Weekend

Құм құшағындағы қарғыс

Әңгіме

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Егер, мен бұл әңгімемнің соңы өліммен аяқталарын білгенде, мүмкін бастамас па едім?

Ал енді, Құдай қашаған қасіретімізді көшіру ғана қалды.

ИӘ, АЛЛАМ, САБЫР БЕРЕ ГӨР!                  

Автордан

 

         Буылтық-буылтық бұлттардың қазасын көріп, қызыл іңірді ырымдап отырған сәт еді. Алагеуімде күнмен қоштасу күнәсі көп пендеге оңай деймісіз? Ой деген ажал сұлбалас «түннің тұңғыш ұлымен» қауышуға қандай жүрек керек? Оның үстіне жалғыздық. Тау төбесіндегі биіктік адам жанының құлазығанына қамқор болады деп кім айтты? Айғыз-айғыз айна тұңғиығындағы бестаныс бейнеңнің обалы кімге? Ар алдындағы адал кейпіңнің ақырғы аманатын орындамасаңыз, күллі тағдырдан тысқары кетіп, сол «түн баласының» тұсауында қалатыныңыз неліктен? «Жалғыздықта жартастың да жүрегі жырылып, рухын жел сындырады» десетін. Әдетте, адамдар оңашалық пен жалғыздықтың ара-жігін айыра алмаса керек-ті, сөлі семіген мұңдарын тағдырға балап, өз жандарының қалжасын өздері мүжіп отыратындары бар. Ал, бүгін жазымыштың жұпар иісі басқаша аңқығаны сезіліп тұр. Осындай күпті ойлардың құрсауында қалған қыр баласы ұлы шаһардың қаһарынан қажыды ма екен,  айқыш-ұйқыш қала даңғылдарынан алыстау кетіп, дөң ұшындағы таса маңын айналшықтағанына, міне, үшінші сағатынан асып бара жатыр. Көз алдында көлбеңдеп жатқан тіршіліктен лоқсып алды да, ұлы үнсіздігін көңіл парағына көшіруге қайта кірісті. Үнсіздіктің де өз Құдайы болғаны ма сонда?

