Саясат
Зерттеу мақала
Қазақ қоғамында тарихи-этнографиялық категориялар аясында «ел билеуші», «басшы» мәдени-саяси феномені бүгінгі «шенді тұлға» образының ұғымдық баламасы өте ерте кезден тамыр жайып, жетілген. Б.д.д. прототүркілік мәдени-әдеби тарихи жазбалар мен бертінгі Орхон-Енисей жазба ескерткіштеріндегі Күлтегін, Бумын қаған бейнелері, әл-Фарабидің «Ізгі қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактаты», Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік», Қазақ хандығы дәуірі тұсындағы жыраулардың, бертін келе Алашорда қайраткерлерінің афористикалық ой мұраларымен әбден жетіліп-піскен «Билеуші болмысы», қазіргі тілмен айтқанда «Лидер имиджі» өзіндік моральдық-гумандық принциптермен байытылғаны туралы көптеген антрополог-тарихшылар, саяси-қоғамдық ғылымдар ғалымдары растайды.
Тәуелсіз Қазақстанның өзіне жараса жағымды шенділер тобы қалыптасқаны да өтірік емес. Қоғамдық пікірлерге жүгінетін болсақ И.Тасмағамбетов, А.Сәрсенбайұлы, З.Нұрқаділов, Б.Сапарбаев, А.Мырзахметов, Қ.Көшербаев т.б. саяси көшбасшылар шоғыры көптің ықыласына бөленгені жасырын емес. Әйтсе де билік мінберінде мемлекеттік тілде екі сөздің басын қоса алмай немесе сұқбат барысында көпшілік этикалық нормаға жат олқы қылықтарымен таяқты екінші ұшы көрініп, қоғамның сынына ұшырап жатқан шенеуніктер де аз емес. Соңғы онжылдықта билік өкілдерінің шалыс қадамы азаматтық қоғам мен жұрттың талқысына түсіп, тіпті қоғамдық резонанс деңгейіне дейін оқтын-оқтын көтерілетін тақырыпқа айналды. Бұл жаһандық демократиялану мен ой еркіндігінің үстемдігі, орта-жас буындар үшін «билік» ұғымының сакральді сипатынан айырылып, «мемлекеттілікті қамтамасыз етудің жалдамалы менеджементті тобы» түсінігінен туды деп айтуға болады.
Бүгін біз жақында ғана, нақтырақ айтқанда 24 маусымда бейбіт күні Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери қойма жарылуына қатысты қоғамдық талқыға түскен Қорғаныс министрінің пікіріне қатысты белсенді азаматтардың пікірін ұсынатын боламыз. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми дерегі бойынша жарылыстан үш адам (бір арыстық азамат мен екі әскери) қаза тауып, 400-ден астам азамат дәрігер көмегіне жүгінген, ТЖ комитетінің мәлімдеуінше, Арыстағы үйлердің 85 пайызы бүлінген. «Әділдікті мойындау – адал кісінің ісі», «Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет еткін!» деген мірдің оғындай нысанаға дөп тиетін, бүгінде ел арасында кең тарап, қанатты сөзге айналып кеткен даңқты қолбасшы, әскери қайраткер, жазушы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының пікірін негіз ете отырып азаматтық қоғамның мықтап орнығуына күш салып, еркін ой ұстанымдарымен жиі көзге түсіп жүрген белсенділерге бірнеше сауал жолдап едік. Сәйкесінше пікір де әр алуан. Таңдау патша көңіл оқырманның өз құзырында. «Орынды сын ойлантпай қоймайды» қайраткер Д.Қонаевтың ойы баршамызға компас болғай.
Біз жолдаған сауалдар:
1) 31 арна тілшісінің «Арыстағы жағдай бойынша халықтан кешірім сұрайсыз ба?» деген сұрағына Қорғаныс министрі Н.Ермекбаев «Ол табиғи нәрсе. Әрбір арсеналдың қауіптері бар. Әзірге кешірім сұрайтын себеп көріп тұрған жоқпын» деген жауабын қалай қабылдайсыз?
2) Қазақстан шенеуніктерінің имиджі сіздің көңіліңізден шыға ма, этикалық-моральдық қарым-қатынасы сізді қанағаттандыра ма?
3) Қазақстандық шенеуніктердің Сіз білетін 3 артықшылығы мен Сіз ұсынатын 2 кеңес.
