Weekend

БАҚ: Бәсеке немесе бақталастық

"Журналистің жегені жантақ, арқалағаны алтын" деген бір ауыз сөз журналистиканың алтын ғасырын көз алдыңа әкелетіндей көрінеді. "Көрінеді" деп екіұшты ой қалдыруымыздың жанды тұстары аз емес. Себебі жаңалығы желмен жарысқан ақпараттық нарық журналистердің өзін жұтып жіберердей күшке ие. Дәстүрлі БАҚ пен жаңа медиа арасындағы сапа текетіресі ортақ бір пікірге келуге әлі ерте екенін сезіндіреді. Дегенмен, заманауи масс-медианың бүгінгі беталысы тым қатты. Ақпарат нарық ағымына байланып, журналистің еңбегі тауар ретінде ұсынылатын уақыт туды. Бұл мәселе көтеріп, екі тараптың пікірін тыңдайтын, өзіндік айтары мен стилі бар журналистерге ойтүрткі болды. Байыбына барып қарасаң, мемлекеттік арна не газетте қызмет атқаратын БАҚ өкілі мен тәуелсіз журналистер арасындағы кәсіби тартыстың дәурені өтіп барады. "Кімнің асын ішсе, соның сөзін сөйлейді" дегенді алға тартатын тәуелсіз журналистер блогсферада тәп-тәуір қаржы тауып жүрген блогерлермен сөз талқыға түсе бастады. Өйткені журналистика саласына блогерлер де ентелеп кіріп алды. Бірақ, біздің айтпағымыз бұл емес

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қолына смартфон ұстаған кез келген аза­мат­тың ақпаратты алу, оны таратуға деген мүмкіндігі бар тұста журналистиканың жалауын көтеріп жүрген журналистердің еңбегіне көптің көңілі өзгергендей. Тіпті баспадан шыққанша, тағат таппай, көзі талғанша қате іздейтін газет жур­на­листері, камерасын асынып, зыр жүгіріп, орамды ой мен ұтымды пікір іздеп шарқ ұратын тележур­налистердің мехнатты еңбегін бір сәтте жоққа шығарып, жылт еткен ақпаратқа қарай көз сала­тын аудиторияның қалыптасып бара жат­қаны БАҚ-ты біраз ойландыра бастады. Содан болар, "газеттің дәурені өтті", "телевидениенің жаназа­сын шығаратын уақыт келді" деген сыңаржақ пікірлер ашық айтыла бастады. Бұл тұтас бір идеологияның жүгін көтеріп жүрген, талай шенді-шекпендінің көлеңкелі істерін әшкере етіп, қаржыны қолды еткен әккі азаматтарды әйгілеуге барын берген газет пен телевидениенің сал­мағын түсіріп тұр. Сол оттың ортасында жүрген қалам ұстаған қауым мұндай пікірдің белең алуы "жеңіл-желпі", "келді-кетті" ақпа­раттарға иланатын әлеуметтік желінің белсен­ділерінің әсе­рінен дейді. Qyzylorda телеарна­сының арнаулы тілшісі Әділбек Жақановтың еркіндікке ерік берудің салқыны бүгін сезілмесе, ертең сезілетінін нақ айтып отыр.

- Қазақ телевидениесіне түгелдей топырақ шашу әбестік дер едім. Жасыратыны жоқ, теле­арна­лардың басым бөлігі мемлекеттік тапсы­рыс­пен жұмыс істейді. Бірақ, көрерменге ой салатын, қоғамның мәселесін көтеретін жақсы хабарлар жоқ емес, бар! Тек оны көретін көз, еститін құлақ болса жақсы. Телеарналардың "жаназасын" шы­ғар­ғысы келетіндер көбінесе әлеуметтік желінің шолақ белсенділері деп ой­лаймын. Еркіндіктің аясы кең. Саяси мәселелерге келгенде көк жәшік белгілі бір шеңберден аспай жатады. Оны мо­йын­дау керек. Екіншіден, бүгінде еркіндік берілді екен деп дінімізге, дәстүрімізге, қазақтың тәлім-тәрбиесіне жат түрлі шоу хабарлар көбейіп кетті. Осындай көрермен жинағысы келген телеар­налар қоғамға кері әсерін тигізуде. Тым еркінсіп кетуге де болмай­тын секілді. Өйткені, телеарна - елдің айнасы, ұлттың бет-бейнесі,- дейді Әділбек Жақанов.

