І күн
Тимриязев көшесінің бойындағы «Grand Love Cinema» деген кафенің үстінде тұрамын. Әдеттегідей үйдің жанындағы аялдамаға келдім. Бүгін дүйсенбі. Жұмысқа бет алдым. Соңғы бір айдың ішінде таксимен жүру мүмкін болмай қалғандықтан, автобуспен жүруді әдетке айналдырдым. №205 автобус алыстан қол бұлғап, ентелеп келе жатыр. Осы автобусқа ғана мінемін. Дәл жұмысымның қасынан тоқтайды. Ол ғана емес, қысылып-қымтырылмай барасың. Өзі кең әрі ұзын. Қол сөмкемді көтеріп, ішке еніп бара жатыр едім, алба-жұлба киінген біреу қағып-соғып ішке лып етіп енді. Ештеңе болмаған адамдай мен де кіріп, жол ақысын төледім де, бос тұрған орынға отырдым. Қасыма жаңа ғана алып-ұшып кірген жігіт отыра кетті. Студент болса керек, қыстың ызғарына қарамай үстіне жеңіл бірдеңе іле салған, басын да жумапты. Өзі көшенің тентегіне ұқсайды. Аяғынан басына дейін қарап шығып, жүзіне үңілдім. Мені байқаған да жоқ. Қарама-қарсы жақта отырған қызға көзін қысып, ойнап отыр.
- Қарашы, дос, әдемі ә?
- Түсінбедім?
- Ана қызды айтамын...
Бағанадан мән беріп қарамаған қызға мен де үңілдім. Аппақ бас киімі мен үстіне киген сұр пальтосы, балтырына дейін көтеріп киген етігі бәрі-бәрі жарасып тұр. Іштей мақтанып отырмын: «қазақтың қыздары шынымен керемет қой ә!» деп. Талдырмаш жүзіне біткен жалғыз мең, еріннің қасынан сызып қойған суреттей біткен екен, көрген адамның есін алады.
- Не болды, ұнап қалды ма?
- Ау...жоқ. Жас жігітке қарап күлдім. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аялдамасына жеткен кезде қыз орнынан тұрып, автобустан шығып кетті. Жанымда отырған жігіт көзімен шығарып салып, менің ығыма қарай тығыла берді.
- Бәрі дұрыс па сенде?
- Түш. Үндеме!
Тентектің өзі. Аруды көзімен шығарып салып жатып, автобустың артынан кірген жол ақысын тексерушілерді көріп қалған екен, менен қарызға деп 150 теңге сұрады. Ол қарыздың қайтпайтыны анық қой, алайда қалтамнан шығарып 200 теңге бердім. Рақметі де жоқ, ақшаны алып қалтасына салып алды. Орнынан тұрып, жүргізушіге ақысын беріп жатыр. Күлдім. Маған таныс аялдама жеткен кезде, көліктен түсіп қалдым, жігіт іште қалды.
ІІ күн
Бүгін 205 кешікті. Бір топ адам болып күтіп тұрмыз. Топ ішінен біреу қол көтергендей болды. Анықтап қарасам, кешегі жігіт. Қолымды бұлғадым. Қарызын беретін болар деп үміт етсем керек, бәрі бекершілік болды. Автобус аялдамаға келіп тоқтады. Бәріміз ішке ендік. Кешегідей емес бүгін адам көп. Жол ақысын беріп, ортаға қарай ығыстым. Неге екенін қайдам, кешегі жігіт бүгін не істейді екен деп, соны іздей бастадым. Алдымда тұрған екі адамның ар жағында біреуге тесіліп қарап тұр. Жанарының ізін қуып, мен де сол адамға бұрылдым. Кешегі қыз. Кешегі киім, құлағында құлаққабы бар, ешкімде жұмысы жоқ терезеге қарап тұр. Психологияға байланысты бір кітаптан оқығаным бар еді, егер адамға біреу тесіліп қарап тұрса, оған ол міндетті түрде бұрылып қарайды-мыс. Теория орындала кеткендей, қыз басын бұрып, жігітке қарады. Ешқандай сезім, күлкі жоқ. Суық қарады. Дәл осы кезде жігіттің жанарына көзім түсті...