ӨМІР ШЫНЫБЕКҰЛЫ,ҚР Білім саласының құрметті қызметкері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы
1. Министрдің стихиялы апат пен техногендік апатты ажырата алмауы мүмкін емес (Ал, ажырата алмайтын адам министр болса құрдымға кеткеніміз). Меніңше, министрдің бұлай жауап беруі өзінше жауапкершіліктен жалтаруы болса керек. Бірақ ойын жеткізе алмады. Жоғары лауазымды қызметкерлерге айтатын сөздерін жазып, пысықтап спичрайтер керек деп жүргенім сол. Осы күнге дейін ойын дұрыс жеткізе алмай, күлкіге қалған талай шенеунік пен депутатты көрдік. Мұндай "күлкінің" арты әлеуметтік араздыққа ұласатынын білесіздер. Халық өздерінің салығы есебінен ұстап отырған лауазымды орындарға кездейсоқ адамдардың келіп қалуын кешірмейді. Ашу-ыза жинала береді де, алғы шарттар пісіп жетілгенде бүлік шығып кетуі мүмкін. Сондықтан, осындай адамды тағайындаған Премьер болсын, Президент болсын немесе Қауіпсіздік Кеңесі болсын, жедел шара қолдануы тиіс.. Әлгі саяси қызметкерді ел алдында кешірім сұрату немесе отставкаға кетуге мәжбүрлеу.. Аузынан қағынып, халықтың ашу-ызасын тудырған Сенат пен Мәжіліс депутаттары туралы солар өкілі болып табылатын саяси партиялар партиялық тізімін қайта қарап, депутатты кері шақырып, орнына өзге мүшесін жіберу керек. ҚХА -н сайланған депутаттар туралы да соны айтуға болады..
2. Қазақстан шенеуніктерінің арасында өз ісін жетік білетін, өз міндетіне адал қарайтын шенеуніктер баршылық. Парето айтқан 20/80 ұстанымын еске түсірсек, ұжымдағы барлық жұмыс көлемінің 80%-н атқарған ұжымның 20% мүшесі аз жылда мем.қызметтен қашып кетеді.. Себебі, өз міндетіне қоса, әке-көке арқылы қызметке кірген иісалмастардың жүгін арқалау кімге ұнайды?
3. Әкімдер сайлау арқылы сайланып, халыққа тікелей тәуелді болғанда ғана Артықшылық туралы әңгіме айтуға болады.. Мен беретін жалғыз кеңес - Жергілікті билік тағайындалмауы тиіс, сайлануы тиіс.
БЕЛЛА ОРЫНБЕТОВА,«Respublica» ұйымын құрушы, медиа-зерттеуші, блогер-журналист
1. Бұл мәселе туралы бірден кесіп айтуға болмайды. Бірақ кешірім сұрау деген не? Мен кінәлімін маған кешірім ет, айыптама деген тұрғыдан болса, министрдің бұл әрекетін керісінше әділетті жест деп қабылдаймын. Маған жеңілдіктің қажеті жоқ. Жүргізілген тексеруден соң барлық кінәлілер өз жазасын алуы тиіс. Ешқандай кешірім туралы сөз болмауы тиіс деп ұқтым.
2. Екіншіден қорғаныс министрлігін өзге шенеуніктермен салыстыруға келер ме екен? Таразының екінші жағында әскерилердің абыройы, айбыны тұр емес пе?
Жалпы шенеуніктерге қатыстықоғаммен коммуникация жасау қабілеті нашар деп ойлаймын. Бұл көп балалары аналармен, Шымкент қаласындағы арыстықтармен диалогта байқалды емес пе?
3. Шенеуніктерге кеңес деп айта алмаспын. Бірақ ұсыныс ретінле айтарым халықпен ашық болған жөн. Осы уақытқа дейін жасалған барлық тірлік халық үшін емес, жоғарғы жақ үшін болғандай. Өзіміз де көптеген бағдарлама, шараларды Қазақстан емес Очетстан үшін жасалып жатыр деп айтамыз. Халықтан ештеңені жасыру қажет емес. Біздің қоғам соншалық радикалданған жоқ. Әсірсе Арыс оқиғасында халық үкімет, биліктің қолынан келмегенін өзі жасауға, қол ұшын созуға дайын екенін білдірді.
Бүгін саперлардың жұмысын көріп нағыз ерлік екенін ұқтым. Бұл полиция емес халықққа соңғы уақытта жазалаушы орган ретінде танылған. Арыс оқиғасының алғашқы күнінен-ақ оқ пен оттың арасында жүріп халықты қорғау басты миссиясы екенін көрсетті. Ал апат кезінде бойтасалап қалған төтенше жағдайлар комитетінің әрекеті мен үшін түсініксіз. Бізге көрмей тұрып бағалау, сынап-мінеу оңай. Сондықтан дәл қазір пікірімді айтуға асықпаймын. Тексерістің әділ өткенін қалаймын. Және оның қорытындысы бойынша барлық жауапты тұлғалар өз жазасын толық көлемде көтеруін талап етер едім.
