Спорт
Біле жүріңіз
Маңғыстаулық бір топ еңбек ардагері Астана және Алматы қалаларының әкімдері Бақыт Сұлтанов пен Бауыржан Байбекке қазақ боксының негізін қалаушы, республика ұлттық құрамасының тұңғыш бас жаттықтырушысы Шоқыр Бөлтекұлының есімін ұрпақ жадында қалдыру туралы тілектерін жеткізуді өтінген болатын. Ардагерлер тілегіне орай, Шоқыр Бөлтекұлының еліміз спортының тарихындағы орны жайлы мақала жариялап отырмыз.
Шоқыр Бөлтекұлы – өткен ғасырдың ортасынан бастап Алаш жұртының құрметіне бөленген көрнекті спорт маманы, қазақ спортшыларынан шыққан Совет Одағының бірінші спорт шебері, кейінгі жарты ғасырда атағы дүркірей жайылған қазақ боксының негізін қалаушы біртуар тұлға. Қазіргі жастардың басым көпшілігі ер Шоқаңды біле бермеуі мүмкін. Бұған жастар кінәлі емес. Шоқыр Бөлтекұлы атындағы халықаралық турнир ол кісінің туған өлкесі – Маңғыстау топырағында өтеді. Ақтаудағы дәстүрлі жарыс 11-ші рет ұйымдастырылған екен. Бұл бәсекенің мәртебесі биік, беделі жоғары. Осы турнирдің тұсауын кесіп, жүгін көтеріп келе жатқан маңғыстаулық азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Нақты деректерге жүгінсек, Шоқыр Бөлтекұлы турнирінде әр жылдары Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев, Ердос Жаңаберген, Әділбек Ниязымбетов, Қанат Ислам, Біржан Жақыпов, Қайрат Ералиев, Берік Әбдірахманов, Қамшыбек Қоңқабаев, Мират Сәрсенбаев, Василий Левит, Қанат Әбутәліпов, Альберт Селимов, Рустам Саидов, тағы басқа көпке танымал боксшылар сынға түсіпті. Шоқаң жарысының өмірге келуіне ұйытқы болған Маңғыстау өңірінен шыққан белгілі боксшы, 1989 жылғы Совет Одағы чемпионатының қола жүлдегері, қазіргі таңда әлемдік бокстағы беделді бапкерлердің бірі Марат Жақиев болатын. Кезінде аты аңызға айналған Шоқыр Бөлтекұлы мен оның зайыбы, бір кездегі атақты биші Нұрсұлу Тапалованың Алматыдағы зиратын жөнге келтіріп, басына құлпытас қойған да маңғыстаулық жігіттер екен.
Осы жерде мынадай заңды сұрақ туады: Шоқыр Бөлтекұлы дәурені жүріп тұрған кезінде бүкіл қазаққа ортақ тұлға еді, ал мына жалғаннан озғаннан кейін тек маңғыстаулықтарға қажет боп қалғаны қалай? Иә, ер Шоқаң алпыс жылдай Алматы қаласында тұрды. Зайыбы Нұрсұлу екеуі өмір бойы құрқылтайдың ұясындай бір бөлмеде ғұмыр кешті. Қазақ боксын алғашқы кірпішінен бастап өз қолымен қалаған айбынды азамат «үйім тар» деп, ешкімнің алдына барған емес дейді көзін көргендер. Атамыз бен апамыздың жұпыны үйін, жүдеу халін біз де көрдік. Тоқсаныншы жылдардың орта тұсында белгілі журналист, ғылым докторы Бауыржан Омарұлы екеуміз Шоқаңның үйінде бірнеше рет болдық. Қызыл империя қызыл қанға бөктіріп, басым көпшілігін қырып тастаған қазақтың ішінен фамилиясына «овты» қоспаған санаулы азаматтың бірі осы Шоқаң еді. Даңқы жер жарған Бауыржан Момышұлы: «Нағыз қазақ екеуміз ғана. Бірі – менмін, екіншісі – сенсің», – дегенде, осы жайды меңзегені анық. Шоқаң тұйық адам екен. Шалқайта қайырған қайратты бурыл шашы, томардай дәу мұрны, өңменіңнен өтіп кететін кішкене отты жанары әлі көз алдымда. Бұдан кейін Шоқыр ағаны спорт жарыстарында сыртынан көріп жүрдік. Атақты Шоқырмын деп, төрге ұмтылмайды. Көптің арасында трибунада отырғанын бір-екі рет көзіміз шалды.
