Авторлық ертегі

Халел Досмұхамедов – қазақ медицинасының негізін қалаушы

Бүгін осы тұлғаның медицина ғылымы үшін атқарған жұмысына тоқталамыз

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Халел Досмұхамедовқоғам қайраткері, этнограф, әдебиетші, тарихшы, табиғат зерттеуші және ағартушы ретінде белгілі. Алайда оның қазақ медицинасына қосқан үлесі орасан зор. Бүгін осы тұлғаның медицина ғылымы үшін атқарған жұмысына тоқталамыз.

Халел Досмұхамедов 1903 жылы Орал әскери-реал училищесін аяқтаған соң Санкт-Петербург әскери-медициналық академиясына түседі. Академияда өткізген алты жылда дүниетанымын қалыптастырды, өмірлік жолын таңдады. 1909 жылы осы оқу орнын алтын медалмен бітіріп, Пермь губерниясында, кейін Орал қазақ-орыс атқыштар батальонында әскери дәрігер қызметін атқарды.

Әскери қызметте жүріп, Х. Досмұхамедұлы халықтың дәрігерлік көмекке аса мұқтаж екенін ұғады. Қарапайым профилактикалық шараларды білмеуге байланысты түрлі жұқпалы ауру түрлерінен адам өлімі көп екенін көреді. Әсіресе халық арасында оба дерті өршіп тұрды. Халыққа дәрігерлік көмек көрсетіп, профилактикалық жұмыстар жүргізу үшін Досмұхамедов басшылығынан әскери қызметтен босатуды сұрады. Сөйтіп 1913 жылы ол әскери қызметтен кетеді. Сол жылы Орал облысының Темір уезіне учаскелік дәрігер болып жұмысқа тұрады. 1920 жылға дейін оба індетінің ошақтарын жоюға белсене қатысты.

1915 жылы Қазақстанның бірқатар аймақтарында, әсіресе, батыста оба эпидемиясы басталды. Халел Досмұхамедов осы қатерлі аурумен күресуге көп үлес қосты. Осы дертке арналған ғылыми еңбегі де бар. Бұдан бөлек Досмұхамедов басқа да жұқпалы дерттермен күресуге арналған әдістемелік құралдар, гигиена мен медицинаның басқа салалары бойынша оқу құралдарын жазды.

«Қазақ», «Орал», «Фикр» газеттеріне инфекциялық ауру түрлері туралы мақалалар жазды, қарапайым халыққа түсінікті тілмен әр аурудың сипатын, емдеу жолдарын, алдын алу шараларын түсіндірді. Оның «Тамыр дәрі хақында», «Сары кезік - сүзек», «Жұқпалы ауру хақында», т.б. мақалалары белгілі.

Кейін Орта Азия университетінің медицина факультетінде ординатор, мектептің санитарлық дәрігері қызметтерін атқарды. 1922 жылдан бастап Түркістан өлкесінің Денсаулық сақтау халық комиссариатында жұмыс істеп, оба індетімен күрес бойынша орталық комиссияны басқарды, ҚазКСР денсаулық сақтау халық комиссариатының емдеу-санитарлық ісіне жетекшілік етті. Денсаулық сақтау халық комиссариатында жүрген кезінде қазақтың медицина кадрларын дайындауға ерекше көңіл бөлді.

Х. Досмұхамедұлы қазақ тілінде медицина мен жаратылыстану бойынша ғылыми-танымдық кітаптар мен оқу құралдарын жазған алғашқы адам. «Оқушылардың денсаулығын сақтау» (1925), «Как бороться с чумой среди населения казахского края» (1918, 1924), «Омыртқалы жануарлар туралы» (1927), «Ғылыми терминология туралы баяндама» (1922) және басқа да еңбектері белгілі.

Репрессияға ұшырап, айдауда болған кезінде де ғылыми жұмысын тоқтатқан жоқ. Воронежде гигиена және әлеуметтік денсаулық сақтау институтында бөлім меңгерушісі болып істеді.

Халел Досмұхамедов көптеген түрлі ғылым мен саладағы энциклопедиялық еңберімен қатар медицина мен адам организміне қатысты қызықты да түсінікті тілмен жазылған мақалалар мен оқу құралдарын қалдырды. Оның еңбектері болашақ дәрілерлердің, фельдшерлердің ой-өрісін кеңейтуге әсер етті.

Дереккөздер:

«Ақжайық» газеті: «Халел Досмухамедов как основоположник естествознания и медицины в Казахстане» / azh.kz

«Сарбаз» газеті: «Военный врач и видный деятель Алаша Халел Досмухамедов» /sarbaz.kz