Саясат
Тарихтың ашылмаған парақтары
Бұл оқиғаны сіздің білмеуіңіз мүмкін. Оспан батыр ақберен алып, атқа қонған сәтте қазақтың жауы мен досы көп болды. Мұхиттың ар жағындағы ақбас бүркітті нышан еткен АҚШ әлемдік держава ретінде Қытай мен КСРО-ның саяси қадамын жіті қадағалады. Қытайдағы азамат соғысы елді екіге жарған сәтте, Вашингтон Маоға қарсы күштерді қолдады. Олардың арасында Бейжіңге қарсы соғысқан қазақ жасақтары да бар еді.
Дуглас Маккирнан Мексикада 1913 жылы өмірге келді. Артынша оның отбасы АҚШ-қа қоныс аударған болатын. Ол соғыс жылдарында АҚШ тарапынан барлаушы болып қызмет атқарды. 1943 жылы Үрімжі аймағына арнайы тапсырмамен келіп, сондағы елшілікте жұмыс істеді. 1947 жылы ол АҚШ арнайы қызметтерінен КСРО-ның атом қаруын жасап жатқандығы жайлы ақпаратты тексеруді және Шыңжаң аймағындағы КСРО әрекеттері жайлы ақпарат беріп тұруды міндет еткен тапсырманы алды. Аталмыш тапсырма бойынша ол орыс және қытай әскерилерінің Шыңжаңдағы қимылдары бойынша ақпараттарды телеграмма бойынша жіберіп отырды. 1949 жылы КСРО Семей сынақ алаңында алғашқы атом қаруын сынады. Бұл оқиғаны Дуглас АҚШ-қа жеткізды. Аталмыш сәтте Қытайдағы азамат соғысы да аяқталудың алдында тұрған болатын. Мао әскерилері Чан Кай Ши сарбаздарын шегіндіріп, Қытайды басып алудың алдында тұрды. Әне-міне Шыңжаңдағы биліктің де коммунистердің қолына өтетіні белгілі болды. Үрімжідегі АҚШ елшілігін жабу туралы пәрмен алғаннан кейін, Дуглас Вашингтонға қайту керек болды. Ол ұшақпен ұшуға қауіптеніп, Тибет арқылы Үндістанға өтіп кетуді ойлады. Өйткені коммунистік режим оны ұстаған жағдайда, өлім жазасына кесетін еді.
Дуглас өзінің көмекшісімен бірге Баркөл аймағына бет алды. Онда Оспан батыр бастаған қазақ жасақтары Қытаймен әлі соғысып жатқан болатын. Бір ай бойы Оспан батырдың жанында болған Дуглас қазақ халқының қайсарлығы мен табандылығына тәнті болды. Ол АҚШ-тың болашақта Оспан батырдың және қазақ халқының азаттық үшін күресін қолдайтынын жеткізді. Оспан батырмен бірге бір ай бойы әскери тактика, соғыс өнері, болашақта орын алар оқиғалар жайында тілмаш арқылы сөз қозғайтын. Бір айдан кейін ол Оспан батыр жасағына сәттілік тілеп, өз сапарын ары жалғады.
Дуглас қарашаның соңында Құсайын Тайжы ауылына келіп, сонда қыстап шықты. Ол жерде ол қазақтардың қонақжайлығына тағы бір мәрте көз жеткізді. Көктем шыға өз сапарын ары жалғаған барлаушы әрі АҚШ елшісі Дуглас Тибет маңына жетті. Ол тибеттіктерге келіссөз жүргізу үшін өз адамын жіберген болатын. Алайда Тибет сарбаздары келіссөздерге қарамастан Дугласты және оның жанындағы төрт адамды атып тастады. Оған себепкер болған басты жайт олардың барлығының дерлік қазақы үлгіде киінуі болатын. Дугласқа қазақ шапанын Құсайын Тайжы сыйлаған деген ақпараттар бар. Тибеттіктер мен қазақтар арасында сол уақытта ірілі-ұсақты әскери қақтығыстар орын алып тұрғандықтан, АҚШ елшісін олар қазаққа санап, атып кетуі мүмкін дейді тарихшылар. Осылайша қазақ киімін киген АҚШ барлаушысы қапияда қаза тапты. Әрине, Тибет елі бұл әрекеті үшін бармақ тістегені анық. Себебі АҚШ Тибеттің азаттық жолындағы соғысын қолдауға ниетті еді. Ал Дуглас арқылы сол қолдауды іске асырмақ болғанын Лхасадағылар тым кеш білді.