Саясат
Авторлық кино ұлттық идеологиямызға қалай әсер етеді?
Жалпы, әр елдің киноға деген өзіндік көзқарасы мен мақсаты бар. Киноны түсіруге талыпынған адам елінің, халқының болмысын дәріптеуге тырасады. Фильмді түсіру барысында автордың айтары мен түпкі бір ойы болмаса, онда киноның мәнсіз болғаны. Кез келген дүние тектен тек жасалмауы қажет. Кино түсірудің алдыңғы қатарында тұрған АҚШ-ты алып қарайтын болсақ, олар жылына 100-ден аса фильм түсіреді. Кино-сериалдарында басты назар халықтың тұрмыс-тіршілігіне, мәдениетіне, этика, эстетикасына бағытталады. Бұл елдердің күн-көрісі тек өздеріне ғана емес, біздің де санамыздан орын алғаны рас. Кез келген фильм не сериал болсын халықтың санасына сіңіп, халыққа бір бағыт бере білуі шарт. Ал біздің қазақ қоғамында түсіріліп жатқан кино туындылары халықтың шынайы болмысын айқындап, ұлттық құндылығымызды дәріптеп, қоғамға ой сала ма?
Киноның коммерциялық және авторлық деп аталатын екі түрі екі түрлі бағытта түсіріліп, көрерменге ұсынылады. Бірі адамға бір сағаттық ләззат сыйласа, бірін адам санасында бірнеше күн талқылап, бірнеше ай қорытындылап, бірнеше қайтара көріп, содан соң ой түйеді. Қазақстанда түсіріліп жатқан коммерциялық кинолар халыққа қандай да бір жол көрсетіп, бағыт бермейді. Тек бірнеше сағатқа созылған күлкі, бір күндік қуаныш пен қорқыныш, бір күндік уақытыңызды өлтіреді. Комерциялық киноны көбінесе Америка түсіреді. Олардың мақсаты тек жаратқан қаражатты қайтарып, оның үстінен пайда табу. Иә, қазір елімізде бұл бағытта түсіріліп жатқан кинолардың қарасы көп. Көрерменге ой салатын мән-мағынасы жоқ. Дегенмен халықтың ой-өрісін дамытуға негізделмеген жеңіл ойлы туындылар бірінен соң бірі шығып, жалғасын тауып келеді. Ал коммерциялық киноның авторын ұлттық мүдде, ұлттық құндылық сынды дүине алаңдатпайды. Тек түсірген фильмі, кеткен шығынын ақтап, табыс әкелсе болғаны. Коммерциялық фильмдердің арнайы тапсырыспен түсіріліп, халқымыздың болмысын дәріптеп, ұлттық құндылығымызға бағытталып түсірілетіндері де бар. Дегенмен, олардың сапасы болғанымен, саны аз. Атап айтар болсақ «Алмас қылыш», «Жау жүрек мың бала», «Анаға апарар жол», «Томирис» сынды туындылар арнайы тапсырыспен түсіріліп, бір идеологияны көздейді. Адамның санасына жаңа дем береді.
Ал енді авторлық кино туындысына тоқталсақ. Авторлық кино, артхаустық кино кез келген адамға арналмаған деген қоғамда жаңсақ пікір қалыптасқан. Жоқ, қателесесіз. Нағыз кино туыныдысы мен шедевр деп аталатын дүниені осы авторлық кинодан табасыз. Авторлық кинода жасандылыққа орын жоқ. Мұнда философиялық терең мән-мағына мен адамға ой салар картина желісі баяндалады. Бастапқыда киноның желісіне еріп кету қиынға соғады, ал бірер минуттардан соң картинаның аурасына еніп, кино ішіндегі жұмбақты шешуге тырысасыз. Автормен тікелей байланысқа түсіп, киноның қорытындысын өзіңіз шығарасыз. Бұл жерден әр адам түрлі ой түйеді. Авторлық кино түсіруден ең танымал режиссерлердің қартинасын бір деммен қарап шығуға болады. Атап айтар болсақ, Иран режиссерлері Мохсен Махмальбафтің «Миг невинности», «Крик муравьев», Асгар Фархадидің «Развод Надера и Симин», «История Элли», Джафар Панахидің «Последний экзамен» «Белый шар» Аббас Киаростами «Крупный план», «Вкус вишни», «У каждого свое кино» Қытай режиссері Вонг Карвайдың «Любовное настроение», «Чунгкингский экспресс», «Падшие ангелы», «2046», Түрік режиссері Нури Бильге Джейланның «Отчуждение», «Зимняя спячка», Оңтүстік Кореяның режиссері Ким Ки Дуктың «Пустой дом» деп аталатын картинасын әлем мойындаған.
