Осыдан
бір айдан аса уақыт бұрын анасын ертіп, әлем кезіп, ана мен бала арасындағы жүрек
тебірентетін диалог жасап жүрген белгілі қоғам белсендісі, «Juz»
кітабының авторы Садық Шерімбектің жазбаларынан топтама беріп отырмыз.
– Апа.., «тумаған әйел» деген ат қаншалықты ауыр?
– Ееее, несін айтайын оның? Қанша жылдар өтсе де көкірегіңде
бір түйін кетпей тұрады. Құрғырды кетіре алмайсың ғой. Ол қайғының дертін
жеңуге болады. Бірақ, біздің айналамыз оны еш ұмыттырмайтыны жаман да, балам.
Әр қадамыңда сенен есесі кетіп бара жатса, соңғы қаруы соны айтып сені жеңгісі
кеп тұрады. Жас күніңде қапа боласың ғой. «Неге мен?» деп тағдырға ызаланасың.
Бірақ, жылдар өткен соң, ана болу деген әйелдің "тәндік қабілияті" емес, рухани қабілеті екенін түсіне бастайсың. Телебізірде
қаншама туып тастап кеткен қатындарды көрсетіп жатады. Хайран қалып отырамын
соларға. Қалай тастауға болады? «Өз туғаның бәрібір басқаша» деп жатады
кейбіреулер. Меһіріңді аямай берсең, бөтенің де өзіңдей боп кетеді ғой... Менің
сол "туған" қатындардан қай жерім кем екен қазір? Басқа-басқа менің
Құдайға "Бермедің!" деуге қақым жоқ, балам.
– 30 жыл арқаға қайтып бір нәрсені түзейтін
мүмкіндігіңіз болса не істейтін едіңіз?
– Өзім туатын едім, Сені...
Кеше таңертең анам екеуміз шәй ішіп отырып, өзімізден 8000
шақырым алыстағы Отанда болып жатқан сайлауды әңгіме еттік.
11 сынып оқып жүрген кезде, ҰБТ-ға кіретім емтихан пәндерімнің
екеуі нашарлау болды. Әйтеуір, күнде сабақтан кейін қолдан келгенше
дайындалатынмын. Бірақ, ол да жеткіліксіз болатын. Бірде сабақтан кейін 5-інші
кабинетте дайындалып отырған кезімде, бөлмеге еден жуушы апай кіріп келді.
Қанша жылдан бері көріп жүрсем де, ол кісіге бірінші рет мән бердім сол кезде.
Қолындағы шелегі мен швабрасын алды да, сулап жіберіп едерді жуа бастады. Мен
сабағымды оқып отыра бердім. Арғы бұрыштан жуып келе жатқан апайдың шаршаңқы
даусы қатты естілетін. Демалып, маңдайының терін сүртіп тағы да жууға кірісер
еді. Өте кәрі кісі болатын. Қанша уақыт жуғаны есімде жоқ. Әйтеуір, бір кезде
мен отырған жерге де жетті. Алдымды жуып жатып:
- Балам, аяғыңды көтере ғойшы! - деді. Сол мезет мен ол апайдың жүзін анықтап
қарағаным болды. Көздерінің астындағы әжімі дәл менің анамдікіндей екен. Қабағы
да қатты ұқсайтын. Әлгі сәт мен кідірдім де қалдым. Ол кісінің балалары кім
екен деп ойладым. Қартайған шағында мұздай суға әлі еден жуып жүрген не өмір
еді бұл? Менің ойымда егер мен білімді болмасам, егер менің меңгерген кәсібім
болмаса, ертең менің анамның да дәл осы кісінің орнында мұз сумен еден жууы
мүмкіндігі айнадай басыла кетті. Мен сол күнді ешқашан есімнен шығарған жоқпын.
Сол күннен бері білім алуды тоқтатқан жоқпын. Мектепте он сабақтан үштікке
оқитын адам Қазақстанның ең үздік университеттердің біріне грантқа түстім. Одан
кейінгі қандай жетістікке жеткен болсам, өзімнен бұрын анамды ойлап жасадым.
Білесіз бе? Бүгін мен сол анамның сенімінен бірінші рет селкеу
түсірдім.