        Іңірдің қан қызылына ішкі мұңын ұшықтап бола салысымен, Аманат қалтасындағы ерте көктемде өртелген «соңғы раушанның» күлін көкке шашып жіберді. Сол-ақ екен, көкжиектің елес бейнесіне дейін керіліп жатқан Алматы шаһарының аспанына қан күрең түстес күнәнің қамыты тағылғандағыдай көрініс көз алдына елестеді. Бұл да бір Меккеге мұң үріп отырған жүрек жарасының құбыласын қарғамай өтпесі анық. Тым болмағанда, Аманаттың тағдыр талайына Құдайдың қара таңбалы қарғысы кеп басылардай сәт еді. Құм-шағылдардан қарауытатын елес бейнедей, бар-жоғы белгісіз соңғы айлардың өзек-құтысына өкініштің кермек шарабы құйылған өткен іздерінің ең бір сұрқай ойлары бұны мазалаумен жүр. Қай жерде үзілері беймәлім өмірдің жыра жолдарының тас-талқаны шыққандай, екі иықтағы үрей мен үміттен өзгеге есеп беруден де қалды. Бәлкім, осындай жан қиналыстары адам ішіндегі жастық пен желікті тұншықтыра бастайды ма екен? Бәрі де сол үміт дейтін ұлы діңгектен ұзап кетпесі анық қой. Шар ішіндегі тозған тағаға ұқсас жарты Ай бейнесі сағым сұлбасын өз аренасына сілтіп басып, сүйреп келеді. Бұл Аманаттың Алматыдағы соңғы түні еді. Ұлы қалалың қаһарлы пердесін күнәдан биік жатып ашсам деді ме екен, ол бүгін дөң ұшындағы таса түбінен таңды күтті. Ертемен ауыл жаққа жол тартатын пойыздың ұзақ жолы алдында бір сілкінгісі келген шығар. Әйтпесе, Жайыққа жету оңай шаруа емес. Қарт Жайыққа деген сіңірі шыққан сағыныштан, күнәдан туған күмәні көп болғасын ба, болмаса, араға талай жылдардың қыртысы түскесін бе, дәл қазір Аманат тай-құлындай тебісіп өскен өлкесінен тартыншақтап отыр. Ол, сірә, ауылында қалған «соңғы раушанының» қарғысынан қорықса керек. Күлдібадам шаққа енер алдын, сезімін сертке толғатқан, ұлы жүректі Балауса бикешіне жарым түнде Жексенбай қарттың үйінен ұрлап әкелген сол бір раушанды сыйлаған еді. Ең ақырғы қоштасар сәтінде бикештің қарашығынан тамған Тәңір тамшысыдай бір үзік жасы өлі раушанның қасиетсіз тұсына тамып кеткен болатын. Сол кезде бақсының аруағына да, балгердің қырық бір тасына да бітпеген ұлы қасиет Балауса бикештің жанарына құм боп құйыларын кім білген?! Ғасырға бергісіз түннің қатқылтым көрінісін шарқат сезіммен сылап, сорлы сағынышқа көмгенін өзі аңғарды ма екен? Аманат сол кеткеннен ол өлкеге де, ол сезімге де аяқ баспады. Тәңірін танымаған тарпаңдай сезімнің де, серттің де, мәңгіліктің де мәңгүрттене бастаған мұңға толы мезетін желік-қанжарымен бауыздап өлтірді. Тек жүректің жалғыздығынан ғана дүр сілкінген Аманатты сезім сахарасына оралдырған соңғы айларындағы ұлы өкініштері еді. Оны да оятқан ауылдан келген Азамат досының қолындағы өзі қалдырған «соңғы раушаны» болатын. Алматыға тағдыр айдап келе қалған досына ауылдан Балауса бикештің салып жіберген, жас тамған аманаты болатын. Бағанағы қызыл іңірде шашқаны да сол раушанның қалдықтары ғой. Сонда бір жүректің қасіреті, бір жүректің жан жарасына ем болғаны ма? Қалтасындағы подсигардың ішінен біреуін алып шеге бастады. Бұл өзі өмір таяқшасы ма, Құдай білсін! Жұпарын жұта қалса болды, түн қойнынан көздері бір мөлдірлікті көретін сынды болады да тұрады. Өзі шетінеткен бәсіре-бақытты жан дүниесі алқам да салқам анау түндердің қойнауында, көз жасына құмығып жүргендей көрінеді ме екен, белгісіз, әйтеуір, ертелі-кеш қиылыстарының бұрқасыны басылмайтын тағдыр ошағына, зіл-батпан ойдың жесіріндей «жыламшы қарашығын» қадайтын да тұратын. Ол оны еркіндік елесі деп ұқса керек. Тамылжыған тамыз айларының шерлі сағаттары көш-керуеннің ұлы сапарына жолаяқ жасаумен әлек. Ілкі мұңның ойға шабуылы уақыт өлімімен бітер ме, таңның сылқым сәрісінің де төр басына кеп отырар сәтіне көп қалмапты.. Қанішердің қанға құмар қара ниетіндей түн қараңғылығы ақырын көктің көкшілтім жүзіне сіңе бастады. Түннің сайқал перілеріндей, түні бойы адам жанын сауғаға салатын қала даңғылдарының күллі күнәсі көкке көтерілгендей Аманаттың көз алдына елестеді. Тым құрығанда, «ақырғы түні, сол кездердегі ақ адал, аманат кейпін бір жолықтырармын-ау» деген балаң бір іңкәр сезімінің тұқылын тағдыр тақасымен басып өшірді. Үркіген сезімнің жарасын мұңмен шылай алмасын анық қой. Тегінде күллі әлем атаулының құпиясы осыда ма деп қаласын.

       Тас қаланың жұтпа жолдарына тамған таң нұры бүгін өзгеше еді. Шың түбінде шықтақтап жатқан құба жондардың қасірет қайыстырмас паң көрінісі Алматының күңгей бетіне керіле құлағандай. Тау сілемдерінен сірісін сүйретіп түсетін өзен атаулының арыны басылар емес. Алмағайып күндердің, қаһарланса қан құсатын Алматының қазымыр шалға ұқсас мінезі қай тасада жасырынғаны белгісіз. Діңгегіндегі алтын өзектің қасиетіне шаң жуытпаған ұлы даналықтардың бәрі осы айналада. Тек көруге көз керек. Десе де сол көшелер. Сол бақтар. Шың сұлулығындай сылана бастаған бульвар маңы тағы да толқын-толқын тағдыр атаулыны табыстырардай. Осындай күміс күлкісін көкке шашқан шаһардың түндігін Тәңір оң қолымен түрген сынды...

