Саясат

«Не үшін, кім үшін бардым алаңға!»

Халқым үшін! Қазағым үшін бардым!

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Сонау 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын еске түсірсең денең түршігеді. Ол туралы естудің өзі оңай емес... Әйтсе де, бұл оқиғаны жыл сайын еске алдық десек те, 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні ретінде тойланып, соншама жастың ерлігімен төгілген қаны түрлі-түсті көңілді мерекенің көлеңкесінде қалып кете береді. Оның астарында қаншама айтылмай қалған ақиқат пен жұмбақ өлімдер жасырынып қалғаны құдайға ғана аян. Солардың бірі – Роза Шынтемірованың көрген қиындығы. 

Желтоқсан оқиғасына қатысқаны айдай шындық болса да, оны ешкімге дәлелдей алмаған ол көп қорлық көргенін былай баяндайды: "Ол кезде Қыздар институтының студентімін... 17-сі күні таңертең ондар шамасында төбемізге жай түскендей хабар естідік. "Қонаев түсіп қалыпты. Орнына орыс келіпті." Неге екенін білмеймін, қатты ызаландық. Көп ұзамай "Алаңға жастар жиналып жатыр. Наразылығын білдірмекші екен" деген дақпырт тарады... Сағат он екілер шамасында алаңда болдық... Плакаттар бар: "Әр ұлттың өз басшысы болсын!" Лениннің сөздері. Жұрт сөйлеп жатыр.

... Алдыңғы жақтан көрдік. Солдаттар келіп шеп құрды... Төбелес басталды. Айқайлаған, шыңғырған дауыстар. Машинамен келіп су шашты. Иттердің шабалап үргені. Солдаттар ешкімді аяйтын емес... Сол кездері төбеме ауыр соққы тигендей болды. Көзім көрмей қалды. Ып-ыстық жылымшы сұйық ақты... Жатақханаға шалажансар күйде жеттім... 

Дәл сол кезде мен ештеңе бағамдамадым. "Жазылады ғой" деп ойладым. Бүкіл ғұмырыма жетерлік ауру жамап алғанымды мен онда білген жоқпын... Не үшін, кім үшін бардым екен сол алаңға... 

Менің кеңестік жарқын өміріме, шуақты студенттік күндеріме алаңға барған күннің ертеңіне-ақ нүкте қойылды. Жақын достарым, сүйікті ұстаздарым менен теріс айналды. Мен бір құбыжық немесе халық жауы тәріздімін... 

... - Неге шықтың алаңға? -дейді, деканым. 

 - Есің дұрыс па сенің? Кім ертіп барды? - дейді, ұстазым Дәрмен Рахымжанов. Сұрақтар көп. "Не үшін? Кім үшін?" Ақыры жарылып кеттім. 

 - Халқым үшін! Қазағым үшін бардым! 

Шыр-шыр еткен менің үнім ешкімге жетпеді. Шыңғырғым келді. Аңырап жылағым келді... 

Оқудан шығарды. "Ұлтшылсың" деген айып тақты... 1994-жылы қайта жалғастыруға мүмкіндік алдым. Оның өзінде де маған үрке қарайды. "Тәуелсізбіз. Неден қорқады екен?" деп ойладым... 

Мүгедекпін қазір. Желтоқсан көтерілісіне қатысқандар өтемақы алып жатыр деп естимін. Маған ақшаның қажеті жоқ. Аманым мен Есенім үшін, өзімнің намысым үшін "Желтоқсан көтерілісіне қатысушы" деген атақ берсе болды маған... "

Бауырлар, тәуелсіздіктің қадірін білейік. Қаншама жанның қанымен, көз жасы мен зарымен бірге келген Егемендік деген аманатты берік сақтайық.

Ерлік өлмесін, ер ұмытылмасын!