Weekend

«Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасын жүзеге асыру жұмыстары басталды

Ұлы есімдер дегеніміз кімдер?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында тарихи сананың қалыптасуына, қазақ халқының мемлекеттігі мен ұлттық санасының нығаюына ерекше мән беріледі. Осы ұстаным әлденеше рет, дәйекті түрде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың сөйлеген сөздерінен және бағдарламалық құжаттарынан көрініс тапқан. Дәлірек айтқанда, 1999 жылы «Тарих толқынында» деген кітапта Елбасы ұлттық тарихты, Еуразия құрлығында қазақтың және басқа далалық халықтардың орны мен рөлін тану міндетін қойған болатын.

Бұдан әрі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев қойған міндеттер бірқатар бағдарламалық құжаттарда нақтыланды. Елбасымыздың бастамасымен «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданып, іске асырылған еді. Осы бағдарламаның шеңберінде тарихи сананы нығайтуға, соның ішінде жалпы алғанда Қазақстан мен Ұлы даланың тарихында өшпес із қалдырған тұлғаларды қазақ халқына қайтаруға бағытталған ғылыми зерттеулер жасалды, ғылыми монографиялар, мақалалар әзірленді. Қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне қатысты жаңа деректер табылды.

2013 жылы жалпыұлттық көшбасшы Н.Ә. Назарбаев алғаш рет бастама көтеріп, «Халық тарих толқынында» деген тарихи зерттеудің арнайы бағдарламасын дайындау мен жүзеге асыруды ұсынған еді. Еліміздің ғалымдары алыс-жақын елдер мен олардан тыс жерлерден де аса құнды деректер мен жәдігерлерді, тіпті бұрын белгісіз немесе қолжетімсіз болған, соның ішінде белгілі тұлғаларға да қатысты мәліметтерді тірнектеп жинаған болатын.

Қазіргі жетістіктеріміздің басым бөлігі барлық қазақстандықтардың еңбегі арқасында мүмкін болды дей аламыз. Отандық тарихымыздың даңқты беттерінің көптігімен азаматтарымыз мақтана алады. Бұл бұрын ұзақ уақыт үстем болған, ең алдымен, еуроцентристік түсініктер мен империялық ұстанымдарға соққы беріп, бүкіләлемдік маңызға ие тарихи оқиғалар мен фактілерге толы еліміздің тарихын әлемдік өркениеттің қалтарысына шегеріп, дүниежүзі тарихының тура жолынан бұрмалап, «тағылық», «жабайы орда», «артта қалған халық», «дұшпандар» деген айдарлар мен т.б. тағылған таңбалардан арылуға жағдай жасайды. Кеңес үкіметі тарихты жасаушы халық қана деп, ұлы тұлғалардың тарихтағы орнын артқа шегеріп, бүркемелеуге тырысқан еді. 

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтің 2017 жылғы 12 сәуірде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында өз мәдениетінді, ұлттық кодыңды сақтай білу жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты болып табылады делінген. Бұл ретте тарихи тәжірибе мен дәстүрлер жаңғырудың маңызды алғашарты ретінде қаралады. Атап айтқанда: «онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық  дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет». Бағдарламалық мақалада ұлттық кодтың қазақ тарихы мен мәдениетінің ұлы қайраткерлерімен байланысы бар екені де айтылады: «Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана».

Ұлы даланың ұлы есімдері мәселесіне Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» (2018 жылғы 21 қараша) деген бағдарламалық мақаласында да тоқталды. Мақалада өткен дәуірлердегі дүниежүзіне белгілі тұлғалар (Ескендір Зұлқарнайын, Конфуций, Шекспир, Гете және т.б.) бүгінде «өз мемлекеттерінің» баға жетпес символдық капиталы саналады әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр делінген. Елбасы «Ұлы дала тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді» деп, Қазақ хандығы, түркі қағандықтары, мұсылман Шығысының мемлекеттерінің (әз-Тәуке мен Абылай, Күлтегін мен Бейбарыс, және т.б.) атақты қайраткерлерін ерекше атап көрсетеді. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Мысыр мен Сирияға ресми сапары барысында Дамаскіде әл-Фараби кесенесі мен тарихи-мәдени орталығының салынуы, Сұлтан Әз-Захир Бейбарс кесенесін және Қаирдегі Сұлтан Әз-Захир Бейбарс мешітін қалпына келтіру туралы Келісімге қол қол қойылды.