       Күндегі әдетінше, тек соңғы рет, азандағы ас-ауқатынан аздап ауыс тиді де, елге қарайғы үміт пен күдік тартысына тәңін тарта жөнелді. Жүрегіндегі жүктің әлі оңа қоймаған жарасы даңғыл бойы қансырап келеді. Көшенің әр тасасынан үскіріктей үрген ұлы өкініштің елге базарлық боларын кім білген. Кісімсіп кеткен далаңа сораңды сүйретіп бару қасіреттің ең қасиетсізі. Бірақ, талай арманды күтіп, талай күнәні аттандырған мына вокзалды қай қайғыңмен таңқалдырарсың? Қосылмас қос рельстің қос тағдырды қосатын қасиеті бар екен. Қырғын күйзеліс пен талай тағдырды көтеріп тұрған мына вокзал бүгін Аманатты еліне қайтармақ. Ішкі үмітін жанарына ұялатып, соңында қалып бара жатқан ғайып бейнелерге бір көз тастады да, Аманат адымдап кетті. Төртінші люкс купесінен алған билетті жолсерікке көрсете салысымен, кабинкасына кіре кетті. Қасындағы адам келе қоймапты. Келіп те қалар. Ол келгенге дейін орта жастағы, ұзын бойлы, қапсағай денелі, жорға жүрісті, қара торы, қыр мұрынды, табақтай дүңкиген, жүйкесі жұқарған жолсерік мырза өтіп бара жатып, отты көздерін бір қадады да:

-Қайда жерге дейін барасың?-деді. Дауысының  ызғарын жасыра алмай қалды-ау білем, жекіре сөйлегендей тиді.

-Ең соңғы станция, ағасы.

-Е-е-е, онда бопты. Қасындағы адам келсін, постель таратып кетем,- деді де жауабын күтпестен жүре жөнелді. Аманат ішінен: «мақұл» деді де заттарын жинастыра бастады. ...Жым-жылас қып жиналған тазалықтың тәтті ұйқысын мына жігіт кеп бұза бастады. Кімге кімнің жаны ашыған заман бұл... Пойыздың жүруіне бес минуттай қалды. Сапарластың келер түрі жоқ. Денесін еркіндік билей бастағаны сол еді, бір кезде купе есігін біреу жұлқып ашып, ішке таман енді. Бір қолына сөмкесін, бір қолына таяғын ұстап алған, бір егде тартқан, алып денелі, жасы жетпістерден асып кеткен кісі екен. Таяқ ұстаған қолына, сонау кеңес заманын талай шулатқан құнды жәдігер «ракета» сағаты тағулы болатын. Аманат бұның тегін кісі емес екенін бірден аңғарды. Келе сала санасына селкеу түсірмейін деп, сұқты көздерін сағаттан тез тайдырды:

-Ассалаумағалейкум, аға!

-Ар ма алтыным, ғұмырлы бол!- деді де бетін бір сипағаны сол еді, Аманаттың мұрнына спирттың иісі келе қалды. Ішінен бір жымиды да, ол жайлы тіс жармай, тек атайдың сөмкелерін орын орнына қоя бастады. Жүзіндегі әжім қалдықтарынан қалтарысы мол қасірет таптарының өрнегін байқауға болады. Бірақ, «қартпын» деп тұрған кісі жоқ. Бойына түскен осы зілдің де, батпанның да ыңқ етіп болсын әсерін білдірер емес. Екі өкпесін қолына ұстай кеп отырған бойы, пойыз ақырындап Жайыққа тарта кетті. Қарт өңмеңінен өткен үрейдің ентігін бір жақты қылды да:

-Есімің кім, алтыным?-деді қарсы алдындағы бозбала шақтан енді өтіп бара жатырған, жастық жалынның жаршысы сынды бейнеге қарап.

-Аманат,-деді де оң қолын созып: -Сіздің, ағасы?

-Аңсаған, айналайын,-деген бір ауыр күрсіністің самиян желі купе ішін бір сілкіндірді.

-Қай жақтан болдың өзі?-жаңадағы күрсініс ауылына қарсы жүзгісі келгендей сыңай танытып.

-Оралдан ағасы.

-Е-е-е сапарлас екенбіз.-іштей бір жадырай сала, тұңғиығында мейірімі мол көздерін бір мөлдіретіп: Өзіненбісің?

-Жо-жоқ. Қаладан түстік жолдай жердегі Сарқұдықтанмын аға,- деді де Аманаттың жүрек-жанарынан бір үзік тамшы жас төгіліп кетті. Елге сағыныштың сағым бейнесі сандалып жүрді де қойды.

-Білем, білем, білем..,-ең аяулы сезімнің нотасы бұл екі бейбақты әңгіменің құл-құтандай киесіз тұсынан оқшау әкетті. Жол азығы деп алып шыққан ауқаттарын үстел үстіне қоя бастады. Тұла бойына ел қондырып, Аманат түн тонауында кеткен ұйқысына, Аңсаған қарт «жол бойы ермек болар» деп алып шыққан сканвордын шешуге кірісті. Бірақ бұл екеуі де Алматы аспанынан алыстап бара жатқандарынан бейхабар еді. Енді олардың өмір жолдарының қалай аяқталарын Тәңір екеумізден басқа ешкім білмейтін.