... Мұндай ғашықтың көзін соңғы рет қашан көргенім есімде жоқ. Жанарының ішінде тұтанып жатқан от, аласұрып бара жатқан жүректің күйін көзінен көріп тұрмын. Қарашық бір үлкейіп, бір кішірейіп тыным таба алар емес. Ыстық шайды суытпай ішіп жіберген адам секілді, жан дүнием жылып сала берді. Сондағы мендегі емес, жігіттің жанарындағы үнсіз сезім... Ентелеп тұрған, албырт жастық шақтың нағыз оты. Автобус тоқтады. Қыз орнынан тұрып, шығып кетті. Жігіт тағы да көзімен шығарып салды. Тек бүгінгі көзқарас кешегі тентек баланың емес, ғашықтан басы айналған мәжнүннің күйіндей. Жанарында жанып тұрған от әлсін-әлсін өше бастады. Көңілі құлазып кетті ме, жігіт үнсіз. Автобус тоқтап, мен де түсіп кеттім. Жүріп бара жатқан автобус ішіндегі жігітке қарап тұрмын, еңсесін көтерген жоқ. Осылай қоштастық.
ІІІ күн
Автобусты асыға күтетін болдым. Бүгін айналама қарап әлекпін. Тағы да махаббат хикаясын, үнсіз сезімді көргім келіп тұр. Кенет артымнан біреу түрткендей болды:
- Ассалаумағалайкум
- Уағалайкумассалам! Менің кейіпкерім. Қап-қара пальто киген, шашын жуып артына қайырып алған жігітім қайратына мінгендей көрінді.
- Мынау сізден алған 150 теңге еді. Рақмет! Жауап бергенше болған жоқ, №205 автобус келіп тоқтады. Ішке кірдім. Ол да кірді. Көліктің ақысын бере салып, екеуіміз бүгін қызды іздедік. Сол орында отыр. Бүгін күн сәл жылынғанға, пальто ғана киіп, басына бас киімін кимеген арудың қою-қара шашы көрінді. Нәпсінің шашқа да оянатынын бүгін сезінсем керек.
Жігітпен қыздан сырт қалып, бақылап тұрмын. Менің көзім жігіттің жанарында, оның көзі қыздың жанарында. Сондай суық, жауабы жоқ көзге от болып ентелеп тұрған қарашықтың әлі жетпегені ме? Бүгін ол киініп келді, қарызын берді, ол өзінің ғашықтық сезімі арқылы адам қалпына келгенін сезген жоқ. Тек осының бәрін қыз байқады ма екен? Өмір үшін күресіп жатқан жанарға бір қарап, күлімдей салуға болатын еді ғой. Неге? Неге олардың жанары түйіспеді... Автобус тоқтады. Қыз орнынан тұрып, түсіп кетті. Тағы да аяқсыз қалған махаббаттың куәсі болдым. Жоқ, жігіт азамат екен. Ол да қыздың артынан атып шығып, тағдырымен бірге адасқысы келгендей, өзіне керек аялдамадан әлде ерте түсіп қалды. Автобус жүріп кетті. Мен іштемін. Жол бойы ойланып келем. Бәлкім махаббат, сезім деген сөйлеуді де қажет етпейтін, үнсіз түсінетін құдірет болар. Шіркін, ертең екеуін бірге көрсем деп армандап, жұмысқа келдім...
IV күн
Бүгін уақытынан сәл кешігіп шықтым. Аялдамаға келсем, ғашық жігітім қолында үш тал розасы бар автобусты күтіп тұр. Сезімнің автобусын күтіп тұр. Іштей разы болып тұрмын. Бүгін үш күн бойы қатарынан көрген хикаямның жемісті аяқталатын сәті болсын деп, мен де үнсіз автобусты күттім. Бағдаршамнан өтіп, бізге келе жатқан № 205 автобус қолында гүлі бар жігіт пен екеуіміз үшін ендігі нағыз махаббат майдынына айналды. Құдды бір, менің кейіпкерлерім қалам ұшында емес, көз алдымда шынай суреттеліп жатқандай. Бүгін адам аз. Бұл да мүмкіндік. Ішке кірдік. Көлік ақысын төлеуге уақыт жоқ. Қызды іздедік. Санаулы адам ішінен әлі іздеп келеміз. Жігіт де менің қызды іздеп тұрғанымды түсінгендей, иығын көтеріп қояды. Мен түсінбеген адамның кейпін танытып, басымды шайқадым. Иә, бүгін автобус іші сондай салқын, құлазыған күйде қозғалды. Аялдама жеткен кезде түсіп қалдым. Терезенің жақтауына басын қойып, мұңға батқан жігітті көрдім. Бүгін менің де көңілім құлазып қайтты.