Бірақ Алла тағала абырой берген адамның мәртебесін ешкім түсіре алмайды екен. 1992 жылы Бауыржан екеуміз әйгілі желаяқ, Совет Одағының әлденеше дүркін чемпионы Әмин Тұяқовтың бенефисін ұйымдастырамыз деп Нұрғиса Тілендиевке барғанымызда, Нұраға аңқылдаған күйі жұдырығын тас қып түйіп: «Бозбала кезімде бокс қолғабын кидім. Мен Шоқырдың шәкіртімін», – деп еді. Қазақ спорт журналистикасының көсемі Сейдахмет Бердіқұл ұстазымның да Шоқыр Бөлтекұлы дегенде көңілі алабөтен болатын. Шоқаңның төл шәкірті, кейіннен төрт бірдей әлем чемпионатында және Сидней олимпиадасында қазылық жасаған Серік Әбденәлиев ағамыз әлі күнге дейін ұстазын сондай бір ыстық сезіммен еске еске алып отырады. Тізе берсек, Шоқыр Бөлтекұлы туралы жүрекжарды сөзін айтатын тілеулестер ел ішінде өте көп.
Жақында Ақтауға жол түсті. Маңғыстау топырағында өткен Қазақстан чемпионатына қазақ боксының серкелері молынан жиналды. Сол дүбірдің үстінде Шоқыр Бөлтекұлының қадірін білетін, өмір тарихынан кәдімгідей хабардар бірнеше кісімен кездестім. Самайын қырау шалған ел ағалары. Алды сексеннен асқан, соңы алпыстың асқарына табан тіреген жандар. Бәрі Шоқаң ұмыт қалмасын деп алаңдаулы. Бұл ағалар «Шоқыр Бөлтекұлы – мемлекеттік масштабтағы тұлға. Ендеше, Алматы мен Астана қалаларының бірінде Шоқаңның атындағы спорт кешені болса, ол кісіге көше аты берілсе деген тілегіміз бар. Бұл іске мәдениет және спорт министрлігі де атсалысса» дейді бірауыздан. Енді осы ағаларды атап өтейік. Қойлыбай Қаражанов, 81 жаста, ҚР білім беру ісінің үздігі; Сағын Қырымқұлов, 78 жаста, «Парасат» орденінің иегері, Маңғыстау облысының құрметті азаматы, ардагер мұнайшы; Талап Жанжігітов, 79 жаста, сауда саласының ардагері; Бердібек Тұрарбеков, 78 жаста, Маңғыстау облысының құрметті азаматы, денсаулық саласының ардагері; Сақып Керелбаев, 71 жаста, Маңғыстау облысының және Маңғыстау, Мұнайлы аудандарының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері; Даржок Сейбағытов, 72 жаста, Маңғыстау облысының құрметті азаматы, ауыл шаруашылығы саласының ардагері; Саламат Нұрұлы, 71 жаста, Қарақия ауданының құрметті азаматы, ауыл шаруашылығы саласының ардагері; Әкімғали Қапуов, 70 жаста, Түпқараған ауданының құрметті азаматы, ардагер құрылысшы; Қыдырбек Өрбісінов, 61 жаста, Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы, ардагер құрылысшы… Елге сыйлы бұл қариялардың Шоқаңа қатысты ұсыныс-тілегін мыңдаған, жүз мыңдаған адамның қолдайтынына күмәніміз жоқ.
