Саясат

Шығыс Түркістан және Алаш идеясының бес нысаны

Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалыс

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан жердің бір бөлшегі Шығыс Түркістан.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры Тұрсын Жұртбай Шығыс Түркістандағы Алаш идеясы туралы әңгіме қозғады. 

Шығыс Түркістандағы қазақтардың тарихи тағдыры

Дүние тарихы төңкеріліп түскен ХХ ғасырда империялық және ұлттық мүдделердің қақтығысы – әлем жағырафиясынан бастап, ұлттар мен ұлыстардың, жеке адамдардың тағдырына түбегейлі өзгерістер әкелді. Түсіндіріп болмайтын «түсінікті мүдделер» бүтін елді бұтарлады. Бұтарланған жұртты бунақтады. № 453-л хаттама мен 1945 жылғы 11 ақпанда Ялтада өткен Сталин, Рузвельт, Черчилль қол қойған «Үш ірі елдің Қиыр Шығыс мәселесі туралы бітімі» бойынша, Шығыс Түркістан Қытайдың құрамына беріліп, Сыртқы Моңғолияның дербестігіне айырбасталды. Сөйтіп олар тек тектік, діндік, тілдік,  негіздері мүлдем қабыспайтын ұлттардың құрамына біріктірілді. Империялық бөліп ал да билей бер» деген өктемдіктің кесірінен бүйрегі бүтін қазақ елі үшке бөлініп кетті. Қазақстан үшін сондай мүдделі әрі ділгір, күрделі құпия мәселе – әлімсақтан бергі ата қонысында отырған Шығыс Түркістандағы қазақтардың тарихи тағдыры.

Екінші дүниежүзілік соғыстың соңғы нүктесінің бірі болып табылатын, Империялық мүдделердің қақпақылына түскен Шығыс Түркістан Республикасының құрылуы мен таратылуы – ұлттық тұтастық пен ұлттық ыдырудың тарихи, саяси, рухани және территориялық түйіткілдері тәуелсіздіктің алғанға дейін өз тарихынан өзі жеріген қазақ тарихнамасында мүлдем зерттелмеді. Қазақ тарихшылары үшін ол бимағлұм күйде қалып келген тақырыпқа айналды.

Миллиондаған адамның тезге салған бұл оқиға туралы қарама-қарсы мүдделер мен пікірлерді зейін қойып зерделеу-тек қана қазақтың ғана емес, орыс, қытай, моңғол, қырғыз тарихшыларының міндеті болып саналмақ.

 

"Пантүркизм атауы"

Өкінішке орай, бүгінгі территориясы тиянақталған тұста да бұл оқиғалар ғылыми зерделеуден өткен жоқ. Зерделеуді былай қойып, қазақ шығыстанушылары мен тарихшылары Шығыс Түркістан атауынан бас тартып, империялардың отарлық пиғылын танытатын Синьцзян – Жаңа жер (игерілген тың, яғни бізге түсінікті Целиноград) сияқты алыпты атауды «ғылыми негізді термин» ретінде таңдап алыпты. Тәңір атауды бөкерлей орналасқан тұтас жұртқа қойылған, саясатқа еш қатысы жоқ – Шығыс Түркістан, Орталық Түркістан, Батыс Түркістан, Солтүстік Түркістан деген жағырафиялық атаулар кезінде мұқым түркі елінің атын тарихтан өшіру мақсатында «пантүркизм» деген атты ойлап тапқан еуропашыл ғалымдардың өктемдігінен туған атау болатын. 1919 және 1922 жылғы түркі халықтарының астыртын құрылтайында қазіргі Қазақстан мен Бшқұртстандағы «Солтүстік Түркістан» деп ресми атап, картаға енгізіп, ортақ туды бекіткен болатын. Бүгінгі тәуелсіз мемлкет тұсында да біздің ғылымдарымыз өзінің пікірін Петербургтегі, Мәскеудегі, Қиыр Шығыстағы ұстаздарының сызып берген сызынан шыға алмай отыр.