V күн
Үйден асығып шықтым. Аялдамаға келе салып, жігітті көрдім. Бүгін ыммен сөйлестік. Іштей жеңіс тіледім. Өкініштісі, бүгін екеуінің қосылатын тағдырын көре алмайын. Бүгінгі бағытым басқа. 205 келе жатыр. Артынан ілесіп келген №79 автобусқа отырамын. Бірден отырмай, жігіттің махаббат автобусына отырғанын күтіп тұрдым. Жігіт отырған соң, менде кіріп кеттім.
Іштей күле берем. Осындай да болады екен ғой деп таң қалып келемін. Әттең, ғашықтың жанарындағы оттың арудың жүрегін жаулаған сәтін, сезімін үнсіз білдіретін кезін көре алмай қапыда кетіп барам. Екі аялдама жүрген соң айналама қарап, тағы бір хикаяның үнсіз куәгері болғым келді. Көзбен сүзіп, махаббат іздеп отырып, жанарымның «жарқ» ете қалған отын байқадым. Бұл сезімнің емес, ызаның оты болса керек. Жігіт күткен қыз осында отыр. Иә, 205-те емес, 79-да отыр. Қасында қол ұстасқан жігіт бар. Екеуі жарасып-ақ тұр. Тек... Тек осы қыздың бір күлкісі үшін бар мінезі мен болмысын өзгерткен жігіттің жағдайы не болады? Кім кінәлі? Қазір ғана, жігіттің көзінде ойнаған отты қыздың да көзінен көрдім. Өкініштісі, басқа жанараға қараған, басқа жүрекке үміт беріп отырған қарашықтың ішіндегі сезімді көрдім.
Мен аялдамадағы кездейсоқ кездестірген жігітіт танымаймын. Алайда, ол маған үнсіз ғана ғашық болудың, сезіне білудің, махаббаттың қайта оятатын құдіреті бар екенін сезіндіріп еді. Әттең...
Автобустан түсіп қалдым.
Соңы
Соңғы бір апта жұмысқа жаяу барып, жаяу қайттым. 205 пен 79 автобусты көрсем бір үміт пен бір күдікті көретіндей болып тұрам.
Бүгін дүйсенбі. Аялдама. Ары-бері қараймын, жігіт көрінбейді. Жоқ. 205 келіп тоқтады. Ішке кірдім. Қыз отыр. Сол орнында, сол суық жанарын терезеге қадаған қалпы... Жол ақысын төлеп, мен де бұрынғы қалпымша отыра бердім. Оянған әлем қайта ұйқыға кеткендей күйбең тіршіліктің нотасына еліте бердім... Автобус тоқтап, жол ақысын тексеретіндер ішке енді. Оларға қарайтын шама жоқ.
- Қарындас, картаңызды бола ма?
Құлазып отырған көңілімді біреу теуіп жібергендей, селк ете түстім. Бір ырғақпен тербеліп жатқан нота қағысынан жаңылғандай болды. Мынау дауыс маған таныс қой. Жалт қарағаным сол екен, менің кейіпкерім. Махаббат майданы неге берілмейді деуші едім, жігіт мені құлап бара жатқан тұңғиықтан қайта алып шыққандай болды. Жанар мен жанар түйісті. Бірінде – от, бірінде – суық әлем. Ол маңызды емес, маңыздысы жігіттің жанары еді...
Қыздың жанарындағы оттың кім үшін тұтанып тұратынын мен ғана білетін секілдімін. Жігітке айтуға дәтім бармады. Осылай қалсыншы, баянсыз болса да, осылай қалсыншы... «-Қарындас, картаңызды бола ма?». Осы сөзді естіген сайын жігіттің жанарына жұтылып жоқ болып кетемін...
Махаббат тек екеудің өзара емес, біреудің өзі үшін күресетін үнсіз майданы...
Автобус тоқтады. Түсіп қалдым.