Weekend
Ардагермен сұқбат
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Елді қорғау - ер азаматқа берілген ұлы мәртебе. Соны абыроймен атқара білген ардагерлердің арқасында біз бейбіт күнде өмір сүріп жатырмыз. Ата-бабаларымыз әрбір қазақты өзінің бауыры санап, солар үшін қасық қаны қалғанша күресті. Ақыр соңында жеңіс туын желбіретіп, бейбіт күнге қол жеткізді. Соғысқа қатысқан әрбір ардагер есімі мәңгі тариxта қалады. Осы мақсатта, бүгін ардақты ардагеріміз - Джаргожа Асқарбаев атамыздан сұқбат алған болатынбыз. Көп созбай, сұқбат барысына көшсек деп отырмын.
- Сәлеметсіз бе,ата! Қалыңыз қалай? Шүкір жақсы шырағым, өздерің қалайсыңдар?
- Шүкір.
- Ата сіз қай жерде дүниеге келдіңіз?
- Мен 1926 жылдың 1 қаңтарында Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Борошилов колхозында дүниеге келдім. Ата-анам қарапайым адамдар болды. Десек те. менің білімді азамат болғанымды қалап, 1933 жылы мені өзіміздің ауылдағы мектепке берді. Осылайша жеті жасымда Боршилов атындағы орта мектепке бардым. Ол жерде 7-сыныпқа дейін оқыдым. Себебі 1941 жылы соғыс басталып кетті. Сонымен өзге балалар секілді колxозда еңбек еттім.
- Жалпы, ата соғысқа қай жылы аттандыңыз?
Соғысқа 1942 жылдың 13-күні алындым. Бірінші Ташкентке бардым, онда шамамен 15 күн болдым. Сосын пойызға отырып, Сталининград түбіндегі қан майданнан бір-ақ шықтым. Алғаш барған сәттен бастап, батылдық көрсете бастадым. Соғыста жүріп, бөлім командирі қызметінен взвод командирі қызметіне дейін жоғарыладым.
- Есіңізде болса, қай жерлердегі шайқастарда болғаныңызды айта аласыз ба?! Біз жас ұрпақ үшін, сіздің қандай өткелдерден өткендігіңіз қызық.
- Әрине, есімде. Ол уақыттағы күндерді еш ұмыта алмаспын. Менің соғыстағы шайқастарым алғаш келген Сталинград түбінен басталды ғой. Одан соң, Чеxословакия астанасы Праганы азат етуге қатыстым. Прагадан соң Берлинге оралдым. Біраз елдерде шайқаста болдым. Қанды шайқастарда ерлік танытып, медальдар мен орденьдер алдым. Бұл жайлы кейінірек тоқталып өтермін. 1945 жылы Сталин патшаның бұйрығы шықты. Бұйрық бойынша біздің дивизия Брест қаласы арқылы Жапонияға бару керек болатын. Біздегі соғыс аяқталғанымен, Жапониядағы соғыс тоқтамаған екен. Содан не керек, Брест қаласына дейін жаяу бардық. Өйткені пойызбен не көлікпен барар болсақ, бомбының астында қалуымыз мүмкін еді. Сондықтанда шекараға дейін жаяу баруға тура келді. Дәл шекара қасына келгенде, Жапониядағы соғыс аяқталғанын естідік. Алайда біз өз елімізге қайта алмай, сол жерде екі жыл бойы қызмет еттік. Былайша айтқанда қайта соғыс оты тұтанбас үшін күзетте тұрдық. Содан 1947 жылы ғана елге оралдым.
- Соғыс болған соң, бір тарап жеңіп, екінші тараптың жеңілері xақ. Сол жеңісті қай жерде қарсы алдыңыз?
- Жеңісті Берлинде қарсы алдым. Сол жерде бәріміз бас киімдерімізді жоғарыға лақтырып, бір-бірімізді құшақтап жеңісті тойладық. Қуаныштан көзімізге жас үйіріліп, бір ғажап сезімге бөлендік. Енді өз отаныма тезірек оралсақ деп тілеген едім. Бірақ та жоғарыда атап өткендей Сталин бұйрығымен Брестке кетуге мәжбүр болдым.
- Шайқас кезінде түрлі қиыншылықтарға тап болған шығарсыз. Майданда жүріп, қандай жарақат алдыңыз?
- Соғыста жүрген шағымда контузия болып, Саратов қаласындағы әскери госпитальға жіберілдім. Одан соң Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласына жіберіліп, екі ай емделіп жаттым. Дәрігер туған жеріме қайту үшін екі айлық демалыс жазып берген еді. Дегенмен ауылда алты күн болып, Тастақтағы әскери бөлімшеден қайта соғысқа аттандым.
- Соғыстан елге 1947 оралдым деп айттыңыз. Соғыстан соң немен айналыстыңыз?
- Мен коммунист болдым. Партияға шақырылып, Луговой ауданына жауапты xатшы болып сайландым. Онда біраз жыл қызмет атқардым. 1951 жылы Алматы қаласындағы Партшколға оқуға түстім, оны аяқтап Мойынқұм ауданында жұмыс істеуге кірістім. Кейін Меркіге ауыстым, одан соң Қордайда біраз жыл болдым. Ақыр соңында өзімнің туған өлкем - Краснояр ауданында директордың орынбасары қызметіне тағайындалдым.
- Қарап отырсам, елге біршама жыл қызмет еткен екенсіз. Ал зейнетке қай жылы шықтыңыз?
- Хрущев патшаның кезінде дәнді дақылдарды өңдеуге байланысты науқан болды. Бұл шамамен 1956-1957 жылдар ғой деймін. Одан соң денсаулығыма байланысты қайта туған жеріме оралдым. Сонда жүріп ауылдық советте 9 жыл қызмет атқарып, сол жерден зейнетке шықтым. Алматыға 2003 жылы келдім. Сол уақыттан бері осында тұрамын.
- Енді жеке өміріңізге де тоқталып өтсек. Қашан отбасы құрдыңыз?
1952 жылы отбасы құрдым. Әйелім екеуміз бес қыз, екі ұл баланың ата-анасы атандық. Алайда екі ұлым қайтыс болды. Қыздарым болса, осы Алматыда тұрады. Әйелім осыдан он жыл бұрын көз жұмды. Қазірде енді немере қыздарымның үйінде тұрып жатырмын.
Ата сұқбат бергеніңіз үшін көп рақымет! Ешқашан ауырмаңыз. Аман болыңыз!
Сіздей аталары бар- біз бақыттымыз......