Саясат
"Білім ошағы" ма, әлде...
Қазір Қытайда мыңдаған, кей деректер бойынша миллионнан аса мұсылман саяси үйрену лагерлерінде «сауатын ашуда». Оларды мұндай лагерлерге әкелген қылмыстары не біреуге жасаған қастандығы емес. Қытай үкіметі заң алдында жауапқа тартатын, қамауға алуға нақты себебі жоқ жандарды неге үйретпек? Нені үйретпек? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.
Бұған дейін лагерлердің барын жоққа шығарған үкімет енді «экстремизммен күрес» деген ұранмен елде лагерлердің барын мойындады. Қызығы, тұтқындар лагерге өз еркімен келгенін айтқан. Алайда, осындай бірнеше жерде болып, «сауатын ашқан» қазақ қыз BBC арнасына берген сұхбатында шымылдықтың арғы жағындағы шындықты жайып салды. Оның айтуынша, лагерге сырттан адамдар келмес бұрын артық айтылған сөз үшін бұдан да сорақы мекенге жіберетіндерін айтып қорқытып қояды. Ал тұтқындар күнін би, әнмен және қытай тілін үйренумен өткізетін көрінеді. Иә, бұл да - журналистер мен шенеуніктерге көрсетілген сыртқы көрініс. Қытай үкіметі тұтқындардың келешек қылмыстарының алдын алу мақсатында осындай саяси лагерлерде ұстап отырғанын жеткізді. Олардың айтуынша, адамдардың қиналғаны маңызды емес, маңыздысы – қылмыс жасаудың алдында тұрған адамдардың түзелуі. Үкіметтің қылмыспен үш қайнаса сорпасы қосылмаған адамдарды түзетунің сыры неде?
Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қытай халқының 52,2%-ы – атеист. Ал ондағы мұсылмандардың пайыздық үлесі бар болғаны 1,8%-ды құрайды. Бірақ, бұл 1,8% Қытайдың қыз алып, қыз беру арқылы жаулау саясатына кереғар іс жасайды. Себебі, Ислам негізінде мұсылман қыз баланың өзге дін өкіліне, кәпірге шығуына тыйым салынған. Осындай шекарадан соң олар «мың жылдық құда» болып, судай сіңіп, сүттей араласа алмайды. Тіпті, бұл қытайландыру саясатының тамағына тұрып қалған, ары қарай өтпейтін сүйек сынды. Мұны сындырып, қазақты ханьзу ететін төте жол – қазақтар шекарасын аспаған мұсылмандықтан айыру. Өйткені, дін тұрғанда қазақ ешқашан қызын қытайға бермек емес.
Халықтың тілі мен аяғына «тұсау салған», ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Құдайсыз қоғам ешқашан ұзақ жасамаған. Бүгінде жер бетінде жұрнағы қалмаған елдердің де кезінде осындай қателіктің кесірінен жойылғанына қарт тарих куә. Тек адамзаттың тарих дейтін ұлы ұстаздан тәлім алмайтыны өкінішті. Тіпті, тоталитарлық саясат төрге шыққан Кеңес үкіметі 70 жыл ғана салтанат құра алды. Ал шынайы демократияның жарқын мысалы саналатын АҚШ-тың 1787 жылы қабылданған алғашқы әрі қазірге дейінгі соңғы Конституциясының үш ғасырға жуық тарихы бар. Демек, әділдікке негізделген қоғам ғана тарих сахнасында жасамақ. Ал әділдік адырам қалған, шындық бүркелген жүйе түптің түбінде құлдырайды.