Weekend
Күнделік бетінен
Ақпанның ақ түтек бораны бірнеше күннен бері бұл қаланың мазасын алмай, бір сәт тыныштық сыйлады. Желкеден кіріп, тұла бойыңды тілгілеп, жаныңды көзіңе көрсетіп, балағыңнан бір-ақ шығар аяз да бұл өлкенің жандарын аз уақ көңіл жадырату үшін жыраққа кеткендей. Табиғат ана алты айлық қыстан әбден діңкесі құритын қала халқына алдамшы болса да мейірім танытып тұр. Мен секілді тәтті мұңның ауыр жүгін арқасына өңгеріп салып алып, адамдар арасынан оқшауланып, өзіне ғана таныс оймен жұптасып, жаяу көше кезгенді жаны сүйетіндер үшін бұл да жұбаныш.
Аяз бен боранның табы білінбегенмен, Жер-Ана әлі де ақ қар мен көк мұздың құрсауында. Бейнесін жасырып, құдды бір сол қар мен мұзды көрпедей жамылып, ұзақ ұйқыға кеткендей. Айналамды қараңғылық басқан. Түн тыныштығының табы да танылмайды. Көшеде арлы-берлі сабылысқан көліктер. Тратуар бойымен асықпай алға жылжып келе жатқан мен басқа әлемде, жанымнан жүйткіп өтіп жатқан көліктер басқа әлемде секілді. Тым жақын, бірақ тым жырақта. Назарға ілікпейді. Ешқайда асыққым келмейді. Жарығы қанықтау жерге де асықпаймын.
...Бала күнімде ауладан ауыл шетіне ұзақ қарап тұрып, жүре берсем, жүре берсем алыстағы сызыққа жететініме сенетінмін. Тым жақын секілді көрінген көз ұшындағы аспан мен жердің қосылған тұсына талмай жүре берсем, әйтеуір, жететіндей болатынмын. Бала қиял. Мектеп мені өзіне ынтықтырған сол тұйықталған сызықтың «көкжиек» сызығы екенін, жердің дөңгелек екенін санама сыйдырып берген еді. Дәл қазір сол кездегі бала көңілімдей бір күй көкжиек сызығына тартып тұрғандай. Тізу жүріп, кете бергім келеді, кете бергім келеді. Жалғыздан-жалғыз.
...Мынау аппақ дүниеде тек мен ғана бардай, айналамды елемей жүріп келемін. Ән тыңдағым келеді. Есерліктен ада, есті ән. Ұялы телефонымдағы әндерді тыңдамаққа қолыма алдым. Құлаққапты жалғап, шетінен тыңдауға көштім. Талпынысым бекер екен, санамды шарпыған сансыз ойлар құлағымдағы әнді жүрекпен сезініп, тыңдауыма ырық бермеді. Бүкіл ойдан арылып, құдіретті музыкадан қанша ләззат алғым келсе де, ой маған құшағын айқара ашып, қиялмен бірге тербетіп алыстарға алып кете берді. Ойдың ауырлығы сондай еңсемді көтертпей, иығыма мінгесіп алған. Көңіл толқынымда ойнап жатқан қобыздың қоңыр үніне ұқсайды. Сағыныштан туған саз секілді. Жырақтағы анаға, әкеге, бауырға, досқа, туысқа, тіпті сайдағы тасқа да сағыныштан туған толғаныс бойымды жалынымен шарпуда. Қанат бітіп, ұшып жетсем деген аяулы ой бір сәтке жүрегіме жылылық алып келгендей болды. Ізімен келген «Мұның бәрі де мәңгілік емес!» деген албасты ойдың көңілді баса кеткені.
– Мынау жалған дүниеде ешнәрсе де, ешкім де мәңгілік емес! - деген сөз ойларымнан қорытылып, тілімнің дәнекерлігімен, отыз екі тісімнің арасынан шығып кеткені. Айтушы да, тыңдаушы да өзіммін.
Асылы сағыныштың көз ілмес сағымына адастырып кеткен, сауықты қалада, көп адамның арасында мені жалғыздан-жалғыз, көңілсіз күйге салған, сұп-сұр болған сықпытымның себепкері болған, өткен түнде сұғанақтанып жеткен өз басыма тиесілі жаман жаңалық пен түс әлетінде шарықтауға жеткізген өзгенің басындағы қайғылы оқиға.
