елубай болды. Жүздесуді танымал жазушы «Алаш» халықаралық сыйлығының иегері Мархабат Байғұт жүргізді.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарияланғанына екі жылдан астам уақыт өтсе, осы уақыт ішінде Түркістан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының барлық басым бағыттары бойынша нақтылы жұмыстар атқарылды. Ел руханиятына серпін беретін жобалар қолға алынды. Облыста өңірлік комиссия, сарапшылар кеңесі мен Жобалық кеңсе құрылып, іс-шаралар жоспары бекітілді. Түркістан облысының тарихи және туристік орындары жөнінде ағылшын, қазақ және орыс тілдерінде арнайы роликтер әзірленді. Былтыр Түркістан облысының 25 қаламгерінің жеке сайттары әзірленіп, өңірдегі 10 ақын-жазушының кітаптары шығарылды. Бұл руханият саласына оң әсер береді деген сенімдеміз. Сонымен қатар, «Таңбалы тастар — бабалар ізімен» Түркістан Қаратау жотасы бойынша баспасөз туры өткізіліп, «Өлкетану» облыстық сайты ашылады. Тағы бір айта кетерлігі, «Таңғажайып Түркістан» атты әлеуметтік желі қолданушыларының байқауы ұйымдастырылды. Облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 6 басымдығы, яғни бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы негізінде 6 арнайы жоба әзірленіп, нақты іс-шаралар жүзеге асырылып келеді.
«Қазақстанның киелі жерлері» арнайы жобасы бойынша да ауқымды шаруалар атқарылды. Қасиетті жерлердің тізімін қалыптастыруға ұсыныстар әзірлейтін өңірлік жұмыс тобы құрылып, киелі жерлердің өңірлік картасының жобасы жасалды. Оған облыстағы 104 қасиетті киелі жерлердің тізімі «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығына ұсынылып, оңтүстіктен 24 нысан республикалық тізімге енгізілді. Бұл басқа облыстармен салыстырғанда саны жағынан екі есе көп көрсеткіш екенін айта кеткен артық емес.
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» арнайы жобасы бойынша дауыс беру арқылы облысымыздан 247 үміткер іріктеліп, 100 жаңа есімге 6 азамат енгізілді. Бүгінгі күні «100 жаңа есім» жобасына енген азаматтардың қатысуымен бірқатар іс-шаралар өткізілуде.
Түркістан облысының 1 жылдық мерейтойына арналған "Түркістанда түлеген төл тарихым" атты жас қаламгерлер байқауы мен жуырда ғана киелі мекенде “Түркістан – Ер Түріктің бесігі ғой…” атты республикалық әдеби байқауы өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Түркістан облыстық Ішкі саясат басқармасы және “Рухани жаңғыру” жобалық кеңсесінің ұйымдастырып отырған байқау тарихы тереңге тамыр тартқан, Елбасы Жарлығымен облыс орталығына айналған Түркістанның мәртебесін көтеру мақсатында қолға алынды. Ұлы Тұранның орталығы – Түркістанды насихаттауға арналған әдеби додаға республикамыздың кез-келген өңірінен қаламгерлер қатысуға мүмкіндік алды.
Алдағы уақытта «Түркістан төрінде» жобасы ай сайын өткізіліп тұрады. Оған Қазақстанның және түркі әлемінің көрнекті ақын-жазушылары мен қоғам қайраткерлері, спорт және өнер жұлдыздары, кәсіпкерлері, айтар ойы бар зиялы өкілдері қатысып, жұртшылықпен кездеседі.
Яғни, «Рухани жаңғыру» — бірнеше жылға ғана арналған емес, үздіксіз жұмыс істеуді талап ететін бағдарлама. Түркі әлемінің мәдени астанасы болған мекенде руханиятқа айырықша көңіл бөлініп, ел мәдениетінің асқақтауына өз үлесін қосып келеді.