- Апа, Қосанов деген керемет кісі. Ол кісі келсе, анық өзгерістер болады! Ол
кісі Президент болса, еркін қоғам боламыз! - деп сендірдім апамды. Түннің бір
уағына дейін анам өзі танымайтын "Әміржан" деген кісінің тілеуін
тілеп отырды...
- Сендер танисыңдар ғой. Егер, халықтың таңдауы болса, Алла алдынан жарылқасын!
- деп дұғасын да жасап қойды.
Мен өз анамның біздің ізгіленген қоғамды көріп кеткенін қатты қаладым. Мен
анамның еркін қоғамды көріп кеткенін қаладым. Өзінің ұлы сияқты білім жастардың
мына елді алға қарай сүйреп бара жатқан қоғамды көруін қаладым. Бірақ... Анам
елде жүргенде пікірі басқаша болатын. Ол кісі де көпшілік қарттар сияқты
"Тыныштық болсын", "Ең бастысы нанымыз бар" деп ойланатын.
Кореяны, Малайзияны көрсеткенімнен соң, ойы өзгеріп, осы жақтағы өмір сүріп
жатқандарға әуестеніп, бізге де осындай күндер келуін тілеп отыратын болды.
Ал, қазір... Қазір мен көзімде жаспен отырмын. Ол кісі де өзгерістен үміттенді
ғой. Мына жағдайлардан кейін анамды елге қай бетіммен апарамын? Қандай
игіленген қоғамды көрсетемін анама? Дәл осылай үміті шорт кесілген қаншама ана
болды екен? Аналарын қамайтын, қорлайтын, жағдайын жасай алмайтын жүйеден
кеткіміз келді ғой... Қаншауымыз отбасымызды сендірдік? Қаншауымыз бүгінгі
күнде үміттерімізді байладық? Мыңдаған. Миллиондаған. Соңына дейін сендік қой.
Қаншама жастың үмітіне балта шабылды. Ішімізде әлі де аз да болса, сеніп
отырмыз. Осымен төртінші танысым елден кететіндігін айтты бүгін түнде.
Меніңше бұл күн бізге соңғы 100 жыл бере алмаған сабақты беріп кетті. Соны
түсінуге себеп болған Әміржан "ағамызға" рахмет. Әйтпесе, дәл
өткендегідей маңырап жүре берер едік.
Құрметті, замандас... Кеше мен Әміржан Қосановқа сенуге шақырып едім. Бүгін
өзімізге сенуге шақырамын. Бұл жүйе, бұл ескі жүйенің қалдықтары бізді қоғам
ретінде ізгілендіре алмайтынына көзіміз жетті.
Давайте, ең болмағанда өз аналарымыз үшін қоғамымызды өзіміз
игілендіріп бастайық. Оларға біз жастар құрған әдемі қоғамды көрсетуге
үлгерейікші. Басқа айтарым жоқ бүгінге... Еңсемізді түсірмейік. Бүгін біз
жеңілген жоқпыз. Бүгін жүйе жеңілді. Бізбен "ойын ойнаймыз" деп,
керісінше оятып алды. Енді бізді ешкім ұйықтата алмайды... Біздің арымыз таза.
Біз қоғам болып тырыстық.
Апа, сіз біздің буын құратын игі қоғамды міндетті түрде көресіз!
...Вьетнамға шықпас бұрын апам жолай
мешітке кіріп шығуымызды сұрады. Путражая ауданындағы өзім Малайзияға келгенде
алғаш барған үлкен мешітке апардым. Мен құдайды ұмытып, мешіт босағасын
аттамағалы қаншама жыл өтсе де, бұл ғимарат әлі сол қалпында тұр екен. Тастар
қайда қозғалсын, бірақ?! Апам мешітке кіріп бір сағатқа жуық намазын оқып, тағы
біраз уақыт отырып дұға тілеумен болды. Әуежайға шығуға икемденіп, қасына
келгенімде апам сыбырлаған үнмен құдайдан біздің тілеуімізді қылып отыр екен:
– Я, айналайын, Жаратқан! Балаларымды еліне
абыройлы, айналасына жүзін жарқын, істерін оңынан қыла гөр! Оларға ұзақ өмір
бер, Пәруәрдігәр! Аумин! – деп, бетін қос алақанымен ұзақ сипады.