...Кең аудитория. Студенттер топ-топ болып дәріс тыңдауға келуде. Өздерінен бірнеше жасқа ғана үлкен магистранттың бүгінгі дәрісті жүргізетінін білген студенттер арқаны кеңге сала бастады. Кейбірі шамадан тыс еркінсіп, мінбеде тұрған жап-жас қызды адам көрмей, есікті ашып бір-бірлеп шыға жөнелгені. Өзін басынғанға шыдамаған, осы күнге дейін басындырмаған тәкаппар жанның жанарынан тамшы жас тырс-тырс етіп ақ қағаз бетіне тамып жатты. Студенттердің тілін таба алмаған оның өзінен де кінә бар. Жүзін жуған тамшы жастар маған өрімдей жас мұғалиманың тым жасандалығынан хабар бергендей болды да:
- Тәлпіш! – деген асығыс ойдың жетегіне кетіп, мысқылдай күліп жібердім. Не нәрсенің де мән-жайын біліп барып, баға беретін байыптылықтың жоқтығы. Әрі-беріден соң, бұл адамның ұстамдылығы мен сабырының да кемдігін білдірсе керек. Мәселенің мәнін түсіне қоймағанымды мойындағандай мендегі ішкі дауыс:
- «Сабыр қылсаң азырақ,» – деген Абай аудармасындағы жолдарды жағдай жүйесіне салып, сыбырлап айтып жіберді. Топтағы етжеңді келген, бұйрабас жігіт те мектеп оқушысының жас мұғалімді келеке еткеніндей, уытты қалжыңын оңды-солды серпіп-ақ жатыр екен. Іле жанарына жас тұнған болашақ мұғалима аудиториядан бетін басып шықты да кетті. Аз уақыттан соң қайта келіп, сабақ өтуге құлқы жоқ екендігін жеткізді.
- Көктем келе жатқандықтан ба, бойымды да, көңілімді де бір әлсіздік билеп жүр. Кез келген жағдайға жүйкемді жұқартып, мазасыз күйде жүрмін, – деп шағымын да айтты. Әркім өз дәптеріне шұқшиды да, үнсіз өз-өздерімен қала берді. Мұндай сәттер студенттер үшін келесі сабаққа дайындалуға керемет мүмкіндік болатын. «Сабақтың уақытында тыңдауға тиісті дәрісті естімей қалатын болдым-ау,» – дейтін тым адал ой оларды тіпті мазаламайды да. Мүндай ойдағы бірді-екілі жан студенттер арасынан табылып жатса, оларға қалғаны жақтырмай қарап, сөзбен сыбап та алады. Барлығы жабылып өзінің білгіштігін көрсетуге құштар жанның аузына қақпақты жаба салады. Бұл аудиторияда да бір-біріне кереғар пікірдегі жандар отыр. Бұрымын жотасына лақтыра тұрған көзәйнекті қыз судыратып бірнәрсені айтып жатты. Не жайлы айтып жатқанын тыңдаушы тұрмақ, өзі де ұқпайтын сыңайлы.
Кенет мұғалиманың телефоны шырылдағаны сол:
- Тәте, тәте! – деген өксік пен жасқа тұншыққан дауыс тыныштығымызды бұзып жіберді. Аяғын еденге тарсылдатып, қолымен партаны сабалап ұрып, жындының кейпіне ене қалғаны. Тағы да қылығы сондай жасанды боп көрініп қалды. Ненің ақ, ненің қара екенін аңғармай тұрып санаңда сап ете қалатын желбуаз, жылбысқы ой тағы да басын қылтитып шыға келді. Іштей:
- Түһ! Неткен жасандылық! Мынаның «өнері» бір басынан артылатын шығар, – дегенімше болмады:
- Қалайша? Қалайша мен әжемнен айрылып қалдым, Құдайым-ааай! – деген азалы үннен өзімде аяқталмаған ойдан әлде біреу естіп қойғандай ұялып кеттім. Көз алдымда дүн-дүние төңкеріліп кеткендей. Көз алдым бұлыңғырланып, қарауытып бара жатты. Ойыма лезде келгені :
- Маған да осындай хабар күндердің-күнінде жетеді ғой,-деген ой ішімнен ащы өксікті қозғап келіп, тамағыма тығып қойды. Буын-буындарымдағы әлді кетіріп, орынымнан көтерілуге шамамды келтірмеді. Топтағылар аза тұтып отырған жанның жанына барып жұбатуда:
- Сабыр сақтаңыз!
