Саясат
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы туралы
Бүгін жарыққа шығып, БАҚ беттерінде жаппай оқылып жатқан Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы, осыған дейін жалпы халыққа жол тартқан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын ашып көрсетіп, түсіндіріп берген еңбек деп қарастыруға болады.
«Рухани жаңғыру» аясында ұйымдастырылған саны бар сапасы жоқ форумдар мен мерекелік шаралардың әсері халықтың бағдарламаны нақты не айтқысы келгенін ұғынуға кедергі болды. Тіпті әзілге айналдырып жібергенін де айта кету керек. Шындығында, мақаланың өзегін, мақаланың мәнін, оның халық болашағы үшін қандай үлкен сілкініс әкелетінін түсінген адамға бұл ойланатын жәйіт еді. Олқылықтың орнын толтырып, халыққа шынымен де алғашқы мақаласының қандай құнды екенін түсіндіру үшін президент өзі кіріскенін «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласынан көруге болады.
Рухани жаңғыру – қазақ ұлтының салт-дәстүрін, өткеннен келе жатқан мұраларын пайдалана отырып өркениетті қоғам жасауға ұмтылған жоба. Яғни, тамырынан адаспай, дәстүрін қайта жаңғырта отырып өркениетті ұлт қалыптастыру.
«Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Елбасы жеті негізгі құндылықты атап көрсетеді: «Атқа міну мәдениеті», «Ұлы даланың ежелгі металлургиясы», «Аң стилі», «Алтын адам», «Түркі әлемінің бесігі», «Ұлы жібек жолы», «Қазақстан – алман мен қызғалдақты отаны». Бұл «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» деген бірінші тараудың бөлімдері.
Аталған жеті құндылыққа қарап отырып, бүгінгі қазақ мемлекетінің тарихы мәдениеттен де, өркениеттен де, даму стратегиясы жағынан кенже қалмағанын көруге болады.
Екатерина ІІ: «Қазақтар өздерінің кім екенін білсе, әлемді жаулап алады», – деп сөз қалдырған. Бұл ат үстінде еркіндік үшін күрескен, аттың құлағында ойнаған халықтың тегеуріні жайында айтылған ой. Елбасының қазақ мәдениеті үшін жылқының ерекше орын алатынын атап өтуіне бірнеше мысал келтіре отырып талдауға болады. Ең бастысы, жылқы – қасиетті жануар. Ол иесін танитын, өзін сондай тәкаппар ұстай білетін, жүрісі жинақы, шапса жүйрік, өзіне тән ерекшеліктерімен айқындалатын жануар. Ал осы жануарды бірінші болып біздің даламызда қолға үйретілуі, көшпелі елдің өркениетінде ойып тұрып орын алатынын мақала арқылы жеткізу, тек жылқының орны емес, сол арқылы киім үлгілерінің де пайда болғанын ескерер болсақ, қазақтың өткен тарихында нағыз мәдениеттің ошағы қалыптасқанын байқай аламыз. Тек кешегі мәдениетін сақтаған ұлт қана бүгінгі мәдениетпен етене аралсып, өзін жоғалтпай сақтап қала алады деген тұжырымға келе аламыз.
«Ата-бабаларымыз жаңа, неғұрлым берік металдар өндіру ісін дамытып, олардың жедел технологиялық ілгерілеуіне жол ашты. Қазба жұмыстары барысында табылған металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған əшекей бұйымдары, ежелгі дəуірдің тұрмыстық заттары мен қару-жарақтары бұл туралы тереңнен сыр шертеді. Осының бəрі ежелгі замандарда біздің жеріміздегі дала өркениеті технологиялық тұрғыдан қаншалықты қарқынды дамығанын көрсетеді», – дейді Елбасы.
Бұл бүгінгі дамып жатқан өркениетті қоғамдағы қазақ ұлтының технологияны иегере алмауына шетелдік білімді толық алмағындығынан емес, өзінде бар тарихты еңсеріп, бойына сіңдіре алмай отырған мамандарға қаратылған ескертпе деуге болады. Себебі, бізде «Қазақ – көшпелі халық» деген өзгермейтін түсінік қалыптасқан. Түсінік дұрыс, алайда көшпелі даланың мәдениеті мен өзіндік даму стратегиясы, технологиясы жоқ деген сөз емес.
Мақалада көрсетіп отырғандай, «Аң стилі» феномені шынымен де әлемдік өнердегі билік белестердің бірі. Кез келген мемлекеттің қалыптасу жолында үлкен тарихи кезеңдер орын алады. Ол кезеңдердің басы ежелгі тарихқа, ежелгі адамдардың даму өркениетіне негіз болады. Ал біздің ежелгі тарихымыздың даму жолында «Аң стилінің» көрініс табуы – үлкен жетістік. Жетістік қана емес, адам мен табиғат арасындағы тығыз байланыстың бейнесі. Бұл туралы ойды тарқатып жазудың қажеті де жоқ, оны мақаладағы оймен аяқтай салған жөн: «Олардың мұрасының жарқын көрінісі, көркем болмысы мен рухани байлығының айшықты белгісі – «аң стилі» өнері. Жануарлар бейнесін тұрмыста пайдалану адам мен табиғаттың өзара байланысының символына баланып, көшпенділердің рухани бағдарын айқындап отырған».