Иә, өмірдің ащы-тұщысын татқан, көзі ашық, көкірегі ояу ағаларымыз жайдан-жай шырылдамаса керек. Астанада Қажымұқанның атында стадион мен спорт интернаты, Алматыда Балуан Шолақтың атында спорт сарайы, Қаркен Ахметовтің құрметіне спорт интернаты, Өскеменде Ольга Рыпакованың атында жеңіл атлетика манежі, Борис Александровтың атында спорт сарайы, Петропавлда Александр Винокуровтың атында спорт ғимараты бар. Шоқыр Бөлтекұлының спорттағы абыройы ешкімнен кем емес. Шоқаң сонау 1936 жылы Алматыда алғашқы бокс үйірмесін құрып, 1937 жылы бірінші жарыс ұйымдастырған маман. Сол жылдары өзі де шебер боксшы ретінде көпке танылды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Шоқыр Бөлтекұлы Қазақстанның бірнеше чемпионатында үздік шығумен қатар, Совет Одағының спорт қоғамдары арасындағы біріншіліктерінде жүлдегер атанды. 1947 жылы Совет Одағы чемпионатына қазақ құрамасын Бөлтекұлы бастап барды. Осы бәсекеде Махмұт Омаров Қазақстан боксшыларынан бірінші болып Одақ чемпионатының жүлдесін жеңіп алды. Бұдан кейін Асқар Үсенов совет чемпионатында төртінші орынға табан тіресе, Геннадий Рожков күміс медальға ие болды. Шоқаң ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы ретінде білікті де табанды жаттықтырушыларды дұрыс таңдай білді. Қарағандыдан Густав Кирштейнді, Талдықорғаннан Дәулеткерей Муллаевты ұлттық құрамаға тартты. Бұл екеуі де большевиктердің тепкінімен Қазақ еліне жер ауып келген адамдар болатын. Екеуін сауысқаннан сақ, ызғары сыртына теуіп тұратын қауіпсіздік комитетінен рұқсат алып, Алматыға шақырту Шоқаңа оңай тиген жоқ. Шоқыр ағамыздың кадр таңдаудағы сұңғыла қасиеті қазақ боксының іргетасы түзу қалыптасуына әсер етті. Бөлтекұлының іскерлігі мен бапкерлік білігі арқасында 1947-60 жылдар аралығында Махмұт, Мақсұт Омаровтар, Геннадий Рожков, Анатолий Кадетов, Әбдісалан Нұрмаханов, Асқар Үсенов, Виктор, Владимир Каримов т.б. Совет Одағындағы күшті боксшылардың қатарынан орын тепті. Ол кезде бокстан әлем чемпионаты өтпейтін еді. Ал Мәскеудің қабағын баққан бокс басшылары Шоқырдың өрендерін Еуропа біріншілігі мен олимпиада ойындарына жіберген жоқ. Бірақ ер Шоқыр болашақта олимпиада және әлем чемпиондарын баптайтын керемет ұстахананың іргесін бекітіп, даму жүйесін қалыптастырып кетті. Жер-жерде ақылды, сауатты мамандардың жұмыс істеуіне байланысты республика боксының өрісі жыл санап кеңейе түсті.
Шоқыр Бөлтекұлы Совет Одағы құрамасының жаттықтырушыларымен, Одақтың белді боксшыларымен жақсы қарым-қатынаста болыпты. Бұған қатысты бокстан Одақ кубогының жүлдегері, кәсіпкер Болат Манкеновтің әңгімесіне құлақ түрелік: «1994 жылы Шоқыр Бөлтекұлы өмірден озғаннан кейін Мәскеуден кезіндегі Совет Одағының чемпионы, Одақ құрамасының белді бапкері, профессор Константин Градополовтың зайыбы телефон соқты. Ол кісі Шоқаңның қазасына көңіл айта келе, Бөлтекұлының отбасына қаржылай көмек берудің реті келмей тұрғанына қиналысын жасырған жоқ. Сөйтті де, «Біздің дүкенде жиырма шаңсорғыш тұр. Соларды сіздерге жіберейік. Сатып, қаржысын Шоқырдың отбасына тапсырсаңыздар», – деп өтінді. Біз қарсы болған жоқпыз. Мәскеуден жеткен шаңсорғыштарды түгел сатып, ақшасын Шоқыр ағаның үйіне апарып бердік». Міне, Шоқаң өмірінің жұрт көзінен таса бір ғана тұсы. Осы бір ауыз әңгімеден-ақ Градополов сынды ірі тұлғаның Шоқыр Бөлтекұлын қалай сыйлағанын бағамдауға болады. Шоқаң қазақ құрамасының шеберлік деңгейін көтере түсу үшін Алматыға Одақтың мықты мамандарын шақырып тұрған екен. Жер түбіндегі Мәскеу майталмандарын Алматыға келтіру үшін бапкерлік білікке қоса, кісілік пен ақыл-парасат та қажет-ау.
Иә, Шоқыр Бөлтекұлының қазақ боксына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Кезінде құнттайтын адам табылғанда Шоқаңның өз аузынан бір кітаптың дерегін жазып алуға болатын еді. Енді қанша өкінгенмен, Шоқаң қайтып келмейді. Ендеше, маңғыстаулық ағалардың Шоқыр есімі ұлт жадында берік сақталса деген игі тілегіне біз де қосыламыз. Астана мен Алматы әкімдері, Маңғыстау облысының басшылығы, басқа да құзырлы орындар көп тілегіне атүсті қарамайды деп сенгіміз келеді.
Шоқыр Бөлтекұлы – бір ғана Маңғыстаудың қолтығына сыятын тұлға емес, барша Алаш жұртының маңдайына біткен жампоз.
Дереккөз: Жас Алаш