- Сіз қатты қайғырсаңыз, әжеңіз қиналады!
- Арты қайырлы болсын!
Мен орынымнан қинала-қинала түрегеліп, топ болып тұрғандарға жақындай бергенім сол еді, қыздардың бірінің:
- Барлығымыз да сонда бару үшін жаралдық, қойыңыз!-деген сөзі мендегі тұтанып келе жатқан отқа май тамызып жібергендей болды.
Ішімнен:
- Иә, барлығымыз да сонда бару үшін, мәңгілікке аттану үшін жаралдық! Мен де, менің жақындарым да сол үшін жаралған! –дей бердім. Осы бір ойдың жетегінде келе жатып, тіршіліктің тауқыметінен жеңілмесе де, кәріліктің кәрінен жеңілген, бұрынғы етжеңді бітімінен тек қу сүйек қана қалған, бір кездердегі көмірдей қара шаштары ағарып, қайратты болмысынан айрылып, еңіс тарта бастаған, бұрынғы оттай жанарын су алып, көрмей қалған нағашы атамның бейнесі көз алдыма келе кеткені. Оқуға аттанғалы жатқанда, қимас жанарымен:
– Сен кеткенде, мен ана дүниеге аттанып кететін болдым ғой! – деп еңкілдеп жылап едің-ау... Көңілі тіршіліктің ешбір тауқыметіне мұқалмаса да, жанына қаптай киген тән-тоны әбден көнеріп қалған, қайран атам! Алақандарыңызды дірілдей жайып, тіліңіз күрмеліп немереңізге ақ батаңызды беріп, жүзіңізді жасыңызбен қоса сипадыңыз. Нені тиек етіп бата қылғаныңызды күрмелген тіліңізден ұқпасам да, әлімсақтан барша аталардың немересінің жақсылығын тілейтініндей сіздің де менің тек жақсы тілеуімді тілейтін кең пейіліңізден барлығын ұғып мен де бетімді сипадым. Сіз де жылап, мен де жылап қоштастық. Сонда...
******************************************
- Тілдесе де қалмай қалдым-ау, әжетайым! – дегенді естіп, жүрегім одан әрі езіліп кете жаздағаны.
Менің де атаммен тілдесеріме, өзі айтқандай алысқа кеткенімде ол да мәңгілік мекеніне кетіп қалмасына кім кепіл? ......
Асарын асап, жасарын жасаған ардақты атамның дәмі мен тұзының таусылғалы жатқаны, көкжиек сызығының тұйықталып, соған таяп қалғанын жүрек құрғырың сезе қойып, қаттырақ соғып кеткені-ай... «Немерем!» – деп еміренген атама деген қимастықтың, біраздан бері жиналған сағыныштың жасы үзіліп түскелі дайын-ақ тұр. Ештеңенің де, ешкімнің де бұл жалғанда мәңгілік емес екендігін білгендіктен сабыр етесің... Менің де бір күні көкжиек сызығыма жететінім – ақиқат. Бірақ, аспан мен жердің қиылысқан тұсында пайда болған сол көкжиек сызығым бала кезімдегі мұнартып көрінетініндей бұлдыр көрінеді. Тым алыста. Алыстан мұнартқан бұл көкжиек – басқа көкжиек.
******************************************
Ауыр оймен қолтықтасып келе жатып, жарығы мол алаңға қалай келіп қалғанымды сезбей де қалдым! Тыным бермей келе жатқан ойым «осы жерге дейін шығарып салғаным да жетер, енді мазаламайын,» – деп, қайырылып кете барғандай. Әуезді ән де құлағымнан кіріп, бойыма тарады.