Саясат
Мәдениет және спорт министрі
Башқұрт жазушысы Мұстай Кәрімнің 100 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияға Мәдениет және спорт министрі Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА қатысып, жазушы шығармашылығы жайлы баяндама жасады. Баяндамасында министр өз сөзінен гөрі өзгенің сөзін көбірек айтыпты. Бұл туралы әлеуметтік желі қолданушысы жазды.
Желі қолданушысы Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ Facebook парақшасында:
«Алматыдағы Мұстай Кәрімнің 100 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияда министр Ақтоты Райымқұлованың баяндамасына біраз жұрт іштей езу тартты. Оқып отырған баяндамасы – 2017 жылдың 3 қарашасында «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланған жазушы Роллан Сейсенбаевтың «Түн ортасында туған толғаныс» атты мақаласы. ...Осы мақаланы қаз-қалпында оқып шықты», - деп жазды.
«Жас АЛАШ» тілшісі осы жазбадан кейін министрдің баяндамасы (аудио нұсқа) мен аталған мақаланы салыстырып көрді.
Министр баяндамасын оқымас бұрын аз ғана кіріспе сөз сөйлейді. Одан ары «Түркі дүниесінің тарланы» атты баяндама. Баяндама:
«Түркі дүниесінің тарландары дегенде есімізге төрт алып есімі орала береді. «Балқар Қайсын Қулиев, башқұрт Мұстай Кәрім, қалмақ Давид Кугультинов, авар Расұл Ғамзатов. Олар ХХ ғасырдың ұлы ақындары болатын», - деп басталады. Ерекше белгілеп көрсетіп отырған жолдар дәл сол қалпында Роллан СЕЙСЕНБАЕВТЫҢ мақаласында айтылады. Дегенмен, одан әрі өзге сөйлемдер. Бірақ, баяндама түгелдей осы мақала негізінде дайындалмаса да, басы осы мақалаға қарап жасалғанын байқау қиын емес. Өйткені, олардың арамызда жоқ екенін, өкінішке орай қайтып келмейтіні жайлы баяндамада да, мақалада да айтылады. Ары қарай да сол сарынмен мақала авторы келтірген өлең оқылады.
Жалпы, мақала жоғарыда аталған төрт алып туралы. Кезегімен тоқталып өтеді. Министрдің баяндамасында соның ішіндегі Мұстай Кәрімге қатысты сөздер теріп алынған деуге болады. Одан бөлек, төрт ақынға берілген ортақ баға баяндамада Мұстай Кәрімге қатысты айтылады.
«Осынау төрт ақынның жырлары – ХХ ғасырдағы тұтас бір ақындық дәуір болатын. Олар өз елінің терең поэзия әлеміне зор ықпал жасады. Олардың өлеңдерінде Отан бейнесі асқақтады. Олар шынайы халықтық ақын ретінде қалыптасып өсті. Олар өз ел-жұртының келбетіне беймазалықпен, тежеусіз құштар үмітпен, аяулы аңсармен аялай үңіле қараған ақындар болатын», - дейді Роллан Сейсенбаев.
Ал Райымқұлова көпше түрдегі сөзді жекеше түрге ауыстырған:
«Ақынның жырлары – ХХ ғасырдағы тұтас бір ақындық дәуір болатын. ОЛ өз елінің терең поэзия әлеміне зор ықпал жасады. ОНЫҢ өлеңдерінде Отан бейнесі асқақтады. ОЛ шынайы халықтық ақын ретінде қалыптасып өсті. Өз ел-жұртының келбетіне беймазалықпен, тежеусіз құштар үмітпен, аяулы аңсармен аялай үңіле қараған ақын болатын».
Одан өзге «Бұл ақындардың әрбір өлеңі біз үшін асқақ ой-сезім әлеміне айқара ашылған ЖҮРЕКТЕР болды», дейді мақалада. Ал, баяндамада «Мұстай кәрімнің әрбір өлеңі біз үшін асқақ ой-сезім әлеміне айқара ашылған ТЕРЕЗЕ секілді еді», дейді. «Жүректі» «Терезеге» өзгертті демесең, сол сөйлем, сол ой.
Дәл осындай көпше түрден жекеше түрге ауысқан тура үш шағындау абзац қай ақынға қатысты айтсаң да жараса берер жалпылама баға. Оны Мұстай Кәрімге ғана еншілеп беруге де болады. Бірақ, жоғарыда аталған Қайсын Құлиевке арналған мына бір сөзді сол күйінде Мұстай Кәрімге таңған қалай болар екен...
«Оның ақындық, философиялық ой-толғамдарына қуандым, өз өрнектеріне, ойларына зер салдым», дейді мақала авторы, «Ақындық, философиялық ой-толғамдарына қуанасың, өз өрнектеріне, ойларына зер салып, ойға қаласың», дейді министр ханым. Болғаны осы. Бұдан ары қарай мақалаға қатысы жоқ, басқа текст кетеді.
Ақ-қарасын оқырман өзі айыра жатар, екі тексті қатар қойғанда байқалған ұқсастықтар осылар. Осыған қатысты «Жас АЛАШ» тілшісі Мәдениет және спорт министрінің баспасөз хатшысы Айдар ҚЫРЫҚБАЙҒА хабарласып көрді.
«Бұл жерде министр тек сілтеме келтірді. «Осындай кісілер бұл кісінің бағасын беріп кеткен» деп айтылған сөздер ғой. Пост жазған қызға қатысты айтсам, өзіңіз білесіз ғой қазіргі уақыт хайп ұстайтын, «атың шықпаса жер өртенің» уақыты болып кетті ғой. Әлеуметтік желіде өз-өздерін батыр көрсетіп деген сияқты.
Министр өзіңіз білесіз, жазушының қызы болғандықтан, қай кезде болмасын папасының айтқан сөздерін, басқа да ақындардың сөзі болсын, сілтеме жасап айтып отырады. Өзіңіз ойлап қараңызшы, ағаларымыздың баяндамасын өз атынан оқу деген мүмкін емес нәрсе ғой, оның үстіне үлкен қоғам қайраткерлері қатысып жатқан іс-шара, солардың алдында ондайға бармайтын шығар енді. Қаз-қалпында оқыған жоқ, тек сілтеме жасады, «айтпақшы», «атап өткендей» деген сияқты», - деп жауап берді Айдар Қырықбай.
Бір ғана кәдік – баяндаманың аудио нұсқасынан «Роллан Сейсенбаев осылай деді» деген бір ауыз сөз кездестіре алмадық. Бәлкім, сілтемені министр үшін қол астындағылар жасайтын болар, кім білсін...
Айта кету керек, Алматы қаласында аталмыш көнференциядан бөлек, Мұстай Кәрімнің атына көше беріліп, ашылу салтанаты да өтті.