         ...Сәт. Сананың Тәңірге бастар ең төте жолындағы сұрқай сезімдерімен қырқысқан ең мүсәріп мезет. Көз ұшындағы тұман милығын сипай құлаған бұлдыр бейнелер. Жалын ұшынан ұшқан, бағытсыз шоқтай есеңгіреген сана. Аманат ен далағы елсіз өлкеде оянды. Тамшы түспегеніне көп болған тарамыс топырақ. Жел мұңын жерге сіңірген адыраспан мен құшақ құрамайтын жусан берекесіз үйдің ырысы сынды ойдық-ойдық жерлерде бірлі-жарымды орналасыпты. Қуаңшылық бұл даланы быраз есеңгіреткендей. Аманат болып жатырған жайдан бейхабар күйінде айдалаға көз тікті. Сай маңындағы үйінді топырақтан басқа ештеңе жарытып көзіне түспеді. Жүрегіндегі діріл қолына қысып қасына барса, көмусіз қалған қабір екен. Найзағай сезім тұп-тура жүрегіне оқтай қадалып, қалшылдап қалған денесін тітіркендірді. Құмайтқа дейін қазылған қабірдің жандамасында кебін қаптаған бір мұсылманның сүйегі жатыр екен.  Қабір жаппағандары қалай? Үрейдің түбі сана мен сезімді естен айырды. Қабірдің ішіне түсіп, құбылаға қаратқан аруақтың бетін ашқан сәті сана сыртындағы бұлдыр бейнедей өте шықты. Ашылған бейне Аманаттың өзі екен. Сол сәтте ешқайдан құлаған белгісіз бір тамшы Аманаттың оң қолына кеп тиді. Қорқыныш пен ессіздік құдайы жүрек қақпасын қаққылап кетті. Қабірден шыға жөнелген Аманат қайтар жолында шошып оянды. Түн тағы да аспанның арғы жағынан сығалап қарай бастаған екен. Маңдайынан шып-шып құлаған қиналыстың сулы бейнесін сүртіп тастап, жүрек жойқын дүрсілін қолымен қысты. Көрген түсін жорытуға жасқанды. Ертеректе «сүйек ашылып қалған өлкеге жаңбыр жаумайды десетін» дегенді естігені бар еді. (...Не жазып ем құдай-ау. Қай күнәмнің қайтарымы мынау...)

Аңсаған қарттың бір жамандықты сезген, түкті көздері Аманатқа құлатты:

-Е-е-е, балам, тұрғаның жақсы болды, екі кештің ортасында ұйықтауға болмайды.

Аманат жауап қатпады. «Кешелі кешкен ауыр ойларым шаршатпағанда қайтсін?» деген алданыш үмітін жанына жұбаныш қылды да есін жинады. Аңсаған қарт шәй әзірлеп қойыпты. Аманат жуына салып дастарханға жайғасты. Үстел басында Аманат:

-Анауыңыз «ракета» ғой. Иә, аға?-деп көзін қол сағатқа құлатты.

-Оны қайдан білесің?,- дауысында таңқалыстан туған дірілдің табы бар болатын. Қолындағы сағатын оң қолымен бір сипады. Ескіліктің естияр қимылы шығар, шамасы.

-Әкемнің айтып отыратындары бар еді,- деді де шәйін бір жұтты. –Бұл өзі оңайлықпен келе қоятын сағат емес қой. Солай емес пе? Кезінде әкем осы сағатты құнына екі бұзаулы сиырды бересің дейтін. Механика ма өзі?

-Иә, бұл сағатқа да қырық бес жыл болыпты ғой. Бұл менің жалғыз сағатын. Осыдан бұрын да, кейінде сағатым болмаған. Бір қолдан ұстағасын ба, әлі бір қыңыр қылық танытпады.

-Неге сонша ұзақ тақтыңыз, аға?

-Сен өзі көп сұрақ қояды екенсің, тамағыңды іш,- деді бір сырын ішке тыққандай болып. Аңсаған қарттың түрі өзгеріп кетті. Аманат, құдды шынымен де, көңіл күйінің жайсыз перенесін баса салғандай. Аңсаған қарт подсигарын алды да, ақырын тамбурга шыға жөнелді. Аманаттың тамағынан ас өтпей қойды. Пойызда ойнап келе жатырған күллі қуанышты ритмның бәрін өзі құртқандай жабырқаулы күйде қалды.  Сағат ширегіндей уақыттан соң Аңсаған қарт қайта келді:

-Болдың ба тамақ ішіп?-қатқыл даусы қаһардың қолдан жасалған түрі іспеттес шықты.

