Сабақтан қайтып бара жатып, жолай әпкемнің үйіне кіріп шықпақ болғам. Барсам, әпкем терең ойға батып отыр екен. Не болғанын сұрап едім. Лезде әңгімесін бастап кетті:
Әмір анасымен шүйіркелесіп отырған әкесінің жарқын дауысынан оянып кетті. Ақырын әке-шешесі отырған ас бөлмеге аяңдады. Әкесі Әмірді көріп, 'Келе ғой, балам!" деп қолын ұсынып жатыр, ал анасы "балам, не жейсің?" деп асты үстіне түсіп әлек. Әкесінің құшағына жүгіріп бара жатқан Әмір бұл жолы "Көзіңе көк шыбын үймелетейін бе, а?! Қарғыс атқыр, қатын!" деген әдеттегі әкесінің қатқыл дауысынан атып тұрды. Осы сәтте Әмір ұйқысынан оянып кеткеніне өкініп, бағанадан бері көріп жатқанының түс екенін аңғарды. Әкесінің күйгелек мінезінен әбден мезі болған бала дереу киініп, мектепке кетуге асықты. Мектеп Әмір үшін үйдегі айғай-шудан демалып қалатын тыныштық мекені еді. Ерте есейген бала, сыныптастарымен бала болып ойын ойнауды білмейтін. Оның ойында озат оқушы болып, бір жайлы тыныштық табу ғана болатын.
Сабақ аяқталысымен анасының уайымдайтынын білетін Әмір үйге қарай зыр жүгіреді. Өз қалауынан тыс жүгіреді. Себебі баланың үйге мүлде қайтқысы келмейтін.
Мектептен үйіне 5 деген бағасын арқалап келген бала үйде анасының жоқ екенін көріп, еңсесі түсіп кетті. Пәтерден әкесінің терең тыныс алып, пысылдап жатқан дыбысы ғана естіледі. Әкесінің терең ұйқыда екенін түсінген Әмір сөмкесін тастап, киімін ауыстырып алаңға ойнауға шығып кетті.
Көрші подьездің балалары Әмірді көрсе, алдынан жүгіріп шығып онымен ойнауға құмартатын. Бірақ бұл жолы ол көрініс қайталанбады. Мұны көріп балаларға өзі барып қосылды. Ойын барысында балалар допқа таласып, жаға жыртысып қалды. Балардың ішінен Ерлан: "Әмір, сен ішкіштің баласы екенсің ғой. Шешең сол үшін үйден кетіп қалыпты. Біз сенімен ойнағымыз келмейді"-,десе, енді біреуі: "Иә, сенің әкең қатты ішіп, шешеңді сабайды екен. Біз сенің әкеңнен қорқамыз." деді. Баланың жас көңілі өксікке, көзі ащы жасқа толып, достарына жағдайды түсіндірмек болып ұмтылған сәтте әкесінің "Әміііір! Ей, Әмір!" деген дауысын естіп үйге қарай зыр жүгірді.
Күн артынан күн жалғасып, бұл жағдайлар қайталана берді, қайталана берді. Алаңда баламен ешбір бала ойнамайтын болып кетті. Баланың нәзік жанына бұл оқиғалар қатты батты.
Бір күні онсыз да мұңға батып, терезеден сыртқа көз салып отырған бала көрші екі әйелдің:
-Әй, әгі Қанаттың әйелі үйден кетіп қалыпты ғой.
-Иә, мен де солай естідім. Қанат ішкіш болған соң, Зарина шыдамай кетіп тынған болар енді.
-Өй, қайдам. Еркек жайдан жай ашуланушы ма еді?! Әйелі бір нәрсе бүлдірген болар. Әйтпесе Зарина анау баланы бірге алып кетпей ме?!
-Ол да мүмкін. Алдында Қанат жоқ кезде олардың үйіне бір жас еркек келіп жүрген. Соны Қанат біліп қойған шығар.
-, деп отырғанын естіді.
Бала осы сәтте тіл сүйексіз болса да, тілден шыққан сөздің сүйектен өтетінін түсініп, салы суға кетіп "Менің әкем ішкіш емес! Менің әкем ішкіш емес, анам да бізді тастап кеткен жоқ. Әкем жол апатына түсіп осындай ауыр халге түскен. Ауруы қозған кезде шешемді көк-ала қойдай етіп сабайды. Сол себепті анам уақытша басқа үйге інілерімді алып кетеді. Өйткені әкем менен басқасының бәрін ауырған кезде тепкінің астына алады, үйге келіп жүрген аға, ол менің анамның бауыры. Менің әкем мен шешемнің жағдайын жасау үшін барын беріп, жанын салып жүрген нағашы ағам", деп жылай бастады. Әмірдің бұл сөздерін Әмірді ойынға шақырмақ болған ауладағы көршінің баласы естіп қойды. Ести сала, үйіне қарай зыр жүгірді.
Кешке Ерланның шешесі әкесіне дастархан басында тағы да Әмірдің әке-шешесін айта бастады. Ерланға "Әмірмен ойнама!" деп бұйырды. Осы сәтте Ерлан:
-Анашым, анығында былай екен,-деп естігенінің бәрін анасына айтып берді. Ерланның анасы білмей жатып, бала көңіліне қаяу салатын сөздер айтқанына және ол қатесін өзінің кішкентай ұлының жөндегеніне ұялып, беті қызарып қала берді...
Әпкем осылай сөзін аяқтап, көзінің жасын бір сығып алды. Әмір деген кім? Бұл оқиғаның өзіне не қатысы бар екенін, неліктен мұңайып отырғанын түсіндірместен бөлмеден шығып кетті. Ештеңе ашып айтпаса да бұл әңгімесін естігеннен кейін жағдайдың барлығы біз көріп жүргендей болып шықпайды екен-ау, анығында ақиқат басқаша болады екен. Осындай қоғам әсерінен жасқаншақ, әрі өсекке үйір ұрпақ тәрбиеленіп шығатынын естен шығарып алады екенбіз. Сонымен қатар, баланы тәрбиелеп керек емес екен, өзімізді тәрбиелесек жетіп жатыр екен ғой деген ойда қала бердім.