Weekend

Үрей (әңгіме)

Арыс апаты алты жасар қыз көзімен

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com


Ол оянғанда қақ төбесін қыз қыз қайнаған күн денесін күйдіріп тұр екен. Басы мең-зең, құлағы да бітеліп қалғандай тек бір қалыпты дыңылдайды. Өне бойы ауырсынып шалқасына әзер аунап түсті. Бетін кішкене қодарымен күн көзінен көлегейлеп, ақыры болмағасын тұрып отырғысы келді. Кенет тізесінің қатты ауырсынғанын сезді. Қашан, қай жерге ұрып қанатқаны есінде жоқ. Сайға қарай жамбастап жылжып, күнге артын беріп отыра кетті. 

Бағанағы жайғдайды есіне алды. Тарс-тұрс, гүрс. Соңынан пах деп аяқталатын шыңғырған сияқты ащы дауыс. Арқасы тіртіркеніп, қай жерде үстіме бірдеңе түсер екен деп сүрініп-қабынып жазық далаға қаша берді, қаша берді. Бұл не сонда? Баяғыда атам айтып отыратын соғыс осы ма ? Көздерін жұмып, құлағын қолдарымен баса кетті. Көзін ашып, қолын жіберсе бағанағы үрейлі дыбыс пен қорқынышты көрініс қайта пайда болатындай. Жылағысы, айқайлағысы келді. Аяқ қолы дір-дір етеді. Айналасында жан баласы, қыбыр еткен тіршілік белгісі жоқ. Орнынан тұрып қараса тек анааадайда аспанда қоп қою қара бұлт әлде түтін көрінеді. Кенет жер қозғалғандай қорыққанынан қайта отыра кетті. Басы айналғаны, әлде шынымен жер қозғалғаны белгісіз. Тек тұруға қорқады. 

Тыныш сияқты. Дала тыныш. Әлгінде ғана түк болмағандай тып-тыныш. Жанында бірге жүрген інісін ойлады. Аласапыран шақта жан сауғалап қашып жүріп қолынан ажырап қалыпты. Қалай? Неге оны тастап кеттім? Қалай айырылып қалдым? Анашым ұзаққа ойнамаңдар дегенде тыңдамай кетіп едім. Олар қайда екен? Аман ба екен? Отбасын ойлағаны сол еді Әзиза жылай бастады. Бірте бірте даусы да қатты шығып, айқайлап жылай бастады. Даусын естіп анасы жетіп келер деп ойлады ма, әлде анасын енді бұл өмірде жоқтар санатында деді ме?... Әйтеуір қашып бара жатып артына қарайлағанда үйлері жақ отқа оранғандай көрінген. 

- Е, Аллам!, - деді тізерлеп отыра кетіп: Анашымды, Аликошымды (інісі), әкешімді өзің сақташы. Олар аман болсыншы! Өтінем, мені жалғыз қалдыра көрмеші. Әумииин! 

Осылай өздігінен дұға оқыды. Оңашада ауыр ой билеген алты жасар қыз бағанағы дұғасын қайталап ілгері жылжи берді. Аштықтан әлсіреп, аузы кеуіп шөл қысып әлсірей бастады. Біраз жүргеннен кейін мәшиненің гүрілдеген, дабыл қаққан дауысын естіп қуана кетті. Бойын билеген үрей жасы, қуаныш жасына айналып, әскери көлікке қарай жүгіре жөнелді... 

Көлікте сабылысқан, үсті-үстіне мінгескен адамдар. Бәрінің жанарын үрей торлаған. 

Біршама жүргеннен кейін көлік тоқтады. Жүздері бейтаныс қаптаған адамдар асты-үстеріне түсіп, бәйек болуда. Мұндайды көрмеген қыз аң-таң күйде ұсынған суды ішерін не ішпесін білмей біраз тұрып қалды. Адам баласы болған соң ешкім ешкімді танымаса да көмектеседі екен ғой деп ойлады. Былтыр жазда ауылға апасымен барғанда ауылдың үлкендерінің бәріне сәлем бер деп үйретіп еді. Қалаға келгенде де үлкендерді көріп сәлем бергісі келгенде адамдардың жүзінен "Мені танисың ба? " дегендей сұраулы таңданысты көріп, ығып қалатын. Одан кейін мектептегі апайларынан бөлек өзі танитын үй маңындағы дүкенші тәтелер мен үй тұрғындарына ғана амандасатын болған. Ал қазір мына бейтаныстың бәрі таныс адамдардай. Әзизаның іші біртүрлі жылып сала берді. 

У-шудың арасында баласын іздеген ана, анасын іздеген бала абыр-сабыр. Кенет өз отбасы есіне түсіп, жүрегі тарсылдап қоя берді. Ол да туғандарын іздеп адамдар арасын аралап кете барды...