Қазақ халқы үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін сенсациялық жаңалық болған «Алтын адам» немесе «қазақстандық Тутан хамон» атанған жауынгердің бейнесі, ел тарихының бастауында тұрған бірегей мұра. Елбасының «Алтын адамға» жекелей тоқталуының сыры, біздің дала өркениетіндегі жауынгер халықтың тек ат үстінде шауып соғыс өнерімен ғана емес, алтын өндіру, оны балқыту жұмыстарын да жетік меңгергенін көрсетеді.
Алтын өндіру мен алтын түсінгі бүгінге дейін жоғалып кеткен жоқ. Әлі де оның құны бар. Ендеше, бұл құндылықтың бізде о бастан болғанын мақалаға арқау қылу, әлі де болсын өркениетті халықтың ұрпағы екенімізді көрсету және соны әрі қарай дамытудың алғашарты деп қабылдау керек.
Өзгенің таңсығынан бұрын, қаңсығына әуестеніп кеткен қоғамға «Түркі әлемінің бесігі» екенімізді жетізу, бізге өз тұғырымыздан тайып кетпеудің жолын көрсету деген сөз. Таққа отырудан бұрын, сол орынды сақтап қалу жауапкершілік пен арды талап ететін мәселе. Бесік – қазақ халқы үшін қасиетті ұғым. Ал түркі әлемінің бесігі болу дегеніміз үлкен құрмет, үлкен атақ. Рухани жаңғырудың мақсаты да осы құрметке лайық болу және соны сақтап қалудың ізгі жолдарын қарастыру.
Бүгінгі экономикалық қақтығыстар мен тұрақсыздықтардың орын алып жатқанын көріп отырған әрбір мемлекет өткеніне орала отырып, өздерінің кім болғанын және қандай ұлы жетістіктерге жеткенін алға тартып, дамуға бел байлады. Себебі, өткен тарихты ұмытып, жаңа белестерге шығудың арты үлкен күйреуге алып келетінін алып державалар түсінді. Ал сол алып державалармен иық тірестіре отырып, тарихымен мақтана алатын ұлттың бірі – қазақ халқы. Сауда-саттықтың нағыз тілін меңгерген ұлттардың көбі «Жібек жолы» арқылы танымал болды. Ал, аталған ұлы жолдың бойында орналасқан мемлекеттің біз екенімізді ашық айтудан қорықпаймыз. Тарихи деректер мен құжаттар оған дәлел. Ендеше, арланатын, біздің халықтың өткен ғасырда шынымен де «ұлы» болғанын айтудан қашудың қажеті жоқ. Міне, нені түсіну керекпіз, нені бағамдай отырып, қалай даму керектігіміз айқындалған жоқ па?!
«Made in Kazakhstan» брендін әлемдік деңгейде қалыптастыру – бүгінгі басты талап. Тек қандай брендті дамыту керек, мәселе осында. Мақаланы оқып отырып, сіз бен біз біздің де жартылай тістелген Apple брендінің, бүтін түрі бар екенін айғақтай аламыз. Яғни, қазақстанның болашағы агроөнеркәсібінің арқасында әлемді жаулайтын мүмкіндікке қол жеткізе алады екен, оның бастауында алма мен қызғалдақ тұр.
«Бүгінде жер жүзінде қызғалдақтың 3 мыңнан астам түрі бар, олардың басым көпшілігі – біздің дала қызғалдағының «ұрпағы»»,– деп көрсеткен Елбасының бұл сөзі шаруашылықты дамыту жолында жүрген кәсіпкерлер мен мамандар үшін таптырмас мүмкіндік.
Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын оқи отырып, алғашқы «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» бөлімінен түйгеніміз және түсінгеніміз осы. Ал, «Тарихи сананы жаңғырту» бөлімі нақты қадамдар мен жасалу керек қызметтердің міндеті мен шарттарын айқындап-ақ берген.
Қазақ халқы – ешқашан мәдениеттен, салт-дәстүрден, өсу мен даму жағынан кенде де, кенже қалған ұлт емес. Дәлел міне, осы мақала бола алары еді. Том-том тарихи еңбектерге, кітаптар мен мақалаларға арқау болған өзекті тақырыптардың тағылымын танытқан бұл мақаланың, оқылуы бір бөлек, ойға түйіп, әрекетке көшуі бір бөлек мәселе.
Сонымен, Елбасының «рухани жаңғыру» мақаласының мәні, бүгінгі өркениетпен тең болам десең, өткеніңе үңіліп, сол кезедегі бар құндылықты қайта заманауи тұрғысынан пайдаға асыру.Жоқты жонып табамын деудің қажеті жоқ, барды бағалап, барыңды таныту арқылы да дамыған елдердің алдында көш бастауға мүмкіндік бар екенін анық көре алдық.
Қазақ халқының өткені – ақиқат, бүгіні – анық, болашағы – аңыз емес екенін түсінетін кез келді.
Марғұлан АҚАН