Қазақ халқының ұлттық бірегейлігін нығайту шеңберінде Қазақстан Республикасының Президенті атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу қажеттілігін атап көрсетті. Бұдан басқа, қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің өзекті галереясын жасауды қолға алу, сондай-ақ «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру қажет делінді.

Халықаралық тәжірибенің көрсететіні, әлемнің озық елдері мемлекеттіктің негіздерін нығайту, азаматтық қоғамды қалыптастыру мақсатында ата-бабаларының әрекеттерін, атақты көшбасшы тұлғалардың, мәдениет қайраткерлерінің, Отан қорғаушыларының  өмірі мен қызметін зерттеу мен естеліктерін сақтауға  ерекше назар аударады.

АҚШ-та атақты ұлттық саяси қайраткерлері мәңгі есте сақталынған. Атап айтқанда, салынуы 1927 жылдан 1941 жылға дейін созылған АҚШ-тың Рашмор тауындағы Ұлттық мемориалындағы АҚШ-тың 4 президентінің, яғни Джордж Вашингтонның, Томас Джефферсонның, Авраам Линкольннің және Теодор Рузвельттің бет мүсіндері, бұлар АҚШ-тың ең атақты президенттері деп саналады. Өйткені, елдің негізінің қалануы, дамуы және өркендеуі олардың есімдерімен тығыз байланысты. Ескерткіштер Рашмор тауының оңтүстік-шығыс жағында, Блэк-Хиллс Ұлттық қорығында, Оңтүстік Дакотада орналасқан. Осы мемориалдың аумағы бес шаршы шақырымнан асады.

АҚШ-та 2004 жылғы 24 мамырда Вашингтонның Ұлттық галереясында Екінші дүниежүзілік соғыстың (II World War Memorial) ардагерлері ұлттық мемориалы ашылды. Бұл Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан АҚШ әскерінің 16 миллион және майданда қаза тапқан 405 мың жауынгердің құрметіне тұрғызылған.

Екінші дүниежүзілік соғыс мемориалы лавр шоқтарымен безендірілген 56 колоннамен қоршалған Кемпірқосақ деп аталатын су қоймасы болып табылады. Колонналар соғыс кезіндегі штаттар мен аумақтардың бірлігін танытады.

Ресейде Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде 1916 жылы Вязьма қаласында Жоғары Калуга көшесінен бастап Станционное тас жолы бойымен өтетін бульвар салынған. Ол Бірінші дүниежүзілік соғыс каһармандарына арналған. Бульвардың ортасында қаңылтырдан жасалған және ашық түсті мәрмәрлі биік обелиск (ескеткіш бағана) тұрғызылған.

1954–1960 жылдары Шанақкаледе Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Галлиполь шайқасында қаза тапқан 250 мың түрік жауынгеріне арналған Шейіттер мемориалы салынды. Мемориалдың астында мұражай, ал оның жанында түрік жауынгеріне арналған ескерткіш және түрік зираты бар. Зиратта қаза тапқан жауынгерлердің туған қалалары бойынша ажыратылған мемориалдық тақталар бар, әрбір тақтайшаның екі жағында қаза тапқандардың есімдері жазылған.

2001 жылы Түркияның Фетхие қаласының ортасындағы жағалауда Түркияның Ұлттық каһармандарына Ескерткіш орнатылған. Фетхиедегі каһармандар ескерткіші Азаттық соғысында, Шанақкале үшін болған шайқаста, сондай-ақ Кипр мен Кореядағы қақтығыстар кезінде қаза тапқандардың рухына бағышталған. Ескерткіш тұғырын қоршаған барельефтер шайқаста қаза тапқан түрік жауынгерлерінің бейнесін көрсетеді.

Ұлыбританияда 1921 жылғы 16 мамырда Уэльс ханзадасы Англияның оңтүстік-батысында Экзетер қаласында Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарына арналған Әскери мемориалды Девон графтығында тұрғызған. Мемориал пішіні крестке ұқсас. Крестің өзі гранитті үш сатылы тұғырға орнатылған.

Алманияның Танненберг қаласындағы Ұлттық ескерткіш Бірінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі 1914 жылғы жеңістерге, атап айтқанда Танненберг түбіндегі орта ғасырлар дәуірінде 1410 жылы және Мазур көлдері маңында болған шайқастардың құрметіне солай аталған құрылыс. Шығыс Пруссияда 1924–1927 жылдары салынып, 1945 жылға дейін болды.

