Weekend

Сирек кітаптар бүккен сыр

Қазақстан республикасының Ұлттық кітапханасы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Тасада   жатқан құнды тарихтың тамырын тарқату үшін оның басталу ғұмырына міндетті түрде нақты дәлелдермен шолу жасалуы қажет. Сондықтан көне тарихтың кемеңгерлігін кемсітпей, көңілдеріңізде күйттеген сұрақтардың жауабын іздеп көрелік. Олай болса, Ұлттық кітапхананың 1946-1990 жылдардағы сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорының қалыптасу тарихына бірге саяхат жасайық. Орта Азиядағы кітап қоры жағынан бір саты жоғары, зәулім ғимаратымен ерекшеленіп үлкен сұранысқа ие, жүз жылдан аса тарихы бар еліміздің Ұлттық кітапханасы жан-жақты қызметтері арқылы  оқырманын өзіне баурап келеді. Осы орайда, әсіресе кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында жұмыс жасау әрқашан маңызды. Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар жинақтарына зерттеуші мамандар да, қалың оқырман да, ең алдымен, кітапқұмарлар мен сыншылар да үлкен қызығушылық танытып, олардың құндылығына қаныққысы келетінін үнемі айтады.


Сирек қордағы әрбір кітап пен қолжазбаның өз тарихы бар. Ғасырлар қойнауынан жеткен басылымдардың қатарында Эразм Роттердамскийдің да (1523 ж) кітабы бар. Мысалы, осы кітаптың латын тіліндегі бірінші басылымы (Лейден, 1523 ж). Парижде 1509 жылы жарық көрді. Аталмыш сатиралық шығарма кейбір адамның арсыздығын әшкерелейді. Кітаптың 27 жылдың ішінде 40 рет басылғаны, оның көп сұранысқа ие болғандығының дәлелі.

Ұлы Отан Соғысы жылдарында үзілген сирек кітаптар мен қолжазбалар қорының  жұмысы 1946 жылғы наурыз айынан қайта жаңғырды. Сол жылдың соңына дейін тілдері бойынша бөлінген шығыс қолжазбаларына толық сыпаттама жасалынды. Бұл, яғни ғылыми өңдеу жұмысы шығыс тілдерін және Қазақстан мен Шығыста орын алған тарихи оқиғаларды білуді талап етті. Шығыс қолжазбаларымен жұмыс істеуге бірнеше шығыс тілін білетін шығыстанушы мамандар зерттеуге шақырылды. Осы кезеңде Шығыс қолжазбаларына 180 карточка даярланды және олармен жұмыс істеу барысында ХVІ- ХVІІІ ғғ. қолжазбалар анықталды.

1946 жылы сирек кітаптар мен қолжазбаалардың бүкіл қорын түгендеу, кітаптармен және каталогтармен толық салыстыру аяқталды. Сол жылы тағы 47 дана сирек кітап сатып алынды. Олардың ең құндылары – «Златые остатки древности» (1783 ж), А. Бенигсен «Легенды и сказки Центральной Азии» (1786 ж) шығармалары, оның кейбіреулеріне қолтаңбалар қойылған. 1947 жылы жалпы кітап сақтау орнынан 771 дана сирек кітап іріктеліп, 279 ғылыми сыпаттама жасалған.

Айталық, 1947 жылдың 2 желтоқсанында ғылыми кеңес отырысында М.К. Шнейдердің «Принципы организации фонда редких книг и отбора книг для него» баяндамасы тыңдалады. Сайып келгенде, ХVІ- ХVІІІ ғғ. кітаптарды, славян тіліндегі көне басылымдарды, І Петр заманындағы кітаптарды, кітап басу және оны тарату дәуірін паш ететін, әйгілі батысеуропалық фирмалардың кітаптарын ерекше жинаққа енгізу туралы шешім қабылданған болатын. Батысеуропалық кітаптардан қызықтыратындары: З. Герберштейннің «Путешествие в Москву при Иване ІV», «Освобожденный Иерусалим», Торквато Тассоның кітаптары.  Италияндық автордың осы кітабының бір данасын, мұқабаның ішкі жазбаларына сүйеніп, Граф Строганов сақтаған. Француз тілінде Ж.Ж. Руссоның түгелдей дерлік бірінші басылымдағы шығармалары, д.Аламбера және Дидроның француз энциклопедиясы (екінші басылым), Молерьдің, Лафонтеннің, Беранженің, Вольтердің және т.б француз классиктерінің (орысша аудармаларын қоса есептегенде) кітаптары бар.

Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорындағы ең үлкен бөлім – тарих бөлімі. Ол Қазақстан тарихын зерттеушілерді ерекше қызықтыратын Н.П. Рычковтың шығармаларымен, Н.М. Карамзиннің «История Государство Российского» жинағымен, бірқатар актілермен және келісімшарттармен толықтырылған. Орта Азия және оны отаршылдардың жаулап алуы туралы көп еңбектер бар. Кейбір тарихи оқиғаларды хронологиялық кезеңдер мен жалпы тарихтың түрлі мәселелерін қамтитын монографиялар, сондай-ақ тарихи тұлғалар – А.В. Суворовтың, М.И. Кутузовтың, Б. Наполеонның және басқалардың өмірбаяндары осы бөлімнен табылады. Ұлы Отан соғысының тарихы бойынша «Кеңесақпарат бюросы хабарының 10 томдығы мен майдан газеттері де осында». Қорда П.С. Паласстың экспедициясынан бастап Н.М. Пржевальский мен П.П. Семенов-Тяньшанскийдің зерттеулеріне дейін Орталық Азия мен Қазақстан туралы кітаптар жинақталған.

Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорының сол кездегі міндеттерінің бірі – 1917 жылға дейін қазақ тілінде шыққан кітаптарды жалпы сақтау орнында іріктеу мен өңдеу болды. Бұл қор 50-жылдардың бас кезіне қарай Қазақстан туралы мәлімет беретін шетел әдебиеттерін және олардың сақтау орнын анықтаумен айналысты. Сонымен 1950 жылға қарай түгендеу кітаптары бойынша есепке алынғаны: кітаптар мен журналдар – 6534 дана; газеттер – 61 тігінді; альбомдар – 42 дана. Соның ішінде орыс және славян тілдеріндегі кітаптар мен журналдар – 4367 дана; батысеуропалық тілдерде – 2167 дана. Қолжазбалар орыс және славян тілдерінде – 264; қазақ тілінде – 41; шығыс тілдерінде – 275; батысеуропалық тілдерде – 2167 дана; сирек кітаптар мен қолжазбалар қорындағы газеттер: қазақ және шығыс тілдерінде – 52 дана; орыс тілінде – 57 тігінді.

Жалпы сақтау орнынан ХVІІІ ғасырдағы барлық басылымдарды, қолтаңбалар қойылған аз таралымды кітаптарды, қазақ газеттерінің 46 тігіндісін (араб графикасымен басылған) қамтитын 460 сектор іріктеліп алынды. Олардың ішінен А.Н. Харузиннің Қазақстан тарихы жөніндегі «Киргизы Букеевской Орды» (екі том) кітабы, В.В. Радловтың «Известия Императорской академий наук» (ХІV, 4, 1901 ж.), сондай-ақ сол кездегі Мемлекеттік көпшілік кітапханасында бар «Советская степь» газетінің барлық топтамасы құнды басылымдар қатарына жатқызылды.

Қорды қарау мен шығыс кітаптарын іріктеу кезінде Ыбырай Алтынсариннің 1899 жылы Қазан қаласында М. Чернова мұрагерінің баспалитографиясында басылған «Мактубат» шығармасы табылған. Автор кітапта Ибрагим Балғожаоглы деп жазылған. Кітаптың мәтіні бойынша кітаптың Ибрагим Балғожаұлы Алтынсариннің қаламынан шыққаны анықталды. Кітап автордың көзі тірісінде 1884 жылы жарық көрген. Қорда Ы. Алтынсариннің «Начальное обучение киргиз русскому языку» түпнұсқалық аяқталмаған қолжазбасы да бар, ол автордың қазақ мектептеріне арналған оқулық жазғанына куәлік етеді. Қолжазба Мемлекеттік көпшілік кітапханасының (қазіргі Ұлттық кітапхана) бұрынғы директоры Б.А. Жұмабаевтың ұсынысымен 1936 жылы Қазан қаласының тұрғыны А.В. Василевтен сатып алынған. Ол 1889 жылы Торғай облысындағы мектептердің инспекторы қызметіне Ы. Алтынсариннің орнына барған көрінеді.

Жалпы кітап сақтау орнынан қазақ жазушылары – М. Әуезовтың, С. Мұқановтың, А. Тоқмағамбетовтың және т.б. жазушылардың шығармалары да табылған. Мәселен, М. Әуезовтің бірінші басылымдағы «Еңлік-Кебек» пьесасы (Орынбор, 1925 ж) және 1920-1924 жылдарда көркемөнерпаздар үйірмелері үшін «Ауылқор», «Фиддияшил муллалар» сияқты қазақ тіліндегі бір актылы пьесалар да болған. Жалпы сақтау қорынан шығыстың сирек қорына белгілі этнограф-ғалым Ә. Диваевтың 1922 жылы Ташкентте шыққан «Батырлар» топтамасы, әдеби көркем «Жусан», «Сыйлық» жинақтары (1920-1930жж.), «Жаңа мектеп», «Әйел теңдігі», «Кедей айнасы» журналдары сақталған.

Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорындағы тарих, география, медицина,  математика, философия, суфизм, тіл білімі бойынша ХІІ-ХІХ ғасырлардағы шығыс қолжазбаларының бай коллекциялары оқырманды ерекше қызықтырады. Хикметтер, қисса-хамсалар, шежірелер, дастандар мен диалогтар, естеліктер, рисала, араб, парсы, шағатай тілдеріндегі аңыздар оның маңызын арттыра түседі. Әсіресе, қорда сақталған құрандардың жөні бөлек. Олардың ежелгісі ХІ ғасырда куфа жазуымен жазылған Құран. Оның әр бетіне елтаңба түріндегі әшекейлер салынып, мұқабасы бұзау терісінен жасалынған. Мөрде Құран кітаптың иесі – молла Қожа Ғабдырахменнің аты-жөні жазылған. Ал, ең айшықтылары – ХVІІІ ғасырдағы құрандардың алғашқы екі және соңғы 24-ші бетіндегі гүл түріндегі алтын жалатқан шығыс ою-өрнектермен әшекейленген. Құранды көшіріп жазған Бек Абдул Азиз Қожа, иесі – Ғабдур Расул. Осы екі Құран Қаз ССР-нің А. Пушкин атындағы Мемлекеттік көпшілік кітапханасына 1936 жылы түскен. Сонымен қатар қорда Құранның басқа даналары да бар, бірақ олар негізінен үш-төрт сүреден ғана тұрады. Бұл–мұсылмандарға оқу үшін қолайлы, кейбіреулері әсем әшекейленіп, ал кейбірі қарапайым түрде болған. Коллекцияда құранға қатысты түсіндірмелер де бар. Шығыс қолжазабаларының коллекциясында шағатай тілінде жазылған Қожа-Ахмет Яссауидің «Хикметтері» (ХVІІ-ХІХғғ.), Сүлеймен Бақырғанидің «Хикметтері» (ХІІІ-ХVІ ғғ.), Низами Ганжауидің «Хамса» (ХV ғ.), Әлішер Науаидің «Диуани» (ХVІІ ғ.), Әбілқасым Фирдоусидің «Шахнама» (ХVІІІ ғ.), Сағдидің, Хафиздің, Жамидің, Физулидің шығармалары ерекше орын алады. Қолжазбалар жазу мәнері, қағаз сапасы, безендіру мен түптелуі жағынан құранның қолжазбаларына ұқсайды.

Қазіргі таңда, кітапхананың аталған қызметі сирек кітаптар мен қолжазбаларды сақтау, іріктеу, өңдеу және оқырмандарға қызмет көрсету секілді кешенді жұмыстарды одан әрі жалғастыруда. Бөлім қызметкерлері каталогтар мен сілтемелерді құрастырады, қазақ кітаптарының тарихы және кітаптану жөнінде ғылыми зерттеулер жасайды. Бөлімнің зерттеу тақырыбы мен ғылыми жұмыстарының тірегі Ұлттық кітапханадағы басқа да сирек басылымдар болып саналады.Оның сирек басылымдар коллекциясы  Мемлекеттік көпшілік кітапхананың жалпы кітап қорынан бөлініп шыққан.

Бүгінгі таңда осы қызметтің кітап қорын 30 мыңға жуық сирек кітаптар мен қолжазбалардың түпнұсқасы және түпнұсқадан алынған көшірмелер құрайды.Олардың құрамы мынадай болып келеді: Қазақ тіліндегі қолжазбалар; Қазақстан туралы орыс тіліндегі қолжазбалар; Шығыстық қолжазбалар; Көне орыс және славяндық қолжазбалар; Орыс тіліндегі қазақ басылымдары; Қазақ кітаптары; Шет тіліндегі қазақ басылымдары; Ресей кітаптары; Батыс европалық басылымдар Шығыс кітаптары; Корей қоры; Қазақ мерзімді басылымдары; Орыс тіліндегі Қазақстан мерзімді басылымдары; Шығыс тіліндегі мерзімді басылымдар; Ресейдегі революцияға дейінгі мерзімді басылымдар; Ресей мерзімді басылымдары; Өте кіші көлемдегі кітаптар; Микрофильмдер.

Бөлім микроформаларды оқитын аппараттар және  компьютерлік техникалармен жабдықталған. Онда сақталған барлық бірліктер Ұлттық және әлемдік тарихи-мәдени мұралар қатарына жатады. Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар оқырмандарға бөлімнің оқу залында уақытша қолдануға кітап беру ережесі  бойынша беріледі.