Әлемді мойындатқан Қазақстандағы авторлық киноның шоқ жұлдыздары, авторлық киноның жаңа толқындары Дәріжан Өмірбаев, Әмір Қарақұлов, Абай Қарпықов, Талғат Теменов, Рашид Ноғманов, Ардақ Әмірқұловтарды айтуға болады. Бұл жаңа толқынға Сатыбалды Нарымбетов те қосылды. Олар 80 жылдардың басы 90 жылдардың соңында тек Қазақстандық киноның емес әлемдік киноның алтын қорына кіретін картиналарды сыйлады. Соның ішінде Рашид Ноғмановтың «Ине», Ардақ Әмірқұловтың «Отырардың күйреуі», Дәріжан Өмірбаевтың «Шілде», Абай Қарпықовтың «Ғашық балық», Талғат Теменовтің «Адамдар арасындағы бөлтірік», Серік Апрымовтың «Соңғы аялдама» секілді туындылары көпшіліктің көкейінде мәңгі қалды.
Кино саласының коммерциялық нарығында әр елдің ұлттық сипатын меңзейтін сапалы туындыларын әлемдік деңгейде таныстыратын, оның жетістіктері мен даму бағытын көрсететін, кино туындылардың аясын кеңейтетін әрі насихаттайтын халықаралық кино-фестивальдер болып отыр. Дүниежүзі бойынша 3000-ға жуық кинофестивальдар ұйымдастырылып тұрады. Соның ішінде ең беделдісі Францияныың «Канн» фестивалі мен Германияның «Берлин» кино-фестивалі. Жыл сайын халықаралық кино-фестивальдерге ағылып келіп жатқан көрермендер саны артып келеді. Ал осы кинофестивальдарға өз туындысын ұсынып, үздік атанып жүрген режиссерлер өте көп. Осы мақсатпен бүгін Қазақстандағы авторлық киноны жоғары деңгейде дәріптеп жүрген Эмир Байғазиннің картиналарына тоқталып өтсек. Ол әлемдік кино кеңістігіне қол салып, Халықаралық «Берлин» кинофестивалінің негізгі байқауына қатысқан алғашқы Қазақстандық режиссер.
Эмир Байғазин 1984 жылы Ақтөбе облысы Алға ауданындағы Тамды ауылында дүниеге келген. Бес жасында оның жанұясы Алға қаласына көшіп келеді, осында ол алдымен қазақ мектебінде, кейін орыс мектебінде оқиды. Орта мектепті бітіргеннен кейін Эмир оқуға Ақтөбеге келеді, бірақ бір жылдан соң оқуын тастап, Т. Ахтанов атындағы облыстық драма театрда (2002-2004 жылдары) актер-студияшы болып жұмысқа орналасады. 20 жасында Байғазин Алматыға Т. К. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясына театр актері мамандығына оқуға түсу үшін келеді, алайда соңында кинорежиссер мамандығын таңдайды.
2013 жылғы ақпанда Эмир Байғазин " Асланның сабақтары" (Уроки гармонии / Harmony Lessons) толықметражды картинасымен Халықаралық Берлин кинофестивалінің конкурсына қатысқан бірінші қазақстандық режиссер болып дебют жасады. Эмир Байғазиннің қарсыластары қатарында Стивен Содерберг, Гас Ван Сент, Бруно Дюмон және т. б. болды. Ауыл мектебіндегі бұзақылық/әлімжеттік (дедовщина) туралы фильм 63-ші Берлин кинофестивалі аясында көркем жетістігі үшін "Күміс аю" сыйлығын, Сараеводағы (Босния және Герцеговина) 18 халықаралық кинофестиваліндегі киножобалар нарығындағы бас жүлдені және тағы да ондаған түрлі кинофестивальдерде Гран-при ұтып алды.
2015 жылдың ақпан айында Эмир Байғазин Тұңғыш Президент Қоры сыйлығының лауреаты атанды.
2016 жылы 4 новелладан тұратын "Төрт оқиға" (The Wounded Angel (Жаралы періште)) жаңа драмасын шығарды.Бұл картина Германиядағы Funf Seen Filmfest халықаралық фестивалінде "Үздік фильм" жүлдесін, Чеджудегі (Корея) фестивальда қазылар алқасының арнайы жүлдесін, Кошицедегі (Словакия) Art Film Fest ХКФ-нде "Үздік режиссер" жүлдесін және Transformation Film Awards 2017 кинопремиясының "Жас ұрпақтың проблемалары мен армандарына деген назар" номинациясы бойынша (Сочи, Ресей) бас жүлдені жеңіп алды.