Тарихи тәуелсіз ойлау жүйесі қалыптаспаған тарихшылар тарихи шындықты қалпына келтіре алмаса, ұлттық мемлекеттің  тарихы мен ұлттық мүддесі, танымы мен тағдырын толық тұжырымдалмайды.

Ал біртұтас Алаш идеясын кие тұтатын қазақтар үшін:

Шығыс Түркістан деген – көне түркінің «мәңгілік ел» идеясының аясында өмір сүрген түркі дүниесінің ата мекені.

Шығыс Түркістан дегеніміз – бөлшекке түскен қазақ жері.

Шығыс Түркістан дегеніміз – бөлінге түскен қазақ елі.

Осындай өксікті өкініштің өті жарылып, уыты таралмас үшін А. Байтұрсынов, М.Дулатов, Р.Марсеков, Қ. Сүлейменұлы бастап барып, 1918 жылы 24 сәуірде Шәушек қаласында кіші құрылтай өткізген болатын. Ондағы Алаш зиялыларының басты мақсаты:

 

  1. «Алашорда» үкіметінің Шығыстағы эмиграциялық бөлімін ашу;
  2. Босып барған ел мен жергілікті қазақтардың басын қосып, Алашорда мемлекетінің азаматтары ретінде Қытай үкіметін ресми тіркеу;
  3. Оларды қолтықтаса орналастырып, дербес автономиялық басқару жүйесін құру болатын.

 

Алайда, мәнжу империясы күйресе де, империялық үстемдік пиғылы күйреген жоқ болатын. Сондықтан да олардың бұл талабы орындалмады. Үміті ақталмады. Бірақ та Алаш идеясы өзінің дәнін сеуіп, өнімін егіп кетті. Ұлттық газеттер мен мектептердің, мәдени ойын-сауық отауларының ашылуы – ұлттық сананы оятып, ақыр соңында ұлт-азаттық қозғалысына алып келді. Ұлт-азаттық күрес қаһармандары мен жауынгерлері осы біртұтас Алш идеясы үшін қолына қару алды. Жауымен жағаласты, жараланды. Қаза тапты.

Алаш идеясынан, оның бес ұлы нысанынан артық мүдде болуы тиіс емес. Ол идея бүгін де өзінің мүдделі мақсатын жойған жоқ. Қайта тәуелсіздіктің тамыры тереңге кеткен сайын, алдымызға сұрақ болып шығып отыр. Ол идеялар мыналар:

Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді».

Екінші ұстаным: «жердің астындағы, үстіндегі,аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша, «Оның әрбір

түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын.

Үшінші ұстаным: Ә.Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі» керек, яғни толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс еді. Төртінші нысана: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек.

Бесінші түпкі мақсат: ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді.

Бұл бес идея өзінің азаткерлік миссиясын әлі жойған жоқ. Жер үшін, жер мен аспан байлығы үшін, тәуелсіз экономика үшін, тіл мен діл үшін, дін үшін қазақ ұлтының көзқарасы мен ар-ожданын қорғайтын, ұлтты сыйлауға мойынсындыратын тәуелсіз заң мен тәуелсіз ойлау жүйесін қалыптастыратын тәуелсіз ғылым үшін күрес жолы енді басталды. Демек, Алаш идеясы бүгін де, ертең де өзінің жалғасын табады. Ғалымдастыру дәуіріндегі рухани тәуелділіктен қорғайтын бірден бір ұлттық бағдарлама осы.

Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысы осы 5 мақсатты жүзеге асыруға ұмтылған халықтық қозғалыс. Қалибек хакім де  осы бес мақсат үшін күресті. "Етегімен су ішті, етігімен су кешті". Азаттықты аңсаған атойшысы болды. "Аланай асып арпалысты , Бұланай асып буырқанды." Алащ идеясын бойтұмар қылып тағып, ар-иманы мен қосы жүрегіне орнатқан арыстармен бірге қазақ халқының бостандығының рухы болып Еуразияны шаралап жүрді. Оладың бұл аңсары Дәлелхан Жаналтай, Халифа Алтай, Хасен Оралтай, Қамза Ұшар, Құсайын тәйжі сияқты қатарластары мен үрім-ұрпағы арқылы ауа толқындарымен туған еліне жетіп жатты. Солардың талып жеткен дауыстары біздің жүрегіміздегі алаш идеясының қоламтасын қоздатты. Үміт отын жақты. Бұл қолдауды, сіз бен біз сияқты желтоқсан оқиғасына дейін де, сол оқиға тұсында да, одан кейінгі кезеңде де жүргізген астыртын жұмыстарымыздың барысында сезініп отырдық. Әрине, бұл өзегі басқа әңгіменің арқауы. 

Өкінішке орай, біртұтас алаш идеясы үшін күрескен, қазақ ұлтының біртұтас ұлт-азаттық қозғалысының бір бөлігі болып табылатын Шығыс Түркістандағы азаттық майданы туралы және оны "Алаш" партиясымен, "Алашорда" үкіметінің тағдырымен , жалпы қазақ күрескерлерінің тағдырымен байланыстыра зеттеген тұжырымды зерттеу жоқ. Ол туралы пікілер де Қазақстаннан басқа әр мемлекетітң ұстанған саясатына байланысты қақпайланып жазылып келеді. Тек Тұрсынхан Қайыркенұлының "Ұмытылған мемлекет" ( "Синьцзян" Шығыс Түркістан қазақтарының ұлт-азаттық қозғалысы. (1940-1949)") атты монографиясында бұл бағытта діттеген ділгер еңбек, осы тақырыптың алғашқы кіріспесі сияқты қанаттанды зерттеу болып табылады. 

Егер де біз өзіміздің ұлттық тұтастығымыздың дүние қауымдастығы алдында дәлелдеп, мойындатқымыз келсе, онда бұл мәселе ерекше назарға ілінуі тиіс. Бұл мәселеге тұсауы енді кесілген талантты да батыл көзқарасты тарихшы Бүркіт Аяғанов басқарған Президенттік Мемлекет тарихы институты ерекше ықылас білдіреді деп сенеміз. 

Осы тұста мынадай ұйымдастыру шаралары жүргізілу керек. 

Бірінші, тұтас "Біртұтас Алаш идеясы" деген терминді қалыптастырып, "Біртұтас ұлт-азаттық қозғалысы және Шығыс Түркістан " атты халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырып, оған тек қазақ ғалымдарын, орыстың, американың, түріктіің, француздың, монғолыдың ұлттық ғалымдары мен Шығыс Түркістан тағдырын шешкен әскери-дипломатиялық келісімдерге қатысқан мекеменің өкілдерін қатыстыра отырып, келелі кеңес өткізіп, істің бағыт-бағдарын ашырһп алса, дұрыс болар еді;

Екінші, осынау тағдырлы ұлт-азаттық қозғалысы туралы шығарылатын дастандардың, қошьасулар мен жоқтаулардың, аңсарлы хаттардың, күнделіктердің, зерттеулердің, деректі құжаттардың басын қосып, көп томдық етіп жарияласа, руханиятымызға қосылған үлес болар еді.

Үшініші, Шығыс Түркістандағы, Монғолиядағы ұлт-азаттық қозғалысының құрбандарына бұл елдерде ескерткіш қойылмайтыны анық. Сондықтан да осы азаткерлердің тағдырына тікелей қатысты және олардың алғашқы әскерлері жасақталған шекаралық аудандарға (Жаркент, Достықта, Мақаншыда, Майқапшағайда)  ескерткіш орнатса орынды болар еді. Соның ішінде, Алаш әскерініің ең соңғы шешуші шайқасы өткен. 

Бұл шешім біздің біртұтас Алаш идеясына, біртұтас ұлт-азаттық көтерілісінің құрбандарына, тарихына деген ұлттық тағзым болары сөзсіз.