ҚАЖЫ АЮБИ, Ауғанстаннан ауып барған қазақ этносты даниялық азамат, Данияда бизнес сарапшы-кеңесші, қазақтілді әлеуметтік желіде белсенді қолданушы (Qaji A. Ayubi аккаунты бойынша)
1. Өз мамандығы бойынша білімсіздігін көрсетіп тұр. Әрбір апат түрінің өз категориясы бар, сол туралы қол астында жауапты адамдардан сұрауға болатын. Оларды білмесе онда сондай процессті орнату қажет еді.
2. Егер Данияда бұндай сөз саясаткерлердің аузынан шықса, ол өзі халықтан кешірім сұрап және сөзі негізді болса БАҚ алдына ақтап шығуға тырысушы еді. Егер өзін ақтай алмаса, өз еркімен отставкаға кетер еді, кетпесе партия басшылығы оны партиядан шығарушы еді. Бұл енді дамыған елдерге тән жайт.
Және мен өмір сүріп отырған Дания елімен салыстырар болсам, Қазақстандың шенеуніктері халықаралық білімі өте төмен. Қазақстандық шенеуніктерді сыртынан бақылап отырсам, құдды комедия сияқты, мұның негізгі себебі білімсіздік, меніңше. Олардың мемлекеттік менеджмент түрі Данияда 250 жыл бұрын болған. Олар қазақты 21-ғасырда алып жүре алмайды.
3. Қазақстандық шенеуніктердің мен білетін 3 артықшылығы: жұмыстары ауыр емес, көп халықтың көңілінен шығу қажеті жоқ, бір адамның көңілінен шықса болды және авторитеттері жоғары, олар халыққа емес, халық олардың айтқанын істейді. Ал мен ұсынатын 2 кеңес: әуелі елді өркениетке тура басқарсын, өздерінің артынан жақсы жағынан із қалдырсын. Бұл – оларға зор мүмкіндік, екіншіден жемқорлықты азайтсын, себебі жемқорлықтың етек жаюы ішкі қақтығысқа алып келуі мүмкін. Түбі жақсылыққа апармайды. Дания жемқорлықтан азат елдер индексінде ең алғы шепте тұрған мемлекет. Жемқорлық ағашқа түскен құртжегі сияқты. Ел іші түрлі-түрлі саяси фрагменттерге бөлініп кеткен: батысшыл, қытайшыл, ресейшіл, арабшыл т.б. Мұның мемлекеттік ауызбіршілікке негатив жағынан әсері бары сөзсіз. Ынтымақ ыдыраса, даму тұралап қалады.
ҚУАНДЫҚ ШАМАХАЙҰЛЫ, Жазушы, ҚР мәдениет қайраткері, Ақпарат ісінің үздігі, Қазақстан журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ф.ғ.к., әдебиеттану саласының доценті, Мадридтегі халықаралық журналистер ұйымының мүшесі, халықаралық журналист
1. Министрдің берген жауабы мемлекеттік қызметкерге тəн ар-ұждан нлрмасына нұқсан келтіріп тұр. Себебі БАҚ қызметкері – халықтың өкілі. Сұоақты қоғам атынан қойды. Министр оған құрмет көрсетудің орнына, яғни, «ұлық болсаң кішік бол» қағидаға бағынудың орнына өктемсіді. Өз мінін білмейтін, кешірім сұрамай астамсыған кез келген лауазымды тұлға отставкаға (доғарысқа) əбден лайық.
2. Имидждері нашар. Халықпен диалог құруға дəрменсіз. Тым жалтақ.
3. Артықщылықтары – дауыс көтермейді, ұстамдылықтары бар. Оларға кеңесім – үнемі мемлекеттік тілде сөйлесін. Жағымпаздықты қойып сыншыл əрі шыншыл болсын.
ЕРМҰРАТ БӘПИ,«Дат» жобасының жетекшісі, белгілі журналист, политик, әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы
1. Дегенмен, жоғарғы жақтан қысым болған сияқты, кеше өткен баспасөз-мәслихатында министр кешірім сұраған әлпет танытты. Қысым президент Тоқаевтың тарапынан болған сияқты. Енді ше, презилент Арыс апат аймағына барып, жергілікті жағдайды өз көзімен көреді, халыққа қарайлас көңіл білдіріп, трагедияның тауқыметін билік көтеріп алатынын айтады; ал Қорғаныс министі қақшиып отырып, табиғатты жазғырады – мұндай саяси сазбеттік қай елде болуы мүмкін? Әрине, ауторитар билеген елде ғана болуы мүмкін! Халыққа қызмет қылуы тиіс өркениетті елдің жалдамалы саяси менеджері Ермекбаев сияқты, бар пәлені «табиғат апатына» жаппайды. Ермекбаев сияқты бет-жүзі сыздаған министр бізде ғана болуы мүмкін.
