Денсаулық

Медициналық көмек көрсету жүйесі өзгереді

Бүгінгі таңда Медициналық сақтандыру қорына еліміз бойынша 186,2 млрд. теңге көлемінде жарна аударылған

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бұл жинақталған жарнаның 5,7 пайызы Түркістан облысының үлесіне кіреді. Жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталып, 2020 жылдан бастап МӘМС шеңберінде көрсетілетін қызметтер ақысын төлеуге жұмсалмақ. Бұл туралыТүркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының басшысы Асхат Бейсенбаев мәлімдеді.

«Елімізде 2020 жылдан бастап медициналық көмек 2 түрлі пакет бойынша көрсетіле бастайды. Біріншісі – кепілдендірілген ақысыз медициналық көмек (ТМККК) пакеті. Барлық азаматтар пайдалана алатын кепілдендірілген ақысыз медициналық көмек пакетіне жедел жәрдем мен санитарлық авиация, шұғыл стационарлық көмек, паллиативтік көмек енген. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар аурулар мен созылмалы аурулардың негізгі түрлерімен ауыратын тұрғындар осы пакет шеңберінде консультативтік-диагностикалық көмекпен, жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмекпен қамтамасыз етілетін болады. Амбулатория деңгейінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, туберкулезге шалдыққандарды оңалту қызметтері де осы пакетке кіреді. Ал, екінші пакет – МӘМС пакеті. Бұл пакетке консультативтік-диагностикалық көмек, соның ішінде бағасы қымбат болып келетін зертханалық қызмет түрлерін, ТМККК енгізілмеген сырқаттарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, ТМККК пакетіне жатпайтын жағдайларда жоспарлы стационарлық және стацинарды алмастыратын көмекпен қамту, медициналық оңалту және пациент денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған ем-дом түрлерін қамтымақ», – деді Асхат Бейсенбаев.

Биыл Түркістан қалалық орталық ауруханасы жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге дайын.

Айта кететін болсақ, 2020-2022 жылдарға арналған бюджет жобасында 2020 жылы медициналық көмекке жұмсалатын қаржы 1 трлн. 620 млрд. теңге деп белгіленген. Бұл - биылғы шығындардан 67 пайызға  көп. Аталған қаржының 967,7 млрд. теңгесі ақысыз медициналық көмекке, 652,8 млрд. теңгесі – сақтандыру пакеті бойынша көрсетілетін қызметтерге жұмсалады.