Қосыла сипап қойдым бетімді.
– Кеттік, апа. Кешігіп жатырмыз...
***************************************************
Куала-Лумпур – Хо Ши Мин бағытындағы ұшаққа
шақыру айтылғанша айналамыздағы әртүрлі тақырыптан "бір-бір тістеп",
көңілден әңгіме құрып отырдық күтіп.
– Апа, бірдеңе айтайыншы...
– Айта ғой.
– Мен сізді "қайтыс болды" деген хабарды көтере алмаймын... Кетіп
қалмайсыз ғой, иә?
– Еее, балам-ай... Өтер де кетер дүния да бұл. Ажал құрғыр "Садықтың
апасын күте тұрайын!" десін бе?! Қазір көтере алмайтыныңды білем ғой.
Бірақ, ертең үйленіп, үй боласың. Өз бала-шағаң болады. Отбасыңның қызығы көп
болады. Соларға көңілің ауынып, дұмағың шақ жүрген кезіңде білдірмей кетемін,
айналдым. Уәде берем...
– ...
– Көңіліңді түсірме оған...
**************************************************
- Апа, сіздің бірінші күйеуіңіз қандай адам еді?
- Еее, шырағым... Ол кісі бойы ұзын, ақ-сарыдан келген иықты жігіт болатын. Әкесі соғысқа кеткенде туған. Соған ырымдап Жауғаш деп атын қойған екен. Бір-бірімізді жақсы көріп қосылған едік қой. Бірақ...
Анаммен қанша сырлас болсақ та, алғашқы күйеуі туралы сұрамаған екенмін. Бірінші күйеуімен анам үлкен махаббатпен қосылыпты. Араларында бір перзенті болмаса да, тату-тәтті өмір сүрген көрінеді. Он жыл бойы перзент сүйе алмай, бармаған жерлері мен баспаған таулары қалмайды. Соңғы үміттері Ташкенттегі орталық емханаға келген кезде үзіледі. Анама бедеулік диагнозы қойылып, ешқашан сәби көтере алмайтынын айтады дәрігер. Осыдан кейін анам бірінші күйеуімен ажырасыпты.
...Үйде кір жуып отырған жерімнен атам келіп селсебетке алып кетті. Барсам, күйеуім әкесімен отыр екен. Ажырастыруға келгенін түсіндім. Үстелдің екі жағында бір-бірімізге үнсіз қарап отырдық...
- Соңғы шешім осы ма? - деп сұрады селсебет басшысы. Күйеуім үндеген жоқ. Тек әлсін басын изеді.
- Қанша малды саған жазайын, қызым? - деп сұрады селсебет басшысы менен.
Үйімізде күйеуіміз екеуміз жинаған үш сиыр, бес қой бар еді.
- Бір сиырды жаза салыңыз! - дедім.
- Еееъ? - деді селсебет аға сұраулы жүзбен, - Айта бер қалағаныңды, Сафар! Дүние заң бойынша сенің айтқаныңдай бөлінеді, қызым.
- Аға, мен ғой бір уыс әйелмін. Менің тіршілігіме көп нәрсе керек те емес. Істеп жүрген жұмысым да бар. Ертең күйеуім Жауғаш үйленуі керек болады ғой. Қыздың қалыңмалын беруі қажет. Той жасауы керек. Ол үшін де дүние керек қой. Сол кезде қиналып қалмасын. Маған бір сиыр жетеді, аға. Қалғанын күйеуіме қалдырыңыз! - дедім.
Бөлмеде бір мезетке тыныштық орнады. Селсебет басшысы көзінен шыққан жасын байқатпай сүртіп алды.
- Әй, інім-ау, мына келіншегіңмен шынымен ажырасқалы отырмысың? - деп қайтадан сұрады күйеуімнен.
Ол бұл жолы үндеген жоқ...
- Айналайын, қызым-аай... Бір кем дүния екен ғой - деді селсебет аға есіктен шығарда иығымнан әлсін қағып, - Бағың ашылсын деп сұраймын Жаратқаннан..!
Кешке келсем, шешемнің үйінің алдында маған бөліп берген шұбар сиыр жайылып тұр екен. Тесіліп қарайды маған. Ол да бірдеңені білетін сияқты ма?! Тоба...