Себеп неде? Себеп - ол министрдің халық алдында жауап бермейтіндігінде. Біздің министрлер қара халық түгілі, өзінің лауазымға тағайындалуына келісім берген парламенттің алдында жауап бермейді. Себебі – біздегі саяси жүйе солай құрылған. Үкімет және оның мүшелері тек президентке ғана есеп береді. Мен бұл жерде президент ретінде Тоқаев мырзаны айтып отырған жоқпын. Менің сөзім бұрынғы және мәңгілік президент Назарбаевқа қатысты.
Ал енді елдегі «силовой блокты» өзінің тақымына басып алған Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ишара білдірмесе, Ермекбаев халықтан қалай кешірім сұрайды? Ол өзін тағайындаған Назарбаевтан ғана сауға сұрауы мүмкін. Өз бетімен бастама көтеріп, тым «халықшыл» болып кетсе, отырған орынынан қалпақтай ұшады. Себебі осындай жекеменшік саяси жүйені құрған құдай да, пайғамбар да – Ермекбаев үшін – Н.Назарбаев.
Енді осындай жағдайда, міңгір-министр халықтан неге кешірім сұрауы тиіс? Құдайы иек қақпаса, ол неге отставкаға кетуі тиіс?
Міне, сіздің Ермекбаевтың доғарысы төңірегіндегі сұрағыңызға жауаптың логикалық нобайы осы. Бұл сірескен системаны быт-шыт қылып бұзып, оны халықтық қыщметтің қамын күйттеуші қылмайынша, Ермекбаевтар есіріп жүре береді.
2. Бізде мемлекеттік шенеуніктің немесе әлдебір жоғарғы лауазымгердің жеке, өзіне ғана тән имиджі болуы мүмкін емес. Оның имиджі – саяси режимнің реңінен ерекше болмауы тиіс. Бізде өзінің жеке имидж-келбетін жасауға ұмтылған министр немесе әкім «жоғарыда отырған» бастықтың «көрін қазушы» саналады. Өзіне сұқтанған, өзінің халық алдындағы парызын карьерадан жоғары қойған лауазымгер Әкежан Қажыгелдин, Заманбек Нұрқаділов, Алтынынбек Сәрсенбайұлы, Ғалымжан Жақиянов, т.б. сияқты, қызметтен қуылады. Себеп айқын – елде режим иесінен басқа имиджді ойлайтын шенеунік болмауы тиіс!
3. Бірінші «артықшылығы» – жемқорлықпен адам айтқысыз баюға болады. Екіншісі – басшыңды жалап-жұқтай алсаң, біліктілік пен кәсібиліктің қажеті жоқ: топас болып-ақ лауазымдық креслода отыра беруге болады. Үшіншісі – өзің сияқты топас бала-шағаңды қызмет орындары мен бизнес құрымдарға тықпалаудың кең мүмкіндігі бар.
Ал екі кеңестің біріншісі – халыққа адал қызмет қыл, сені адами абырой-атағың асырайды. Екіншісі – парақор болма, халықты да парақорлықтан аулақ қылуға тырыс!
Өз уақытының асқан данышпаны болған Асан қайғы атамыз (ХV ғ.) болашаққа болжам жасап, қабырғасы сөгілгенше халқын ойлап Жәнібек ханға:
Ашу-дұшпан, артынан
Түсіп кетсең қайтесің?
Түбі терең қуысқа, – деп ханды игілікті істерге үндегені бар. «Арғымаққа міндім деп, Артқы топтан адаспа! Күнінде өзім болдым деп, Кеңпейілге таласпа! Артық үшін айтысып, Достарыңмен санаспа! Ғылымым жұрттан асты деп, кеңессіз сөз бастама! Жеңетін деп біреуі; өтірік сөзбен қыстама!» дейтін Асан қайғының жыр толғауында толғанға тобықтай түйін бар.
«Өзімшілдік – адамды бұзатын пиғыл» деген Абай ғақлиясына құлақ түріп, халықтың конституциялық құқығын қыбыла тұтып, сенім үдесінен шықса екі жарық дүние разы бола еді «құда да», «құдағи да».
«Құрмет құрметті адамға ғана жарасады» дейтін сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің айтқан құрмет биігінен әр алаш баласының табаны күн сөнгенше таймасын!
Материалды дайындаған: Күлтегін Аспанұлы