Көптің көңіліне күдік ұялататын тағы бір дү­ние - журналистердің еркіндікке құлаш сермеуі. "Мынаны жаз, мынаны айтпа" деген жоғары жақтың сүзгісінен өту журналистің қолын бай­лап отыр. Бірақ, мәселеге тереңірек барып, ділгір та­қырыпты жеріне жеткізетін, бір салаға ма­шықтанған журналистке жабық тақы­рып болмайды. Әйтсе де, өңірді былай қойғанда, рес­публиканың белді БАҚ саласында жүргендердің салалық бағытқа бет бұруы тым баяу. Ал, өңір­лерде салалық тақырыпты жілік­тейтін журна­листер жоққа тән. "Тереңірек қазса, бір өңірдің өзінен өткір тақырыптардың жеткілікті екенін байқайсың" дейді "Қызылорда ньюс" интернет-газетінің редакторы Дәурен Омаров.

- Белгілі бір салаға неге қызығушылық жоқ? Айыпты алыстан іздемейік. Мәселе өзімізде. Заман көші қайда бара жатқанын сезінбей отыр­мыз. Қазақстанның экология емес аймағы жоқ. Экологиялық журналистикаға шындап кіріссеңіз мәселе көп. Өндіріс орындарының қоршаған ортаға тигізіп отырған зардаптарынан бастап Сыр өңіріндегі әрбір өсімдік, жануар, жәндіктің мән-маңызы, тіпті ғибраты жайлы өзекті, қызық, сапалы материал жазуға болады,- дейді Дәурен Сейітжанұлы.

Түрлі тақырыптың басын бір шалатын журналистің шикі материал ұсынып, батырып айта алмайтынын қалам ұстаған қауым мойындайды. Дәурен Омаров өңірде дін, мұнай саласы да өткір тақырыпқа сұранып тұр дегенді жоққа шығармайды. Яғни мамандануды осы кезден бастамасақ, қарапайым халықтың өзі журналистті жолда қалдырады деген пікірдің жанды екеніне келіседі.

- Сыр өңірінде мұнай-газ саласына қалам тербейтін әріптестеріміз табылса, жақсы болар еді. Өйткені, мұнай және оларға қызмет көр­сететін қаншама компания бар, олардың не тын­дырып, аймаққа қандай пайда әкеліп жатқанын біл­мейміз. Мұнай компанияларда жұмыс іс­тей­тін қарапайым жұмысшылардың әлеуметтік жағ­дайы, денсаулығы кімді алаңдатады? Біз мәселе­нің байыбына бармағандықтан өндіріс орын­дарына талап қоя алмай отырмыз. Сұрақ көп, жауап жоқ. Бәлкім мен қателесермін, бірақ біздің облыста белгілі бір салаға бейімделген журналист жоқтың қасы. Экономика тақыры­бының жілігін шағатын Жолдасбек Ақсақалов ағамыздың өзі алпысты алқымдады,- деді Дәурен Омаров.

Құлақты жауып, көзді жұмсақ та ақиқаттан айналып өте алмайтынымыз анық. Бүгінгі журналистика жаңа медиаға еркін есік ашты. Ақпарат таратудың жылдамдығы, объективтілігі журналистке сапалы контент табуды талап етті. Бұл ретте журналист 4 жылдық алған білімін әрі қарай ұштамаса, нарықтан ығысып қалатынын түсінуі керек. Мұны әлемдік деңгейдегі медиа менеджерлер мен сарапшылар түрлі форумдарда төтесінен айтып жүр. "Жылдам ақпараттың за­ма­ны келді екен" деп дамудан шет қалып, көзі­мізбен жер шұқып қалмаудың жолы - білікті көтеріп, білімді арттыру. Түрлі тақырыптарды қам­титын, танымал тре­нерлердің ел-елді аралап, журналистерге семинар-тренинг ұйымдастыруы жаңа ақпараттан құр қалмауға үндейді. Бұл ретте қызылордалық журналистер соңғы жылдары М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің алаңында өтетін халықаралық БАҚ оқуларына қатысып, білім шыңдады.Ал, таяуда ғана бір топ журналист Еуразиялық медиа форумнан олжалы оралды. Дегенмен, алыс-жақын аймақтағы семинарларға шақырту алатын БАҚ өкілдерінің арасында тәуелсіз журналистердің болмауы да ой­ландырады. Бұл сұрақты Қызылорда облысы әкімінің БАҚ және қоғаммен байланыс мәселелері бойынша кеңесшісі Динара Бисембинаға жолдаған едік. Ол "журналистерді бөліп-жару жоқ, білем деген адамға мүмкіндік ұсынамыз" деген ойды алға тартты.

