Weekend
Жақсы кино көрмекке
Қазақта «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы,» – деген аталы сөз бар. Мына әлем маған сол жақсы ұстаз бен ізін жалғар шәкірттерінің сабақтасып жатқанымен де мәнді секілді көрінеді. Тіршілік солай жалғасып жатқандай. Ұстаз үйретеді, шәкірті жалғастырады, уақыт-сәті келгенде ол да шәкірт тәрбиелейді. Осы жіп үзіліп қалмауы керек. Осының үзілмеуі үшін жанын салатындар бар. Мәселен, ресейлік кинорежиссер Александр Сокуров. Өзінің жылы орнын елеусіз бір Нальчикке айырбастап барып, сол жерден өз шеберханасын ашып, шәкірт тәрбиелейді. Жастарды шынайы өнерді тудырудың қыр-сырын үйретеді. Оның шеберханасынан көгеріп шыққандар бүгін нәтижесін көрсетіп те жүр. Қазіргі таңда Сокуровтың шәкірттері ресейлік киносүйер қауымның ыстық ықыласына бөленуде. Соның бірі – Кантемир Балагов.
Оның жасы небәрі 27-де. Кәсіби де, өмірлік тәжірибесі де аз ол Канн кинофестивалінің FIPRESCI жүлдесін екі рет алды. Талант дерсің! Біріншісін 2017 жылы өзінің толықметражды тырнақалды туындысы «Теснота» фильмімен иемденсе, екіншісі осы жылы «Дылда» кинокартинасы үшін берілді.
Режиссердің айтуынша, «Теснота» отбасылық қарым-қатынасқа байланысты фильм. Десе де, фильмді көріп, оның көтерген жүгінің ауыр екендігін аңғарамыз. Бұл фильмде сантүрлі мәселелер қамтылған. Көрермен ойы сан-саққа жүгірері сөзсіз. Ана-бала, әке-бала, бауырлар арасындағы қарым-қатынас, ұлтаралық араздық, антисемитизм, әйел теңдігі, феминизм, отбасындағы ер адамның ролі, тоқсаныншы жылдардағы сұрқай өмір және махаббат, сезім арпалысы фильмнің тұтас жұлын-жүйкесін қамтыған.
Фильмге арқау болған оқиға 1998 жылы Ресей Федерациясының құрамындағы Кабардино-Балкария автономды республикасының астанасы Нальчик қаласында өткен. Қайғылы оқиға еврей отбасының басына түседі. Енді сөз байласқан қыз бен жігітті бұзақылар ұрлап, ақша талап етеді. Бұзақылардың дәл еврей балаларын ұрлауының да үлкен мәні бар. Бұл сол уақыттардағы өшпей, жалғасып келе жатқан антисемитизмнің бір мысалы деуге келеді. Нальчиктегі еврейлердің қаражаты тек қызды құтқаруға ғана жетіп, ал жігіттің бар ауыртпалығын тек отбасы ғана көтеріп қалады. Бұл мәселенің шешімі барлық отбасы мүшелерінің емес, тек басты кейіпкер Илананың басына түскен ауыртпалық екенін сәтімен түсіне бастайсың. Інісінің өмірінің өтемі – оның тағдыры екен. Оның алдында тек қолын сұрап келген жігітке тұрмысқа шығып, өз сүйгенінен бас тартып, тағдырын құрбандыққа шалып барып шешу ғана тұрды. Өзге қыздар секілді емес, көйлектен джинсыды артық көретін еркекшоралау қыз бұған қарсы тұрып, өзгенің қолынан ұстап кетпей-ақ інісін құтқарады. Бірақ мәселенің шешімін табу оған оңайға соқпайды. Талай сынақтан өтеді. Әсіресе, қыз жүрегіне ауыр тигені – оны туған анасының бауырынан кем көріп, соның жолында қыздың келешегін қимақ болғаны. Анасына деген іште қайшылығы бар қыздың психологиясын актриса Дария Жовнер өте жоғары деңгейде сомдап береді. Отбасы мүшелерінің бір-біріне қарым-қатынасы да осы тұста ашыла түседі. Ұлдың қашан да бірінші тұратыны, тіпті, артық саналатыны, ал қыз баласының екінші кезекте жүретіні секілді сол баяғы теңсіздіктің сипатын осы фильмнен айқын көресіз.
Басты кейіпкер Илананың өзге ұлттан шыққан сүйгенін анасының қабылдамауы да осы фильмдегі ұлтқа бөліну мәселесінің кеңейе түсуіне ықпал ететіндей. Ұлттық араздықтың, бірін-бірі қабылдамауының нышаны фильм барысындағы басқа да сюжеттерден байқалып жатады. Фильмде ұлт жайындағы метафоралар қанша көп десек те, фильмді ұлтаралық араздық, антисемитизм туралы деп қабылдау жаңсақтық болады. Фильмнің соңына дейін өзгенің территориясында әбден құқай көрген азғантай топқа жаныңыз ашып отырауы мүмкін. Бірақ фильмнің шешімінде ұлын бәрінен артық көрген ананың қасында қызы ғана қалып, ұлы ештеңеге қарамастан өз отбасын сүйгеніне айырбастап кете барғанын көріп, ойыңызды өзгертесіз. Яғни, бұл кинокартина сізге: «Жақын жандарыңның жүрегіңнен алар орны қандай? Оның жолында сен не істей аласың? Құрбандыққа бара аласың ба?» - деген сауалдарды қояды.
Фильмнің өн бойынан режиссердің шеберлігі анық көрініп тұрады. Ол өзі кадрға алған уақыт пен кеңістіктің атмосферасын дәл бере алған. Және таңдалған актерлер мен актрисалар да өз рольдерін жоғары деңгейде сомдап шыға алған. Бұдан бөлек ол фильмдегі көк түс пен жасыл түске көп екпін түсіріп, көрерменді терең ойға жетелеп те кетеді. Көк – аспан, жасыл – жер, екеуі де өмірдің негізі емес пе?
Кантемир Балаговтың бұл алғашқы картинасы болса да, оның өз ісіне жауапкершілікпен қарап, көрерменнің талғамын жоғарылату мақсаты мен сапалы картинаны ұсынуға ниеттенгені аңғарылып-ақ тұр.
Оның Канн кинофестивалінің осы жылғы FIPRESCI жүлдесін алған «Дылда» фильмі де киносыншылар мен көрерменнің ыстық ықыласына бөленуде. «Дылданың» да мағыналы, әрі жүрекке әсер етпей қоймайтын фильм екендігін көрермендердің әлеуметтік желілердегі пікірі мен ұйымдастырған challenge-дерінен анық аңғаруға болады (Кино Қазақстан кинотеатрларында көрсетіліп жатқан жоқ, интернетке шықпады).
Көпшілік Кантемир Балагов Ресейдің кино әлеміне жаңа тыныс алып келді деп санайды. Одан тың туындылар күтеді.
...Кантемирдің өзі таяуда белгілі ютубер Юрий Дудке берген сұхбатында да өзінің популизм үшін емес, шынайы өнерге қызмет ететінін, өзінің ұстазы Александр Сокуровтың еңбегін ақтау басты мақсаты екенін айтты. Тіпті, ол үшін «Канн», «Оскар» жүлделерінен ұстазының қошеметі бәрінен биік екендігін білдірді. Демек, сан жылдар шынайы өнер үшін қызмет еткен Александр Сокуровтың да ізі өшпей, жалғасады. Ал ұстаз деген ұлы есімнің салмағы да ауырлай түседі.