Францияда Шарль де Голль алаңында орналасқан Салтанат шеруі қақпасында (Триумфалдық арка) Революция мен Бірінші империя кезінде Францияға қызмет еткен 660 қолбасшылардың есімдері ойып жазылған.

Міне осылай, тарихтың белгілі кезеңдерінде әртүрлі мемлекеттер тұтастай ансамбльдер мен мемориалдық кешендерді салғандарын көріп отырмыз. Олардың мақсаты кезінде мемлекеттіліктің қалыптасуына ерекше үлес қосқан атақты қайраткерлерін, ұлттық каһармандарын мәңгі есте сақтау.

Қазақтың да әскери, қоғамдық, мемлекеттік, сондай-ақ мәдениет қайраткерлерінің өмірі мен қызметіне арналған көптеген ескерткіштер бар. Бірақ олар, әдеттегідей,  ортақ тақырыптағы ансамбльдер мен мүсіндік ескерткіштер тобын құра алмаған. Міне сондықтан да Елбасы ұсынған оқу-ағартушылық энциклопедиялық саябақты құруды қажеттілігі туындап отыр.

«Ұлы даланың ұлы есімдері» оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын құру тұжырымдамасының Жобасын және «Ұлы даланың ұлы есімдері» тізімін  талқылау мақсатында 2019 жылы 12 ақпан күні Алматы қаласында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «Ұлы даланың ұлы есімдері: зерттеудің методологиялық әдістері» және осы жылдың 13 маусымында Нұр-Сұлтан қаласында «Ұлы даланың біртуар тұлғалары» атты дөңгелек үстелдер өткізілді. Дөңгелек үстелдердің шеңберінде «Ұлы даланың ұлы есімдері» оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын құру тұжырымдамасының Жобасы және «Ұлы даланың ұлы есімдері» тізімі  талқыланды. Дөңгелек үстел жұмысына кәсіби тарихшылар, көрнекті қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері және жоғарғы оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері, докторанттар мен жас ғалымдар, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты. Еліміздің тарихи кезеңдерін кеңінен қамти отырып, кәсіби қауымдастықтардан қолдау тапқан ғылыми-негізделген, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты даярлаған «Ұлы даланың ұлы есімдері» тізімі жобасын негізге ала отырып, дөңгелек үстелге қатысушылардың ұсыныстары мен ескертулері негізінде Тізім ұсынылды. Мүсіндік композиция құрамына Ұлы Даланың ұлы есімдерін қосудың критерийлерін анықтау үлкен дискуссияға айналды. Жобаны жүзеге асыру Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына жүктелді. Мүсіндік ескерткіштерді орналастырғанда хронологиялық принцип сақталынады. Тарихи кезеңдерге сәйкес орналасуы (ежелгі дүние, орта ғасыр, жаңа заман, қазіргі кезең) ескеріледі. Бұл қағидалар тарихи оқиғалардың, құбылыстар мен үдерістердің, ұлы мәдени және тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметінің бірізділігін, тарихи оқиғалардың ұзақтығы, сәйкестілігін түсінуге үлес қосады. Мүсіндік ескерткіштердің саны – 100 дана деп жоспарлануда. Ескерткіш тақтадағы мәтін қазақ (латын әріптерімен), орыс және ағылшын тілдерінде жасалады.

«Ұлы Даланың Ұлы есімдері» атты оқу-ағартушылық энциклопедия-саябағы интерактивті картасын жасау арқылы геоақпараттық технологияларды пайдалана отырып мультимедиялық қосымшалар арқылы қазақ халқының ұлы тұлғаларының өмірі мен қызметімен танысу мүмкіндігіне қол жеткізіледі. Осы арқылы халықаралық аренада Қазақстан мен қазақ халқының тарихи-мәдени мұраларын танымал етудің тиімді тетіктері әзірленеді. Сонымен қатар отандық, аймақтық және халықаралық деңгейде қазақ халқының ұлттық тарихи мұраларын насихатталып қазақ халқының бірегейлігін нығайту бағытындағы мемлекеттік саясат жетілдіріліп, «Мәңгілік Ел» және «Ұлы Дала Елі» идеялары негізінде қазақ халқының құндылық жүйесін нығайтылуына зор септігін тигізеді.

Ш.Ш. Уәлиханов ат. Тарих және этнология институтының кіші ғылыми қызметкері, PhD докторант Лебаев Фархат Рашидұлы