-Аға, айып бұйырмаңыз. Мен өзі ескі дүниелерге қызығушылығым бар,-дегені сол еді, қарт жанарының жасын оттарын Аманатқа қадап тұрып:

-Жүр ендеше, байқайын әуселеңді.-деген күйгелектің мезгілсіз ашуы сынды сөздері оның жанарының артында жасырынып тұрған мөлдір сезімнің мүсінің жасыра алмады. Бәрібір де Аманат әңгімені ешкім баспаған нотадан құбылтқаны қарттың өзіне ғана аян. Аңсаған қарт екеуі шыға жөнелді. Қарт оны поездың ресторанына алып келіпті. Ұзын соңар эшелонның бел ортасына жайғасқан кәдуілгі вагон. Тек ондағы өмір тынысы шынайы өмірдегідей қарапайым емес етін. Таңғы сілтегендерінің арыны қайтадан ашылды ма Аңсаған қарт ресторанның барына үңілді. Бар сөрелерін сайтан сусындармен естен адастыру қиын. Қатар-қатар тұрған вискарьлар мен шараптардың ұзына-бойғы таңдамалылары көздің жауын алардай жарқырап тұр. Бұл өлкенің табиғаты басқа, Құдайы бөлек. Қалтасындағы портмонесын үстел үстіне лақтыра сала, қолындағы ракетаны шешті де Аңсаған қарт:

-Бұл өлке шындыққа апарады,- деді қатқыл жүзіне сәл жылымық орнағандай қан жүгіртіп. Аманаттың абдырап қалғаны жасырылмақ емес. Өлер сәтінде өмірді қимай тұрған ең соңғы жүрек үміті сынды қалтыраған қолдары қалта ішінен дір-дір етеді. Қартқа қарама-қарсы отырғаны сол еді:

-Не ішесің?-деді де бардың менюын алдына лақтыра салды. Сол-ақ екен, Аманат қартқа қарай екі қолдап кейін сырды. «Өзіңіз таңдай беріңіз» дегені еді.

-Е-е-е оның дұрыс. Таңдауды маған қалдыр. Мен бұнымен дос болғаныма қырық бес жыл болды.-мұңлы жымиюын қолдан жасады: Мен бұлардың әрқайсысын көңіл күйлерге бөліп қойғам. Мысалғы, мына сыраларды,- менюды Аманатқа бұра көрсетіп: Құдайды еске алған кезде ғана ішем,өйткені, Құдайдың үлкен қара қазанында менің өлім туралы философиям қайнайды ғой, дәл бір сыраның қайнағаны сынды. Вино дегенің мезгілдің сезім атаулыларды жаңғыртып тұратын кездегі ішетін сусыны ғой. Әр көктем мен әр күзді осы жүзім шарабымен қарсы алғанды ұнатам,-деген әңгімелер легі Аманатты сілтідей тындырды. Таңданысындағы сол сәті әлі өзгермеген. Әңгіме өз жүйесімен жүріп жатыр ма, жоқ па оны өзі сезіп отырған жоқ. Тек тұңғиығына батырып бара жатырған қарт әңгімесінің морт сынып кетпегенің қадағалап отыр. Өз аудиториясына еніп алған Аңсаған қарт әрі қарай сөйледі: Себебі, ерте көктемнен қара күзге дейін, қара күзден ерте көктемге дейін жүзім жемістерінің қасиеті өзгереді. Бірақ жүзімнің үлбереп піскен сәті мен шіріндіге айналып ашитын кезінің қадірі бірдей. Көктемде гүлденетін сезімдерді, күзге кеп өлтіріп алмауым үшін ішетінмін. Ал, вискарь ол вискарь ғой. Ол өткенді еске алуға бастайтын ең мықты допинг. Ол адамды жұтқан сайын өзіне тарта түседі. Вот, міні тұр, қара, вискарьдың ең ұлысы. Тек Шотландия жасайды. «The Maccalan Decanter 1824 year.» Бұл вискилардың ішіндегі ең әйгілісі. Адамның қолы жете бермейтін бағада сатылады,- әңгіме кілт тоқтады:

-Ал, менімен қайсысын ішесіз?

Қарттың түрі өзгеріп кетті. Тағы бір ауыр соққының тигені анық. Қарт терезе жаққа көз тастап ойланып отырды да:

-Мен сенімен бәрін ішем. Бармен!-деді де қолын көтерді. Бағаналы бері қартқа ұзақ қарап отырған  Рома деген татар жігіт тез жетіп келе қойды. Енді тек сөйлейін деп жатыр еді, өз сөзінің буына мастанып қалған Аңсаған қарт «бұл жерде тек мен сөйлеймін» дегендей бағанағы көтерген қолын үстелге бір-ақ ұрып сөйлей жөнелді:

-Бізге, 300 мл шотландиялық «Aberfeldy» вискары және мұз.