- Тілшілерді бөле қараған орынсыз деп есеп­теймін. Барлық тілшілердің мақсаты бір - қоғамды ақпараттандыру және оң ықпал ету. Журна­листиканың функциялары және ол қызметтерді тілшілер қаншалықты орындай алып жүр деген мә­селе - бөлек тақырып. Аймақ журналистері қа­­ты­­сып жүрген тренингтер мен мастер-клас­старға барлығы да бара алады. Еуразиялық ме­диа форум - еліміздің медиа қоғамдастығы жылда бас қосатын дәстүрлі алаң, М.В.Ломо­носов атындағы Мәскеу мемлекеттік универси­тетінің алаңында өтетін халықаралық БАҚ оқулары да дәстүрлі және жыл сайынғы іс-шара, олар­дың бар­лығы қолжетімді. Аталған шаралар­ға акк­ре­дитациядан өткен ақпарат таратушы журналист ретінде немесе қатысушы ретінде көре алады, сонымен қатар тақырыптық секция­ларда өз ойыңызды жеткізу мүмкіндігі бар,- деп, өз уәжін жеткізді Динара Бисембина.

Журналистермен тығыз байланыс орнатып, аймақтағы ақпараттық саясатты бақылайтын Динара Бисембина "журналистердің бәсекеге тез дайын болуы өте маңызды, себебі ақпаратқа бүгінде тауар ретінде қарайтын кезең орын алды" дейді бізбен әңгімесінде.

- Аймағымыз туралы барлық жаңалықтарды жергілікті және республикалық бұқаралық ақ­парат құралдары тілшілерінің ақпараттарынан кө­ріп-біліп отырамын. Бүгінде біз тұрып жатқан уақытты хаос деп атауға болады, яғни күн сайын әлемде және барлық салаларда жаңа оқиғалар орын алып жатыр. Тұрақтылық ұғымы өз мағы­на­сын жоғалтты. Күн сайын жаңа трендтер, жаңа білім көздері пайда болуда. Журналистің кәсібилігі және кез келген БАҚ-тың сауатты менед­жменті осы жаңа мүмкіндіктерді анық­тайды. Қалай жұмыс істейді және дамығысы келе ме, көшбасшы немесе аутсайдерлер қата­рында болуы соларға байланысты. Яғни әрбір журналист өзінің өнімі үшін жауапты екенін, әрбір редактор өз кадрлары үшін жауап беретінін, ал ТОП-менеджер бұқаралық ақпарат құралы­ның дамуына тікелей ықпал етеді. Мәселе "қазір журналистер өздері өзгеріп, сана-сезімдерін жаңғыртуға дайын ба?" деген сұрақта жатыр,- дейді ол.

Иә, расында журналистің ақпараттық кон­вейерге ілесу-ілеспеуі айналып келгенде өзіне келіп тіреледі. Бүгінде газеттердің өз сайттарын жасақтап, телеарналардың ютуб арнада арна ашуы, интернет сайттардың әлеуметтік желі­лерге өтуі бұқаралық ақпарат құралдарын жаңа ақпарат талабына икемдеді. Яғни, дүрмекке ілесіп, трендтерден қалмау, блог жүргізіп, влог түсіру және сол арқылы сапалы контент жасай алатын журналистің нарықтағы құны түспейді. Бұл өз кезегінде журналистің ақпараты қаншалықты өтімді екенін дәлелдейді. Бәсекелестіктегі БАҚ-тың бүгінгі беталысы да осы.