Алаш Орданы құрған – «Қазақ» газеті  - на bugin.kz
Ақниет Жаманқұл - на bugin.kz Ақниет Жаманқұл

"Қазақтың" қазақ үшін жасағаны

Мұхтар Әуезовтің сөзімен  айтсақ, қазақтың ерте оянған тобының бастауымен елден, қазақтан қарыз жинап 1913 жылы "Қазақ" газетін шығару қолға алынады. Газеттің редакторы, бас сарапшысы Ахмет Байтұрсынов болды. Зор еңбек атқарды. "Қазақ" газеті 5 жыл бойы үкіметтің қолдауынсыз, сол кез үшін көп саналатын 8 мың тиражбен жарық көріп тұрады. Бұл газет ең алдымен қазақ халқының ұлт азаттығы үшін күреседі, қазақ жұртының негізгі мәселелерін көтеріп, соларға үн қосады. Қазақ жоғын жоқтап, қазаққа керекті халықпен бірігіп іздейді. 

Газеттің тұңғыш жарияланған санында өз мақсат-мүддесін былай көрсетеді: "Бұл газетаның мақсаты жұрт пайдасына көз болу. Қазақ арасына ғылым, өнер жайылуына басшылық ету. Басқа жұрттардың халінен хабар беріп, таныстыру. Сол мақсаттарды орнына келтіру үшін закондарды, хакімдердің бұйрық-жарлықтарын білдіріп тұру, государственный дума һәм государственный совет жұмыстары турасында жете хабар беру, ішкі һәм сыртқы хабарларды жазып тұру, қазақтың бұрынғы һәм бүгінгі жайын жазу, күнелтім, сауда, кәсіп, жер-су, егін-таран, мал шаруасы жайынан кеңесу, оқу, оқыту, мектеп, медресе, школа, ғылым, өнер, тіл, әдебиет турасында жол көрсету, адам һәм мал дәрігерлігі жайында жазу."

Газет қазақ тілін, оның әдебиетін, салтын, ғұрпын сақтау үшін көп жұмыстар істейді. Қазақ тілін сақтап, оны өркендету үшін қазақ балалары тек ана тілінде білім алуы қажет екені баса айтылады. Қазақ бар керегін әдебиеттен табуы керек екенін әр кез қайталап, ескертіп отырады. 

Патша үкіметі "Қазақ" газетін басынан қолдаған жоқ. Орыс үкіметінің әкімшілік құрылымының, орыс отаршыларының шын бет бейнесін ашқан мақалалар жазып, шындықты көрсеткені үшін орыс әкімшілік орындары газетке әлденеше рет айыппұл салдырды. Редакторы Ахмет Байтұрсыновты түрмеге жапты. 

"Қазақ" газеті қазақша ойлауға, қазақша сөйлеуге үйретіп, ұлттық саясаттың басы болды. Ол әдебиетті дамытуға ғана емес, публицистика жанрының, көсемсөз тілінің қалыптасуына зор қызмет жасады. Бұл негізінен алғанда Ахмет Байтұрсыновтың ерлігі еді. 

"Қазақ" газеті Қазақстанның әр жеріндегі ұлт комитеттерін құрап, оны партияға айналдырып, "Алаш" деген атау беру керектігін жазды. 1917 жылы 21 қарашада шыққан нөмірде Алаш партиясының бағдарламасы жарияланды. 

Сәкен Сейфуллин Алашты құруға себепкер болған Ахаң туралы: "... Қанша ұлты үшін коммунистік партияға кірсе де дүниедегі адам баласының ұлттарына қарамай бәрін бірдей сүйетін коммунистерді көріп, өз ұлтын ғана сүйетін Ахаң өзі айтқандай "қызыл" бола алмады," - дейді. 

0 Пікір Кіру