Біраздан соң тапсырыстардың бәрі әкелініп бітті де, екеуі бір-бір бокалдан тастасып жіберді. Ары қарайғы әңгіменің ауаны шыныменде шындық айналасында өрбитініне екеуі де сенген. Бетіне қан жүгірген Аманаттың Аңсаған қарттан әңгіме естігісі келген арам ойы тағы да арена төсіне айқара көтерілді. Сәлден соң:

-Аға, неге бірінші виски? Өткенді ойлауды жаным сүймейтін,- деп өз ойынан өзі шошына түсті. Өйткені, соңғы айларындағы ойдың осы сәтте еске түскенің жаны қаламаған көрінеді. Бірақ ол дәл қазіргі сәтте жалғыз кейіпті жанға ұқсамайтын сынды. Жанын жадыратқан жалғыз сол ғана.

-Өткенді мен айтам.-қарт ойын сәл жинақтап алып, сигарасынан бір жұтты да әңгімесіне кірісті: Дәл  қырық бес жыл бұрын мен ең алғаш мына шарап атаулылармен дәмдес бола бастадым. Дәл осындай пойыз ресторанында іше бастағам. Алматыға қатынайтын жалғыз пойыздың рестораны мені сезіммен де, қазір бара жатырған еліммен де қол үздірген болатын. Ол өлке мені ұмытқан шығар, бірақ. Мен өскен Қарт Жайықтың ақсазандары әлі аспанға атылып жатыр ма екен?-  Маңдайындағы тамшылағысы кеп тұрған терді бір сүртті. Аманат әңгіменің өткенге өтіп бара жатқаның ұққан болатын: -Сол жылдары ауыл арасында білім қуған жалғыз мен едім. 10 сыныптық ауыл мектебін аяқтай салысымен жалғыз анамның ақ батасын алып, қалаға келген болатынмын. Тура қыр гүлін тамырынан жұлып шелекке отырғызғандай болды. Ауылдағы кеңшіліктің ол жақтағы мағынасы басқа. Әйтіп-бүйтіп орналасқан оқудың бірінші курсынан соң, күзде әскерге алып кетті. Келіп жалғастыратындай қылып шештім. Алғашқы жылғы желіктің қыз көрмеген әдеті сан сұлулардың ішінен шертіп жүріп біреусіне баруына апарды. Желіктің аты желік. Көздің сүймейтіні жоқ. Сөйтіп жүріп сезімнің соңы болар деген қоштасу мен үшін сезімнің бастамасы болып көрінді. Ең ақырғы түні қоштасқан сәтімізде көз жасы жүрек тұсыма тамып кеткен болатын. Жүрегім дір ете қалды. Қоштасқанда жас тамызу жаман ырым ғой.- Аманаттың бойын әлде бір сезім билей кетіп, денесін тітіркендіріп жіберді:

-Аға, есімі кім болатын?

-Балауса еді...

Осы сөз күллі кешкен күйдің қай құтыға құйыларын білмегендей адасуымен аяқталды. Денесіндегі қанды теріс ағызған сәт еді. Сөз құдіретіндегі қанжар-құбылыс Аманаттың жүрегіне қадалып қалды. Қартттың іші әлдебір сұмдықты сезді білем, Аманаттың болкалына толтыра құйды да екінші жұтымын тартып жіберді. Сөйтіп:

-Бармен! 300 мл «Meursault»  жүзім шарабын алып кел.- қарт қызып қалған. Бойы бусанып Аманатқа көз тікті. Ол алдағы әңгіменің не боларынан сескеніп отырғандай. Алдарына келген шараптарынан бір вокалды тауысты да әңгімеге қайта кірісті: Мен кеттім. Үш жыл жаға көрмей теңіз болдым. Оң иығымдағы «КТОФ» деген жазу сол кезден бері бар. Сөйтіп, әскердегі үшінші жылымда анамның дүние салғанын естідім. Алып-ұшып ауылға қайттым. Менің әскери өмірім сонымен біткен болатын. Ауылға келіп, анамның жерге түсер уақытына шақ үлгерген едім. Несін жасырайын,сол кездегі қиналысымның шегі жоқ шығар. Тек ауыл шетіндегі бейіт басына қадалумен көп күнім өтті. Ауылдағы мал мен үйді сатып қалаға оқуымды жалғастыруға келіп, Балаусаны іздедім. Осы кезге дейін бір хабар алыспай енді барып тұрсам қалай болар екен деп, ұзақ ойландым да, болмағасын, ауылына тарттым. Қиыр шетте орналасқан ауылдың өз қайғысы өздерінде екен. ...Бір жыл бұрын Балауса із-түссіз жоғалыпты. Ата-анасында «оралар» деген үміттен басқа түк қалмаған екен. Анасы Жадыра апамен сөйлескенімде жылап қоя берген. Қайғыдан қаны қарайып, бетіне шыққан екен. Ауыр мұңның көңіл қайыстырғаны айтысмаса да, жүзінде жазылып тұр... Қырсықтың бір айналдырса, шыр айналдырары не сұмдық. Анасымен болған әңгімеде: «мен кеткен соң, менен бір хабар хатты ұзақ күтіпті». Сөйтіп, жүрегі шыдамаса керек, ешкім жоқ өлкеге жол тартқан-ау шамасы. Аянышты халің анасына көрсеткісі келмеді ме екен?! Тек кетер алдында маған мына,-деп үстелде жатқан «Ракетаны» қатты қысып: сағатты тастап кетіпті. Іздеп келерім сезді білем.  Мен, сөйтіп, бұл қаланың құзғын тіршілігінен қажыдым да, тағдыр атаулының аузына өзім кеттім. Міне, содан бері қырық бес жыл өтіпті. Елдің жүзін көрмегеніме осыншама уақыттың өткеніне өзім де таңқалам. Бір өкініштен қашып, мың өкінішке жолыққаным - менің өз өмірімнің өлшемі ғой. Алатаудың асқақ шыңдарында қызыл іңірді талай ұшықтағаным есімнен кетпейді. Құдды бір жиырма-ақ күндік ғұмыры ғана  бар бәйшешектің күлін көкке атып жібергендей сезілетін.- Құбылыстың қайғы қуған елесі Аманат ойы шыр айналдыруда. Айдалада адасқан анау түсіндегідей, біреудің сөзінен өз өмірін көріп отырғаны қалай? Зіл ойдың кемесінде жүзіп отырған Аманаттың батары белгісіз бұл түндегі қайғысы мол, ақырғы сұрағы аузынан өлімсіреп шықты:

-Неге оралдыңыз?

-Жылдар өтті. Мен үйленбей қалдым. Қыз таппағанымнан емес, көңіл енді тағы бір адасуды көтермейтіндей еді. Үш күн бұрын почтама хат келді. Ешқайдан. Ешкім жазбаған. Тек қабылдап алушы менің ғана аты-жөнім және бір ғана сөйлем: «Ракета. 31.08.2015. БҚО, Ақсуат ауданы, Күлтөбе ауылы, Абай көшесі, 134».  Бармен енді сыра әкел!- қолы аспанға әрең көтерілді, келген сырасынан қылғыта жөнелді:

-Сөйтіп маған үш күн бұрын келген хабарда дәл бүгін күннің датасы жазылып тұр екен. Неге екенін түсінбестен тарта жөнелдім. Жалпы, мен Құдай мен сенімнің арасын 45 градус деп есептеймін. Себебі, 45 градустағы әлемнің ең ұлы бұрыштары синус пен косинус мәндерінің қатынасы тура 1-ге тең. Ал, мен Құдай мен Сенімнің бір ұғым екеніне ешқашан шүбә келтірмегем. Мен Құдайды көрмесем де сенем- дегені сол еді пойыз сілкінгенде сіміріп отырған сырасы сағат үстіне төгіліп кетті. Қыл көпірдегі аруақтардың аянышты хәліндей Аңсаған қарттың көздері үміт-жанарымен ақырын сағатқа түсті. Сол кез «ракетаның» соңғы рет қозғалғаны болатын. Істен шықан сағат мүрдесін төс қалтасына салды да, көздеріне ұялаған өкініштің қан кейпін қайтарумен болды. Сәл болмағанда, сабырлықтың сағым сағыныштарынан адыра қалатын. Әңгіме осы жерден аяқталды. Масайрап қалған жан дүниелерін түн қойнындағы тажалы көп тіршіліктің талауына тастай салды. Естен адастыратын өмірдің соқпақ жолдары дәл Аманат миының алтын қазығына айналғандай болатын. Өз ойынан өзі шошығанымен өзінің қырық бес жылдан кейінгі кейпін көріп тұрғандай әсерде болды.