2018 жылы "Өзен" (The River) лентасын шығарды. Бұл шалғайдағы ауылдағы бес ағайындының өмірі туралы баяндалатын "Аслан трилогиясының" (алғашқы екі бөлігі "Асланның сабақтары" мен "Төрт оқиға") соңғы бөлімі. Аталмыш туындысымен Байғазин үздік режиссурасы үшін 75-ші Венеция кинофестивалінде "Көкжиектер" бағдарламасының "Алтын арыстан" жүлдесін және Hollywood Foreign Press Association резиденттік грантын ұтып алды.
Әлемді шарлаған «Асланның сабақтары» фильмі
Эмир Байғазиннің бұл фильмі Берлиннің 63-ші халықаралық кинофестивалінің жүлдегері, басқа да ондаған фестиваль сыйлығының иегері. Бұл фильмде қоғамның ащы шындығы ауыр жеткізілген. Картинада қазақтың шалғай ауылындағы мектеп оқушыларының бір-біріне қысым көрсету, бір-бірін кемсіту оқиғасы баяндалады. Өз қатарластарының қысымын дұрыс жолмен шешуді көздеген 13 жастағы жасөспірімнің психологиясы жайлы картина әлемдік кинофестивальде терең мағыналы философиялық ойы бар ең үздік картина атанды. Жалпы, кино желісінде басты ролді Аслан есімді бала ойнайды. Ол өз ортасында ойын жеткізе алмайтын психикалық ауытқуға ұшыраған ананкаст, тұйық бала болады. Бір күні ол сыныптастарымен медициналық тексерістен өтуге барады. Тексерістен өту барысында ол сыныптастарының мазағына қалып, қатты кемсітушілікке ұшырайды. Осы сәттен бастап оның өмірі түбегейлі өзгереді. Бұл оқиға баланың іште бүгулі жатқан мінез-құлықтарының өршуіне алып келеді. Өзіне деген сенімсіздіктің салдарынан тазалық пен мінсіз болуға ұмтылады, айналысындағылардың барлығын бақылауда ұстауға тырысады. Ол қазақ ауылында әжесімен бірге тұрады. Осылайша оның бұл әрекеттері соңында күрделі жағдайларға алып келіп, қайғылы оқиғаның негізі болады. Кинода сіз күтпеген іс-әрекеттер орын алады. Мектеп қабырғасынан басталатын қылмыс әлемі, күштілердің әлсіздерге қысымы Асланның өмірінің мәнін кетіргендей болады. Осылайша бала қарама-қайшылықтар арасынан өзіне ыңғайлы бағытты табуға тырысады. Күн сайын оның әрекетінде өзгерістер пайда бола бастайды. Асланның әрекеті ойландыратын сәттер мен әдемі көріністерден, аянышты да қоғамның қорқынышты боямасынан тұрады.
"Жаралы періште" фильмі
Байғазиннің фильмдері кәмелет жасындағы жасөспірімдердің басында жиі кездесетін проблемаларды ашып көрсетуге бағытталған. Жаралы періште кинокартинасы 4 новелладан тұрады. Байғазиннің осыған дейінгі «Асыланның сабақтары» фильмінде негізгі оқиғалар мектеп ішінде өрбісе, жаңа жобада 4 түрлі кейіпкердің жазғы демалыс кезінде бастан кешкен оқиғалары баяндалады.
Эмир Байғазин бұл фильмдерінде сценарий авторы, режиссері, қоюшы операторы, продюсері, сонымен қатар картинаның монтаж жұмыстарын да өзі жасаған.
Иә, қазақ қоғамына мұндай туындылардың бірнешеуі қажет. Комерциялық , авторлық, артхаустық фильмдердің бағыты міндетті түрде мемлекеттің мүддесіне, ұлттың идеологиясына жұмыс жасауы қажет. Айтар ойы бар бұл үш бағытты дамыту қазақ қоғамы үшін маңызды. Өмірдің, қоғамның көрінісін ерекше баяндап, әдемі жеткізетін картиналар кез келген адамның ой-өрісін кеңейтіп, жаңа лек беретіні анық. Әлемді шарлаған авторлық фильмдерге көз жүгірткен адам кино кеңістігін талдай алатын дәрежеге жетеді. Ал киноны талдай алатын адам қоғамды да өзгертеді.