Weekend

Мінез

Мінез керек...

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com
Құмарына дүниенің кірігіп, 
Кеткен жандар танытпайды ірілік. 
Жарытпайды елін сүйіп, жар құшып, 
Бекер өтіп кете берер тір(і)лік.

Неше тағдыр езгіледі еңсемді, 
Көз алдымда сан болашақ теңселді, 
Бақыт дейтін немен, қалай өлшенді? 
Сол шіркінді сәт болса да көрсем-ді.  

«Үйін, күйін айырбастап картаға, кетті ұлым», 
– деп налиды қарт ана. 
«Мінезсіз қып туған екем» дейді де, 
Әр азабын шешей артар арқаға. 

Азғындық көп бөтелкенің түбінде. 
Әке кейіп дейді: «Балам, мұның не?» 
«Бар сыбағам арақ-шарап» деген сөз 
Тұр жазылып мізбақпастың түрінде. 

Ана солай қартаяды түңіліп, 
Әкеден де һәл кетеді бүгіліп. 
Ас ішеді у жұтқандай, әйтеуір 
Жүр демесең тек санаққа ілігіп. 

Келін алып, қыз ұзатқан қатары, 
Тағы бар-ды бір келіншек қапалы. 
Бұның ері қызық қуып, қыз қуып, 
Түгемейді сал, серілік сапары

Солай-солай келіншек те қартайып, 
Бара жатыр келбетінен әр тайып. 
Жылай-жылай көз жанары суалды, 
Денсаулығы.. ол да қалды ортайып. 
  
Алыс емес ізде бақыт іргеден, 
Бірге ақыл бұл айтқан сөз, бірге өлең. 
Тірі тұрмақ өліні де жарытпас, 
Ата-ана жар қадірін білмеген. 

Құмарына дүниенің кірігіп, 
Кеткен жандар танытпайды ірілік. 
Жарытпайды елін сүйіп, жар құшып, 
Кенет мінез ұқтырмаса тіріліп. 

Мінез керек, онсыз жігіт мігіт қой, 
Мінезсізді мазаламас күдікті ой. 
Еркекпін деп кере берме кеудеңді, 
Мінезсіз ер ез боларын біліп қой.