        Жайыққа бастайтын жолдың қаһарға толы тепкісі аяқталды. Аңсаған қарт пен Аманаттың сапарлары тәмәм. Нөмірлерімен ауысып сол вокзалда қоштасқан болатын. Аңсаған қарт мекен-жайды табуға кетті. Аманат ауылға баруға жүрегі дауаламай қала маңында үш-төрт күндей айналшықтап қалды. Келесі күні Аманаттың ұялы телефонына хабарлама келді. Аңсаған қарттан екен. Оқи сала Аманаттың бойы суып кетті. Өткендегі қарт өзіне келген хабарды бұған жіберіпті: «Ракета. 31.08.2015. БҚО, Ақсуат ауданы, Күлтөбе ауылы, Абай көшесі, 134». Ішкі ойы бір сұмдықты сезе қалды. Кейін хабарласса өшірулі. Адам санасының соншалық сезімтал келетіні неге екен? Ой атаулының тартысы үнемі қасірет жолының соқпағына түсіп кете беретіні адам жанының жеккөрінішті тұсы ғой. Ой ішіндегі ой, сана ішіндегі сана Аманатты ауылынан бұрын сол жаққа жол тартуға қамдандырды. Таң ата салысымен жолшыбай  таксисттермен елге жетіп, дәл сол мекен жайды іздестіруге кірісті. Ауылдың шағыл құмдары көшіп тұрған сәт екен. Нарынның шекпен шешпейтін құмдарынан бір ауса қайтер еді. Жан баласының басқан ізі де, тіршілігі де байқалмайтын бетбақтай құба дала. Тас-талқаны шыққан бір-екі үйдің киесіз бейнесі ғана жатыр. Құдды бір, мұқым елді құм жұтып қойғандай. Бағанағы мекенжай ауыл шетіндегі шағын алашалар қорымының адресі екен. Ауылдан біршама алыстау жерде орналасқан бұл өлкеге шаңды жолдармен жаяу тартты. Жүректің адастырмасы анық, десе де, не қылары белгісіз. Алыстан қарауытып көз алдына елестей бастаған аруақтар ауылына әрең дегенде жеткен болатын. Бейіт қақпасынан оң аяғымен аттап, «бісміллә» бір айтты да, не іздеу керек екен білмей абдырап қалды. Жан баласының қатынағанын жасырумен әлек құм көшкіні ұлы бір сырды жасырып жатқаны бірден белгілі. Тек құм бетіне жақында түскен адам ізі бір жолға бастайтын сынды. Бірақ шыққан ізі ЖОҚ... Жүрегі әлденені сезетіндей. Сорлы үміттің соңғы демін ішіне жұтты да, сабырлы жүрісін жалғастыра жөнелді. Ақырын ойлап, аңдып басып келеді. Анау шетте біреу отырғандай. Қарайған бейненің не елес, не адам екені белгісіз. Жалғыз белгі сол ғана. Сол жаққа таман баппен қозғала бастады. Жүрек дауаламаса да, шаңқай түсте өлгендерден қорқуға бола ма деген ой алға жетеледі. Жақындап келсе, отырғандай болған адам бейіт үстінде екбетінен құлап жатыр екен. Кімнің бейіті екенін оқып еді, Сағынышқызы БАЛАУСА (18.05.1949-31.08.2015) екен. Бейіттің үстінде жатқан алып денелі, әлі семе қоймаған адамды көріп еді, кеше қоштасқан АҢСАҒАН  қарт екен. Қолынан сусып түсіп жерге құлаған бос бөтелкенің ыдысы домалап барып бейіттің етек жағына жайғасыпты. У ішіп өліпті, бейшара. ...Ракетаның да, Балаусаның да ғұмыры бір күнде тоқтапты ғой. Адам өлгенде қимасына тартқан тартуы бірге кетеді дегенді көп еститінмін...  «Балауса аманатын» қолына таққан Аңсаған қарт, аңсап күткен «Тәңір аманатын» құшақтап өліпті.  Қабір үстіндегі қабірді көрген Аманаттың жүрегі тасқа айналды. Адалдықтан шыққан аяулы үннің үскірік боп үрерін кім білген. Өмір атаулының бәрін дәл осы көрінісімен қоса жұтып алған құмның қасиеті бұны жүректен өшірмесі анық. Енді бұл өлке де, Тәңірдің бір тамшысына зар болары хақ. Ұзын-сонар тағдырдың қай арнада тоқтайтынын Құдай білсін. Бұл оқиғалардан соң, Аманат еліне соқпастан Алматы шаһарына кейін кетті. Бұл қаланың кәрі мұңдары енді қашанға дейін жазылары белгісіз. Оны тек Тәңір екеумізден өзге ешкімнің білмесі анық. Бір білетіні, Бұл Аманатты соңғы раушандай өртеп, қызыл іңірде күлін көкке шашып жіберген. Ол енді құм құшағындағы сағым сіңірген мыңдаған қарғыстың бірі болатын. Ал, адасып жүрген мына бейне, кімнің баласы екенің мен мүлде танымайтын едім...

                                                                                              Абылайхан Қуанышев

2018 жыл